«Қазіргі статистика қалыптасқан статистикадан өзгеше»

2362

0

Медицинада дұрыс диагноз қоюмен қатар ауруды ерте анықтау маңызды. Бұл – емханадағы медицина мамандарының маңызды міндеті. Қазір еліміз бойынша емханаларда вакциналау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Сондықтан  вакцинаның тиімділігі, жалпы тұрғындардағы аурушаңдық көрсеткіші бойынша №5 қалалық емхананың бас дәрігері Жақсылық Абдусаметовпен әңгімелестік.

– Вакцина туралы пікір алғашқыда әртүрлі болға­нымен, қазір сенім нығайып келе жатқан секілді.  Тұр­ғын­дарды вакциналау жұ­мыстары қалай жүргізілуде?

– Әлем бойынша екпенің тарихы тереңде. Қазір корона­вирус вакцинасына қатысты сенімсіздіктің пайда болуы жалпы егу жұмысына бай­ланысты емес. Былтыр пан­демия жарияланғанда да көп адам бұл аурудың барына, қауіпті  екеніне сенбеді. Өйт­кені алдын ала негізсіз ақпа­рат әлеуметтік желіде кең та­рады. Халық соған сеніп қал­ды. Дертке салғырт қарау­дың салдарынан вирус жұқ­тырғандар қатары жазда бір­ден көбейді. Былтыр жалған ақпаратқа сеніп жіберген кем­шілік биыл егу жұмыстары басталғанда тағы қайталануда.

Ғылыми түрде негізделген алғашқы вакцина осыдан 100 жылдан астам уақыт бұ­рын анықталып, тәжірибеге ен­гі­зілген. Одан бері барлық өр­кениетті ел егу жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізеді. Елі­мізде 20-ға жуық ауру тү­ріне байланысты екпе салы­нады. Қазақстанда ұлттық егу күнтізбесі бар. Балалар ту­­ғаннан бастап екпе ала­ды. Сондай-ақ, дифтерия сияқ­­­ты ауруларға қарсы ере­сек­­­тер 10 жыл сайын егіліп тұ­рады. Бұл кезде артық әң­гіме ай­­тылмайды. Ал коро­на­вирус пай­да болғанда теріс ақ­па­рат­тардың ағынына ілесу ар­қылы екпеге қарсылық пай­да болып жатыр. Дегенмен, медицина саласының тарихына қарасақ, аса қауіпті, жұқпалы ауруларды жоюдың ең тиімді, ең төте жолы – вакцина. Ко­ронавирустан сақтану үшін пайдаланылатын жеке қор­ғаныс құралдары – маска, қор­ғаныш костюмдері 100 про­цент вирустан сақтайды деп айта алмаймыз. Өйткені біз 24 сағат, 365 күн бойы сақтану құралдарымен жүрмейміз. Ал егу арқылы ағзада иммунитет қалыптасқан жағдайда 365 күн бойы бізді қорғайды. Вакцина – ағзаның қалқаны. Біз осыны әлі дұрыс түсінбей жатырмыз. Осы мәселеге байланысты ха­лықтың саулығына мүдде­лі топтар – әкімдік, облыс­тық ден­саулық сақтау басқар­масы­ның мамандары түсіндіру жұ­мыстарын жүргізуде.

Емханада тұрғындарға вак­цинаның «Спутник V», «QAZVAC» және «Hayat-vax» атты үш түрі салынды. Соған бай­ланысты вакцинаның өнді­ру­шісіне қарап, алдын ала ақпа­раттармен танысып, екпе алуға келіп жатқандар да бар.

– Бұрын жүрек-қан та­мыр­лары және қатерлі ісік аурулары алдыңғы орында тұратын. Бұл көрсеткіш өзгерді ме?

– Бұл ретте бірден айта кету керек, аурушаңдықтың статистикасы – тұрғындар мен медицина қызметкерінің кездескен жағдайында, яғ­ни профилактикалық жолмен ауруды біз белсенді анық­та­ғанда немесе науқас дертіне байланысты шағыммен кел­генде ғана нақтыланатын көр­сеткіш. Осы тұрғыдан қара­ғанда былтырғы және биылғы қалыптасқан статистика бұ­рынғыдан өзгеше. Өйткені, осы уақыт аралығында екі та­раптың кездесуіне шектеулер қойдық. «Азаматтар көп жағ­дайда үйінде болсын, оқшау­лансын» дедік. Медицина қыз­меткерлеріне ауруды тарат­пас үшін үйлерге бармай, дис­танциялық тұрғыда байланыс құралдары арқылы кеңес бе­руді, телемедицинаны жолға қойдық. Осыған байланысты емханада 2019-ға қарағанда 2020 жылғы арушаңдық көр­сеткіші төмендеу. Бұған тұр­ғындар арасында теріс ақпа­раттың тарауы да әсер етті. Ем­ханаға келмей, үйде өз бе­тінше емделгендері де болды. Сондықтан қазіргі статистика мен бұрынғы қалыптасқан ста­тистикада айырмашылық бар.

Жалпы аурушаңдық бо­йынша алдыңғы үштікте ты­ныс алу жолдарының, одан ке­йін жүрек-қан та­мырлары және асқорыту жүйе­сінің ау­рулары тұр. Бірақ кей­бір ауру түрлерінде өткен жыл­дармен салыстырғанда өсу тен­денциясы байқалады. Мы­салы, сүйек-тірек аппара­тының және жүйке жүйесінің ауруларында. Сүйек-тірек ап­параты ауру­ларының нақты себебін көріп тұрғанымыз жоқ. Ал жүйке жүйесінің ауруларына келетін болсақ, әзіл-шыны ара­лас ақ­парат құралдарында да жа­зылды, карантин бүкіл от­басы мүшесіне сын болды. Өйткені отбасы мүшелерінің тү­гелдей үйде отыруының қиын­дығы байқалды, балаға бі­лім берудегі мұғалімдердің ең­бегін ата-аналар түсінді де­ген секілді. Коронавирусқа бай­­ланысты қалыптасқан өмір сал­тының өзгерісі адамдардың жүй­ке жүйесіне салмақ түсірді деген болжам бар.

– Негізгі мамандығыңыз – дәрігер педиатр. Соңғы уақытта толық балалар са­ны артып, карантинге бай­ла­нысты көз аурулары мен ско­лиоз көбейді деген болжам бар. Қауіптенуге негіз бар ма?

– Балалар арасында жү­рек-қан тамырлары аурулары төмендеу болады. Бірақ бірінші кезекте тыныс алу жолдары мен асқорыту жүйесінің аурулары тұр. Сондай-ақ эндокриндік жүйе мен зат алмасу жүйесінің аурулары деген топ бар. Осы дерт негізінен жиі кездеседі. Бұл – жалпы дүниежүзілік тен­денция. Өркениеттің бізге әкелген ауруының бірі. Оқу­шылар арасында ке­йінгі кез­де артық салмақ қосу мен көз аурулары да жиі кез­де­седі. Өркениетке байла­ныс­ты дейті­німіз, тәтті сусын, тез да­йын­далатын өнім­дер өнді­рістің да­муына байла­нысты келді. Калориясы жоғары полу­фаб­рикаттарды көп пайда­лану­дан зат алмасу бұзылады. Көз ауру­ларына шалдығу ком­­­пьютер мен смартфонды пай­да­ланғанда гигиена, ере­жені сақта­мағандықтан. Артық сал­мақ қосудың тағы бір се­бебі – гиподинамия, яғни қозға­лыстың аздығында болып тұр.

– Мемлекет басшысы Жол­дауында пандемияға орай эпидемиолог, инфекцио­нист, реаниматолог, пуль­монолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылып отырғанын атап өткен еді. Емханада мұндай мамандар жеткілікті ме?

– Жалпы кадр тапшылығы – республика бойынша толық шешімін таппаған мәселе. Біздің облыста да бұл мәселе кездеседі. Денсаулық сақтау басқармасы, әкімшілік өз та­рапынан мүмкіндігінің шегінде шаралар қолданып жатыр. Ал біздің емханаға келетін болсақ, жетіспейтін мамандар бар. Айта кету керек, барлық емхана деңгейінде инфекционист, эпи­демиолог деген мамандар бі­реуден болады. Артық қажет емес. Эпидемиолог мама­ны­мыз – зейнетке шыққан маман. Бірақ өте тәжірибелі. Ха­лық­­тың санына байланысты ем­ханада бір кардиолог маман қа­растырылған. Бұрын болма­ған екен, былтыр алғашқы да­­йындықтан өтіп, жұмыс іс­теуде. Реа­ниматолог емхана емес, ау­рухана деңгейінде бо­лады. Сон­дықтан бізде ондай маман жоқ. Жетіспейтіні – аймақтық дәрігерлер, рентге­нолог, УЗИ маманы. Бізде 23 аймақ болатын болса, соның жетеуінде аймақтық дәрігер жоқ. Соңғы кездері жоғары оқу орындарындағы бітіруші түлектердің алдағы уақытта қайда жұмыс істейтіні алдын ала жоспарланады. Сондықтан бітіруші түлектермен келісімге келдік. Олардың жазда оқуын аяқтап, еңбекке кірісуін күтіп отырмыз.

– Жас мамандарды жұ­мыс­қа қабылдау қалай жүзе­ге асады?

– Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы медицина мекемелерін маманмен қамту жұмыстарын үйлестіреді. Жұ­мысқа келген мамандардың бар­лығы облыстық денсаулық сақтау басқармасына тіркеледі. Біріншіден, қандай мамандар қажет екенін басқармаға бер­генбіз. Екіншіден, соңғы жыл­дары Enbek.kz деген бағдарлама шықты. Порталға біз өзіміздегі бос жұмыс орындарын салып отырамыз. Бұл – республика бойынша ашық портал, кез келген жас маман қай жерде  жұмыс бар екенін көре алады.

– Дәрігерлердің еңбек­ақысы туралы не айтасыз?

– Дәрігерлердің еңбекақысы биылғы 1 қаңтардан бастап 30 процентке, орта буын қыз­меткерлерінікі 20 процентке өсті. Айлық деңгейі жаман емес.

– Емханада цифрландыру бағытындағы жұмыстар қа­лай жүргізілуде? Алдын ала дәрігерге жазылуға орын бол­май, талон алу қиындық тудыратыны бар…

– Цифрландыруға көшу облыста 2015-2016 жылдары стационар деңгейінде басталды. Одан кейін емхана деңгейіне енгізілді. Қазір медицина ұйым­дарының бәрі қағазсыз тех­нологияға көшкен. Баланың даму тарихынан бастап барлық мәлімет медициналық жүйеде тұр. Талон негізінен ішкі жұ­мыстарды реттеу үшін, кезек көп болатын флюраға, зертхана бөлмелерінің алдындағы ке­зекті реттеуге қолданылады. Біздің емханаға келсек, қиын­дық тудыратындай кезек жоқ. Пациент дәрігерге алдын ала жазылу арқылы кіре алады. Екіншіден, кезек күтетін адам дәрігер бөлмесінің алдында тұ­рады. Егер адам қатты ауырып тұрса, ештеңеге қара­мас­тан жедел көмек көрсеті­леді.

– Емхананың соңғы үлгі­дегі медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтылуы қай деңгейде?

– Емхана  болғандықтан құ­рал-жабдықтар емге емес, диагностикаға негіздел­ген. Зертханамыз гематоло­гия­лық, биохимиялық анализа­тор­лар­­мен қамтамасыз етілген. Был­тыр 59 млн теңгеге  цифрлық рентген аппараты алынды. Дер кезінде алынған құрылғы бол­ды. Өйткені коронавирус жағ­дайында өкпені рентгенге түсіру өте маңызды болып отыр. Сонымен қатар, окулист маманымыз енді рефрактометр және стационарлық контак­тісіз тонометр секілді құрыл­ғылармен диагностика жүргізе алады. Емханада СМАД және Холтер жабдықтары бар. СМАД – артериялдық қан қы­сымының өзгеруін ұзақ уақыт бағалауға, гипертония диаг­но­зын растауға немесе алып тас­тауға мүмкіндік бере­тін зерттеу. Ең алдымен, бұл әдіс ги­пертониямен күре­суге, күні бойы тұрақты қан қысы­мына қол жеткізуге және ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Холтер немесе Холтер мониторингі – тәулік ішінде жүректің жұмысын ба­қылауға мүмкіндік береді. Осы арқылы ырғақтың, өт­кіз­гіш­тіктің, миокард ишемия­сы­ның әртүрлі бұзылыстарын анықтай аламыз. Бұл кейде адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, биыл аламыз деп жоспарлап отырған үш ірі құрал-жабдық бар. Олар – флюро аппараты, эксперт класты УЗИ аппара­ты және лор-комбайн. Лор-комбайн бұ­рын бізде болмаған. Онымен құлақ, тамақ, мұрын ауруларын зерттеп қарауға, екіншіден, кі­шігірім манипуляциялар ат­­қа­руға болады. Келесі жыл­ға велоэргометр, жүгіртпе жо­­лын (беговая дорожка), ото­­акус­ти­калық эмиссия аппа­ратын алу жоспарда бар. Бұл құ­рылғылар арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын ди­агностикалауға және туа­біт­ті құлағы нашар еститін ба­ла­лардың есту қабі­летін зерт­теуге скрининг жүр­гізуге бола­ды.

Жалпы емдеу ұйымдарының медициналық құрал-жабдық­тармен қамтамасыз етілуінің минимальды нормативі бо­лады. Сол бойынша айтсақ, біз­дің емхана 92 процент ке­ректі құрал-жабдықтармен қам­тама­сыз етілген.

– Емхананың ескілігі, дә­ліз­дердің тар екені байқалды. Жаңа емхана қашан салы­нады?

– Бұл – біздің ең өзекті мәселеміз.  Ғимарат 1966 жылы салынған.  Типтік жобадағы емес, бейімделген нысан. Осы ғи­­мараттан бөлек, тағы бір бө­лі­міміз бар. Ол жақта ма­ман­­данған дәрігерлеріміз бен күн­дізгі емдеу бөлімі ор­на­ласқан. Бірақ ол біздің қыз­мет көрсету ай­мағымыздан бөлек болғандықтан, тұрғын­дардың қатынауына қиын­дық тудырады. Осыған байла­нысты денсаулық сақтау бас­­­қармасымен бірлесіп жа­ңа емхана салу бағытында жұ­­мыстар жүргізіліп жатыр. Жа­ңа нысанның құжаттарын да­йындау негізінен 2022 жылға, емхана құрылысын бастау 2023 жылға жоспарланған. Алайда, мүмкіндігінше жоспарланған мерзімді алға жылжытуға жұ­мыс жасаудамыз.

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<