«Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы»

2511

0

Қазір технология дегеніңіз сайрап тұр. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің дені электрондық форматқа көшкен. Ғаламторды пайдаланып, қажетті көмекті керек түймені басып алуға болады. Мемлекеттік басқаруда жаңа технологияларды енгізу, цифрландырудың игілігін пайдалану сапаны жақсартып, жемқорлықтың тамырына балта шабуға да сеп. Ең бастысы, оңтайландыру тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқарып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Осы және салаға қатысты өзге де мәселелер төңірегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисеновпен сұхбаттасқан едік.

– Рафхат Төлеуғалиұлы, сіз тіз­гіндеп отырған саланың жүгі салмақты. Оны ілгерілетуде қандай бастамалар қолға алы­ну­да, салаға қатысты қандай өзгеріс, жаңа­шылдық бар?

– Департамент 3 бағытта жұмыс істейді. Әділет органдарында тіркелген ережеге сәйкес, белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Алғашқының еншісінде мемлекеттік тестілеу, бос орындарға конкурс өткізу, мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамадан өтіп, тәжірибесінің толысуына жағдай жасау бар. Бұдан бөлек, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге бақылау жасау назарда. Мемлекеттік қызмет туралы Заңды бұзу фактілеріне профилактикалық бақылау немесе арыз-шағым негізінде жоспардан тыс тексерулер тиісті деңгейде жүргізілуде. Кемшілікті түзеп, олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік беретін Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын қарқындатуға да күш салынып келеді. Бұған дейін Ақтөбе өңірінде қызмет атқардым. Бұл қызмет маған екі есе жауапкершілік жүктейді. Сенім үдесінен шығу басты мақсат болғандықтан, қазір салаға серпін береді деген бірқатар жобаны қолға алдық. Департаменттің бастамасымен облыс әкімдігімен, мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыруға арналған іс-шаралар жоспарын бекіттік, қазір осы жоспар бойынша жұмыс жасалуда. Оның қатарында «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Тәлімгерлер пулы», «Құрметке лайық», «Басшылар дәрісі» секілді бастамалар бар. Тарқатып айтсам, аймақта мемлекеттік қызметтен зейнетке шығатын азаматтарға құрмет көрсету мақсатында «Құрметке лайық» жобасы іске асырылды. Оның ішінен «Тәлімгер пулы» құрылмақ. Мұнда сала ардагерлері жас мамандарды қызметке бағдарлау жұмысын атқаратын болады. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы университетпен меморандумға отырып, «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебін аштық. Әрі аталған университет базасында келесі оқу жылынан бастап «Адам ресурстарын басқару» мамандығы енгізіліп, HR-мамандарын дайындау қолға алынады. Департамент университетпен тығыз әріптестік меморандумын бекіткенін айту керек. Ынтымақтастық мемлекеттік қызметке кадрлар дайындау сапасын көтеру, кадр әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыруды көздеп отыр. «Болашақ» университетімен де жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында келісім бар. Ал, «Басшылар дәрісі» жобасының мақсаты – азаматтардың сұранысы мен қажеттіліктеріне жедел жауап бере алатын әмбебап маман әзірлеу. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынған жобаға облыс әкімдігі мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы қолдау білдірді. Бастама аясында облыстық басқарма басшылары аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық салалары бо­йынша мемлекеттік қызметшілерге дәріс оқиды, жаңашылдықтар жайынан хабардар етеді. Бұл мемлекеттік органдарға қабылдауға келген адамдарға мүмкіндігінше бір жерден жан-жақты ақпарат бере алатын мамандарды дайындау үшін жасалып отыр. Сонымен қатар республика бо­йынша өңірде алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің «Түлектер пулы» құрылды. Жоба аясында олар алған білімі мен тәжірибесін академияның облыстық филиалы базасында оқу курстарына қатысатын 500-ден астам мемлекеттік қызметшімен бөліседі. Айта кету қажет, қазір өңірде «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі, академияның 21 түлегі мемлекеттік қызметте. Жақында «Басшылар байланыста» жобасы да басталды. Оның аясында мемлекеттік қызметтерді көрсетуші мекеме басшыларының тұрғындарға қызмет көрсету күндері ұйымдастырылып, жеке қабылдаулар өтеді. Алдағы уақытта ашықтыққа негізделген осы тектес жұмыстар жүйелі жалғасатын болады. Басты мақсатымыз – үздіксіз жұмыс істеп, көрінбейтін майданның әскеріне айналған мемлекеттік қызметшілердің еңсесін көтеру. Олардың отбасына көңіл бөлуіне мүмкіндік жасау, ұжымда өткізілетін көптеген мәдени-көпшілік шаралар арқылы жұмысқа деген құлшынысын артты­рамыз деген ойдамыз. Тек көпшілік шаралар ғана емес, қайырымдылық көрсету, спорттық ойын­дар, облыстың «Рухани жаңғыру» орталығымен бірлесе отырып, өңірімізде мемлекеттік қызмет са­ласы бойынша ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізу және нәтижесімен мем­ле­кеттік қызмет ардагерлері туралы электронды кітап шығару жос­парланып отыр.

– Мемлекеттік көрсетілетін қыз­меттердің қажеттілігі күн санап артып келеді. Электронды қызметтің үлесін арттыруға, цифрландыруға ерекше назар аударылған. Осы орайда департамент қандай шараларға серпін берді деп айта аласыз?

– Департамент мемлекеттік көрсе­тілетін қызметтер саласында бақылау және мониторингтеу жұмысымен айналысып келеді. Қазір халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу процесі бұрынғыдан жеңілдетілді деп айта аламыз. Оның электронды форматқа көшуі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Статистиканы сөйлетсек, облыстағы мекемелер былтыр 372 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 6155896 қызмет көрсеткен. Осыған қарап, көрсеткіштің 2019 жылмен салыстырғанда 2454316 қызметке немесе 66,3 процентке артқанын аңғаруға болады. Ал, электронды түрде 3748279 қызмет көрсетілген. Жалпы, мемлекеттік көрсетілетін оның ішінде электрондық қызметтердің саны атқарылған жұмыстың ауқымын байқатып отыр. Азаматтар сұранысының өсуінен, сонымен қатар пандемия кезіндегі карантиндік шектеулердің де әсерінен мемлекеттік қызметтерді ақылы түрде көрсететін орындардың көптеп ашылуына ықпал етті. Аталған орындарда «электронды үкімет» веб-порталынан тегін алуға болатын қызметтерге делдалдық жасағаны үшін тұрғындардан 500 теңгеден бастап 3000 теңгеге дейін сұралған. Мысалы, кез келген анықтама алу құны – 500 теңге, электронды цифрлық қолтаңба алу, мекенжайға тіркелу – 1000 теңге, балабақшаға тіркеу – 2000 теңге. Оның кемшін тұсы тағы бар. Біріншіден, тегін қызметті ақылы алады, екіншіден, тұрғындар электронды цифрлық қолтаңбасын құпия сөздерімен бірге сол қызмет алған орындарға тас­тап кетеді. Одан кейін ЭЦҚ қандай мақсатта пайдаланылатыны белгісіз. Бұл мәселе бақылаудан түспеді. Департамент бастамасы негізінде облыс әкімдігінің қолдауымен «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» жұмысын бастап кетті. Орталық осы кезеңге дейін 7000-ға жуық тұрғынға көмекке келген. Аталған орталықта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының мамандары кеңес, сан сауалға жауап беруге дайын екенін жеткіземін.

– Халықтың мемлекеттiк аппаратқа деген көзқарасы мемлекеттiк қызметтiң сапасына және қолжетiмдiлiгіне байланысты. Кей тұрғындар қана­ғаттанса, кейде көңілі толмайтын тұстар болады…

– Бұл ретте мемлекеттік қызмет­шілердің тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуы басты назарда. Тұрғындар қызмет алу барысында қанағаттанбай, департаментке шағым түсіп отыратын кездері жоқ емес. Мұндай жағдайда тиісті мемлекеттік органға жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша нұсқамалар беріліп, азаматтардың құқықтары қалпына келтіріледі. Кейде шағымда көрсетілген уәждер дәлелденбейді. Осындай жағдайда өтініш иесіне заңды түсіндірме беріледі. Өткен жылы департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша 47 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 222 заң бұзушылық анықталып отыр. Ең көп орын алған факт қатарында стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету, қызмет көрсету рәсімдерін, мерзімін бұзу, құжаттар топтамасы толық болмаса да қызмет көрсету бар.

– Мемлекеттік қызметшінің бе­делі мемлекет беделімен пара-пар. Сәйкесінше, олардың жұмы­сына, іс-әрекеті мен қызметтік әдебіне бақылау қандай деңгейде жасалуда? Өткен жылды елекке салып көріңізші…

– Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары белгіленген Әдеп кодексінде «Мен мемлекеттік қызметшімін» деген кез келген жанның әрекеті мінсіз болу қажеттілігі айтылған. Алайда, аталған талап үдесінен шықпағандар бар. Әділеттілік таразысына айналған Әдеп кеңесінде осындай кемшін тұстар көтерілді. Былтыр кеңестің 14 отырысы өткізіліп, 72 мәселе қаралды. Нәтижесімен 31 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Әдеп кодексі талаптарын бұзған 13 қызметшіге, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген 18 қызметшіге шара көрілген. Департаментке берілген өкілеттілік шегінде бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзғаны үшін 15 әкімшілік іс, рұқсат берудің тәртібін және мерзімін бұзу бойынша 11 әкімшілік іс, департамент нұсқамасын уақытылы орындамағаны үшін 1 әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына 775 267 теңге өндірілді.

– Мемлекеттік орган қызмет­керлерінің тәртіптік, әкімшілік жауап­кершілігін қарамастан бұрын алдын алу жұмыстарына қаншалықты мән бересіздер?

– Мемлекеттік қызметші өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеу керек. Бүгінде департамент тарапынан мемлекеттік орган қызметкерлеріне ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы құқықтық актілеріне түсіндірме жұмыстары, құқықтық сабақтар, семинарлар жиі өткізілуде. Сондай-ақ, департамент электронды қызметтерді алу бойынша тұрғындарды оқыту мақсатында облыс әкімдігімен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, «Цифрлық сауаттылықты арттыру» бойынша желілік кесте бекітті. Кестеге сәйкес тиісті шаралар атқарылуда. Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары, Әдеп кодексін бұзудың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесі бойынша 7 мемлекеттік органның және Әдеп жөніндегі уәкілдердің атқарылған қызметі туралы есебі тыңдалады. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылдану ұсынылады. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдарда профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізіледі. Нәти­жесімен  мемлекеттік органдарда заңға тәуелді норма­тивтік-құқықтық актілерді түсіндіру бойын­ша құқықтық оқытулар өткізіледі. Биылдан бастап алдын ала жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің сұранысымен құзырлы мемлекеттік органдар бірыңғай құқықтық оқыту өткізеді. Онлайн форматта өтетін шарада бір мезетте 3000-нан астам мемлекеттік қызметшіні қамту көзделіп отыр.

– Мемлекеттік сектордағы қызмет­керлердің 25 проценті қысқарады деген дерек бар…

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мемлекеттік басқару саласына реформа жасау керегін атап өткен еді. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер санын 25 процентке азайту мәселесіне де назар аударылған. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы нормативтік-құқықтық акт қабылданғаннан кейін тиісті жұмыстар атқарылады. Ең бірінші қысқартуды бос орындар есебінен жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар зейнет жасына толған азаматтар мен арнайы және құқық қорғау органдарынан зейнетке шыққан азаматтарды қысқарту мүмкіндігі қарастырылуда.

– Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліңіз 17 жылға жуық. Тәжірибелі, өз ісінің маманы ретінде мемлекеттік қызметтің артықшылығы неде деп айта аласыз?

– «Тіреуі барлар ғана мемлекеттік қызметке келеді» деген пікір бар. Мұнымен келіспеймін. Себебі, өзім мансаптық өсудің барлық сатысын өткеріп келемін. Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы деп білемін. Ол барлық талаптан шыға білу керек. Артықшылығы – еліне, қоғамға қызмет етуінде, ортақ игілік үшін барын са­луында. Жүсіп Баласағұн «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің бар күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, Отанына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші бас пайдасын ойламай, ел сенімін алғашқы орынға қоюы тиіс, өз жұмысының маңыздылығын сезінуі қажет.

Әңгімелескен

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<