Таэквондо темірдей тәртіпке баулиды

2194

0

2008 жылы Қытай астанасы – Бейжің төрінде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында таэквондодан қазақ баласы тұңғыш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол – төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген саң­лақтар арасында жеңіс тұғырына табан тіреген Арман Шілманов еді. Бұл қазақстандық мамандардың қаншама жылдан бері төккен терінің өтеуі болатын. Арманның жеке бапкері, атырау­лық Мұстахим Қабдырашев Қызылордаға келген сапарында сол бір естен кетпес ерекше жеңіс жайында кеңінен әңгімелеп берді. Еліміздегі таэквондо спортының дамуы жөнінде ой бөлісті.

– Сізді көпшілік белгілі таэк­вондошы Арман Шілмановтың жеке бапкері ретінде таниды. Алдымен әңгімені шәкіртіңіздің биік белесінен бастасақ.

– Қазақ даласына таэквондоны алғаш алып келген адамның бірі – Мұстафа Өзтүрік. Өзге елде дүние­ге келсе де, арда азаматтың жан жүрегі Алаш деп соққаны белгілі. Өзі жоғары табыстарға қол созған спорт түрін елімізде өркендетуге үлес қосты.

Ашығын айта кетейік, таэквондодан аталған аламанға жолдама жеңіп алудың өзі де оңай емес. Өйткені, онда жігіттер және қыз­дар санаулы салмақ бойынша бақ сынайды. Екеуінде де төрт-төрт салмақта жүлделер үлестіріледі. Арман іріктеу сынында да іркілген жоқ. Олимпиадада жеңімпаздар қатарынан көрінді. Осылайша қазақ спортында өзінің есімін алтын әріппен жазды.

Ол таэвкондоға 15 жасында қадам басты. Әрине, бұл спортшыға кеш көрінуі мүмкін. Шәкіртімнің намысшыл, жігерлі, жауапкершілігі жоғары екені көзге байқалып тұратын. Әлі есімде, Атырауда ережесіз жекпе-жектен жарыс өтетін болды. Арман сол жарысқа қатысуға рұқсат сұрады. Алғашқыда ойланып қалғаным рас. Аз-кем уақыттан кейін шәкіртімнің бетін қақпағанды дұрыс көрдім. Содан бастап талай бәсекеде топ жарды. Олимпиада төрінен көрінді.

– Одан кейінгі жылдарда қазақстандық талай таланттың жұлдызы жанғанын білеміз. Жалпы, елімізде таэквондоны дамыту жөнінен қай өңірлер көш бастап тұр? Десе де, бұл жөнінен Атырау өңірі жиі көзге түсіп жатады…

– Олай деуге болмас. Рас, Атырау облысы атынан Лия Нұркина, Жансель Дениз секілді жастардың көптеген сайыстарда алдыңғы орын­­нан көрініп жүргені рас. Алай­­да, қазір еліміздің барлық ай­ма­­ғын­да оған үлкен мән беріліп отыр.

Соңғы жылдарда Сыр өңірінде көптеген спорт ғимараттары бой көтерді. Тіпті, ауыл-ауылда бұл бағытта ірі кешендер елдің игілігіне айналды. Оларға біліктілігі жоғары мамандар тәлім береді. «Сырт көз – сыншы» дейді ғой. Біз Қызылорда облысында осындай жағымды жаңалықтың жүзеге асқанына куә болдық. Бұл өңірдегі спорттың дамуына сүбелі үлес қос­ты деп ойлаймын. Оны қызылордалық жастардың сан алуан са­йыстарда топ жарып жүргенінен-ақ аңғаруға болады. Таэквондодан да толайым табыстарға кенелген жастар баршылық. Айнұр Есбергенова сынды саңлақтың Олимпиада төрінде бақ сынап қайтқаны – осы сөзіміздің нақты дәлелі. Сондай-ақ, аталған спорт Алматы қаласы, Алматы облысы, Шымкент қаласы, Түркістан және өзге де облыстарда жоғары деңгейде дамып келеді.

– Қызылордаға оқу-жаттығу жиынын өткізуге келген екенсіздер. Бұл шара жергілікті мамандармен тәжірибе алмасу мақсатында өтіп жатыр ма?

– Спорттың қай түрі де үлкен еңбекті қажет етеді. Оған келген әрбір жас уақытпен санаспай тер төгеді. Спорт дегеніңіз – үнемі қозғалыс. Бұлай болмаса қаншама уақыт бойы жасаған еңбегің зая кеткенмен бірдей. Өкініштісі, былтыр шәкірттеріміз қарапайым жаттығу жасаудың өзінен сырт қалды. Себебін білесіз, дүние жүзін дүрбелеңге салған қатерлі індет талай жарыстың өтуін шектеп тастады. Енді-енді сайыстар өткізуге рұқсат беріліп отыр. Сондықтан дайындыққа мән беруіміз тиіс. Шәкірттеріміз қызылордалық жастармен бірге шеберлігін жетілдіруге назар аударып отыр. Арасында жолдас­тық кездесу өткізуге көңіл бөлдік.

– Алдағы Токио Олимпиадасында таэквондодан ел намысын қорғайтын қазақстандық жастар бар ма?

– Жаңа сөз арасында айтып кеткенімдей, спорттың бұл түрінен жолдама алу оңайға соқпайды. Бірнеше салмақ бойынша жеңімпаздар анықталады. Былтыр әлемді жайлаған коронавирус инфекциясына байланысты барлық жарыс өткізілген жоқ. Сондықтан біз келесі Олимпиадаға жастарды дайындауға мән береміз. 

– Соңғы уақытта шетелден шақырылған спортшыларды ел құрамасына тарту белең алып барады. Бұған көзқарасыңыз қалай? Ол спорттың дамуына қандай пайдасын тигізеді?

– Рас. Мұндай жағдайдың бар екенін жасыра алмаймыз. Оларға қыруар қаржы кететінін бәріміз білеміз. Мен оған түбегейлі қарсымын. Қазақстанда таэквондоға байланысты кореялық бапкерлер еңбек етіп келеді. Олардың қосқан үлесі де аз емес. Өзіміздің бапкерлердің де білімі мен біліктілігі жоғарылады. Алдағы уақытта жергілікті мамандар шәкірттер да­йындау ісін өз қолына алады деген ойдамын.

Ал еліміздің таэквондосында сырттан спортшы алып келу деген болған емес. Біреулер Жансель Дениз сынды шәкіртімізді Түркиядан келген деп айтып жатады. Бұлай пікір айтуға ешбір негіз жоқ. Ол – қазақ жерінде дүниеге келген, Ақмола өңірінің тумасы. Түркия­да өскенмен, спорттағы шеберлік деңгейін өзінің тарихи Отанында жетілдірді. Ол – өзіміздің төл шәкіртіміз.

– Бүгінге дейін Арманнан бастап талай сайыста топ жарған қаншама жасқа тәлім бердіңіз. Өзіңіз шәкірт дайындау барысында қандай қағидаға арқа сүйейсіз?

– Қай істі де жан-тәніңмен беріле жасасаң, жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады. Мен ешқашан шәкірттерімнің шеберлігін шыңдаудан өзгесіне бас қатырған емеспін.

Әңгімелескен

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<