Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі: “Халықтың әл-әуқатын көтеру – біздің стратегиялық мақсатымыз”

1390

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр еліне қолдауы негізінде соңғы 8 айда ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар жүзеге асқан. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Хабар 24» телеарнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасында берген сұхбатында айтты. Сұхбатты жүргізген «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли. Сұхбаттың жазбаша нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз.

Берік Уәли: Бағдарламамыздың бүгінгі қонағыҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырза. Нұрлыбек Машбекұлы, студиямызға қош келдіңіз. Алаштың анасы атанған Сыр елі қашан да Президентіміздің ерекше назарында. Туған жеріңіз Қызылорда өңірін көркейту жолында аянып та жатқан жоқсыз. Өзіңіз әкім болғаныңызға 8 ай болған екен. Осы 8 ай ішінде аймақты дамытуға қандай нақты қадамдар, жұмыс жасап жатырсыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ

Нұрлыбек Нәлібаев: – Үлкен рахмет! Биыл жылды табысты әрі нәтижелі қорытындылауға толық негіз бар деп айтсақ, артық емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен өңірде заманауи әлеуметтік нысандар салу ісі қарқын алып, экономиканың барлық көрсеткіштерінде оң динамикаға қол жеткіздік. Қазіргі кезде өңірдің дамуы қарқынды сипат алып, барлық көрсеткіштерде оң динамика қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндірісі қазір 8,5 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өткен жылмен салыстырғанда 71 пайызға өсті. Оның 95 пайызын өңделген өнім құрайды. Соңғы жылдарда импорттаушы елдердің саны 17-ден 21-ге дейін көбейді. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 29,5 пайызға артты. Оларда жұмыспен қамтылған азаматтар саны 6,4 пайызға өсіп отыр. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдаудамыз. Биыл кәсіпкерлік саланы қолдауға әртүрлі көздерден 20 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Оның шеңберінде 1300-ден аса жоба несиелендірілді. 3400-ден аса жобаға қайтарымсыз гранттар берілді. Гранттардың 40 пайызын жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға арнап жатырмыз.

Халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің стратегиялық негізгі мақсатымыз. Жұмыспен қамту бағытында Президенттің 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру бойынша тапсырмасы 2 есеге орындалды. Дәлірек айтсақ, 205 пайызға орындалып отыр. Бүгінде 28 мыңнан астам жұмыс орны жаңадан құрылды. Оның ішінде 14 мыңнан астамы  – тұрақты жұмыс орны.

Қазір тұрғын үй беруге де үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Тұрғын үй берілуі 6,4 пайызға өсті. Алдағы үш жылда 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз деп жоспарлап отырмыз. Келесі аптада облыстық бюджет есебінен үйлері апатты деп танылған 100-ге тарта отбасына жаңа үйлердің кілтін табыстайтын боламыз. Келесі жылы жастарға да үй салу жұмыстарына үлкен көңіл бөліп, оған да облыстық бюджеттен қаржы қарастырудамыз. «Отбасы» банкпен бірге өңірде жаңа жобаларды жүзеге асырып, бірінші кезекте жастарды, мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтысақ деген үлкен жоспарымыз бар.

Әрине, өңір болғаннан кейін қиыншылықтар болады. Мысалы, бізде мұнай қоры жылдан жылға төмендеп бара жатыр. Осыдан он жыл бұрын өңірімізде жылына 12 млн тонна мұнай өндірілсе, қазіргі таңда 3,5 млн тоннаға дейін түсіп, үш есеге азайып кетті. Бюджетке түсетін түсімдер де азаятыны белгілі. Мұнай саласынан түсетін бюджеттік түсімдер 2,5 есеге азайып отыр. Бірақ, мұнай саласында жұмыс орындарын қысқартпауға, жалақыны көбейтуге жұмыс жасап жатырмыз. Жыл басынан бері мұнай саласындағы мекемелерде жалақы 50 пайызға дейін артты. 52 ірі компаниялармен, оның ішінде ірі мұнай компаниялары бар, барлығымен меморандумға отырып, алдағы уақытта да мұнай қоры азайғанымен, жұмыс орынын қысқартпауға, жалақыны жылда біртіндеп көбейтуге меморандумға қол қойдық. Оған үлкен компаниялардың басшылары, Алматы, Астана қалаларынан келіп меморандумға қол қойып, осындай келісімге келіп жұмыс жасалуда.

Қазіргі таңда Энергетика министрлігімен, «ҚазМұнайГаз» компаниясымен жаңа кен орындарына геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Ол жұмыстар қазірдің өзінде басталды. Облыс аумағындағы перспективалы және мұнайлы-газды «Шу-Сарысу», «Сырдария», «Арал» бассейндерінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп геологиялық, геофизикалық зерттеу жұмыстарын бастап кеттік. Бұл мақсатта 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазір барлау жұмыстары жүріп жатыр. Алда тереңдігі 5 мың метрге дейін жаңа кен орындары ашыла ма деген үміт бар. Әйтпесе, мұнай қоры жылдан жылға азаюда. Қазір біз оның орнын басқа өндірістермен толтыруға жұмыс жасап жатырмыз. Бұл бағытта өңірде біраз жұмыс қолға алынды.

Өзіңіз білесіз, бізде он жылдан бері әңгіме болып келе жатқан Шыны зауытын іске қостық. Қазан айынан бастап жұмыс жасап жатыр. Қазір Алматы, Астана, Шымкент қалаларына шынылар жөнелтілуде. Қазіргі таңда 17 мың тоннадай шыны жөнелтілді. Зауыттың қуаттылығы жылына 197 мың тонна. Мұндай үлкен жоба Президенттің, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылды. Жоба құны – 42 млрд теңге.

Әрі қарай осы жұмыстарды жандандырамыз. Өңірде өндіріс орындарын әлі де көбейту керек. Сол бағытта жұмыс жасалуда.

Берік Уәли: – Жақсы, рахмет. Сөзіңізді әдейі бөлмедім. 8 айда атқарылған жұмыстарды бір сұрақтың ішіне сыйдыру оңай емес. Десек те, сіз жан-жақты толық қамтып алсын деп, көрерменге нақты мағлұмат берсін деп сөзіңізді бөлмедім. Сұхбатымызды Президентіміздің сөзімен жалғастырғым келіп отыр. Мемлекет басшысы: «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату керек. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет» деді.

Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығына алаңдаулы. Өйткені өңірдің ақ маржаны – күріш  алқабы  азаюы мүмкін. Бұл мәселені қазір қалай шешіп жатырсыздар?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Біз – негізінен аграрлық өңірміз. Оның ішінде, басты дақылымыз – күріш. Ол суды көп қажет ететіні бәрімізге белгілі. Бізде суармалы жерлер өте көп. Соңғы жылдары шынында да жоғарыдан келетін судың көлемі азаюда. Ол тек біздің өңірде емес, көп елдерде судың тапшылығы сезіліп жатыр. Биыл бізде су көлемі аз болады деген болжам жылдың басынан бастап болды. Өйткені өткен жылы да су тапшы болды. Қазір біз зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 10 жылдың көлемінде Аралға келетін судың өзі төмендеп кеткен. Қазір ондағы су 9 млрд текше метрге дейін азайды. Соңғы 12 жылда 7 млрд текше метр су аз келген. Мен қызметке келгенде күріштің көлемін 20 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланған екен. Біз тәуекелге барып, 20 емес, 5 мың гектарға дейін қысқарттық. Өйткені күріш – өңірдің ең негізгі дақылы. Халықтың да негізгі күнкөрісінің бірі осы күріш. Осы күріштің айналасында қаншама адам жұмыс істейді. 20 мың гектарға қысқартсақ, төрттен бірі қысқарып кетеді. Сондықтан биыл 5 мың гектарға қысқартып, 78 мың гектарға күріш егіп, төкпей-шашпай жинап алдық.

Берік Уәли: – Өнім қалай болды?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Өнім жақсы. Жылдағыдай өнім алдық. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында су тапшылығы көп сезілген жоқ. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Мемлекет басшысының қолдауымен жоспарланғаннан артықтау су келіп, күрішімізді сумен қамтамасыз етіп, жинап алдық. Одан бөлек, биікте орналасқан жерлерге су жеткізуге Үкімет резервінен 3 млрд 600 млн теңге қаржы бөлінді. Оған 156 дана көтерме насостар сатып алдық. 50-ден астам ұңғыма қаздық. Гидротехникалық нысандарды жөндеуден өткізіп, Үкіметпен бірлескен нәтижелі жұмыстың арқасында биыл судан тапшылық көрген жоқпыз. Келесі жылға да қазірден дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені күріштің көлемін енді қысқартпаймыз. Бұл – халықтың негізгі күнкөріс көзі. Оған қоса, күріш көлемін азайтсақ, жеріміз де тез тұзданып кетеді. Оны барлық ел біледі. Ал тұзданған жерді қайта қалпына келтіру өте қиын. Ондай жерге басқа өнімдердің шығуы да қиын. Халық та негізінен күрішке бейімделген. Бірақ суды үнемдеу бағытында біраз жұмыстар жасалуда. Жерді тегістеп, күріштің тез пісетін, суды аз қажет ететін сорттарын егу қарастырылуда. Қарап отырмай, суды барынша үнемдеуге жұмыс жасалуда.

Берік Уәли: – Сырдың ақ маржаны Америка асып, кәрі құрлық – Еуропаға да жөнелтілетінін білеміз. Дегенмен, қазір әртараптандыруға мойын бұратын уақыт. Өңірде күріштен басқа қандай өнім өндіруді жолға қойып жатырсыздар? Күрішпен шектелмейсіздер ғой?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Әрине, күрішпен шектелмейміз. Әртараптандыру бағытында біраз жұмыстар жасап жатырмыз. Әсіресе, бақша өнімдеріне үлкен көңіл бөлінуде. Мен осы қызметке кіріскелі бері барлық аудандардың басшыларына тапсырма бердім. Демеушілердің көмегімен әр ауданда жер дайындап, әр ауылға, ауданның халқына керекті дақылдарын, бақшаларын егіп алыңыздар деп айттық. Көп жерде ең керекті картоп, жуа, сәбіз екті. Біз жерлерін дайындап бердік. Оған шығын болған жоқ, демеушілер арқылы жасалды. Келесі жылы осы жұмысты ұлғайтамыз деп жатырмыз. Қазірден бастап тапсырма берілді. Келесі жылы әр ауылда, аудандарда жер дайындап, демеушілер есебінен насос қондырғыларын орнататын болсақ, оның жанар-жағармайына дейін демеушілер арқылы шешіп, қарапайым халыққа өздеріне керекті өнімдерін егіп алуға жағдай жасаймыз. Осы арқылы бір жағынан халықты жұмыспен қамту, екінші жағынан бағаны тұрақтандыруға өз әсерін береді. Өзіне керек бақша өнімдерін егіп алған халық сырттан алмайды.

Одан бөлек, Жаңақорған ауданында жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу бойынша түрік компаниясымен келісімге келдік. Компания келесі жылы жұмыстарды бастайды. Мемлекет басшысы өткенде Түркияға сапармен барғанда бізден де кәсіпкерлеріміз барды. Сол кезде меморандумдарға қол қойылып, қазіргі таңда нәтижесін беріп жатыр. Жұмысты келесі жылы бастаймыз. Бұл – біз үшін үлкен жоба. Құны – 13 млрд 800 млн теңге. Сол арқылы да біз халыққа көптеген жұмыс орындарын ашып береміз. Өйткені зауытқа қызанақ керек. Сондықтан қызанақ көлемін көбейтеміз.

Берік Уәли: – Нұрлыбек мырза, орайы келіп тұрғанда айтайын, Президент өңір әкімдеріне инвестиция тартуды тапсырған болатын. Жолдаудан үзінді келтіргім келіп отыр. «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды-маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Өзіңіз білесіз, Қызылорда – дотациялы өңір. Әлбетте, аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыру жағы қалай болып жатыр?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Бұл бойынша да қазір жаңа мүмкіндіктер көзін қарастырып жатырмыз. Инвестор келген жағдайда біз барлық жағдайын жасаймыз. Жерін дайындап, оған керекті барлық инфрақұрылымды жеткізіп береміз. Биыл облысқа 373 млрд теңге инвестиция тарту межесі бекітілген болатын. Жоспарға қол жеткізу үшін барлық аудан, қала әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар беріліп, Жол картасын әзірледік. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жоспар 94 пайызға орындалып тұр. Жылдың аяқталуына шамалы күн қалды, 100 пайызға орындаймыз деген жоспарымыз бар. Орындалатын болады. Өңірлер арасында орындалу көрсеткіші бойынша ең алдыңғы қатарда тұрмыз. Жалпы инвестиция тарту көрсеткіші осы жылдың 11 айында 31 пайызға өсті. Индустриялық жобалар мұнай-газ, уран компанияларында іске асырылған жобалар есебінен өнеркәсіп саласына тартылған инвестиция көлемі 41 пайызды құрады. Алдағы бесжылдықта өңірде  инвестиция  көлемі 613 млрд теңгені құрайтын 37 индустриялық жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Алдымызға сондай міндет қойдық. Қазір нақты жобаларымыз бар. Біз айтып өткен Шыны зауытының айналасында да 8 жобаны іске асырсақ деген ойымыз бар. Ол бойынша қазір 3 инвестормен келісімге келдік. Жобаларды бастайын деп жатырмыз. Тағы 5 инвестормен жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта жоба жүзеге асатын болады.

Одан бөлек, «Шалқия» қорғасын-мырыш шығаратын үлкен кен орны бар. «Самұрық қазынамен» бірге осы «Шалқияны» іске қосуға жұмыс жасалуда. Бұл бағытта биылдың өзінде 35 млрд теңгедей инвестиция тартылды. Осы жобаны іске қоссақ, өңірге үлкен көмек, қолдау болғалы тұр.

Берік Уәли: – Әңгімемізді ауыл медицинасына ауыстырсақ. Ауыл медицинасы десек, Президенттің сөзі еске түседі. «Бүгінде елімізде 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды» деген болатын. Облыста 27 дәрігерлік амбулатория салмақшы екенсіздер. Өңір халқының денсаулығын жақсартуға арналған тағы қандай жобаларыңыз бар? Бұлардың барлығын салып үлгересіздер ме?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Өте дұрыс айтасыз. Бізде алдағы үш жылдың ішінде  27  медициналық нысан, оның ішінде амбулатория, медициналық пункттер салу жоспарланған. Олардың барлығы негізінен ауылдарда салынатын болады. Жоба Ұлттық жоба аясында, Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асайын деп жатыр. Бұл медицина саласындағы көптеген өзекті мәселелердің шешімін табуына өз ықпалын тигізеді. Одан бөлек, Мемлекет басшысының қолдауымен, бізде көптен келе жатқан жоба – 100 орындық емханасы бар, 300 орындық көпсалалы аурухана. Оның құны 36,5 млрд теңге тұрады. Сол аурухана құрылысы келесі жылы басталатын болды. Алдағы үш жылдық бюджетке енді. Тиісті қаржы қаралды. Бұл да өңірде медицина саласының дамуына үлкен септігін тигізеді. Осындай жобаларымыз бар.

Одан бөлек, жеке инвесторлармен де медицина саласында жұмыс жасап жатырмыз. Қазір «Медикер» компаниясы сияқты үлкен компаниялар келіп, өңірде клиникалар, емханалар ашуда. Алда ауруханаларды да сенімді басқаруға алып дамыту бойынша жоспарлар бар. Қазір соны талқылау үстіндеміз. Тек бюджетке қарап отыруға болмайды, мәселені жан-жақты ізденіп шешуіміз керек. Инвесторлар арқылы да саланы дамытуға үлкен мүмкіндігіміз бар.

Берік Уәли: – Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы – Президент Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Халықпен сындарлы диалог орнатуда жақсы тәжірибе бастапсыздар. Барлық деңгейдегі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге ауылдарға барып, жергілікті жұрттың мәселесін сол мезетінде шешуге машықтанып жүр екенсіздер. Бұған қалай қол жеткізілуде? Өз нәтижесін беріп жатыр ма?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Әрине. Осы қызметке барғалы осындай шешім қабылдап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасына сүйеніп барлық құқық қорғау органдары басшыларымен келісіп, бірінші менің орынбасарларым, өңірдегі құқық қорғау органдарымен бірігіп өңірдегі барлық ауданды аралап шықты. Бұл туралы бір апта бұрын әлеуметтік желілерде жарияланды. Құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары облыс әкімінің орынбасарымен бірге барлық мәселелер бойынша халықты қабылдайды. Осындай кездесулерді дәстүрге айналдырып, ай сайын мәселелері бар ауылдарға, аудан орталықтарына барып өткізіп жүр. Жылына кем дегенде екі рет, қажет жағдайда, шұғыл мәселе болса қай кезде болса да міндетті түрде барамыз.

Берік Уәли: – Нәтиже бар ғой?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Нәтиже бар. Кездесулерде Сот төрағасынан бастап, ҰҚК департаментінің басшысы, облыс прокуроры, ІІД басшысы, барлық құқық қорғау органдары басшылары бір залда отырып, таңғы сағат 9-дан келген азаматтардың барлығын қабылдадық. Ешқандай шектеу жоқ. Ол да әлеуметтік желіде бір апта бұрын хабарланды. Азаматтар келіп, сұрақтарын қойды. Кездесулерде мәселелердің көбін сол жерде шешуге тырысамыз. Уақыт керек немесе бюджетке байланысты мәселелерді кейін шешіп беріп жатырмыз. Ел болған соң мәселелер болады. Көбі сол жерде шешім тауып жатыр. Кейбір азаматтар балаларын емдету мәселелерімен келеді, оны да демеушілер арқылы сол жерде шешуге тырысамыз. Кейбір азаматтардың істері дұрыс қаралмайды. Ол бойынша да сот төрағасы қарап, кейін шешімін шығаруда.

Берік Уәли: – Бұл жұмыстар жалғасын таба береді ғой?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Жалғасын табады. Атап өткенімдей, жылына екі-үш рет барып, осындай кездесулер өткіземіз. Мысалы, 27 желтоқсан күні осындай кездесуді облыс орталығында өткізгелі жатырмыз. Ал келер жылдың басын Байқоңыр қаласынан бастаймыз. Бұл – өте нәтижелі жұмыс.

Берік Уәли: – Расында да, басқа облыстарға үлгі боларлық жағдай екен. Бастамаларыңыз басқаларға да жұғысты болсын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Балалар жылы болып белгіленгенін білесіздер. Жыл аяқталуға жақын. Президент өз Жолдауында жас буынның білімді болуына баса назар аударғаны белгілі. Президент сөзімен айтсақ: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деген болатын. Осы «Жайлы мектеп» жобасы Қызылордада қалай жүзеге асып жатыр?

Нұрлыбек Нәлібаев: – Бізде алдағы үш жылда Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жоба аясында 21 жайлы мектеп салынатын болады. Қазір жерлері анықталып, жобалар жасалып жатыр. Бұл – шамамен 100 млрд теңгеден астам қаржы. Бұл, шынында да, білім саласының дамуына ерекше серпін берейін деп тұр. Одан бөлек, бұл бағытта да жеке инвесторлар тартудамыз. Қазір жеке инвесторлар есебінен облыста 21 жеке мектеп жұмыс жасап тұр. Алдағы 1-2 жылда тағы 12 мектеп инвесторлар есебінен салынатын болады. Осы арқылы үш ауысымды мектептерді жоямыз.

«Балалар жылы» аясында өңірде біршама жұмыс атқарылды. Жергілікті демеушілер көмегімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Айтып өткенімдей, барлығын бюджеттен шешу мүмкін емес. Сондықтан демеушілерді көптеп тартудамыз. 7-8 ай ішінде өңір кәсіпкерлерінің көмегімен 9 млрд теңгеге жуық қаржы тартылып, әлеуметтік нысандар салынды. Қазір жеке кәсіпкер қолдауымен 1,5 млрд теңгеге «Аналар үйі» салынуда. Бұл да – өңір үшін үлкен көмек. Одан бөлек, Сырдария ауданында 355 млн теңгеге «Абзал и К» жауапкершілігі шектеулі серктестігі қолдауымен «Еңбекшілер паркі», Жаңақорған ауданында 791 млн теңгеге «Жастар паркі» салынды. Арал ауданы Тоқабай елді мекенінде апатты мектептің орнына кәсіпкер қолдауымен 500 млн теңгеге жаңа мектеп салынуда. Жергілікті кәсіпкерлер жобалар жасауға да 2 млрд теңгеге жуық көмек көрсетті. Оған 50 млрд теңгенің жобаларын жасап, салалық министрліктерге ұсындық. Ол жобалардың біразы қолдау тауып, келесі жылы жүзеге асатын болды.

Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен бюджетіміз де жақсы бекітілді. 520 млрд теңге бюджетті бекіттік. Былтырғымен салыстырғанда 160 млрд теңгеге артық. Бұл – өңір үшін өте үлкен қолдау. Енді сол қаражаттың барлығын тиімді пайдаланып, ең өзекті, халыққа қажет жобаларға жұмсайтын боламыз.

Берік Уәли: – Мемлекет басшысының қолдауымен бөлініп жатқан қаржының барлығын өзіңіз айтқандай тиімді, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобаларды іске асыруға жұмсалуына тілектестік білдіреміз. Бір облыста атқарылып жатқан жұмыстарды жарты сағатқа сыйғызу оңай емес. Әлі талай Астанаға келерсіз, сол кезде өзіңізбен тағы да сұхбат жүргіземіз деп ойлаймын…

Нұрлыбек Нәлібаев: – Үлкен рахмет. Сыртта жүрген өңіріміздің азаматтары да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үлкен көмек көрсетіп жатыр. Өңірде жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен 12 млрд теңгеге жаңадан әуежай терминалы салынады. Одан бөлек, «Саутс Ойл» компаниясының қолдауымен 7 мың  орындық  стадион салынады. Ол да 6 млрд теңгеге жуық қаражат. Бюджет есебінен де келесі жылы «Неке сарайы», «Өнер орталығы» секілді көптеген нысандар ел игілігіне берілетін болады.

Берік Уәли: – Қызылордадан түлеп ұшқан қалталы кәсіпкерлер үшін туған жерге туын тігіп, қаржысын өзінің туған еліне құйғаннан артық қандай бақыт керек?! Сол іске жұмылдырып отырған сіздерге рахмет! Студиямызға келіп, барлық сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбатты қағазға түсірген

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»