Ақ күріш пен Айнаш

355

0

Өнерімен өрлеген Сыр елі еңбек жемісімен де әйгілі өлке.

Ақ күріштің атасы, Дала академигі атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ізбасарларының ішінде ерлермен қатар еңбек етіп, ел ырысын тасытқан Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Сәлима Жұмабекова, Ұлмекен Төлегенова секілді бірнеше әйел-аналардың есімі ерек естіледі. Осы тізімнің бел ортасынан атақты жалағаштық күрішші Айнаш Балғабаеваның атын көреміз.

Кешегі кеңестік заманда елдің еңсесін көтеріп, әлеуетін түзеген еселі жұмыстар жасалды. Майталман диқандардың қажырлы еңбектері жоғары бағаланды. Еңбегімен елге танылған ауылшаруашылық мамандары өсіп-жетілді. Тағдырын ақ күрішпен байланыстырған жандар Жалағаш өңірінде де жетерлік еді. «Мәдениет» ауылының даңғайыр диқаны Ұлмекен Төлегенова КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды.

1964 жылы 5 наурызда даңғайыр күрішші Ы.Жақаев баспасөз бетінде «Жас ұрпаққа сәлем хат» атты үндеуін жолдаған еді. Осыдан соң-ақ Сыр бойында Жақаевшылар қозғалысы  кең етек алды. Олардың саны өткен ғасырдың 80-жылдары мыңнан асты.

Жақаевшылар үнемі бас қосып, күріш егісінің өнімділігін арттыру, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану жолындағы қол жеткен табыстарын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Ы.Жақаевтың ізбасарлары ең жоғары нәтижелерге жете отырып, Сыр өңірінің жергілікті жағдайына бейімделген күріштің жаңа сорттарын өсірді, озық технологиялар қолданды.

Жыл сайын жас күрішшілердің дәстүрлі слетінде табысталатын «Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестатын» алғандардың бірі Айнаш Балғабаева болатын.

Айнаштың еңбек жолы 1971 жылы күріш егумен басталды. Алғашында Дәужан Ідірісов басқаратын бригада құрамында болып, тәжірибе жинақтайды. Сол кездегі отбасы жағдайында табыс әкелетін азаматтың болмауы буыны қатпаған, балауса қызды ерте  есейітті.

Егін алқабындағы жұмыстың көбі кетпеннің жүзімен, білектің күшімен ғана бітетін. Сондай қарулы білек бойжеткен Айнашта болды. Анасы Бибігүл қызына ақыл-кеңесін айтып, қиналғанда жол көрсететін. Отының басында төрт қыз өсіріп, тәрбиелеген ана жасынан ауыр арқалаған еңбек ардагері болатын. Таңның атысынан күннің батысына дейін атыз жағалап, етігімен  су кешіп, етегімен бел буған анасының қажыр-қайратын көріп өскен Айнаш жолында кездескен қиындықпен күресе білді және әрқашан жеңіске жетті. 

Көктемнің бір күні «Мәдениет» каналы күріштікке қарай жығылып кетіп, арқыраған сумен алысып, жалғыз өзі жарты сағатта білек күшімен бөгет жасайды. Күріштікті аралап шыққан  аудандық партия комитетінің хатшысы Қонысбек Қазантаев қара кетпенді қайырып салып, жанталасып жатқан жас қыздың еңбегіне таңырқай қарап тұрып: «Нағыз еңбектің адамын көрдім» деп таңырқаған екен.

Тағы бірде мынадай жағдай болған. Қашыртқыға су жіберетін үлкен каналдағы алқымға бір нәрсе көлденең тұрып қалыпты. Ешкімнің терең суға түскісі жоқ. Жұрт сөйтіп аңырып тұрғанда Айнаш суға сүңгіп кетіп, шлюздің көзін ашады, сонда арықтың арғы жағынан өлген малдың денесі атып шыққан. Сол өлексенің орнына жас қыз өзінің кептеліп қалу қаупі бар екенін ойламайды. Жеме-жемде тосылып қала алмайтын жас қыздың осындай батылдығы талай ер азаматтың намысын оятады. Айнаш осылайша айналасындағыларға еңбек ерлігін танытқан жан.

Сондықтан болар, ол әлі жиырма жасқа толмай тұрған кезінде-ақ үкіметтік марапаттар ала бастапты.

Еңбек десе ерден зият қажырдың иесі Айнаш  қиналған сәттерінде өзінің аталары аян беретінін айтыпты. Бұл кездейсоқ па? Әрине, жоқ, бұл еңбек дейтін құдіреттің киесі қонған жанның тағдыр тартуы болатын. Бірде түсінде әкесі «мен күріштің сағасына «қара жыланымды» жіберіп қойдым. Енді сендер жылап мазамды алмаңдар!» депті

Күрішші Айнаш сол жыланды өңінде көреді, тіпті жыбырлап келе жатқан кішкентай аяқтарын көргенде шошынып қалыпты. Сол күні Айнаш егіс басынан үйіне асығып қайтып, анасы Бибігүлге жыланның аяғын көрдім дейді. Бұны естіген анасы ауыл үлкендерін шақырып, мал сойып, құдайы береді. Ақсақалдар жыланның аяғы асқан бақытты, дәулетті болатын адамға көрінеді деген сөзді айтады.

Сол жылдардан бастап, күрішші Айнаш биік белестерден көріне бастапты. 1976 жылы өзіне бекітілген 25 гектар күріштің әр гектарынан 83,7 центнерден өнім алады. Бұл көрсеткіш оның табысқа деген құлшынысын  арттырады. 1978-1988 жылдар аралығында 25 гектардың әр гектарынан 100 центнерден өнім келтіреді.

Айнаштың  ұстазы  КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаты Ұлмекен Төлегенова болады. Ұстазының айтқанын тыңдап, істегендерін қайталаудан жалықпайтын күрішші Айнаш ВЛКСМ Орталық комитетінің Ы.Жақаев атындағы «Республикалық таңдаулы күрішші» деген ауыспалы жүлдесін екі рет иеленеді. Бұл кезде өзі күрішші комсомол жастар бригадасын басқарады. Совхоз сол жылдары жүгері дақылын көтеру үшін Айнаш Балғабаеваны бригадасымен бірге жүгері өсіруге ауыстырады. Осы жылы 300 гектар жүгерінің әр гектарынан 73,3 центнерден жоғары өнім алған Айнаш бригадасы облыс чемпионы атанады.

Осындай қара терін үгіп, қара күшін төгіп жүріп талай табыстарға жетеді. 1983 жылы  КСРО Жоғарғы  Кеңесінің  11-шақырылымына депутат болып сайланады. 1984 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. 

Айнаш  Балғабаева жайлы баспасөз беттерінде көптеген мақалалар  жарияланып, қайсар қыз болмысын суреттеген көркем шығармалар жарық көреді.

1988 жылы облыстық «Ленин жолы» газетінде ақын Дәулетбек Байдрахманұлының Айнаш жайлы өлең-очеркі жарияланды. Мұнда еңбек марқасқасының образы мейлінше шынайылық тауып, мен де сондай болсам деген әрбір жастың кеудесіне арман отын жағады. 

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Сыр ақын жазушыларының көп еңбектері жарық көрген болатын. Соның ішінде  Махмұтбай Әміреұлының кітабындағы «Қызылорда жырлары» өлеңінде Айнаш Балғабаеваның бейнесі өрнектеледі.   

Жазушы Жақау Дәуренбековтің «Ауылым – алтын бесігім» атты еңбегі де Айнаш Балғабаеваның сол кездегі ауыл шаруашылығын, облыс экономикасын көтеруге қосқан зор үлесін, қазақ қызының қайсар бейнесін  әңгімелейді. 

Айнаш – бір дәуір жастарына үлгі болған тұлға. Механизатор мамандығын игеріп, темір атты тізгіндеген, темір таяғы тебендей болғанша еңбек жорығындағы жолынан адаспаған адам. Шаруашылықтан қол үзбей, Жамбыл гидромелиорация институтын бітіріп, гидроинженер мамандығын алған.

«Мәдениет» совхозының егіс бригадирі Айнаш Балғабаева КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып тұрғанда  арқалаған аманатына адал болып, халықтың алғысына бөленді. Сол кезде депутатқа сайлаушыларынан 403 ауызша және жазбаша ұсыныс пен өтініш түсіпті. Осыншама  ауқымды өтінішті қанағаттандыру депутаттың ел-жұртын сүйе білгені, биік, берен адамгершілік қасиетінен еді.

Осындай көптің өтінішімен КСРО Денсаулық сақтау министрінің қабылдауында болып, созылмалы ауыр науқасы бар қызылордалық жеті кісінің Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу және емдеу-профилактикалық мекемесіне орналасып, ем қабылдауына көмек береді. Олардың арасында Шиелі ауданынан А.Сапарбеков Мәскеу Микрохирургия ғылыми-зерттеу институтына, Б.Есенбаев Мәскеу жұлын жарақаттары нейрохирургия ғылыми-зерттеу институты госпитальна, Жалағаш ауданынан К.Мәліков Бүкілодақтық неврология орталығы  клиникасына қабылданады.

Жаңақорғандық көпбалалы ана С.Аманова, жалағаштық Б.Әлиев депутат  көмегі арқасында  жаңа пәтерге ие болады.

Әрбір депутаттың дәл осылай жұмыс істеуі неғайбыл. Бұлайша аманатты ақтау биік бедел, берік табандылық, қымбат ар-ұятты қажет ететіні белгілі. Айнаштың бойында сондай қасиеттер атойлап тұратын еді дейді, замандастары.

А.Балғабаева 1991 жылы кеңестік дәуірдің жоғары марапатының бірі – «Октябрь революциясы» орденін омырауға тағады. «Еңбектегі ерлігі үшін», басқа да мерекелік  медальдармен марапатталады. Өмірдерегі «Қазақстан ұлттық эциклопедиясына» енгізіледі.

1998 жылдан еңбек майталманы «Айнаш» шаруа қожалығын құрып, оны өзі басқарды. Ауылдастарын жұмыспен қамтып, қанша отбасына нәпақа берді. Оның өмірлік тәжірибемді кейінгі ұрпаққа үйретуден жалықпаймын дейтін арманына ажал келіп кимеледі.

Ауылдастарының аузында аңыз болып қалған еңбектің ерен бейнесі Айнаш Рахымқызы  2006 жылы өмірден озды.

2018 жылы Айнаш Балғабаеваның еңбегін жоғары бағалап, өнегесін ұрпақ жадында қалдыруды мақсат еткен ел ағалары туған ауылындағы бір көшені оның есімімен атады.   

Сыр бойынан шыққан саңлақ, еңбек озаты, әйгілі күрішші  А.Балғабаеваның еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде мектеп оқулықтарына енгізілсе, аудандық Мәдениет үйінен музей ашылса, нұр үстін нұр болар еді.

Қарлығаш СҰЛТАНМАХМУДОВА,

Т.Жүргенов атындағы №136  мектеп-лицейінің мұғалімі.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<