Тәуелсіздікті ту еткен Сыр елі

2481

0

Облыс әкімінің орын­ба­сары

Серік Ахметтің облыстық

«Сыр бойы» газетіне сұхбаты

Серік Әбжәліұлы! Мемлекет бас­шы­сының «Тәуелсіздік бә­рінен қымбат» мақа­ласын қоғам идеологиялық бағ­даршам ретінде қабылдады. Үш онжыл­дықтың үлкен оқиғаларына баға берілген, алдағы бағытты белгілеген мақаланың құндылығы неде деп ойлайсыз?

– Сұрағыңыз өте орынды. Тәуел­сіздік – бабалар арманы ақиқатқа айналып, ғасырлар бойы биік мұрат пен мақсаттың арқасында қол жеткізген ең басты құндылығымыз. Ол – еліміздегі әрбір азаматтың еңбегінің, талай тұлғалардың маңдай терінің жемісі. Әсіресе, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, Елбасы – тәуелсіз Қазақ­станның не­гізін қалап, еліміздің абыройы мен мәртебесін әлемге танытқан тұлға. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласында: «Елбасы Тәуел­сіздігіміздің мәңгі символына айналды де­сек, ақиқатты айтқан болар едік», – деген сөзі дәлел.

Бұлай дейтінім, әлемде 4 мыңнан астам этностар бар. Бұл этностардың барлығы жеке мемлекет құра алған жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда жер шарындағы шамамен 200-ден астам ел болса, оның 193-і БҰҰ-ға мүше. Сол себепті де, біз ба­қыттымыз деп толықтай айта аламыз, өй­кені егеменді мемлекетіміз бар – ол Тәуелсіз Қазақстан!

Бүгінде Президенттің аталған ма­қа­­ласымен көпшілік жете танысып шықты деп ой­лаймын. Бұл жай мақала ғана емес, өтке­німізге есеп бере отырып, алдағы жос­парларымызды бағамдаған бағдарла­малық құжат, 30 жылдық белесімізді бағдарлаған баршаға ортақ ұранымыз болуы керек.

Тарихқа сәл шегініс жасайық. Осыдан жүз жыл бұрын Алаш қоз­ғалы­сының көш­басшысы, қайраткер ұлы тұлға Әлихан Бө­кейханұлы «Мем­лекеттілігі жоқ халық – жетім халық» деген еді. ХХ ғасырдың бас кезіндегі аласапыран уақытында айтылған бұл сөз қазақ халқының сол кездегі жай-күйінен хабар берсе керек.

Алаш арыстары армандаған Тәуел­сіз­дікке бүгінде біздің қолымыз жетіп отыр. Оның маңызын біліп, қадір­леу, тұғырын нық ету – бүгінгі ұр­пақ­­тың парызы. Тәуелсіздік үшін күрес «күн­делікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жал­ғасады».

Осы орайда, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында  30 жыл ішінде жеткен жетістіктер, бағындырған белестерді үш онжылдыққа бөліп қарас­тырып, алдағы кезеңге бағыт-бағ­дарымызды тұжырымдап, өзекті мәсе­лелерді еңсеру жолдары ұсы­нылған.

Әсіресе, төртінші онжылдықтағы эконо­микалық даму, әлеуметтік саясат, білім са­пасын жақсарту, мемлекеттік тіл, жер, мә­дениет, экология, жастардың тәлімді тәр­биесі сияқты маңызды мәселелерге ерекше назар аударылған. Бұл «Қуатты елдің иесі және кемел халық болу» қажеттігін нақты көрсетеді.

Ендігі жерде біртұтас ұлт ретінде бай тарихымыз бен ұлттық құн­дылық­тарымызды нығайта отырып Тәуел­сіздігімізді баянды ету жолында аянбай заманауи біліммен сусындап, еңбектенуіміз қажет. Сол кезде ғана Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай аламыз.

Осы орайда, Алаштың анасына баланған, қасиет қонған Сыр елінде толымды істер қолға алынуда. Мәселен, ежелден келе жатқан «Сыр елі» ұғымы аясында былтырдан бастап «Сыр бірлігі», «Сыр қоғамы», «Сыр ша­ңырағы», «Сыр болашағы», «Сыр спор­ты», т.б ауқымды жобалар іске асуда.

Ал, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғына арналып «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы әзірленіп, 3 жылға жоспарланды. 

Жобаның басты мақсаты – өңірдің та­ри­хи-қоғамдық және мәдени-рухани да­ра­­лығын жан-жақты айшықтап, зерттеп, наси­хаттау. Бүгінгі қоғам мүшелерін, заман­дастарымыздың өмірлік тәжірибелерін қол­дана отырып, өскелең жас ұрпақты отан­шылдық рухта тәрбиелеп, қастерлі Тә­уел­­сіздігіміздің құндылығын ұғын­дыру. Ұлт­тық жаңғыру кезеңін­дегі адам­ның жаңа бол­мысын қа­лыптастыру.

Кешенді жұмыстардың нәти­жесінде өңірдің танымдық-пас­сионарлық әлеуетін арттырып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің берік негіздерін орнықтырып, ұлттық құн­дылықтарымызды сақ­­­тап, дәріптеп, жаңа за­ман та­лабына сай нығайтып дамыту арқылы болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру.

Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың «Біз қуатты тәуелсіз мемле­кетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақи­қатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деген сөзін тағы бір атап өткім келеді.  

Кейінгі екі жылдың бірі – Жастар жылы, бірі – Волонтер жылы болып аталды. Қоғамның ең белсенді, идея­шыл, бастамашыл тобы – жастардың бойы­нан қан­дай қасиеттерді көргіңіз келеді? Волонтер жылының жетіс­тіктері қандай?

– Мемлекет басшысының Жар­­­лы­ғымен былтырғы 2020 жыл – Ерік­тілер жылы болып жария­ланды.

Президент бастамасының лайықты жал­­ғасы ретінде біздің өңі­рімізде де рес­пуб­ликада алғаш­қылардың бірі болып бел­сенді азаматтық қоғам өкілдері, қайы­рымды азаматтар және жастардың басын қосқан «Сыр волонтерлары штабы» құрылды.

Игі іспен айналысу, адам­дарға жақсылық жасау – халқы­мыздың көне заманнан келе жат­қан дәстүрі. Осы тұста игі бас­тамалардың басында жүрген барлық волонтерларға жүрек­жарды алғысымызды білдіреміз.

Бірқатар аудандарда жас волонтерлар мен кәсіпкерлердің көмегімен тұрмысы төмен, аз қамтылған, жалғызбасты қарт кісілер тұратын отбасыларға 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Белсенді жас кәсіпкерлеріміз онлайн оқыту кезінде мұқ­таж отбасылардан шық­қан оқу­шы­ларға қажетті смарт­фон­дарды сыйға тартса, енді бірі блок бекеттерде күні-түні еңбек еткен қызметкерлерге азық-түлік тара­туға, халыққа тегін бетперде үлестіруге көмегін ұсынды. Осы рет­те халық игілігіне қызмет ет­кен Сыр автоволонтерларына да ерекше ризашылығымызды айт­­­­сақ дей­міз. Күн демей, түн де­мей, кез келген ұсы­ныстарға қол­­­дау білдіргендерін мен жақсы білемін.

Волонтерлар дәрігер нұсқа­масы негізін­де 210 қала тұрғы­нына 2154 дана дәрі-дәрмек, 255 медицина қызметкерінің от­ба­­сына азық-түлік өнімдерін, ауру­хана­лар­да үздіксіз еңбек еткен 1 700 медицина қыз­меткеріне ыстық тамақ, ауруханаларға 72 оттегі баллонын жеткізді. Сондай-ақ, өткен жыл көлемінде олардың көмегімен 8 451 мұқтаж отбасына әлеуметтік көмек көрсе­тіліп, көп­балалы, әлеуметтік жағынан аз қам­­­тылған 4 870 отбасының мек­­теп жа­сын­дағы балаларына қа­жетті оқу құралдары табыс­талды.

Сондай-ақ, волонтерларымыз су тасқы­нынан зардап шеккен Мақтарал тұрғын­дарына да 105 тонна азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық заттар жинауға атса­лысты.

Бұл әлемді дүрбелеңге сал­ған індет еш­кімді бейжай қал­дыр­мағанын байқа­тады. Елдің қамын басты орынға қоятын аза­маттардың арқасында біз оны бір­лесе еңсеріп келеміз. Президент те қайы­рым­дылығын аямаған, қиын кезеңде бірліктің нағыз үлгісін көрсете білген барша азаматқа, азаматтық қоғам белсенділеріне, соның ішінде волонтерларға ерекше алғысын біл­діріп, «Халық алғысы» медалімен мара­паттады. Осы ретте, коронавирус панде­мия­сымен күресте ерекше көзге түскен ай­мақтың 107 азаматы «Халық алғысы» ме­далін иеленсе, оның 11-і – жас волон­терлар. Сондай-ақ, әлеуметтік және қо­ғам­­дық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқаны үшін облыс­тың 3 жас азаматына «Жыл волон­терлары» халықаралық сыйлығы тағайындалды.

Ал, жастардың бойынан қан­дай қасиет­терді көргіңіз келеді деген сұрағыңызға қатысты, ұлы ұлттың лайықты ұрпақ жал­ғасындай ұлттық құндылықтарды дәріптей білетін, жарқын болашақ жолында жаңа­лықтарға жаны құмар білімді және отан­сүйгіш, патриот болғанын қалаймын.

Өткен жылы пандемия салған әлекке қарамастан, Абай­дың 175 жылдығы, әл Фара­би­дің 1150 жылдығы, Ұлық Ұлыстың 750, Жеңістің 75 жыл­дығы аталып өтті. «Ұлы­лардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн» деді Президент. Сыр елі осыған қаншалықты үлес қосты деп ойлайсыз?

– Өзіңіз атап өткендей, 2020 жыл еліміз үшін айшықты оқиға­ларға толы жыл болды.  Шы­ғыс­тың ғұлама ойшылы Әбу На­сыр әл Фарабидің 1150, Ұлық Ұлыс­тың 750, ұлы ақын Абай Құнан­байұлының 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдық ме­рей­тойлары аясында облы­сы­мыз­­дың мәдениет және өнер меке­мелерінде 2 мыңнан аса ауқымды мәдени іс-шаралар өт­кізілді. Хакім Абай­дың 175 жылдығына орай жергілікті өнер­паздардың қатысуымен «Абай» операсы облыста тұңғыш рет сах­наланып, «Абай жыр­лары – Сыр мақам­дарында» жобасы ая­­­сын­да өңі­ріміздің жыршы-жы­­­рау­­лары ұлы ақынның 20 шы­ғар­­­ма­сын Сыр мақам­дарында орын­дады.

«Абай жолымен» атты рес­пуб­ликалық ақын­дар айтысы өткі­зіліп, Н.Бекежанов атын­дағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Е.Төлеубайдың «Абай», Д.Ра­ма­занның «Абылай ханның арманы» спек­такльдері  сахналанды.

Облыс кітапханаларында ұлы тұлға­лар­дың мерейтойларына орай «Кемең­герліктің биік шыңы – Абай»,  «Әл Фараби әлемі», «Алтын Орда – Ұлы дала тарихы», «Алтын Орда: Тарих пен тағылым» атты кең көлемде кітап көрмелері мен тарихи танымдық кеш­тер ұйымдастырылды.

Елімізде қалыптасқан пан­де­­миялық жағ­дайға байла­ныс­­ты  наурыз айынан бас­тап іс-ша­ралар онлайн режим­де ұйым­­­дастырылып, шығар­ма­шы­лық жұмыстарды кеңінен наси­­­хаттау мақсатында Youtube желісінен ар­найы «Сыр шаңы­рағы» каналы ашылды. 

Әрине, тарихымызды тану, ұлы тұлға­ларымызды ұлықтау, өске­лең ұрпақты отан­шылдыққа тәрбиелеу – үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Сондықтан да ауқымды шаралар өз кезегінде алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Биыл Тәуелсіз­дік­тің 30 жыл­­ды­ғына қандай шаралар өт­­кі­зі­леді, ол бойынша қандай жоспар бар?

– Үкіметтің Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығын мерекелеу жөніндегі 2021 жылғы 28 ақ­пандағы №86 қаулысына сәйкес, республи­калық шаралар жоспары бекітіліп, ұй­ым­­­дастыру және мерекені өткізу тұжы­рым­­дамасы қабылданды. Республикалық жоспарға сәйкес облыстық шаралар тұжы­рым­да­ма­сы бекітілді. Бұл жоспар түр­лі фор­мат­тағы 260 шарадан құралған.

Қазіргі күні жоспар “Жасам­паздыққа толы жылдар” ұраны аясында 12 тақырыптық бағытта жүзеге асуда. Оларды ұйым­дастыру және өткізу Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге негізделіп, келесі тақырыптық бағыттар бойынша жүзеге асады:

1.«Қазақстанның жаһандық бастама­лары». Халықаралық қауіп­­­­­сіз­дікке қосылған үлес» та­­қырыбы бойынша қаң­тар айын­да ға­лымдардың, тарих­шы-ұс­таз­дар­дың, бел­гілі сарап­шылардың қа­тысуымен «Ядро­лық сынақ және қазақ даласы» атты ғылыми-та­нымдық онлайн конференция өт­кізіліп, музейде «Тәуелсіз Қа­зақстан және ядролық қару­сыз әлем» атты фотокөрме ұйым­дастырылды.

Ал, барлық білім мекеме­лерінде «Қа­зақстанның жаһандық бастамалары». Ха­лықаралық қауіп­­­сіздікке қосылған үлес» та­қырыбында онлайн лекциялар мен сынып сағаттары өтті.

2. «Қазақстан – спорттық ұлт» тақырыбы бойынша ақ­панда «Сыр жұлдыз­дары» топ­тық эстетикалық гим­нас­тикасы бойынша ашық бі­рін­шілік ұй­ымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен «Ұлт­тық ойын – ұлт игілігі» және Тоғыз­құмалақтан онлайн турнир өт­кізілді. Халық балуаны Қа­жымұқан Мұңайтпас­ұлын ес­ке алуға арналған жастар ара­сындағы қазақ күресінен республикалық турнир, жас­өс­пірімдер арасында еркін кү­рес пен волейболдан рес­пуб­ликалық турнир, дзюдо мен самбодан облыстық бірін­шіліктер болды. 

3. «Қазақстанның ұлттық дәс­түрлері мен мәдениеті» та­қырыбы аясында наурыз ай­ында «Қайырымды істер ма­рафоны» жалпыұлттық жо­ба облыстық деңгейде бас­тау алып, «Қазақстан Тәуел­сіз­дігіне 30 жыл: бірлік жә­не сәй­кестілік моделі» атты ғылыми-тәжіри­белік кон­­фе­ренция, эт­номә­дени бір­лес­тіктермен бірге «30 қайырымдылық іс» марафоны ұйымдас­тырылды.

Мұнан бөлек, Наурыз мейра­мын мере­келеу тұжы­рым­дама­сына сәйкес, 22 нау­рызда Наурыз мейрамына арналған жаңа форматтағы шаралар, Ақ­мешіт фольклорық ансамблінің «Тәуелсіздік тартуы» атты кон­церті, «Дала өркениеті – бабалар мұ­расы» атты ғылыми-танымдық онлайн кон­ференция өткізілді.

4. «Ғылым және технология» тақы­ры­бында Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда уни­верситетінде сәуір айында ғалым-пе­да­гогтардың студент жастармен TEDx фор­матында «Білімнің жаңа сапасы және адами капитал» тақы­рыбында кездесулер, «Жұлдыз-ай» өнер фестивалі, Байқоңыр қа­ласында «Байқоңыр: Тәуел­сіздікке тарту» атты өнер күндері ұйымдастырылады.

5. «Ұлттық ынтымақтастық, бейбітшілік және тұрақтылық» тақырыбы аясында ма­мыр айында «1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі» мерекесіне арналған «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» мерекелік концерті, «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» атты этнос өкілдерінің күндері, Жеңіс кү­ніне арналған мерекелік концерттер, «Нәу­бет жылдар ше­жіресі: Қазақстандағы қуғын-сүргін» об­лыстық ғылыми-танымдық кон­ференция және драматург Рахымжан Отар­баев­тың сце­нарийі бойынша «Нарком Жүргенов» спек­таклі қойылады.

6. Маусым айында «Патрио­тизм» та­қырыбында «Менің елім – Мәңгілік ел» онлайн патриоттық акциясы, «Менің Туым, Менің Елтаңбам, Менің Әнұраным» тақы­рыбында патриоттық әндердің онлайын конкурсы, әншілердің «Сыр бұлбұлдары» облыстық конкурсы, журналистердің «Қанат­ты қалам» форумы мен «Ұшқыр қалам» фестивалі өтеді.

7. Шілдеде «Астана күні: Нұр-Сұлтан табыс пен өркендеу символы» тақырыбында “Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен да­муындағы Елбасы ролі» атты облыстық ғылыми-тәжіріибелік конференция ұйым­дастырылып, «Елорда – еңселі астана» атты мерекелік концерт өтеді. Сондай-ақ, жас мемлекеттік қызмет­керлер арасында «Елбасы және Қазақстан дамуының стра­­тегиясы» тақырыбында жалпы­ұлттық эссе онлайын конкурсы өткізіліп, Нұр-Сұлтан қала­сында Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткіші орнатылады.

8. Тамызда «Айбары асқақ Ата Заң» мерекелік концерті, «Ел бірлігі және Ата Заң» дөңгелек үстел отырысы мен сазгерлердің «Отаным – Қазақстан» облыстық конкурсы өткізіледі.

9. Қыркүйек айында «Ахмет Байтұр­сынұлы және қазақ қо­ғамы» атты ғылыми-танымдық кон­ференция ұйымдастырылып, ғалым-педагогтардың студент жастармен TEDx форматында «Білімнің жаңа сапасы және адами капитал» тақырыбындағы кез­десулері өтеді. «Тәуелсіздік ұрпағы» жобасы, жас­тардың «Айбын» әскери-пат­риоттық жиы­ны, оқушылардың күздік гим­назиядасы, «Қыл­қаламда мәңгілік ел бейнесі» атты сурет­шілердің халықаралық симпозиуымы ме­ре­­­келік тартуды толықтырады.

10. «Ауылды жаңғырту», дәс­түрлі «Алтын дән-2021» мерекесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» мара­фоны, «Жа­қаев ізбасалары» еңбек лагері күзгі сал­танатты айшық­­тайды.

11. «Индустриалды-иннова­ция­­лық да­му. Цифрлық эконо­мика» тақырыбында қа­раша айында «Ұлы өнертапқыштарға алғаш­қы қадам»  атты инно­вациа­лық идея­лар кон­курсын, жастар ұйымдарының «Био­­­техно­логия мен нанотехнология про­б­­ле­малары және келешегі мен дамуы» та­қы­­рыбындағы дебат, «3D модельдеу», «Цифр­лық білім беру бағдарламасы», «Робо­то­техника» орталықтарын ашу жоспары және бар.

12. Желтоқсан айында, Тәуел­сіздік мерекесінің шарықтау кезеңінде «Тұғыры биік тәуел­сіздік» республикалық ақындар айтысын, «Тәуелсіз Қазақстан: бейбіт­шілік пен тұрақтылық кепілі»  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұй­ым­­дастыру, Арал ауданында «Аралтұз»  АҚ-да  V цехты, «Qazaq Qamel»  ЖШС-ның түйе сүтінің құрғақ ұнтағын шығаратын зауытты іске қосу, Сексеуіл кен­тінде 40 төсектік ауылдық ауру­хананы ашу жоспарланып отыр. Қармақшы ауданында бала­лар­дың жазғы демалысына арналған 150 орындық лагерді, Жалағаш кентінде 200 орындық Оқушылар үйін және 50 орындық өнер мектебін, Қызылорда қаласында Ш.Есенов атындағы ағарту орталығын, Жаңақорғанда 600 орындық мектепті де іске қосу Тә­уелсіздіктің 30 жылдығындағы айтулы ша­ралар болғалы тұр. Әрине, мерекені атап өту барысында Мемлекет басшысы Қ.К.То­қаевтың «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» бағдарламалық мақаласында көтерілген не­гізгі мәселелерге басымдық беріледі.

Айта кетейін, Қызылорда облыс­­тық фи­лармониясы жыл бо­йын­да «Тәуелсіздікке тарту: 30 жыл­­дыққа – 30 шара» айдарымен 30 концерт (оффлайн, онлайн) өткізеді.

Қазіргі эпидемиологиялық ахуал­­­дың тұрақсыздығына байла­нысты басқа өңір­лерден өнер ұжым­­дарын шақыру жоспар­лан­ған жоқ.

Сонымен қатар, «Рухани жаң­ғыру» бағ­дарламасы және ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі аясындағы негізгі шаралар, рес­публикалық деңгейде аталып өтілетін атау­лы даталар: Ыбырай Алтынсаринның 180, Жамбыл Жабаевтың 175, Әлихан Бө­кей­ханұлының 155, Қажымұқан Мұңайтпас­ұлының 150 және өңі­рімізде аталып өтілетін атаулы даталар Жалаңтөс Баһадүрұлының 445, Сартай батырдың 310, Кете Жүсіп Ешниязұлының 150, Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтоларымен ұштастырылып өткізіледі.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері мерейлі мере­кеге қаншалықты үлес қосады?

– Бүгінде біздің облысымызда 816 мың­нан астам халық болса, оның ішінде 35 түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Елдің ынтымағы мен бірлігін арттырып, достықтың бесігін тербетіп отырған 11 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жасайды.

Осы мәдени бірлестіктер ар­қылы «Сыр елі – достық мекені» жобасы, Татар этно­мәдени бірлестігінің 30 жылдық мерейтойы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай күз айларында XXIII облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сес­сиясы және «Қайырымды істер марафоны» аясында бірқатар  игі істер жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, этносаралық қатынастағы «тілдік барьерді» жоюға ауқымды қадам жасалуда. Бұның экономикалық та, рухани да тиімділігі анық байқалады. Аталған бағыт бойынша облыстық ассамблея тарапынан үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәсе­лен, «Достық үйінде» тілдерді оқыту кабинеті жүйелі жұмыс жүргізуде. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылады. Қазақ тілі этнос балалары мен жастары үшін 63 сағаттық оқу бағдарламасы негізінде апта­сына 2 реттен оқытылса, ал, ағыл­шын тілі аптасына 2 сағаттан 72 сағатты құрап отыр. Соны­мен қатар, мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жо­басы аясында 750 бала қазақ тілін меңгерді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

2016 жылдан бастап «Достық үйінде» медиация кабинеті жұмыс жасайды. Об­лыс­тық ҚХА-мен бірлесіп, 42 медиатор дау­ларды шешуге атсалысуда.

Өткен жылы қоғамдық медиа­торлардың атсалысуымен 370 дау өзара ымыраға келу арқылы шешілген. Қарап тұрсақ, осы санның артында қаншама тағдыр, қаншама баланың көз жасы жатқанын айту қиын. Сол себепті, медиация институтының қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлікті сақтаудағы рөліне ерекше мән берген дұрыс.

Аймағымызда облыстық ассам­­блеяның қолдауымен 2018 жылдан бері «Қазақтану» респуб­ликалық мәдени-ағартушылық жоба­сы жүзеге асуда.

Бұл жоба біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптас­тыру­дың негізі ретінде қазақ хал­қының тарихын, мәдениетін, фило­со­фиясын, этикасын дәріп­теуге, сондай-ақ, Қазақстан этностарының арасында «Ұлттық жаңғыруды» ілгерілетуге бағдар­ланған. Бұл тұрғыда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеу­ұлы Көшербаев «Рухани жаңғыру ұлт­тық жаңғыруға ұласуы қажет», – деген болатын.

Тән саулығы – жан саулығы деп жатамыз. Аймағымызда са­ла­уат­ты өмір салтын қалып­тастыру, жалпы бұқаралық спорт­ты дамыту мақсатында ат­қарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз?

– Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес 2020 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту көрсеткішін 30%-ке жет­кізу көзделіп, қазіргі күні 31,3 процентке жетіп отыр.

Спорт мектептерінің шұғыл­дану­шылар үлесі жыл сайын артуда. Тәуелсіздік алған 1991 жылы 15 спорт мектебі жұмыс жасаса, қазір олардың саны 21-ге жетті.

Бүгінде облыста 2310 спорт нысаны бар. Оның ішінде: 12 стадион, 38 спорт кешені, 7 жабық жүзу бассейні, 3 ипподром, 1 жеңіл атлетикалық манеж, 74 ату тирі, 17 теннис корты, 1 хоккей корты, 434 спорттық залдар, 1463 жазықтықты құрылғылар (1332 спорттық алаңдар, 113 алаң, 16 спорт­тық ядро, 2 спорттық трасса) және 260 бейім­делген спорттық залдар бар.

29 мемлекеттік ұйым жұмыс жасайды: жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиа­далық резерв даяр­лау орталығы, олим­пиа­далық ре­зервтің облыстық маман­дан­­ды­­­­­рыл­ған мектеп-интернат-кол­­­­­леджі, 14 олим­пиадалық ре­­­­зерв­­­­­тің мамандан­ды­рыл­ған ба­ла­­­­лар-жасөспірімдер, 6 бала­­лар-жас­­­өс­пірімдер спорт мек­тептері, 4 кәсіби спорт клубтары, Орталық ста­дион, «Мұз айдыны» спорт кешені.

Президенттің балалар спорт секцияла­рының желісін дамыту тапсырмасына орай 2020 жылы облыстағы балалар-жас­өс­пірім­дер спорт мектептерінде, спорт клуб­тары мен жалпы білім беру мекеме­лерінде 7604 спорт сек­ция­лары жұмыс істеп, 100 893 бала қамтылды.

Сыр спортшылары едәуір жетістіктерге жетіп, еліміз бойын­ша спорттың дамуына өз үлестерін қосты.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы атанған мақтанышымыз Илья Ильиннің жетістіктерін атап өткеніміз орынды.

Облыс тарихында грек-рим күресінен Ермек Көкетов Әлем чемпионатының қола жүлдесін алса (2005 жылы), бокстан әйел­дер арасында Лондон Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Марина Вольнова (2012 жылы), ауыр атлетикадан Олимпиада ойын­дарының қола жүлдегері Александр Зайчиков (2016 жылы) ел спорты тарихында өшпес із қалдырды.

Ал, ересектер арасында Әлем чемпио­натының 2 дүркін күміс жүлдегері, 2021 жылы Токио Олимпиада ойындарына жолдама алған Қамшыбек Қоңқабаев пен еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Дәулет Ниязбеков Сыр жастарына үлгі болып келеді.

Сыр спорты тарихында алғаш рет 2013 жылы «Мұз айдыны» спорт кешені ашылып, онда шорт-трек, шайбалы хоккей, мә­нер­­леп сырғанау спорт түр­лері жұмыс жасайды. 2019 жылы мәнерлеп сырғанаудан Элиза­бет Тұрсынбаева Әлем чем­пио­натының күміс жүлдесін ие­леніп, әйелдер арасында тұң­ғыш рет төрт айналым жасаған шебер спорт­шы ретінде әлемдік спорт тарихына енді.

Жеңімпаздардың айтулы жетіс­тіктерінің арқасында олар­дың ізін жалғастырушы жас спорт­шылардың саны артып келеді.

Сондай-ақ, «Қайсар» футбол командасы 1999 жылы Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атанса, 2019 жылы араға 20 жыл салып екінші мәрте Бас кубокқа ие болды.

2020-2021 жылдарға мем­лекеттік-же­ке­шелік әріптестік ая­сын­да дене шы­нықтыру-са­уық­­тыру кешендерін жалға алу бо­йынша 12 жобаны кезең-кезеңі­мен жү­зеге асыру жос­парланды.

2020 жылы 5 жоба (Қызылорда қаласы «Сәулет» шағын ауданы, Қазалы ауданы Әй­­теке би кенті, Жаңақорған ауданы Жаңа­қорған кенті, Сунақата, Қожакент а/о) іске қосылып, 55 адам жаңа жұмыс орында­ры­мен қамтылды. Бұл кешендердегі 60 спорт секциясына 720 бала қатысады. Ал, 2021 жылы 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде және Қармақшы ауда­нының Ақай ауылында, Жалағаш, Шиелі, Қармақшы аудандарының орталықтарында дене шынық­тыру-сауықтыру кешенінің құ­рылыстары басталатын болады.

Жыл көлемінде бұқаралық спортты на­сихаттау мен дамыту бағытында біршама ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Олар­­­­дың қатарында Қазақ күре­сі­нен «Алтын белбеу» облыс­тық турнирі, Қазақ күресінен «Бала­би баба» атындағы рес­пуб­­ликалық турнир, Ауыл спорт­­шыларының «Алтын күз – 2021» ХXXIV облыстық спар­та­киадасы, Жалаңтөс Баһадүр бабаны еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер ара­сын­дағы XІІІ республикалық турнир, Тәуелсіздік күніне орай Мұстафа Шоқайды еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир секілді шаралар өткізіледі.

Серік Әбжәліұлы, сіз жетек­шілік ететін салалар ішінде мә­дениеттің шоқтығы биік. Бұл біздің таным қабілетіміздің өл­ше­міндей көрінеді. Осы саланы кө­теруде қандай еңбек жасалып отыр?

– Дұрыс айтасыз, мәдениет – адамзат әлемінің айнасы, мә­дениет – елдің мәйегі деп жатамыз. Мәдениет саласын қолдау кейінгі жылдары ерекше сипат алып отыр. Президент Жолдауынан туындайтын тапсыр­малар қатарында мәдениет қызметкер­лерінің жалақысы 35 процентке көтерілді.

2020-2021 жылдарға арнал­ған Жол картасы аясында Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауы­лында 150 орындық клуб құры­лысын аяқтау жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бо­йын­ша Жаңақорған ауданы Шал­­­қия кентіндегі клуб пайда­лану­­ға берілмек. Облыстық бюд­жет қаржысына Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 600 орын­дық Мә­дениет үйі құрылысы аяқталады.

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында балалар үйірмелерінің жұмысын жақсарту, өскелең ұрпақтың шығармашылық қабі­летін дамыту, оларды қол­өнерге және қол­данбалы-деко­ративті өнерге баулу туралы айт­қан. Осы тапсырманы орындау үшін балалар үйірмелерінің қыз­метін дамыту туралы өңірлік жоспар бекітілді.

Осы кезде облыста 26 жанр бойынша 854  көркем өнер­паздар үйірмесі 10606 қа­тысу­шыны қамтиды. Олардың ішінде 528-і балалар мен жас­өспірімдерге арналған, 6506 бала мен жасөспірім қатысады. Жоспар бойынша биыл балалар шығармашылығын дамытуға ар­налған 56 тегін үйірме ашып, оған 300-ден астам бала тартылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жас­өспірімдер арасындағы кітап оқу мәселе­сінің маңыздылығын атап өткен болатын.

Жас ұрпақты парасатты, білік­ті, мәде­ниетті де білімді етіп тәрбиелеуде кітап пен кітап­хананың алатын орны ерекше.

Облыстағы 209 мемлекеттік кітапха­наның 12-сі балалар кітап­ханасы. Бүгінде балалар кітап­ханаларының кітап қоры 389871 дана болса, жыл сайын 25000-нан астам балаларға қызмет көрсетеді.

Облыста балалар мен жас­өспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оларды кітап оқуға тарту мақсатында «Ба­ла­лар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту, кітап оқуды насихаттау және «Оқитын ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру бағытындағы 2021-2025 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары» бекітілді.

Жоспарға кітап оқу мен отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту, жас оқырмандарды тарту мақсатында «Отбасымен бірге оқи­мыз» челленджі бас­талды. Сондай-ақ, «Кі­тап­ханадағы туған күн», «Кітап ғажайып әлем», «Оқуға құштар мектеп», «Кітапхана.Оқырман.Отбасы», «Отбасымызбен оқимыз» атты отбасылық түрлі сайыстар және ақын-жазушыларымен кезде­сулер сынды түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылуда.

«Сыр шаңырағы» Youtube арнасында кітап оқу мәдениетін дамыту, отбасылық кітап оқуды қолдау үшін «Балалар әдебиеті» айдары ашылды.

Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы шеңберінде «Тәуел­сіздік – биік сенің айбының» атты оқу челенджі, «Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» руха­ни-мәдени акциясы, «Жазғы кітапхана»,  «Ертегімен есейем», «Әжем айтқан ертегі» онлайн жобалары ұйымдастырылып, кітап оқудан «Кел, балалар, оқылық» атты оқу чемпионаты өткізіледі.

Мұны арнайы айтып отыр­ғаным, біздің бүгіннен бастап ұрпақ бойына сіңірген игі қа­сиет­теріміз Тәуелсіз елдің ертеңгі еншісін айқындайды.

Әрине, әлемді жайлаған пандемия көп­теген бастамаларға кедергі келтіргені жасырын емес. Алайда, кейбір құндылық­тарға көкей көзімен, саналы сезіммен қарау керектігін де уақыт алға тосып отыр. Сондықтан біз мұндай сындарлы шақтан шыңдалып шығамыз. Елдің ауызбірлігі – қа­шанда ең басты байлығы. Үш онжылдықта еңсерілген іс, алға қойған мақсат осы бір­ліктің арқасында баянды бола бермек.

Расында, еліміздегі өрелі өзге­рістер мен биік белестеріміз Тәуел­сіз­дігіміздің арқа­сында қол жеткіз­ген құндылығымыз екені анық.

Ұлы Қорқыт бабамыз: «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі» дегендей, бұл жетіс­тіктеріміздің барлығы – Елба­сы бастамасымен, Прези­ден­ті бас­шылы­ғымен, ел­дің бүгіні мен болашағы үшін еңбек етіп жүрген барлық қазақ­стан­дықтардың, Сіз­­дер мен біздердің бірлесе ат­­­қарған ау­қым­ды істе­ріміздің нәти­жесі, жемісі.

Тәуелсіздігімізді баянды, тұ­ғы­рын нық ету – баршамыздың па­ры­­зымыз ғана емес, ең басты мін­детіміз бен ұлы мақсатымыз!

Сұхбаттасқан

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<