Жауапкершілік жүгі жеңіл емес

903

0

Аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалға, әлеуметтік-экономикалық оңды істерге мәслихат депутаттарының қосқан үлесі аз емес. Өңірдің дамуы жолында оң шешім қабылдау, бұқара мен билік  арасында дәнеркер болу – депутаттың басты міндеті. Ел сенімін арқалап жүрген халық қалаулысы Ибадулла Құттықожаевпен әңгіме өткенді саралап, алдағы міндеттердің ауқымын таразылауға арналған еді.

– Ибадулла Дүйсенбайұлы әңгі­мемізді депутат ретінде атқарған жұмыстарды саралаудан бас­та­сақ. Өткен жылы қандай мәселе шешімін тапты, биылғы мақсат қандай?

– VI шақырымдағы облыстық мәс­лихат депутаты болып сай­ланып, елді мекендерді аралағанда мені Қосшыңырау, Қарауыл­төбе, Қызылжарма ауылдық округ­те­ріндегі кіреберіс жолдардың мүшкіл жағдайы алаңдатты. Бұл жайлы сайлаушылар да өтініш білдірді. Осы өтінішті депуттатық сауал ретінде бюджеттік комиссияға ұсы­нып, 200 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жолдар жаңадан асфальтталып, қалпына келтірілді. Қарауылтөбе ауылдық округі табиғи газға қосылды. Алдағы жылдары Қосшыңырау ауылын газдандыру мәселесі шешімін табатын болады. Ауылдық округтерде кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұ­мыстар қолға алынуда.

Қазір тұрақты жұмыс орындарын ашу, азаматтарды ақылы қоғамдық жұмысқа, жастарды жастар прак­ти­касы арқылы еңбекке тартуға мән берілуде. Алда шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Мысалы, жауын-шашынды күн­дері балалардың мектепке қатынауы қиындайды. Ал көшеге тас төсеп, орта­ша жөндеуден өткізу үшін қыруар қаржы қажет. Мысалы, Досан ауылындағы 12 көшеге, Абай ауы­лындағы 6 көше орташа жөндеуге 500 млн теңгедей қаржы керек. Мұндай қаражат берілген өтінім бойынша облыстық не республикалық бюджеттен бө­лінеді. Сондай-ақ, жарық күшінің же­тіс­пеуі, электр желілерінің талап­қа сай болмауы, ауызсу, аяқсу­ға, көгалдандыруға қатысты мәсе­ле­лер де бар. Мүмкіндігінше елді­ мекен­дер­дегі халықты толған­дыра­тын мәсе­лелерді шешуге жұмыс жасаймыз.

– Жауапкершілігі жоғары қыз­метіңізбен қатар депутаттық міндетті бірге алып жүру қиын емес пе?

– Колледж директоры болу оқу орнын­дағы барлық жұмыстарды үй­лес­тіруді міндеттейді. Оның ішінде оқу-тәрбие жұ­мыстарымен қатар, шаруашылық жұмыс­тар, ма­териалдық-техникалық базаны ны­ғайту, есеп-қисап, стратегиялық жоспарды, меморандумды іске асыру, ұжымның бірлігін, студент­тердің тәртібін сақтау, т.б.

Мемлекетке қызмет жасасаң, оған жалақы аласың. Қызметті жақ­сы атқарсаң, абыройлы, сыйлы боласың. Ал, депутаттық мін­дет – өзіңе жүктелген үлкен жауап­кершілік. Ақысыз болса да, өзіңнің халыққа қызмет жасау ниетің­нен туған міндет. Сол себепті жауап­кершілік абыройыңа жалақы алатын қызметіңнен кем әсер етпейді. Екі міндетті де жауапкершілікпен атқаруға болады. Кейде негізгі жұмысыңнан қолың босамай, депутаттық міндеттерді орындауда белсенділік төмендеп кетеді. Осындай сәттерде ауылдық округ әкімі не тұрғындар өкілдері келіп, мәселе көтеріп, оны шешіп жатсаң, бір серпіліп қаласың.

Облыс әкімі Қ.Ысқақов депутаттармен кез­десіп, сайлаушыларды толған­дыратын мәселелерді тыңдап, оны іске асыруға колдау көрсе­тіп келеді. Алда сайлаудың да ауылы алыс емес. Сайланатын депутаттардың мін­деттері партияның алға қойған сайлауалды бағдарламасымен, ал сайлауалды бағдарлама аймақтың даму бағдар­ламасымен үйлесімді болады, яғни ортақ мақсат – бір бағыт. Елді мекендер бойынша әр жылда қолға алынатын жұмыстар жос­пар­ланғандықтан, депутаттар қаржы­ның тиімді игерілуіне, оның сапасына, уақытылы орындалуына бақылау жасайтын болады.

– Өз округіңіздің тұрғындарын қан­шалықты жиі қабылдайсыз? Кездесуге тұрғындар көбіне қандай мәселемен келеді?

– Қай қызметте де  келген кісілерді қабылдауға, айтқан өтініштерін шешуге мән беруге тырысамын. Депутат болып сайланғаннан кейін осы қалыптасқан дәстүр өзгерген жоқ. Қайта жауапкершілік артты. Себебі, тұрғындар өз депутатына елді мекеннің мәселесін жеткізеді, көтерілген әрбір мәселе тұрғындар үшін маңызды. Бұрын қабылдауға тұрғындар жеке басының жағдайын айтып жиі келетін. Қазіргі қабылдауларға келетін сайлаушылар көпті толғандыратын, ауылға ортақ мәселелерді көтереді. Бұл, әрине, көпшіліктің елдің қамына, оның болашағына бей жай қарамайтынын білдіреді. Сайлаушылар негізінен көтеретін мәселелер – көшелерге тас төгу, асфальттау, ауылдық округтерді газдандыру, клуб, спортзал салу, жұмыс, жарық, т.б. Сондай-ақ, малын жоғалтқан, жұмыссыз, бас­панасыз жүрген азаматтардың жеке мәселелері де бар. Қабылдау күнім кестеге сәйкес сәрсенбіде өтеді. Бірақ аптаның қай күні келсе де, сайлаушылармен кездесуге мүмкіндік қарастырылады.

– Бір сұхбатыңызда сайлау­шы­лар көңілінен шығу, олардың аманатын орындау менің депутат ретіндегі басты міндетім деген екенсіз. Халық сенімін арқалаудың салмағы қандай?

– Бойыңда намысың, ұятың, жауап­кершілігің болса, халық сенімінің  жүгі жеңіл емес. Сайлаушылармен жиі кездесіп, елді мекенді аралап, тыныс-тіршілігінен хабардар болып жүрсең, көңілің тоқ, қанағаттанарлық күйде боласың. Ал егер қызмет бабымен қолың босамай, кездесулер сиреп, байланыс нашарлай түссе, көңілің де пәс болып, мазасыз күй кешесің. Саған кездескенде ықыласын білдіріп жақсы пікірлер айтып жатқанымен, өз ісіңе өзің қанағаттанбасаң, өзің­ді сергек сезінбейсің. Себебі, халық сенімі, халық аманаты әрбір депу­татқа үлкен жауапкершілік жүктейді.

Өзімнің сайланған сайлау округ­терім бойынша сайлаушыларға есеп беру, атқарылған жұмыстарды, алдағы мін­дет­терді талқылау, кездесулер өткізу жұ­мыс­тарын жүйелі, жоспарлы атқаруға тыры­самын. Сайлауалды бағдарламада жос­­пар­ланған жұмыстарға қара­ғанда, елді мекен үшін маңызды, өзекті мәселелер туса, ауылдық округ әкімімен, қоғамдық кеңеспен, тұр­ғындармен ақылдаса отырып, сол мәселелерді бірінші кезекте шешуге жұмыс жасалады.

Келесі шақырылымдағы депу­тат­тар округ бойынша емес, партиялық тізім бойынша сайланады. Партияның сайлауалды бағдарламасының орын­далуына сол партиядан сайланған барлық депутаттық корпус жауапты. Сон­дықтан әрбір партияның сайлау­алды бағдарламасымен жақсы таны­сып, оған ұсыныстар енгізуде сайлау­шылар белсенді болуы керек. Өйткені, халықтың аманатын орындау жеке депутатқа емес, тұтастай партияға жүктеледі.

– Сайлауалды бағдарламаңызда білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт­қа көңіл бөлуді басты назарда ұстапсыз. Қазір аймақтағы іргелі оқу орнында басшылық қызметтесіз. Білім саласындағы бас­ты мәселелерге тоқ­талсаңыз…

– Мен басшылық ететін оқу орны – мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері И.Әбдікәрімов атындағы Қы­зылорда аграрлық техни­калық жоғары колледжі. Бұл техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны – еліміздің индустриалдық-инно­вация­лық даму бағдарламасына сәйкес мамандар дайындайтын респуб­ликадағы 10 базалық колледждің бірі. Басты мақсат – еңбек нарығының сұранысына сәйкес, заман талабына сай білімді де білікті орта буынды мамандар дайындау. Өздеріңіз байқап жүргендей, бұрыннан келе жатқан көптеген мамандықтар өндірістен тыс қалып, олардың жұмыстарын цифрлы технология атқарып, қазіргі сұраныстарға сәйкес жаңа маман­дықтар пайда болуда.

Осы талаптарға сәйкес мате­риалдық-техникалық базаны жаңар­ту, жаңа мамандықтар ашу қажет­тілігі туындауда. Биыл біз электр энергиясын жеткізу, тұтыну, жылу электр қондырғылары мен гео­ло­гияға қатысты 10 кабинетті  талапқа сай жабдықтауға кірісіп жатырмыз. Оған 323 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа мазмұндағы бағдарламамен оқытуға оқытушылар арнайы курстан өтуде. Жаңа оқу­лықтар алынуда. Колледж жанынан құрылған оқу-әдістемелік бірлестікте облыс көлеміндегі колледж оқыту­шыларын арнайы курс­тардан өткізіп жатыр. Енді колледж­де мүмкіндігі жоғары, өндірістен хабары бар, заман талабына сай оқытушыларға кеңінен жағдайлар жасалатын бола­ды. Әрбір оқу ордасының негізгі көр­сеткіштерінің бірі – бітірген түлек­тердің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы. Бұл тұрғыда өзгелермен салыстырғанда бізде жақсы нәтиже бар. Әсіресе, темір жол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ мамандықтары, электрик, энергетик, механик, технолог, құрылысшы, т.б. сұранысқа ие. Жалпы алғанда күрмеуі шешілмеген мәселе жоқ. Тек ынта мен талап болса, барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

– «Жастар жылын» қорытын­дыладық. Сіздің оқу орнында жас­тар тәр­биесіне, оларға қатысты өзге де мәселелерге қаншалықты көңіл бө­лінуде? Осы тұрғыда қандай жұмыс­тар атқарылып жатыр?

– Колледжде жастар тәр­биесіне, олардың пікіріне ден қоя­мыз.  Әр топты аралап, оқушы-сту­денттермен сөйлесіп, оларды толғандыратын мәселелерді білуге, шешуге тырысамын. Жастардың жан-жақты дамуына, оқуына, дене шынықтыруына, тамақтануына, дем­алуына ыңғайлы болу үшін жатақ­хана, акт залы, асхана, оқу кабинеттері жөндеуден өтті. Жастар­дың қоғамдағы белсенділігін арт­тыруда, студенттердің өзін-өзі бас­қару жүйесін дамытуда жас­тар ісі комитетінің жұмысы жан­данды. Колледждегі әскери-патриот­­тық тәрбиені дамыту ба­ғы­тында «Мерген», «Жас сарбаз» клуб­тары құрылып жаңа бағыттағы жұмыстарын ұйымдастыруда. Тек колледж қабырғасында ғана емес, оқудан тыс уақыттағы, отбасындағы жағдайларынан да хабардармыз.

– Рахмет.

 

Әңгімелескен

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<