Сапалы тауар – тұтынушы игілігі

1847

0

Бүгінде халықты сапасыз, денсаулыққа, өмірге қауіпті тауарлар мен қызметтерден қорғау жөніндегі тұтас саясат жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке техникалық реттеу туралы заңды дайындау және оны жыл соңына дейін қабылдауды қамтамасыз етуге тапсырма берді. Осыған сәйкес отандық техникалық реттеу саласы түбегейлі қайта қаралып, нәтижесінде жаңа заң қабылданды. Заңда қандай өзгерістер бар, өңірде қалай жүзеге асып жатыр? Бұл туралы техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департамент директоры Бауыржан Қарсақбаевпен әңгімелескен едік.

– Бауыржан Бақытбекұлы, тех­никалық реттеу және метро­логия саласының қызметін тұтыну­шы­лардың бірі білсе, бірі білмейді. Департамент қандай қызмет атқарады?

– Расымен де департаменттің қыз­метін көпшілік біле бермейді. Осы жерде қарапайым мысалмен түсіндірсем. Мәселен, бір жерде сапасыз құрылыс материалы сатылып жатыр. Ол сыр немесе кірпіш, өзге де зат болуы мүмкін. Оның сапасыз екенін көріп тұрса да, тұтынушы кімге барып шағымдану керектігін білмейді. Біздің мекеме осындай кезде тұтынушылардың құ­қығын қорғайды. Негізгі міндет – тех­никалық реттеу, өлшем бірлігін қам­тамасыз ету, аккредиттеу салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. Осыған орай, департамент мемлекеттік метро­логиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүр­гізуді, тамақ өнімі қауіпсіздігі саласын қоспағанда, техникалық реттеу сала­сындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды, сәйкестікті бағалау са­ласындағы аккредиттеу туралы заң­­­­на­­маның сақталуына бақылау жүргізеді.

– Өткен жылдың аяғында жаңа Заң қабылданды. Заңның мазмұны мен тиімділігіне, негізгі мақсатына тоқталсаңыз…

– Бұған дейін техникалық реттеу туралы заңнама 10 жыл бұрын қабылданған болатын. Бүгінгі күннің талабына, шынайылығына сәйкес келмегендіктен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ішкі нарықты сапасыз, жалған, контрабанда және контрафакті өнімдерінен, соның ішінде шекарадағы кедендік әкімшілендіруді және бақылаудың басқа да түрлерін жақсарту арқылы қорғау жөнінде шаралар кешенін қабылдауды  арнайы тапсырды.  Нәтижесінде өткен жылдың  30 желтоқсанында Президент «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы жобасына және «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы», «Аккредиттеу туралы» ілеспе Заңдарға қол қойды.  Бұл Заң биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Ал Заңның мазмұнына келсек, тех­никалық реттеудің өнімдерге, олармен байланысты процестерге, қызметтер көр­сетуге қойылатын талаптарды орын­дау кезінде туындайтын негізге алынатын қағидаттарын белгілейді. Сон­дай-ақ, мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің жұмыс істеуінің құқық­тық негіздерін айқындайды. Осының негізінде біз ішкі нарықтағы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бәсекеге қабілетті және сапалы отандық өнім үшін жағдай жасауға, мемлекеттік бақылаудың тиім­ділігін арттыруға, сәйкестікті баға­лау рәсімдерінің дұрыстығын қам­та­масыз етуге, техникалық реттеу сала­сындағы ұлттық заңнаманы ЕАЭО шеңберіндегі заңнамаға кел­тіруге қол жеткіземіз. Негізгі мақсат – өнімнің қауіпсіздігі, оның сапа­сының сәйкестігі, нормативтік құжат­тардың талаптары тұрғысынан рес­пуб­лика тұрғындарының, яғни, тұтынушылардың мүдделерін қорғау және сынақ зертханалары мен басқа субъектілердің сәйкестігін растаушы органдардың қызметін бақылау. Оған қоса, өндірілетін және айналымдағы тұтынылатын өнімнің қауіпсіздік сапасын анықтау.

Осыған орай, біздің мекеме бірінші кезекте қажетті ұлттық стандарттарды, техникалық регламенттерді әзірлеу, мемлекеттік бақылау, өнім қауіпсіздігі, ішкі нарықты нашар және сапасыз өнімдерден қорғау мәселелеріне, сондай-ақ, сынамалардың сәйкестігін бағалау мен өнімдер және көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау саласына көп көңіл бөлетін болады.

– Алдыңғы Заң 10 жыл бұрын қабылданған деп айтып өттіңіз. Жаңа Заңның артықшылығы неде?

– Бұрын тексеру жұмыстарына шығып, контрафакт өнімді сатып отырған адамды жауапқа тартатынбыз. Ендігі жерде өндіруші мен өнімді жеткізуші де жауапсыз қалмайды. Сондай-ақ, жаңа Заң бойынша біздің мекеме бұрынғыдай тұтынушы тарапынан түсетін арызды күтіп отыр­майды. Алдағы уақытта БАҚ құрал­дарында көрсетілген, әлеуметтік желіде айтылып жатқан дүниелерге арнайы мониторинг жұмыстарын жасап, күмән келтірген өнім болса, тиісті лабораториялық зерттеу жүргізіп, шара қолданамыз. Қабылданған Заң аясында қосымша 40-тай нормативтік-құқықтық акт қабылданады. Сол өз­геріс енгізілгеннен кейін біз кез келген тауар өндірушіге хабарламай-ақ, өнім үлгісіне сынама жүргізе аламыз. Өнім сапаға сәйкес келмеген жағдайда оны нарықтан, сатылымнан алып тас­тап, тоқтатамыз. Мұның барлығы тұтынушылардың құқығын қорғау, отандық өнімге қолдау көр­сету, сырттан келетін сапасыз заттарға тосқауыл қою мақсатында қолға алынбақ.

Оған қоса сертификат беруге байланысты да өзгерістер бар. Мә­селен, сәйкестік сертификатынсыз өнімді айналымға шығаруға тыйым салынады және электрондық серти­фикаттарды беруге көшеміз. Бұл серти­фикатталмаған өнімді бақылауға мүмкіндік береді. Сертификатты беру барысында тауарды міндетті түр­де фото-бейне жазбаларға түсіріп тіркейді, сарапшы-аудиторлардың құзы­ретін растауды енгізіп, сынақ базасының болуына қойылатын талаптарды белгілеу қамтамасыз етіледі. Мұның өзі сертификаттау кезінде жүргізілетін сынақтар нәтижелерінің дұрыстығын 100% қамтамасыз етпек.

– Кез келген тауар өндіруші сертификат ала ма?

– Әрине. Сертификаттаудың мін­дет­ті және ерікті деген екі түрі бар.  Ерікті сертификаттауда өнім шы­ғарушы тұлға заты өтуі үшін өнімнің сапасын дәлелдеп,  келісім-шарт жасайды. Бұл кәсіпкерлерге нарықтық сегментте, әсіресе, реттелетін сатып алуларға қатысу кезінде бәсе­лекестік артықшылықтарға ие болуға, ал тұтынушыларға олардың қа­жет­тіліктерін қанағаттандыруға мүм­­кіндік береді.  Міндетті серти­фикаттауға арнайы тізілімде көрсе­тіл­ген өнімдер жатады.

– Еліміз бойынша күні бүгінге дейін қанша регламент қабылданды? Күшіне енген техникалық регламент бойынша өңірде қандай жұмыстар жасалуда?

– Осы уақытқа дейін республика бойынша 48 регламент қабылданып, оның 42-сі күшіне енген. Қазір заң аясында күшіне енген регламент бойынша толық жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 9 мемлекеттік бақылау тексеру жүргізіліп, оның ішінде 7 жағдайда заң бұзушылық анықталды, бұл барлық тексерулердің 77,8% құрады. Оның ішінде 7-не бару арқылы профилактикалық бақылау тексеру жүргізіліп, 6-да заң бұзушылық анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша қолдануға жарамсыз 38 дана өлшем құралын пайдалануға тыйым салу жөнінде 6 ұйғарым берілді. Берілген ұйғарымдар бойынша салыстырып, тексеруден өтпеген өлшем құралдары қолданыстан алы­нып,  анықталған кемшіліктер жо­йылды. Басқа мемлекеттік органдар ұйымдастырған 2 бірлескен тексеру жұмысы барысында 1-де метрологиялық ережелер мен норма талаптарының бұзылуы анықталды.

– Тұтынушылар тарапынан арыз-шағым жиі түсе ме?

– Былтыр департамент мамандары тарапынан тәртіптік атқарушылық шаралары, жоғары органдардың тапсырмаларын уақытылы орындамау фактілері болған жоқ. Бірақ жеке және заңды тұлғалардан 4 арыз-шағым түсті. Олардың ішінде 1-і Ақжарма ауылдық округі тұрғындарының заманауи есептегішіне қатысты болса,  заңды тұлғалар тарапынан 2 арыз-шағым және 1 сауал түрінде өті­ніш түсті. Арыз-шағымдар «Nurorda market» ЖШС өнімдерінің сәйкестігіне қатысты және «СтандартСтройСервис LTD» ЖШС асфальт-бетон жабындысы құрылысының сапасын анықтау жөнінде түскен. Сауал түрінде «Иннобилд» ЖШС тарапынан ҚР «Стандарттау жөніндегі құжаттарды әзір­леу тәртібі» талаптарына сәйкес әзір­­ленген ұлттық стандарттарға өзге­рістер туралы түскен өтініш. Өтініштер негізінде барлық арыз-шағым ие­леріне уақытылы, толық жазбаша түсін­­дірме жауаптар берілді.

Әңгімелескен,

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<