«Nur Otan» – жарқын істердің бастамашысы

650

0

Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жүзеге асырылып жатқан кешенді жаңғыру үдерістері халықтық өмір сүру сапасының артуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына және рухани дамуына ерекше серпін беріп отыр. Бұл ретте елдегі басты саяси күш – «Nur Otan» партиясы Елбасының көшбасшылығымен осынау игі өзгеріс­тердің бастауында тұрып, оның іске асырылуына атсалысуда. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназаровамен сұхбаттасып, іргелі ұйымның ілкімді істері жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Ақмарал Шәріпбайқызы, өзіңіз білетіндей, тамыз айында Елбасы «Nur Otan» партия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Саяси ұйымның кеңейтілген кеңесі өтті. Сонда Елбасы партия жұмысын жаңғыртудың жаңа жеті бағытын айқындап берген еді. Осы бағыттарға кеңірек тоқталсаңыз…
– Шынында бұл партияның алдағы жұмыс бағытын айқындаған келелі кеңес болды. Саяси кеңесте Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыр­ту бағдарламасын ұсынды. Онда партияның барлық деңгейдегі әлеуетін арттыру, ядролық электоратын қалыптастыру, белсенді партия мүшелерін топтастыру, бастауыш ұйымдардың ролін көтеру, жемқорлықпен күресті күшейту, партиядан ла­йықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау туралы айтылған. Соның ішінде қоғамның ашықтығы, қиындықтарды, түйткілді мәселелерді бүкпесіз ашық айту және шешу мәселелері қамтылды. Әрине, бұл партияның ең негізгі жұмыстары деп есептеймін. Себебі, еліміздегі басты саяси күш – ­«Nur Otan»-ның өкілдері ретінде біздің алдымызда Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білу мен оған қолдау білдіру, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халықпен кері байланыс орнату құралдарының тиімділігін арттыру міндеттері тұр. Демек, бұл мақсаттарға жету үшін аймақтағы нұротандықтар ел өміріне белсенді араласып, халыққа жақын болуы тиіс. Сонда ғана азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді болып, халықтың мүддесін тиімді қорғайтын болады.
– Партия жұмысын жаң­ғыр­тудың жаңа жеті бағытын атадыңыз. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…
– Біздің алдымызда қоғамның сенімін арттыру мақсатында ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды күшейтіп, барлық қоғам мүшелерін партия жанына топтастыру міндеті тұр.
Қазір жағдайдың жақсаруына орай, қоғамның сұранысы да өзгерді. Сондықтан осы сұраныстарға сай болып, халықтың сенімін ақтау үшін жұмыс істеуіміз қажет. Бұл жердегі негізгі тәсіліміз – кез келген мәселені ашық, әділ талқылау. Осы мақсатта партия заман талабына сай өзгеріп, нақты реформаларды қолға алып жатыр.
Партия филиалы да өз тарапынан үкіметтік емес ұйымдармен және түрлі әлеуметтік топтармен байланысты күшейтуді бастады. Атап айтар болсақ, бүгінгі күнге ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кәсіподақ ұйымдары және әлеуметтік желі белсенділерімен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Ұсыныстардың барлығы мемлекеттік органдарға жолданып, орындалуы бақылауға алынды. Бұл жұмыс­тар жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Сонымен қатар облыс­тық басқармалар, қалалық, аудандық бөлімдердің есептерін партия алаңдарында тыңдау жұмыстары да жолға қойылуда. Жақында облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов­тың төрағалығымен ең маңызды салалар – білім, денсаулық бағытындағы жұмыстардың жүзеге асырылу барысы, онан кейін индустриалды дамудың мүмкіндіктері төңірегінде тиісті басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Осы жерде мемлекеттік орган басшылары да өздерінің партия мүшесі ретіндегі жауапкершілігін сезінуі тиіс деп есептеймін.
Бұл жұмыстармен қатар партиямыздың негізі – бастауыш ұйымдардың ашық форматтағы жұмыстарға көшуі, тұрғындармен «кері байланыс» жұмысын нығайту, партияның ядролық электоратын қалыптастыру, бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіру, оларды оңтайландыру бойынша да біраз жұмыс­тар жүргізілді.
Мәселен, бастауыш ұйым­дарды оңтайландыру бойынша шағын ұйымдар ірі бастауыш ұйымдарға біріктірілді. Бұрын облыстық партия филиалына қарасты 272 бастауыш ұйымы болса, қазір олардың 20-сы қысқартылып, 252 бастауыш ұйым қалды. Оның ішінде 65 бастауыш партия ұйымының жетекшісі қайта сайланды. Қазір бастауыш ұйым төрағаларының 116-сы аумақтық филиалдардың саяси Кеңесі мүшелігіне, 44-і сая­си кеңес Бюросы құрамына енгізілді. Сондай-ақ, 25-і жергілікті мәслихат депутаттары. Енді оларды партиялық кадр резерві мен жергілікті қоғамдық кеңес­тер құрамына кіргізу жоспарланып отыр. Біздің өңірде алғаш болып, жастардың басын біріктіретін және олармен жан-жақты жұмыс жүргізетін қала, аудан көлемінде «Жастар» БПҰ ашылды. Бұл болашақта жастарға қолдау көрсететін орталыққа айналып, олардың саяси лидерлерге айналуына септігін тигізеді.
Осы жерде атап өту керек, ең көп бастауыш партия ұйымдары қалалық филиалда шоғырланған. Бұған дейін мұнда 43 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасап келсе, қазір 36-ға қысқартылды. Оның ішінде 32 бастауыш ұйымға жетекші етіп белсенді азаматтарды қайта сайладық. Қазіргі таңда қалалық филиалға қарасты 36 бастауыш ұйымы мен «Жастар» бастауыш ұйымы имидждік заттармен (стенд, таб­личка, ту, жалауша, күнделік) қамтамасыз етілді. Ендігі кезекте халықтың сеніміне кіріп, жұмысын жетілдіру қажет.
– Ақмарал Шәріпбайқызы, «Nur Otan» партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев өзінің «Facebook» парақшасында соңғы 2,5 айдың ішінде партиялық тәртіпті бұзған 79 мыңнан астам мүше партия қатарынан шығарылғанын жазды.
– Қазір құрамды жақсарту жұмыстары қолға алынды. Елбасы тапсырғандай, біз негізінен мүшелердің санына емес, сапасына басты назар аударып отыр­мыз.
Партия Төрағасы өзінің «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасында жемқорлықпен күресті күшейту мен лайықты еместерді партия­дан шығару үшін шаралар қабылдау керектігін ерекше айтты. Бұл бағытта облыстағы 51 350 партия мүшесінің сапалық құрамына да талдау жасалып, жыл басынан бері жарнапұл төлемегендер, байланысын үзген 4 083 адам партия құрамынан шығарылды. Бүгінгі күні партия мүшелерінің саны 47 806 азаматты құрайды. Бұл жерде Елбасы тапсырғандай, санға емес, сапаға басты назар аударып отыр­мыз.
Ал партиялық тәртіпті бұзушыларға қатысты айтар болсақ, «Nur Otan» партиясының Жарғысында, этика кодексінде партия мүшесі сыбайлас жемқорлық секілді құқық бұзушылыққа жол берсе, партия қатарынан шығару көзделген. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауларында ерекше атап өтті. Біз екі ай көлемінде партияның беделіне нұқсан келтірген, яғни сыбайластық фактісі бойынша 6 азаматты партия қатарынан шығардық. Әрине, өкінішті. Себебі, олардың бірқатары 10 жылдан аса мүше болған, жауапты қызметтер атқарған азаматтар. Бірақ, заң баршамызға ортақ болғандықтан, мұндай әрекетке жол берген азаматтарды кешірмейді. Біз мұндай келеңсіздіктермен принципті түрде күресіп келеміз. Қолыңмен істедің бе, мойныңмен көтер. Партия құрамында мұндай азаматтар­ға орын жоқ. Бұл – Жарғыны бұзған әрбір партия мүшесіне қолданылатын талап.
Ендігі кезекте бастауыш ұйым­дар мен белсенділер қоғамда белең алып отырған тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы шараларды күшейту қажет. Барлық аудан, қала, облыста құрылған партия­лық бақылау топтары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялары жұмысты күшейтуді қолға алды. Аймақта 76 мүшесі бар 11 партиялық бақылау тобы мен 78 мүшесі бар 11 сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия қызмет атқарады. Бұл – үлкен күш. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалауда халық қалаулылары да белсенділік танытулары тиіс. Мұны саяси кеңес отырысында партия Төрағасы ерекше атап өтті. Қазір барлық деңгейдегі мәслихат фракциялары мен комиссиялардың жұмысы барынша күшейтілді.
– Партия Төрағасы партияны жаңғыртуда ядролық электорат қалыптастыру керектігін атап өтті. Сонда ядролық электорат деген кім?
– «Бастауыш ұйым – партия негізі» деген сөзді партия Төрағасы үнемі айтып жүреді. Дегенмен, мұны біздің бастауыш ұйымдарымыз әлі де түсініңкіремей келе жатқан секілді. Себебі, ядролық электорат, әрине, осы бастауыш ұйымдары мен партияның белсенді мүшелері. Сондықтан, бастауыш партия ұйымдары төрағалары мен белсенділері тек жарнапұл жинақтаумен шектелмей, жергілікті жердегі барлық ахуалмен таныс, халықпен кері байланыс орната білетін саяси лидер болуы керек. Партия Төрағасы жүктеген ядролық электорат қалыптас­тырудағы жауапкершілікті әрбір бастауыш ұйым төрағалары бірінші кезекте сезінуі тиіс.
– Партияның көптеген әлеу­меттік жобалары сәтті жүзеге асырылып жатқанынан хабардармыз. Әрі қарай жалғасын табуы тиіс жобалар бар ма?
– Жасыратыны жоқ, партия­ның түрлі бағыттағы 20-дан астам жобалары болды. Олар өз мақсат-міндеттеріне қарай жұмыс жасады. Дегенмен, қазіргі қоғамның қажеттілігіне қарай, бірқатар жобалар ғана өз өміршеңдігін көрсетіп отыр. Мұны, Елбасы да, Мемлекет басшысы да өзінің Жолдауларында атап өтті. Әрине, ол – «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз-келешек», «Бақытты отбасы» жобалары. Бұл жобалар аты айтып тұрғандай, көздеген мақсатын орындап жатыр. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы қазыналы қарттарымызды қолдайды. «Бақытты отбасы» – көпбалалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жанашыры. Ал «Кедергісіз келешек» мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз үшін кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталып отыр. Қазір осы жоба аясында партия жанынан құрамы үкіметтік емес ұйымдар, мүгедектер қоғамдық бірлестіктері, тиісті мемлекеттік орган өкілдерінен жасақталған арнайы топ облыс көлеміндегі барлық әлеуметтік нысандарға бақылау жасап, олардың жарымжан жандар үшін қолжетімділігін арттыруға жұмыс істеп жатыр. Қыркүйектің 10-нан бастап, қазанның 10-на дейін, облыстағы 800-ге жуық нысанды бақылау жоспарланып отыр. Нақты кезеңде 195 объек­тіге мониторинг жұмыс­тары жасалып, басшыларына тапсырмалар берілді.
– Заманауи технологияның жетістіктері халықты ақпараттық қолжетімділікке дағдыландырып келеді. Жалпы жұртшылыққа ашық, кез келген азаматтың мұң-мұқтажын тыңдауға дайын партияға үміт артатындар, хабарласатындар көп пе?
– Өздеріңізге белгілі, партия­ның қоғамдық қабылдауы – халықпен байланыстың тиімді арнасы. Қазір әрбір қазақстандық ғаламтор арқылы «Nur Otan» партиясының ресми сайтына кіріп, партияның тыныс-тіршілігімен таныса алады және өз мәселесі бойынша өтініш жолдап, кеңес алу мүмкіндігіне ие. Мұнан бөлек, партияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да қажетті ақпараттарды алып отыр. Сонымен қатар биыл 28 ақпаннан бастап өңірімізде «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе акциясы партияның аймақтық, аумақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелері жанында қызмет жасауда. Осы мақсатта мемлекеттік орган, басқа да мемлекеттік құрылым өкілдерінен құралған мобильдік жұмысшы топ бекітіліп, аз қамтылған азаматтарға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға, мүгедектерге тиісті көмектер, мәселелерінің шешілуіне бағытталған кеңес, заңгерлік көмек берілді. Мәселен, облыстық филиал жанынан құрылған мобильдік топта түрлі мемлекеттік сала мен құрылымдардың 11 өкілінен құралған мамандар жұмыс жасап, көп мәселенің шешілуіне, бағыт-бағдар беруге үлесін қосып келеді. Өткен 8 ай қорытындысы бойынша аймақтық, аумақтық партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4421 азаматтың өтініші тіркеліп, 3008 тұрғынға заң тұрғысынан тиісті кеңес берілді. 1275 азаматтың өтініштері оң шешім тапты. Қазір пәтер, жер кезегін білу, бос жұмыс орындарын анықтау бо­йынша түскен өтініштерді тез арада шешу үшін партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «EGOV» электронды порталы, «ENBEK.KZ» базалары орнатылды. Шалғайдағы тұрғындардың облыс орталығына келіп әуреге түспеу үшін «Skype» жүйесін пайдалануды жолға қойып отыр­мыз. Республикалық деңгейде шешілетін мәселелер бойынша бейнебайланыс жүйесі де қолданылып келеді. Мәселен, жыл басынан 6 қабылдау бейнебайланыс арқылы, 12 қабылдау «Skype» жүйесі арқылы ұйым­дастырылып, 13 азаматтың мәселелері тыңдалды. Сонымен қатар өңірдегі мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыру мақсатында көп жылдардан бері жұмыс жасап келе жатқан «Сыр мейірімі» қайырымдылық қорының жұмысын тиімді үйлестіру мен жетілдіруді қолға алып отыр­мыз. Бүгінде партияның бас­тамасымен осы бағытта түрлі қоғамдық құрылымдардың өкілдерінен құралған қамқоршылық кеңесінің құрамы бекітіліп, қа­йырымдылық көмек алу үшін қажетті құжаттардың тізбесі белгіленді. Арнайы «Қазпошта» АҚ арқылы есепшот ашылды. Осы орайда барлық азаматтарды, кәсіпкерлерді, сала басшыларын мұқтаж азаматтарға қол ұшын беруге шақырамын.
Бүгінгі таңда қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметтері қатаң бақылауға алынып, оң шешілетін өтініштердің үлесін арттыру, күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне осылай да мүмкіндік жасау, болмаса түсіндіру бағытындағы жұмыстарды күшейтуге мән беріліп жатыр.
– Ақмарал Шәріпбайқызы, партия Төрағасы осы Саяси кеңес отырысында партияның ардагерлері соның ішінде зия­лы қауымы да жаңғыру жұмыс­тарына белсенді аралассын деген еді. Осы тұрғыда не айтасыз?
– Партияның доктринасында төл мәдениетімізді, рухания­тымызды дамыту мәселелері ашық айтылған және бұл – біз үшін аса маңызды. Себебі, қазір қоғамдағы кейбір мәселелер осы саладағы олқылықтардан болып отыр. Ол масылдық көзқарас, отбасы құндылықтарының төмендеуі тағы сол секілді… Біз де өз кезегімізде рухани және отбасылық құндылықтарды насихаттауға зиялы қауым өкілдерімен жұмыс жасап, олардың әле­уетін пайдалануды қолға алдық. Қазір облыстық партия филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері барлық ауданды аралап, елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізіп жатыр. Ол кездесуде, әрине, барлық мәселе, сонымен бірге Президент Жолдауы насихатталуда.
– Қазір екінің бірі әлеу­меттік желінің ықпалын пайдаланып, түрлі проблеманы көтеріп, билікті, болмаса партияны сынап жатады. Бұл халықтың партияға деген сеніміне кері әсер етпей ме? Болмаса әлеуметтік желідегі халық пен партия арасында диалог бар ма?
– Өте дұрыс айтасыз. Қазір халық әлеуметтік желі арқылы қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатыса бастады. Бұл үдеріске заманауи коммуникациялар да тың серпін беріп отыр. Біз, әрине, мұның барлығын партия филиа­лының әлеуметтік желілердегі ресми парақшасынан да, жеке аккаунт арқылы да көріп, біліп отырмыз. Қоғам болған соң түрлі сындар да, проблемалық мәселелер де болады.
Бұл тұрғыда партия Төрағасы әрбір мүшесі қоғамдағы өзекті мәселелерді әлеуметтік желілерде жан-жақты талқылау­дан қашпай, халықтың пікіріне дәйек­ті жауап беріп, сын айтылса, оны конструктивті тұрғыда қабылдап, нәтижеге жұмыс жасауды тапсырды. Осыған байланысты біз партия саясатын халық арасында кеңінен насихаттайтын спикерлер және әлеуметтік желі мен блок платформаларда жұмыс жасайтын блогерлер пулын жасақтап, олардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды бастадық. Олардың құрамында бастауыш ұйым төрағалары мен белсенділері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партия жақтастары да бар. Әрине, осы жерде отырған сіздің де, азаматтың да, саяси-қоғамдық ұйымдардың жекелеген мәселеге келгенде түрлі көзқарасы болуы мүмкін. Бірақ елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа келгенде сөз де, іс те, ұстаным да ортақ болуы тиіс. Қазір атқарушы билік тарапынан да мұндай белсенділікке дұрыс көзқарас қалыптасты. Біздер барлық санаттағы азаматтармен ашық, белсенді жұмыс істеп, оларға дұрыс бағыт беріп, қолымыздан келгенше көмек көрсетсек, әлеуметтік желідегі ахуал да жаңаша формада жүреді деп есептеймін.
– Ақмарал Шәріпбайқызы, президент Жолдауын сырбойылық нұротандықтардың ұжым болып көргенін білеміз. Жолдауды насихаттау бағытында жоғарыда атап өткен мәселелерден бөлек қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Президент – біздің партия мүшесі және «Nur Otan» партиясы атынан ұсынылып сайланды. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа жеткізу біздің негізгі жұмыстарымыздың бірі деп санаймыз.
Жалпы партия филиалы тарапынан Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын түсіндіру бойынша арнайы аймақтық жұмыс жоспар дайындалып, жыл соңына дейін медиа жоспар бекітіліп, жұмыс­тар жүріп жатыр.
Бірінші кезекте Жолдауды түсіндіру және насихаттау бо­йынша арнайы облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімінің төрағалығымен облыс активі, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырыстары өткізілді. 14 ірі бастауыш партия ұйымында талқылау ұйымдастырылды. Онан бөлек, Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуын қадағалау мақсатында облыстық филиал төрағасы, облыс әкімінің қатысуымен партиялық тыңдау­лар өтті. Әлеуметтік топтарға мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында әріптес ҮЕҰ жетекшілерімен, әлеу­меттік желі белсенділерімен, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесулер өткізілді. Алдағы аптада Жолдауды түсіндіру және насихаттауға арналған сайлауалды бағдарламаның бағыттары бойынша партиялық комиссия мен аймақтық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кеңес және «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы жоспарланып отыр.
БАҚ және әлеуметтік желі­лерде өзімнен бастап, барлық аумақтық партия филиалы төраға­ларының бірінші орынбасарлары, фракция мүшелері, бастауыш ұйым төрағаларының сұхбаттары мен мақалалары, пікірлері жарияланып жатыр. Қазіргі таңда азаматтар көп шоғырланатын орындарда, соның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустарда, базарларда арнайы насихаттық парақшалар дайындалып жатыр. Алдағы аптада «Jas Otan» Жастар қанаты еріктілері тиісті орындарға ілінеді. Бір сөзбен айтқанда, Жолдауды түсіндіру және насихаттау бо­йынша тиісті жұмыстар партия­ның орталық аппаратының нұсқаулықтары бойынша алдыңғы уақытта да жалғаса беретін болады.
– Жаңғыру аясындағы алда атқарылар жұмыстар…
– Жалпы алғанда, қызметті жаңарту, барлық партиялық орган мен тетіктердің тиімділігін, партия мүшелерінің жауапкершілігін арттыруды білдіреді. Сол үшін де партия Төрағасы жұмысты заман ағымына сәйкес жүргізуді талап етіп отыр. Ол – халықпен тығыз байланыста жұмыс жасаумен қатар, әлеуметтік желі арқылы да жүргізілетін жұмыстарды күшейту. Ендігі міндет партия жұмысын халықтың проблемаларын білуге және шешуге жұмылдыру керек. Сенімнің жоғары деңгейі партия қызметін бағалаудың өзекті тұсы және ол өздігінен пайда болмайды. Қажырлы жұмыс жасама­йынша, адамдардың күнделікті проблемаларына тиісті назар аудармайынша құрмет, бедел мен сенім иелену мүмкін емес. Өйткені, «Nur Otan» партиясы – елдің тағдырына жауап беретін халықтық партия.
Әңгімелескен
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<