Айтулы тұлға ретінде есімізде қалады

959

0

Халқымыз Жер-Ананы айрықша қастерлеген, табиғаттың ерекше сыйы –  судың да қасиетін жоғары бағалаған. Ал судың біздің Сыр өңіріндегі суармалы егіншілік үшін қаншалықты маңызды болғанын, маңызды бола беретінін барлығы да біледі.

Осыдан 30-40 жыл бұрын облысымызда инженерлік жүйеге түсірілген 220 мың гектар егістік алқабы бол­ды. Осыншама жерден ел өзінің ырзық-несібесін айыр­ды. Облыстың мыңдаған диқан­дары табыс тасқынын молайтты. Елдің мерейін кө­терді. Көптеген азамат мемле­кеттің ордендерімен және медальдарымен марапат­тал­ды. Бірқатары ең ірі марапат – Социалистік Еңбек Ері атағын иемденді.

Сырдың еңбек абыройын көтеруде суармалы егін­ші­ліктің атқарған рөлі ерек­ше еді. Ал осынау су құры­лыстарын сапалық жаңа дең­гейге көтеруде аймақ қана емес, республика өңі­ріне белгілі азамат Виктор Степанович Морозовтың есі­мі ерекше аталады. Ол кісінің еңбегі бүгінгі таңда Сырдарияның төмен­гі ағы­сындағы егіс алқап­тарын суландырумен, атап айт­қанда, Қазалы су құ­ры­лысы нысанымен, «Әйтек» каналымен, Қазалы оң және сол жағалауындағы, Келін­төбе, Жаңашиелі, Сунақ­ата, Қандыарал, Сұлу­төбе, Жетікөл, басқа да ма­­гистральді су шаруа­шы­лығы каналдарымен тығыз байланысты.

Виктор Степанович Сыр өңірінде 50 жылға жуық еңбек етті. Ол ең алдымен бүкіл күш-жігерін біздің алтын қорымыз болып табылатын суармалы жерлерді пайда­ланудың тиімділігін барынша арттыруға жұмсады. Кеңес жүйесінің соңғы жыл­дарында су жолдарын жөн­деу, кейін қалпына келтіру біршама күрделене түсті. Осыған қарамастан, ол өзі­нің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында салаға барлық күшті жұмылдыра білді. Нәтижесінде Сыр өңі­рінде суды тиімді пайдаланудың мүмкіндігі артты.

Сыр өңірінде мал шаруа­шы­лығын дамыту мақсатында өткен ғасырдың 60-80 жыл­дары көптеген ұжымдық шар­уа­­шылықтар жаңадан бой көтерді. Сарысу өңірінде, Қара­құмда 2 мыңнан астам сква­жина, 4 мыңнан астам шах­талық құдық қазылды. Жа­ңадан шаңырақ көтерген шар­уашылықтарда тұрғын үйлер салынды, балабақшалар, басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. 1970-1980 жылдары өңірде суландыру мақсатына, нақты айтқанда су құрылыстарына 420 млн рубль бөлінді. Бұл Сырдың егіншілік, сонымен бірге мал шаруашылығы саласындағы дамудың ең жоғарғы шыңы болды. Осы қыруар жұмыстарды жемісті, тиімді атқаруда Виктор Степановичтің ұйымдастыру қабілеті жоғары деңгейден көрінді. Сол кездің деректеріне көз жүгіртсем, облыста 32 шаруашылық қой өсіріп, ет, жүн, қаракөл елтірісін өндіріп, солардың көл-көсір табысымен өмір сүріпті. Бұл жылдары әр жүз саулықтан 105-тен қозы өргізіп, республика бойынша өңір жақсы көрсеткішті қамтамасыз етті. Облыста қой 22 мың басқа жетті. Көптеген шопандар қаракөл қойы үшін рекордтық деңгейге қол жеткізді. Осының барлығы шаруашылықтарды ин­тенсивтендіру және матер­иал­дық-техникалық база­ны нығайту есебінен жүзеге асырылды.

«Су – өмір» деген аталы сөз бұрыннан өзінің мән-мағынасын жоғалтпай келеді. Сол жылдары біздің алтын қорымыз болып табылатын суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арт­тыру нәтижесінде су жолдары, ірі коллекторлар мен қашыртқылар салынды. Оларды кешегі күнге дейін пайдалану нәтижесінде егіншіліктен мол өнім алынды.

Айдынды теңізімізден айыры­лып, көңіл жүдеу тартып, Сыр өңірі экологиялық апат аймағы болып жарияланған кезден бас­тап суармалы егіншіліктің мәні бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені Жер-Ана бүлініп, сор­таңдана бастады. Халықтың сапалы ауызсуға деген сұранысы артты. Арал және Қазалы аудан­дарының халқын сапалы ауыз­сумен қамтамасыз ету мақ­сатында «Арал-Сарбұлақ» су құбыры іске қосылды. Оның іске қосылу сәтіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев қатысты. Осылайша 2005 жылы Арал қаласында халық алдында ресми тұсаукесері өтті. Бұл орайда біз кезінде салада қыруар жұмыс атқарып, «Кызылордамелиорация» бірлес­тігін, кейін «Арна» акцио­нерлік қоғамын басқарған В.Морозовтың еңбегін айрықша құрметпен атаймыз.

Сонымен қатар В.С.Морозов 2001 жылы Арал теңізінің кепкен табанындағы орта ғасырларда пайда болған қаланың орнын бірінші болып көрді. Осы ақпарат ғалымдардың назарына ұсынылып, 2001 жылы Қорқыт ата университеті ғалымдары аймақта археологиялық экспе­диция ұйымдастырып, теңіздің кепкен табанында екі ірі орта­ғасырлық Кердері-1, Кердері-2, мавзолейлердің болғанын, олар­дың Алтын Орда дәуірінде салынғанын ғылыми негіздеп XIV-XV ғасырларда қала мәде­ниетінің қалыптасқанын ғылыми айналымға енгізді.

Уақыт өте келе осы тарихи қазбалар Кедері-1, Кедері-2 мавзолейлері еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Қорқыт ата университеті жанынан Археология және этнология ғылыми-зерттеу ор­та­лығы құрылып, жас археолог-ғалымдар Сыр өңірінде өздерінің ізденістерін жалғастырып ке­леді. Олар Ресейдің Н.Н.Мик­лухо-Маклай атындағы этно­логия және антропология инс­титутымен және Германияның Тю­бинген университетімен бір­лесіп, өңі­рі­міздің тарихи ескерт­кіш­теріне ғылыми-зерттеулер жүр­гізуде. Бүгінде өңірімізде археолог ға­лымдардың әлеуеті жетіліп, қалыптасып, халықаралық ғы­лы­ми жобаларды орындауда.

Облыстың су құрылысы өндірістік жағынан өркендеп қоймай, сала әлеуметтік бағыттағы игілікті шараларға ұдайы көңіл бөліп отырды. Қызылордалықтар әлеуметтік шаралардың ұйыт­қы­сына айналған, бүгінде «Шұғыла» шағын ауданында жұмыс істеп тұрған «Мелиоратор» сара­йын жақсы біледі. Аталған мәдениет үйі өткен ғасырдың 80-жылдары В.С.Морозов басқарған бірлестіктің күшімен салынды. Ол кейін қызылордалықтардың мәдени-көпшілік сипатындағы сүйікті демалыс орнына айналды.

Білікті құрылысшы, шебер ұйымдастырушы, айтулы азамат Виктор Степанович Морозов еңбек демалысына шықса да, өзі өмірінің негізгі кезеңі өткен Қызылорданың өсіп-өркендеуіне жанашырлық танытып, келелі ойларын, ұсыныстарын атқа­ру­шы билікке, қоғамдық орын­дарға жеткізіп отырды. Сыр өңірі орталығының қарыштап дамығанын, өркениет үлгісіне айналғанын өз көзімен көрді. Қатардағы механиктен ірі құрылыс бірлестігі басшысы деңгейіне дейін көтерілген бі­лікті маман, айтулы азамат ретіндегі оның бейнесі Сыр жұртшылығының есінде мәңгі сақталады.

Қылышбай БИСЕНОВ,

облыстық мәслихат хатшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<