НАРТҰЛҒА

769

0

Отан соғысы… ХХ ғасырдың ортасында Кеңес одағындай алып мемлекетте орын алған екіншідүниежүзілік соғысқа тарих осындай атау берді. Бұл соғыс сол кезең тұрғысынан қарағанда, КСРО құрамындағы он бес одақтас елдің тіршілік тамырын тұралатып, әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор шығын әкелді. Ең ауыр қасіреті – 30 миллондай адам құрбан болды.

Сұрапыл соғыста небір  шайқастарды басынан кеше жүріп, құдыреттің күшімен аман-есен елге келіп, жауапты жұмыстарды басқарған азаматтар болды. Олар өз күштерімен орнатқан бейбіт өмірдің баянды болашағы үшін аянбай тер төкті.

Жалағаш ауданына қарасты бұрынғы «Ынтымақ» колхозында өмірге келіп, 1937 жылы осы колхоздағы «Қызыл Октябрь» орталау мектебінен жеті кластық білім алып шыққан Сәден Ағатаев сол бозбала күнінен елдегі жаппай сауатсыздықты жою бағытындағы ағарту жұмыстарына араласты. Жастайынан жігерлі, алғыр баланың тиянақты іс-қимылы басшылардың да көңілінен шығатын. Осыдан соң оған колхоздағы егіс бригадасының, мал фермасының есепшілік қызметі тапсырылды. Бұл жұмыстарды да емін-еркін игеріп, еңбекке төселген жас жігіт өз білімін одан әрі көтеруді ойлап жүрген еді. Әттең, ол арманы орындалмады…

1941 жылдың маусымында неміс басқыншыларының тұтқиыл шабуылынан елде соғыс өрті тұтанды. Ауыл-аймақтағы бас көтерер азаматтардың барлығы майданға аттанды. Сол 1942 жылдың тамыз айында Сәден де әскерге шақырылып, соғысқа жіберілді. Оңтүстік майданның №152 атқыштар бригадасының 2-ші ротасының құрамында Сталинград бағытындағы «Калтуха» елді мекенінде алғашқы ұрысқа кіріседі.

Айнала бораған оқ. Қас пен көздің арасында ажал құшқан адам. Күн сайын осы көрініс. Жауынгерлердің көкірегінде алаулаған ыза-кек, намыс оты үрейді сездірмей, үмітке жеңдіретін.

1944 жыл. Белорусь жерін азат ету жолындағы шайқас. Екпіндей төнген жауға тойтарыс беру мүмкін емес. Адам шығыны өте көп болды. Ақыры бір топ жауынгерлермен бірге бұлар жаудың тұтқынына түсті. Қасында ағасы Мақыш та болатын. Неміс офицері тұтқындарды жағалай көз қиығымен шолып өтіп, жаралыларды табан астында атып тастады. Кезек бұларға да келді. Бір аяғын тізесінен төмен қарай оқ жұлып кеткен қазақ жігіті қасындағы сарбаздың иығына сүйеніп, қас қақпай, қадала қарап тұр еді. Мұны көрген неміс офицері еріксіз таң қалып, басын шайқады. Зор денелі, жанары оттай жанған, айбатты жігіттің жанкештілігін көріп, өзге тұтқындар сияқты атып тастауға дәті бармады. Бәлкім, оның осынау қайсарлығын өз мақсатына пайдалануды ойлады ма, кім білсін…

Ағасы Мақышты қара жұмысқа салып, ауыр жараланған Сәденді госпитальға емделуге жіберді. Бірнеше күн өткенде партизандар құрамасы бұларды жау қолынан азат етті. Ал жауынгер Сәденнің жайы мәз емес еді. Оны дереу Минск қаласынан елу шақырымдай жердегі Борисов елді мекеніне жеткізіп, үлкен әскери госпитальға жатқызды. Оқ жұлып кеткен сол аяғы жуан санынан кесілген Сәден Ағатаев ұзақ емделіп, 1945 жылдың сәуірінде ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды. Ал ағасы Мақыш одан әрі соғысқа араласып, 1945 жылдың қаңтарында Венгрияны азат ету жолында қаза табады. Кейін белгілі болғандай, ол Будапешт қаласының шетіндегі кеңес әскерлерінің қорымында жерленген.

Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі үшін майдангер Сәден Ағатаев «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Иә, сол сұрапыл соғысқа бұл отбасының бес ұлы бірдей аттанған еді. Содан бауры Мақыш майдан даласында қаза тапса, ағасы Қара хабар-ошарсыз кетіп, кейінірек елге оралады. Ал өзінің жайы белгілі. Әйтсе де қайғы жеңіп, қалжыраған ата-анасын, азып-тозған шаңырағын көргенде қол қусырып отыра алмады. Майданнан келгеніне оншақты күн күн өткенде колхоз төрағасының алдына барып, жұмыс сұрайды.

Қос балдаққа сүйенген жаралы жауынгердің жанкештілігі басқарма төрағасын да қайран қалдырды. Оның «Алдымен денсаулығыңды жақсартып алмадың ба?» деген жанашыр сөзін елең қылмаған майдангер жігіт «Жұмыс тауып беріңіз» деп шұғыл талап етті. Сонымен төраға оған егіс бригадасына есепші болуды міндеттеді. Әу бастан өзіне таныс жұмыс, содан болар, аз уақыттың ішінде ұршықтай үйіріп әкетті.

Белгілі қаламгер Ахат Жанаев естелік жазбасында былай дейді: «Сыр өңіріне есімі кеңінен мәлім, ақтық демі біткенше еліне қалтқысыз қызмет етіп, халықтың құрметіне бөленген Сәден Ағатаевтың шоқтығы тым биік тұрған сияқты. Тумысынан уытты, еңбексүйгіш, зерделі болып өскен ол жеті кластық біліммен «Қызыл Октябрь» артелінде сауатсыздықты жою курсын ұйымдастырып, қаншама жанның көкірек көзін ашты десеңші?.. Сәкең соғыс басталысымен майданға аттанып, Белорусь жеріндегі қанды шайқаста ауыр жараланып, 1945 жылдың көктемінде елге оралды. Келген бойда қызу еңбекке араласып, әуелі шаруашылықта есепші, онан соң ферма меңгерушісі, бертін келе «Қызыл Октябрь» колхозының төрағасы қызметіне дейін көтеріледі. Кейін колхоздар ірілендірілген кезде «Еңбек» колхозыда ірі қара және қой фермасының меңгерушісі болған ол, 1964 жылы Қызылқұмды игеруге байланысты «Жаңадария» қаракөл қойын өсіретін совходы құруға белсене араласады. Сол қой фермасын жиырма жыл бойы үздіксіз басқарады. Аса алғырлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Сәден ағамыз басқарған ферманың атақ-даңқы бір ғана аудан емес, бүкіл облыс көлеміне кеңінен жайылды. Ал оның ат үстіндегі азаматтармен сыралғы сыйластығы, қарапайым халыққа жасаған қайырымы өз алдына бөлек әңгіме».

Иә, расында сол 1964 жылы Қазақстан үкіметі шөл және шөлейт аймақтардың жайылымдықтарын тиімді пайдаланып, елімізде қой санын көбейту бастамасымен қой шаруашылығын құру міндетін алға қойған еді. Осы міндетті жүзеге асыру барысында Жалағаш ауданының аумағындағы Қызылқұм жайылымдарын жарып өтетін Жаңадария су жолының бойынан «Жаңадария» атауымен қой совхозының іргесі қаланды. Ал 1967 жылы «Еңбек» және «Қазақстанның 20 жылдығы» колхоздары қой фермаларының ізімен №2 қой фермасы құрылады. Осы жаңа шаруашылықтың тізгіні іскер басшы Сәден Ағатаевтың басқаруына беріледі. Жаңадан құрылған қой фермасының жұмысы бастан асатын. Өйткені ферманың басында үй жоқ, қора жоқ, сол сияқты, қажетті өндірістік обьектілерді орналастыру, техникамен жабдықтау шаруалары да көп еңбекті қажет ететін. Осынау бейнеті бес батпан жұмысқа адам күшін тарту да оңайға соқпады. Өйткені Қызылдың қиясына барып, қой бағуға жастардың құлқы жоқ. Сондықтан алғашқыда еш жерде тұрақты жұмысы жоқ, қала берді, сотталып, жер аударылып келгендер осында жіберілетін. Осының өзі ол кісінің жүйкесіне едәуір салмақ түсірсе де сыр бермей, қаншалықты қажыр-қайратын жұмсағанын бағамдай беріңіз…

Өмірден түйгені мол, парасатты азамат Сәден Ағатаев осы жұмысшылардың да көңілін тауып, олардың тұрмыстық мәселелерін дер кезінде шешіп беретін. Есесіне олардан жұмыстың нақты нәтижесін талап ететін. Кешегі көз көрген ағалардың айтуынша, ол кісі қай күні қай шопанның қант-шайы таусылатынын, тіпті от жағатын шырпысының қалмағанын  да алдын ала біліп отырады екен. Қойын дәптеріне күнделікті қарап отырып, шопандардың бар қажеттілігін уақытылы  жеткізіп беретін дейді.

Ол кісі қарамағындағы жұмысшыларға ғана емес, өзіне де қатаң талап қоятын. Сондықтан шаруаның қыр-сырын жетік меңгерген ферма басшысын құр сөзбен сендіру мүмкін емес, кім-кімге де тек атқарған ісінің нәтижесіне қарай баға беретін. Айталық, бағымдағы малдың өнімділігін арттыру үшін жыл мезгіліне сай жайылымдарға дұрыс орналастырып, мал азығындық дақылдарды жер бедеріне қарай егіп, агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау, шабындық жерлерді тиімді пайдалану жұмыстарын мүлтіксіз орындауға бар күшін салатын. Осылайша саладағы ғылыми жетістіктер мен озат тәжірибені өндіріске батыл енгізіп, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ол кісінің осындай тәлімін алған талай шопан отбасылары тұрмыстарын түзеп, ел қатарына қосылып, тіпті еңбектің нағыз майталманына айналған.

Иә, қандай деңгейдегі басшылар болсын, Сәден Ағатаевпен тең сөйлесетін. Ол кісінің айтқан орынды сөзіне тоқтап, мүмкіндігінше, талабын орындайтын. Әлбетте, бұл – сұрапыл соғыстан жарымжан оралса да жігері жығылмай, елдегі еңбек майданына ерен үлесін қосып жүрген  азаматқа деген алғаусыз құрмет екені даусыз. Расында, ол кісі ел ішіндегі қиюы келмей жатқан көптеген күрделі мәселелерді барлық деңгейдегі басшының алдына төтесінен қойып, түбегейлі шешілуіне себепкер болды. Осындай биік беделімен ел арасында «Төртінші секретарь» атанып кеткен еді. Шалғайдағы шағын ғана шаруашылықты талап деңгейіне сай табысты өндіріс орнына айналдырған Сәден ағамыз 1981 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Осы жылдары шаруашылық жұмысында олқылықтар орын алып, барлық көрсеткіштер күрт төмендей бастайды. Сондықтан аудан басшылығы оған ферма жұмысын қайтадан қолға алуын ұсынып, қолқа салады. Сол ұсыныс бойынша шаруа тізгінін қолына алып, кемшіліктерді қалпына келтіреді. Әйтсе де, бір жылдан соң денсаулығы сыр беріп, жұмысты біржола қояды.

Ол кісінің тағы бір қасиеті, өзімен етене араласып, жауапты жолдарда үзеңгілес болған азаматтардың есімдерін ерекшелеп, ортақ жауапкершілікті атқару барысында олардың  іскерлігі мен табандылығына ырза болып, қойын дәптеріне жазып қояды екен. Олардың қатарында аудан басшылығында болған Қонысбек Қазантаев, Мақсұт Әбдіразақов сынды азаматтардың, «Жаңадария» совхозының көркейіп, кемелденуіне зор еңбек еткен Жүсіп Бисариев, Асанбек Оспанов, Біржан Көштаев, Нәжмәдин Ысқақовтай қадірлі азаматтардың есімдері аталған.

Осынау өмір жолында ол кісі әрдайым ел мүддесін жеке басының қажеттілігінен жоғары қойған адам. Ондай сәттерде «Маған өзім үшін біреуден бірдеңе сұрағаннан гөрі, өзгелер үшін сұрау салу әлдеқайда жеңіл. Әрі, өзгенің талап-тілегін орындап, алғысын алғаннан жаным жай табады»-дейді екен…

Соғыс және еңбек ардагері Сәден Ағатаев ширек ғасыр ат үстінен түспей еңбек етіп, әрдайым абыройдың төрінен табылды. Ол кісінің құдай қосқан жары Сәуле анамыз бен соғыста хабарсыз кеткен ағасының жары, әмеңгерлік жолымен бас қосқан Ақырыс аналарымыз  шаңырақтың шырайын келтіріп, үй шаруасын аса тиянақтылықпен тындырып отыратын. Кең пейіл, мырза көңілді Сәден ағамыздың шаңырағынан қонақ арылмайтын. Одан бөлек, отбасының, ағайын -туыстың, ауылдастардың ынтымағы мен бірлігіне де ықпалы ерекше болатын. Ардақты аға ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 1990 жылы өзі туып-өскен «Еңбек» ауылында өмірден озды. Тау тұлға азаматтың тағылымды жолы талайға үлгі!

                                                                                           Ғазиза ӘБІЛДА, Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<