Бақтыбай Бердібаев

910

0

66 жасқа қараған шағында ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер Бақтыбай Смайылұлы Бер­дібаев өмірден озды.

Бақтыбай Бердібаев 1953 жылы 31 наурыз күні Арал ауданы, Сайғонды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1970 жылы №19 «Сольтрест» орта мектебін бітіргеннен кейін еңбек жолын «Аралтұз» комбинатында тұз қалталау машинисінің көмекшісі болып бастайды.

1972 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне оқуға түсіп, келесі жылы журналистика факультетінің студенті атанады.

Осы университетті 1978 жылы бітіріп шыққаннан кейін Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетіне әдеби қызметкер болып қабылданады. Мұнан соң «Аралтұз» комбинатында комсомол ұйымына, одан кейін бірер жыл Қызылордадағы «АТП-1» мекемесінде комсомол ұйымына жетекшілік жасап, жастармен жұмыс жүргізді.

1982 жылы облыстық радиоға диктор болып қабылданып, белсенді жұмыс жасады. 1986-2004 жылдар аралығында облыстық телерадиокомпанияда редакторлық қызмет атқарды.

2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы қызметіне шақырылып, 2008 жылға дейін осы оқу орнында болашақ журналистерге тәлім берді.

Ал 2008 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет жасады. Мазмұнды, қоғамдық ой-пікір тудыратын материалдар жазып, аға басылымның абыройын көтеруге өзінің үлесін қоса білді.

Б.Бердібаевтың журналистика саласындағы жемісті еңбегі әркез бағаланып,  Елбасының «Алғыс хатымен», облыстың Құрмет грамотасымен, «Қазақстан РТРК» АҚ «Құрмет грамотасымен» марапатталды. «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағы берілді.

Бақтыбай Смайылұлы Бердібаевтың жарқын бейнесі көптің жадында ұзақ уақыт сақталатын болады.

«Сыр медиа» ЖШС ұжымы.

 

Марқұмның намазы бүгін, 18 қыркүйек күні сағат 11:00-де Асфендияров тұйығы, 3 «А» үйде, (Майлин көшесімен қиылыс) садақасы сағат 15:00-де орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өтетінін хабарлаймыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<