Ағалықтың ақ туын төмендетпеген

891

0

Пенделердің әрқайсысы бір әлем, себебі түйсігіміздің деңгейі әртүрлі. Қызық, өзімнен екі-ақ жас үлкен осы кісіні ондаған жылдай үлкендігі бардай сыйлап, ағалап кеттім. Ол кісі кім десеңіз – биыл тірі болғанда 80 жасқа толатын, тәжірибелі, жоғары санатты дәрігер, талайларды сауықтырған Жаңақорған шипажайының негізін қалаушылардың бірі, осы ауданның құрметті азаматы – Егенберді Әмитұлы.

Мен ол кісіні Еген аға деп кеттім. Науқастанып ауру­ха­наға түсті деген хабарды ес­тіп, Сұлтан Махамбетов ініміз екеуміз жағдайын білуге бардық. Қасында Дариха жең­геміз бар екен. Көз жанары­нан аурудың же­ңе бастағанын білсек те, кө­­ңілін көтеру үшін ойын әр­­тарапқа жетелеп, көп әң­гі­ме­нің басын шалып біраз отыр­дық. Білікті, тәжірибелі дәрігер болғандықтан, науқа­сы­ның ауыр екенін білге­ні­мен, өзінің ғана емес, біздің де жігерімізді жанитын са­ли­қалы әңгімелер айтты. Ке­терде сағынышты жүзімен, жылы шыраймен, ойлы көзі­мен бізбен қоштасқандай бол­ды. Жүздесуіміздің соңғы сә­ті екенін, оған да зымыра­ған бес жыл өткенін енді се­зін­гендейміз. Артына қарайла­май­тын, талай өкініштерді кө­ле­гейлейтін қайран уақыт-ай!

Еген ағамен ауруханадағы соңғы жүздесуімді тебірене еске алғанда, алғашқы кездес­уім ойыма оралды. Ол осы­дан, он жыл бұрын жиен ағам Нағызхан Сейтеновтың қызы Айгүлді келін етіп алуға бас құда болып келген күні еді. Исатай Әбдікәрімов ағаның немересі Нұрмұхаммед пен Айгүл қызымыз бірін-бірі тауып, қазақи дәстүрмен құ­да­лық басталған-ды. Еңбек Ері Исатай ағамен құда болға­нымызға қатты қуандық, аға­ның көзі тірісінде осын­дай жа­қындығымыздың болма­ға­нына өкінгенімізді несіне жа­сырайын. Уақыттың пенденің дегеніне көнбейтіні де – өмір шындығы. Исатай аға үлкен лауазым иесі болғанмен, қа­рапайымдылығымен халық­қа өте жақын болды. Менің Жақып Ыдырысов, Хамит Әбенов ағаларыммен аға­лы-інілі араласты. Сол уақытта Исатай ағаға арнап төмен­дегі­дей өлең жолдарын жазыппын:

Еңбегімен ер таныған

тұлғалы,

Адамдықпен, адалдықпен

бір жаны.

Біздер үшін әрі мақтан,

қорғаныш,

Исатайдай ағамыздың

тұрғаны

Сырдан шыққан Сырдың

нағыз түлегі,

Еліменен бірге соққан

жүрегі.

Исатайдай ағамызды

қазірде.

Алты Алаштың бар баласы

біледі.

Бас құда болып келген Еген ағаға қарап, Исатай ағаның көшірмесін көргендей сезімде болдым. Құдалыққа келген делегация құрамында жеңгеміз Дариха, Исатай ағаның қызы Шәмшия, Нұрмұхаммедтің ана­сы Үмсын, Мұсахан аға­ның жұбайы Бибіайша, ұлы Жүсіп, Еген ағаның үлкен ұлы Нураддин болды. Салиқалы құдалықтың нәтижесі жа­ман болған жоқ. Қазір Нұр­мұ­­хаммед пен Айгүл қызы­мыз Әлтайыр, Әмина, Сәпия, Тамерлан сынды перзент­те­рі­нің ата-анасы, үлгілі отба­сы­ның иесі. Тату-тәтті сый­ластықпен ғұмыр кешуде.  Алла тіл-көзден сақтасын деп ті­лейік.

Еген ағаның Жаңақорған шипажайында қызмет істеп жүрген кезінде жұбайым Гүл­назиямен Жаңа жыл қар­са­ңында барып демалып қай­туды әдетке айналдыр­ған­мын. Демалыстың соңында шипа­жайда демалушылар тілек жа­затын дәптерге лебіз жазып қалдырдым.

Өмірінің соңғы күніне де­йін, яғни отыз жылдан аса Жа­ңақорған шипажайында бас дәрігер, кейін дәрігер қызметін атқарған Еген ағаның шипажай тарихындағы орны ерекше. Өзі жұмыс істеген ғимараттың екін­ші қабатында Еген ағаның суреті салынған арнайы ес­керткіш тақта қойылды. Елі­міздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден ке­­летін емделушілер Еген аға­­ның ұзақ жылғы жемісті қыз­­метінен ха­бардар болып қай­тады.

Ол 1940 жылдың 15 қаза­нында Жаңақорған ауда­нын­да дүниеге келген. Орта мек­тепті бітірген жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина инс­ти­тутына түсіп, 1963 жылы ем­деу факультетін тәмам­даған. Институт бітірісі­мен туған то­пырағы – Жаңақорғанға келіп, аудандық туберкулезге қарсы  күрес диспансерінің дәрігері, кейін осы мекеменің  жеті жылдай бас дәрігері қызметін атқарды. Ол кез­де маманның біліктілігіне, бі­­ліміне, қабілетіне қарай қыз­метке қоя­тын. Осы қасиет­тердің ар­­қа­сында Еген аға он үш жыл­дан аса уақыт ау­дандық ауру­хананың бас дә­рігері лауазымына көтеріл­ді. Ке­лінтөбе, Задарья кеңшар­лары мен ау­дан ор­та­лығында емхана ғи­ма­­рат­тарының са­лынуы, көп­­те­ген ауылдық фельд­шер­лік-аку­шер­лік және мед­­пункт­тердің ашылуы Еген ағаның ерен ең­бегінің нәтижесі еді. 1985 жылдан бастап өмірі­нің соң­ғы күніне дейін рес­пуб­лика­лық дәрежедегі Жаңа­қорған шипажайында қызмет істеді. Еген аға Мәскеу, Қазан, Ташкент, Алматы қала­ла­рында білімін жетілдіру инс­титуттарында оқып, медици­наның сан салалы сырына қа­­нықты, білімін шыңдады.

Еген ағаның ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 1981 жылы «Құрмет белгісі» ор­денімен марапатталып, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі атағына ие болды. Бірнеше мәрте аудандық Кеңес депу­таты болып, халықтың мұң-мұқтажын зерделеді, көпке көмегін тигізді. Жаңақорған ауданының «Құрметті азама­ты» атағын алды.

Дариха жеңгеміз екеуі от­басында бес ұл-қыз тәр­бие­леп, өмірде олардың лайықты орын­дарын табуына жағдай жасады. Ағаның ұлдары Нуриддин дәрігер-хирург, облыстық ме­дицина орталығының дирек­торы, Шәмшаддин полиция полковнигі, заң ғылымда­ры­ның кандидаты, облыстық ішкі істер департаментінің бастығының бірінші орын­басары. Қыздары Сайда – дә­рігер, Гауһар мен Бағдат – мұ­ғалім. Еген ағаға 80 жасқа толып, абыз ақсақал болып ортамызда отыруды Алла жаз­бапты. Ағалықтың ақ туын төмендетпей өткен тұлға еді.  Өкінішке толы өмір ғой. Бұған да шүкір дейік.

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<