Сахнаға сән берген сексен жас

1703

0

Сексенге сергек жеткен жандарды сирек көретініміз рас. Бұл жаста өзінің бітім-болмысын сақтап, келісті келбетін бұзбай көрінудің рухани қуатпен тікелей байланысы барын біз жақсы білеміз. Облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темір – дәл осындай өлшемнің адамы.

Алдымыздағы 3-4 желтоқсан күндері мерейтойын атап өткелі отырған ағамен біз шағын сұхбат жасап едік.

– Хұсейін аға, сіздің өмір жолыңызға көпшілік қанық. Сіз жайында талай мақала жазылды, біраз телехабар түсірілді. Бір жылдары Талдықорған театрына барып қызмет еттіңіз. 2003 жылы өз театрыңызға қайта келдіңіз. Талантты актер, кәсіби режиссер ретінде сізге қай жерде де қызмет жасау қиын соқпаса керек, дегенде туған жерге оралудың себебі бар шығар?

– Рас, қай жерде қызмет жасасам да халық өзіміздікі. Әлия екеуміз туған жерге ара-тұра келіп, аунап-қунап сағынышымызды басып тұратынбыз.

Сол 2003 жылдың басында маған сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Жаңыл Жонтаева телефон шалып: «Қызылордаға келіңіз, театрды қолға алыңыз, мұны облыс әкімі де қолдап отыр», – деді. «Театрды қолға алыңыз» дегенінің астарын ұқтым, ол Ж.Бағысова, Ш.Бәкірова, О.Әбдімомынов, К.Көпбаева секілді кәнігі актерлардың театрдан кетіп, олардың орнын толтыра алмай жатқан кезі еді.

– Сізге шақырып отырған басшылар қандай талап қойды, сахнаға кімдерді қостыңыз?

– Мен қайта келгенде Серік Шотықов, Алмагүл Артықбаева, Бақытбек Алпысбаев, Кәмила Әбжанова секілді бес-алты белгілі сахнагер ғана қалыпты, қалғандары – колледж бітіріп қосылған жастар. Шын мәнінде театр таза кәсіби деңгейдегі актерларға зәру екен.

Маған осы жылы Орал қаласында өтетін Махамбеттің 200 жылдығына арналған театрлар фестиваліне қатысып, бірінші не екінші орынды алу керек деген талап қойылды. Бұл тым жоғары талап еді, ал, ол кезде басқа облыс театрлары дайындық жүргізіп жатқан. Мен олардың қойылымдарын қайталағым келмеді. Талдықорғандық драматург Тәкен Әліпбайға екі-үш аптада жаңа туынды жазып беруді өтіндім. Ол айтылған уақытта «Исатайдың барында» деп аталатын өте жақсы пьеса жазып шықты. Осы екі ортада мен театрға өз алдарына «Сыр әзілі» деп театр ашып алған Яхуда Халықұлов пен оның жанына топтасқан Серік Төлепов, Бақтияр Есенов, Зәлипа Төлепова секілді талантты артистерді, Күләш Жанмұратова бастаған тағы бір 4-5 талантты сахна адамы қуыршақ театрын құрып алып жүр екен, оларды да шақырттым. Сөйтіп, артистер құрамы толыға түсті. Ал, келесі жылы М.Мәметова атындағы колледжден актер шеберлігі бөлімін аштық. Екі-үш жылда олар да бітіріп келіп, сахнаға серпін қосты. Қазір біздің ұжымдағы – С.Бисенәлиев, Қ.Құрманбеков, А.Шегебаев, М.Сәбитова секілді төселген актерлар сол шеберлік бөлімінен келді.

– Сонымен, фестивальге қатыстыңыздар ғой.

– Бұған дейін мұндай фестивальдерге қатыса да алмаған кездер болыпты, қатысса қатырма қағазбен қайтыпты. Мәдениет басқармасы басшысының жаны күйіп жүргені де сол. Біз сол жылы «Исатайдың барында» пьесасын қойып, республикалық фестивальдің 2-орын жүлдесін алып оралдық. Осыдан кейін Н.Бекежанов театры фестиваль сайын жүлдемен қайтатын алдыңғы қатарға көтерілді.

– Біз дайын қойылымға баратын көрерменбіз, ал, сол спектакльдердің қаншама еңбекпен келетіні сіздерге аян.

– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бір күндік спектакльдің отыз күндік дайындығы бар. Алдымен шығарманы көрініс-көрініске бөлшектеп, одан оқиғалар тізбегін құрау керек. Әрбір кейіпкердің әрекеттік жүйесін түзуге, адамдар арасындағы қарым-қатынас, қақтығыс табиғатын анықтауға, әрбір қимыл, жест, мимикаға мән беріледі.

Ойлап қараңызшы, шынайы күлу, өтірік жыламау, басқа өмірде, басқа мінездің иесі болған біреудің жан-дүниесін өз болмысыңа салып көрсету оңай ма? Осының бәрі актердан талап етіледі. Біреуді қайталамақ түгілі, адам кейде өзіне өзі ұқсай алмай жүреді, ал, енді актердің мойнына түсетін жүктің салмағы қандай? Оның үстіне ойнап жатқаның тарихи адамдар болса, халық жүректе жатталып қалған образдарды актердің олақ, олпы-солпы тұрқымен, сөлсіз сөзімен қабылдай ала ма? Сондықтан сахнагер әрдайым ширығып, бірнеше өмірдің ішінде жүреді. Оның жаны да, тәні де кіршіксіз, ішкі қуаты зор болуы тиіс. Ол үшін олардың алдымен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мән берілу керек.

– Осыған жете алмай отыр едім. Ұжым басшыдан өздерінің әлеуметтік жағдайына әсер еткенін, көмектескенін күтеді ғой. Басшылыққа келгенде жыл сайын жүлде алатын театр актерларына не жағдай жасай алдыңыз?

– Жалдамалы пәтер жағалап жүрген қызметкерлеріміз бар еді. Оларға біз әуелде жатақхана алып бердік. «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» демекші, ол да жақсы, әйтеуір бір бөлме болса да өзі қожайын. Колледж бітіріп келген 4-5 актер болатын, соған орай айлық жалақылары да аз. Түркістан театрының бас режиссері Райымбек Сейітметов Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры еді. Сол кісімен келісе отырып, актерларымды сол жақта сырттай оқытып, оларды кәсіби актер дәрежесіне жеткіздім. Үй мәселесін қай кезде де тоқтатқан емеспіз. Қырымбек Көшербаев облыс басшысы болып тұрған кезде театрға көп көмек көрсетті.

– Сөз басында зайыбыңыз Әлия апайдың атын айттыңыз. Ол кісі көп жыл өзіңізбен бірге қызмет етті ғой. Көптің сүйікті актрисасына айналған Әлия Арысбаева туралы айта кетсеңіз.

– Әлия шын мәнінде көрерменнің сүйікті актрисасына айнала білді. Өзінің сахнадағы өмірінде елуден аса ірі рольдерді сомдады. Шекспирдің «Король Лиріндегі» Корделия, Шиллердің «Махаббат пен зұлымдығындағы» Луиза, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, «Айман-Шолпанындағы» Айман, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Әлиман секілді классикалық рольдерді Әлиядай ойнап, қайталаған ешкім жоқ. Әлияның сахнадағы шеберлігінің, кәсібилігінің негізгі сыры КСРО және Қазақстанның халық артисі Хадиша Бөкееваның алдынан дәріс алуымен байланысты десек, дәл баға берер едік.

Әлия – менің өмірдегі сырласым, сахнадағы әріптесім, балаларымның анасы. Екеуміз қырық үш жыл бір шаңырақ астында, бір тілекпен ғұмыр кештік. Асыл жарым, тамаша сахнагер, Қазақстанға еңбегі сіңген артист Әлия Арысбаева 2012 жылы өмірден өтті. Мен сексен жылдығыма байланысты театрдың тарихы мен өмірін қамтыған алты том кітап шығардым. Соның бір томының түгелге жуығы Әлияға арналды. 

– Еңбегіңіздің еленіп, біраз кәсіби атақ-марапатқа ие болдыңыз. Сізді ерекше қуантқан атақ-марапатыңыз қайсы?

– Оқу орнын бітірген соң жолдамамен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрына бардым. Бойымызда жастық жалынның алаулап тұрған кезі. Сол жерде екі жыл актер болып жұмыс істегенде көзге ерекше түссем керек, КСРО Мәдениет министрі Екатерина Фурцеваның қолы қойылған мақтау қағазымен марапатталдым. Ол – келесі жылы еңбегі сіңген артист атағын аласың деген сөз. Қазір мұндай мақтау қағаздар көп, тіпті әркім өзі үйінен басып шығара беретін хәлге жеткесін бе, мақтаудың бағасы арзандап кетті. Мен сол кезде ерекше қуандым, болашағыма құлшындым, мамандығыма құмарлана түстім. Міне, сол кездегі мақтаудың мазмұны осындай болған.

Бірақ, мен ол жерден кетіп қалдым, әртүрлі себеппен тиісті атақты да араға отыз жыл салып барып алдым.

– Сіз бір жылдары бізбен әріптес болдыңыз, яғни, телеарнада қызмет жасадыңыз?

– Иә, 1988 жылы Н.Бекежанов театрындағы бас режиссер қызметімнен кеттім. Сондай бір кезең болды, қазақша айтқанда тырнақ астынан кір, тымақ астынан сыр іздеушілер табылды. Сол кезде бос қалдым, марқұм Жақсылық Бекқожаев ағамыз облыстық телерадио компаниясына шақырды. «Бізге келіп бас режиссер бол, сен секілді маманды ертең басқа жақ алып кетеді ғой, өзімізге де керексің», – деді. Шынында мен екі жылдан соң Талдықорған облыстық театрына бас режиссер болып кеттім. Содан 2003 жылы бір-ақ келдім.

– Пандемияға байланысты дер кезінде аталмай қалған мерейтойыңыз аталып өткелі отыр. Өнер адамының тойы елдің тойы ғой. Той аудандарда да жалғасса құба-құп. Тойға кімдер келеді, қалай өтеді?

– Әуелгі күні, желтоқсанның 3-інде шығармашылық кеш өтеді. Ән де, би де, ойын да осында. Бұған біздің өнерпаздарымыз сақадай сай.

Келесі күні арнайы жиын болады. Асанәлі Әшімов, Талғат Теменов секілді белгілі тұлғалар, барлық облыстық театрлардың басшылары мен белгілі артистер келеді.

Қазірдің өзінде Жаңақорған ауданы әкімі менің мерейтойымды аудан көлемінде өткіземіз деп ұсыныс айтты. Жалпы, аудандар атап өте ме, жоқ па, оны облыс басшылары шешеді, ал, біздің ұжым барлық ауданды аралап, көңілді ойын-той жасауға дайын.

– Әңгімеңізге рахмет. Мерейтойыңыз құтты болсын. Өміріңіздің бақ-берекесі таси берсін.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Жылы лебіз, шынайы баға

«…Хұсеке, сен осы театрдың қанша жылдан бергі іргесін шайқалтпай, мәртебесін көтеріп, шаңырағын биіктетіп келе жатырсың. Ешкімнің көңіліне қарамайсың. Ұнамаса досыңның шығармаларын кейінге ысырасың. Өзіңнің туабіткен дипломатияң бар».

Дулат Исабеков,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Х.Әмір-Темір – тек сиқырлы өнері мен еңселі еңбегі арқылы жүректі жаулайтын суреткер».

Әшірбек Сығай,

профессор, театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Мен – Хұсейіннің өнерде таныған, өнерін таныған, өнеріне сүйсінген ағаларының бірімін. Бүгін мені жетелеп әкелген – сол өнердің құдіреті. Талантқа әруақытта құрмет болу керек».

Асанәлі Әшімов,

КСРО Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Хұсейін, артистерің де, бәрі де маған қатты ұнады.

…Риза болдым көрсеткіштеріңе, ойларыңа, терең ізденетіндеріңе, бәріне риза болдым».

Хадиша Бөкеева,

КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Хұсейін – көп ізденетін, көп оқитын режиссер. Ең бастысы ол қай актердің қай рольді ойнайтынын жаңылмай табады. Актерлермен жұмыс барысында ғана емес, жәй тірлікте де жақын араласып, сырласа білетін жан».

Бақытбек Алпысбаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз