Аққұмнан шыққан Еңбек Ері

1360

0

Қазақта «егінші жауында тынады, балықшы дауылда тынады, малшы өлгенде тынады» деген аксиома сияқ­ты сөз бар. Бұларды нау­қандық жұмыстар деп  те айтуға болады. Өйткені ол жыл он екі ай бойы жүріп жатады. Әр науқанның өзіндік жолы, ауыртпалығы, ерекшелігі, қырық қабат қиыншылығы бар екендігін айтудың орайы келіп тұрғаны.

Ауылда туып-өсіп, ауыл мектебін бітіріп, ондағы науқанды көзімен көрген Қазына Жүсіпова еңбек жолын 1956 жылы егіншілік саласында қарапайым жұмысшы болудан бастайды. Жастайынан кең дала төсінде өскендіктен бе, бой жазып  еркін жүргенді ұнатады. Балалық шақтың қимас әсем де қызықты кезеңдерін жазира далада өткізген, көктемде жалаңаяқ көк шөпті басып жүгірген жерде еңбек ете бастағанына айран-асыр. Алдағы биік асулар, оған бұралаңы көп жолдардың қиыншылығын жеңу арқылы ғана жетуге болатыны көз алдынан елес болып өткені. Осы тұста «ойда шек болмайды, ойдың иірімдері ғана болады» деген әжесінің айтқан әңгімесі есіне түсті.

Қатарларына ермей, жоғары оқу орнына түсуге бармай, ауылда қалып күрішші болуды қалаған ол қалай болғанда да елес берген сол биікке, сол еңбек биігіне көтерілуім керек деп ойына иірім жасады. «Қайран әжем даналық сөз айтқан екен-ау» деді іштей.

Еңбекке араласқанына бір жылдан асқанда 1957 жылдың көктем айында совхоз директоры Нағымар Назмаханов шақырып алып:

–  Қазына, сен өзіңе жүктелген міндетті жұмысты қалтқысыз орындап жүрсің. Енді бүгіннен бастап звено жетекшісі боласың. Бұл – совхоз тарихында тұңғыш қыз звено жетекшісі болды деген сөз. Әр адамның өмірлік мұраты, мақсаты болады. Сен соның ең биігінен көрінетін бол, – деп сенім көрсетіп, тілек білдірді. 

Звено жетекшісінің қарамағында 7 адам, 4 көлік бар. 105 гектар жерге күріш егеді. Кішігірім ұжым. Бұларға басшылық жасайтын Қазына. Басқару оңай шаруа емес. Сенімді ақтау үшін жұмысқа берілген Қазына мол өнім алу сыры ең алдымен еңбекте екенін звено мүшелеріне жеткізе де, жұмысты ыждағаттылықпен ұйымдас­тыра да білді. Күріш өсірудің қиыншылығы сол, күн сайын емес, сағат сайын күтімді қажет ететіндігін бір сәтте естен шығармады.

Күріш егуде басқа да талаптарды қатаң сақтаған Қазына басқарған звено күрішшілері жыл сайын жоспарлы өнімді артығымен орындап, совхоздың озат звеносы деген атаққа ие болды. Аудандық партия комитеті оның еңбектегі табыстары мен қоғам жұмысына белсене қатысып жүргенін ескере отырып, 1959 жылы коммунис­тік партия қатарына қабылдады.

Коммунистік партия мүшесі – сол уақыттың, сол дәуірдің саяси өлшемімен сипаттағанда абыройы мен беделі бар тұлға. Бұл бағаға Қазына Жүсіпова жиырма екі жасында ие болыпты.

1961 жыл Қазынаның өмірінде ерекше жыл болды. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленум мүшесі болып сайланды. Жиырма үштен енді асқанда мұндай сенімге, мұндай құрметті саяси ортаға лайық болу аса сирек кездесетін шешім еді. Қазына Жүсіпованың Орталық комитетке мүшелікке сайлануы уақытында аудан, тіпті облыс үшін айтып жүретін үлкен жаңалық болды. Жылына екі рет өтетін пленум отырысына бес жыл бойы қатысқан Қазына үлкен саяси мектептен өткендігін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Білетіндердің өзі де ұмыта бастаған шығар-ау.

Алматы қаласына пленумға барарда аудандық партия комитетінің жауапты қызметкерлері Қазынаны поездға мінгізіп салатын, келерінде күтіп алатын. Оның астанаға барып-келуінің өзі ауыл адамдарының қуанышты, мерекелі күні іспетті. Жиналғандарға көрген-білгендерін, пленумда КПСС Орталық комитеті Сая­си Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың жасаған баяндамасынан, сөйлеген сөзінен әңгіме айтып беретін. Балаларға әкелген базарлығын тарататын. Ол күн кішігірім той-томалақ болып өтетін.

Санап отырсам, содан бері елу тоғыз жылдан асып, алпысыншы жылға аяқ басыпты. Бұл аз уақыт емес. Жақсы адамды еске алып отыру да орынды сияқты.

«Аққұм» ауылында 1968 жылы жақсы жаңалық болды. Күрішші Қазына Жүсіпова СССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Ауыл адамдары бір-бірінен сүйінші сұрап, арқа-жарқа болды. Мұндай жаңалық ауыл тарихында тұңғыш рет болғандықтан ба, әйтеуір жорамал айтушылар көп. Бәрі де жақсылыққа жорыды. Солардың бел ортасында жүрген Қазынаның күйеуі Нышанбай ауылдың барлық үлкендерін үйіне шақырып, мал со­йып, қазан асып батасын алды.

Көп ұзамай ауыл ортасынан Мәдениет үйінің іргетасы қаланып, бой көтерді. Жыл өткен сайын құрылыс жұмысы қарқын ала түсті. Соңғы үш-төрт жылдың ішінде совхоз орталығында екі қабатты мектеп салынып, пайдалануға берілді. Өндірістік объектілер – машина-трактор станциясы, механикаландырылған астық қырманы осы мерзімнің үлесіне тиді. Көшелер асфальтталып, арықтарға лоток салынып, ауылдың көркі жаңа сипат алды. Осы аталған жұмыс­тардың жүзеге асырылуына СССР Жоғарғы Советінің депутаты ретінде Қазына Жүсіпованың тікелей ықпалы болғаны анық.

Бір сәт тарих жазбаларына орын берейік. Жыл қорытындысымен 1972 жылы облыс бойынша төрт күрішші Социалистік Еңбек Ері атағын алды. «Ұ.Алтайбаеваға, Н.Әпрезовке, Ш.Қа­занбаеваға және Қ.Жүсіповаға астықты, егіншіліктің басқа да өнімдерін өндіру мен мемлекетке сатуды арттыруда ие болған зор табыстары және егіннің өнімін жинауда еңбектегі ерлік көрсеткені үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Орақ пен балға» алтын медалі қоса тапсырылсын» деген КСРО Жоғарғы Советі Президиум­ның Жарлығы шықты. Бұл Жарлық облыстық «Ленин жолы» бүгінгі «Сыр бойы» газетінің 1972 жылғы 15 желтоқсан күнгі №244 (10 007) санында жарияланған болатын.

1979 жылы тың игерудің 25 жылдығына арналған республикалық актив жиналысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев:

– Отанымызға Ыбырай Жақаевтың күріші, Роза Рымбаеваның әні, Жұбан Молдағалиевтың өлеңдері керек, – деген еді.

Сол сияқты ауданның даңқын шығаруда Социалистік Еңбек Ері Қазына Жүсіпованың қосқан үлесі мен оның еңбекпен өскен өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі етіп айту үшін, тәрбие жұмысына пайдалану үшін керек-ақ. «Әр дәуірдің әртүрлі адамы бар, әр мезгілдің әртүрлі сарыны бар» деген ғой.

Шіркін, қай заманда да табанын жерге, тағдырын елге тіреген қазақтың осындай қыздарының болғаны мақтаныш емес пе?! Адам өмірге таң сияқты шуағын шашып келеді, күн көзіндей жарқырап өтеді, көк­жиекке біртіндеп кетеді. Өмір дегеніңіз қызық қой. Сол өмірден өз орнын тап­қан, облыста күріш егісінің дамуына үлкен үлес қосқан Социалистік Еңбек Ері Қазына Жүсіпова 2009 жылдың 29 қаңтарында дүниеден озды.

Туған жерін аялап түлету үшін жастық жалынмен еңбек етіп жиыр­ма үш жасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне мүше болып сайланған, отыз жасында СССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа өткен, отыз төрт жасында Социалистік Еңбек Ері атағын алған, заманының лауазымды атақтарының биік баспалдақтарына көтерілген Қазына Жүсіпова есімі ұмытылмақ емес.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер және

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының

Құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<