Әжемнің әлемі

1523

0

Суық ызғар кетіп, күн жыли бастасымен әжем Ләтипа атам мен әкеме алты қанат ақшаңқан киіз үйді құрдырып, ішіне өзі басқан текемет, сырмақ төсеп, басқұр, дөдеге, тегерішпен безендіретін. Қараша үй құрылып, төсек-жабдықтары салынып біткен соң, әжем міндетті түрде атам Ермағанбеттің өз қолымен соққан сандығын алдырады. Сүйегі қара талдан жасалып, сырты қаңылтырға ойып салынған оюлармен қапталған, ұстайтын екі құлағы мен құлып салатын жері қошқар мүйіз пішінінде темірден құйылған алып сандық біз үшін ерекше, тосын сыйларға толы болушы еді. Әжеміз сандықты ортаға қойып, ашуға оқтала бергенде, бәріміз қаумалап, жанына жинала қалатынбыз…

Балалық шағым туралы ойлансам болды осы көрініс көз алдыма елестей жөнеледі. Үнемі есіме түсіп, қайта орал­мас балдәурен сол шақтарға жетелейді де тұрады.

Біз көпбалалы отбасынан шықтық. Балабақшалар бар болса да үйдегі төр­теуіміз де есігінен аттап көрген емеспіз. Есесіне, бәрімізді үйде әжеміз тәрбиеледі. Бүгінде әжесінің «балабақшасынан» тәрбиеленіп шыққан екі адам болса, соның бірі өзім екендігімді ерекше мақтан тұтатын ұрпақпын. Бір қызығы, әжеміздің жалғыз өзі-ақ бәріміздің ебімізді табатын. Сол ақшаңқан киіз үйдің ішінде әр күніміз қызықты болып өтеді. Ойыншықпен көп ойнай бермейміз. Қызығып та көрмеппіз. Үйде анамның артынан келген радиоқабылдағыш пен патефон болатын. Пластинка ойнатқыш аппарат. Иә, иә, баршаңызға жақсы таныс дөңгелек, үлкен қара түсті пластинка. Әжем сол пластинкаларды басындағы ақ орамалымен жақсылап сүртіп, оны патефонға салады. Сосын сол аппаратты жұқарған саусақтарымен сырт-сырт еткізіп басып, күнұзақ батырлар жырын, түрлі терме-қиссаларды, халық әндерін тыңдатады. «Ауылдың алты ауызы» атанған Ләтипа әжем ара-арасында өзі де қосылып айтып отыратын. Сол балаң шақта патефоннан тыңдаған Мұхтар Өтебаевтың домбырамен жырлауындағы, Фарида Шәріпованың оқуындағы «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр», Мұқаш Байбатыровтың орындауындағы, Таңат Жайлыбековтың оқуындағы «Алпамыс батыр» жырлары мен «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының үзінділері әлі күнге дейін құлағымда жатталып қалыпты. Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киік» әнін сол пластинка ойнатқыштан алғаш рет әжем тыңдатқаны да күні бүгінге дейін есімде. Аңыз әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін де сол сырт-сырт еткен қара аппараттан жаттап өстік.

Әжем жарықтық сол батырлар жыр­лары мен халық әндерін тыңдат­қызып қана қоймай, оларды бізге жатқа айтқызатын. Яғни, сол жырларды тыңдаған сайын іштей қайталап отырып жаттап, әже­міздің алдында «тест» тапсырамыз. Сы­нағынан сүрінбей өтсек, өзіміз қалаған тәттілерге тойдырады. Одан қалды, сырты қаңылтырмен оюланған ағаш сандықтан мұқабасының тоз-тозы болған қалың кітапты алып шығып, соның сарғайған парақтарынан 6-7 сыныпта оқитын қос апам Мадина мен Фаридаға ұзақ-сонар жырларды кезекпен кезек оқытады. Әжеміз сол қалың кітапты үнемі мұқият, аялап ұстайтын. Мұқабасы жыртылған соң ба, сыртынан бірнеше қайтара газет, одан қалды, өзінің аппақ жаулығымен орап, байлап қоюшы еді. Сол қалың кітаптың «Қырымның қырық батыры» екендігін өз басым бертінде ғана білдім. Салмағы әжептәуір ауыр, бізге үлкен, «алып» болып көрінетін осы кітаптан бұл күндері «Арқалық», «Төрехан», «Қарабек», «Ер Қосай», «Ер Дотан» секілді небәрі 5 батыр туралы жазылған бөлімдері ғана сақталып қалыпты. Бүгінде сарғайып, шеттері жыртылған осы парақтарды қолыма ұстаған сайын алтын әжем есіме түсіп, сағынышым үдей түседі. Жасыратыны жоқ, біз осы жырлардағы батырларға еліктеп өстік. Соның әсерімен «Өскенде Алпамыстай батыр боламын» деуші едік. Бұл күндері ойлап отырсам, мұның бәрі біз үшін үлкен тәрбие құралы болған екен-ау! Апаларым «Батырлар жырын» оқудан шаршағанда әжеміз: «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылдың құйрығы ұзын екен…» деп ертегісін бастай жөнелетін…

1932 жылы елді жайлаған қиын кезең – ашаршылық жылдары дүниеге келген әжем еңбекке ерте араласыпты. «Баламын ғой, кез келген жұмысқа жегілеміз. Екі қарым тез талатын. Әйтеуір, аш қалмасақ деп тырмысатынбыз» дейтін әжеміз балалық шағы туралы. Ләтипа әжем 19 жасында атам Ермағанбетке тұрмысқа шығып, біздің әулеттің босағасын аттайды. Қармақшы ауданының орталығына көшіп келген 1975 жылға дейін Иіркөл ауылдық кеңесіне қарасты Калинин учаскесінде тұрған олар көп қиыншылықты бастан өткізген.

Атам Ермағанбет Нұрмаханұлы да он саусағынан өнер тамған шебер, темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған зергер болған. Істен шыққан майда-шүйде заттардан бастап, кез келген көліктердің бұзылған жерлерін еш қиындықсыз жөндей береді екен. КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағына ие болған атамның өз қолымен жасаған кебеже-сандықтары, қамшы секілді басқа да заттары бүгінде тәбәрік ретінде отбасымыздың құнды мұрасына айналған.

Әжем әуелі егіншілікпен айналысып, бақша еккен. Жас кезінен бастап күні бойы күннің астында жүріп, соқамен жер жыртқанын көзін көргендер әлі күнге дейін айтып отырады. «Ер адамдармен тең еңбек еткен Ләтипа барлығына үлгеретін. Өгізге соқаны өзі жегетін еді. Таңнан күн батқанға дейін бақшаның ішінде жүреді. Қанша бейнет көрсе де, белі бір бүгілмей өтті», – дейтін әжемнің сырлас досы болған Қаншай Бекетқызы.

Ләтипа Бермаханқызының сол еңбегі ескеріліп, Калинин учаскесінен респуб­лика бойынша ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанып, «Озат бақшашы» алтын медалімен марапатталады. 1965 жылы Иіркөл ауылдық кеңесінің №19 Сарыөзек сайлау округінен депутаттыққа ұсынады. Ләтипа Мықтыбаева бұл сай­лауға еңбекшілердің, яғни, қарапайым жұ­мысшылардың атынан түседі. Сол жылдың 24 наурызында Ләтипа Берма­ханқызы 33 жасында Иіркөл ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланады. Ауылдық кеңестің депутаты ретінде әжеміз ауылдастарының сеніміне селкеу түсірмей, белсенді қызмет жасайды.

Еңбектен, қара жұмыстан қол үзбеген әжеміз 1967 жылы Ташкент қаласында өткен КСРО ауыл шаруашылығы озаттарының көрмесіне делегат ретінде қатысады. Осы көрмеде қармақшылық Ләтипа Мықтыбаеваның бақша егу жұ­мыстарындағы жетістіктері насихат­талып, одақтас республикалардан келген қатысушыларға арналған кездесу ұйым­дас­тырылады.

Кейіннен әжем құрылысшы болып еңбек етеді. Қарапайым сылақ сылау­дан бастап, еден орнатуға дейінгі жұмыс­тарды қиналмай еңсерген жан «Озат құрылысшы» алтын медалін кеудесіне жарқырата тағады.

Менің әжемнің әлемі осындай еді.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<