Еленбей қалған ерлік

497

0

Мен Сталинград шайқасына қатысқан, қырғын соғыстан ауыр жараланып, мүгедек болып тұз-дґмі тау­сылмай елге оралған майдангердің  баласымын. Сондықтан соғыс тақырыбында газет бетіне жарияланған дүниелер өте ыстық. Ал олардың кейіпкерлері – батыр, қасиетті, қас­терлі. Олар Отан-Анаға берген антына адал болды, жандарын құрбан етті. Патриотизм мен батырлықтың, ерліктің үлгісін көрсетті. Еліміздің азаттығы мен бостандығын сақтап қалды.

1967 жылы «Лениншіл жас» газетінде гвардия подполковнигі Петр Иванович Серовтың «Батыр Мұса» деген шағын мақаласы шыққан. Редакция Белоруссияда тұратын авторға хат жолдаған. Көп ұзамай ол кісіден «За победу» атты майдан газетінің 1945 жылғы 1 мамырында Мұса Рыскелдиев туралы шыққан мақаласының қиындысы бар хат келген. Ондағы оқиға Мұсаның қандыкөйлек қаруласы Федор Баевтің көзімен былай баяндалады.

– Артиллерия шабуылынан кейін биіктіктегі жау бекінісіндегі бірнеше атыс ұяларының үні өшті. Бірақ кейбіреулері жойылмады. Олар біздің жауынгерлерге қатерлі қауіп төндірді. Мұсаның оқ тасушы жауынгері жараланып қалды. Барлық гранаталар мен оқтаулы дискілерді қапшығына салып алған жас қазақ жігіті жан-жағына бағдарлап қарады. Екінші, үшінші взводтар төбені оң мен солды айналып өтіп, жай жылжып барады. Кенет жау оғы оларды жерге жабыстыра түсті. Мұса тісін шықыр­латып жау жағына пулемет оғын жаңбырша жаудырды. Осы сәтте сол жақтан күшті атыс даусын байқап қалды. Бетондалған пулемет ұясы болса керек. Осы байқағанын Федор Баевқа хабарлаған. Оң жақ қанаттан да күшті атыс ұясы көзге шалынған.

– Аналарды жоюға әрекет етсек қайтеді, Мұса! Әйтпесе олар бізді құртады ғой, – дейді Баев.

– Сөйту керек. Биіктікті біздің алуымыз оңайға түседі, – дейді бұл.

Баев бөлімше жауынгерлеріне өздерін қорғауды тапсырып, өзі оң жақ қанатпен, ал Мұса сол жақ қанаттағы атыс ұяларын бетке алып еңбектей жөнеледі. Фашистер байқап қалып оқты қарша боратады. Мұса бір-екі минут қимылсыз жатып, тағы да алға жылжиды. Жаудың атыс ұясына 20-25 метрдей қалғанда Мұса қарсы алдындағы бетондалған дзотқа екі гранатаны лақтырып үлгереді. Олар сәл жетпей жарылады да, жау пулеметшісі бірнеше секундқа кідіріс табады. Соны пайдаланып, Мұса атыс ұясына төрт-бес метр жетіп үлгереді. Тағы екі гранатаны лақтырғанда олар дәл атыс ұясына түсіп гүрс етіп, оқ себелеп тұрған тажалдың үнін өшіреді. Мұса тағы бір атыс ұясының көзін жояды. Өзіне автомат кезенген фрицті атып тастайды. Траншеяның бұрылыс жолымен жүгіріп келе жатады, оншақты фрицті көреді. Олардың өзіне тақалып келуін күтіп қимылсыз тұрып қалады. Жау әскері Мұсаға бас салған кезде, аяғының астына соңғы гранатасын тастап жібереді. Атыс біткесін сержант Федор Баев қаруласы Мұсаны іздеп табады. Санитар оның жарасын таңып жатыр екен. Мұсаның қан тамыры әрең соғады.

– Мұса, қымбаттым, көзіңді аш­шы! Мен Баевпын ғой, – деп айқайлайды.

Ол болар-болмас үн қатып:

– Командирге айт, мен жауынгерлік тапсырманы орындадым, – деп мәңгілікке көз жұмады. Ол бұған дейін де ерлігімен бірнеше рет көзге түскен екен.

П.Серов «За победу» майдан газетіне 1945 жылдың мамырында Мұсаның осы ерлігі жайлы «Партиялық тапсырма» деген мақала жазған. Сол кездегі газет редакторының орынбасары. Кейін Қазақстандағы Жаңақорған ауданының №167 «Жаңа арық» орта мектебіне хат жазған. Сонымен  қатар Брянск қаласындағы «Подвиг» клубының қызылізшілері сұрау салып хаттар жазған. Онда Мұса 4-Бежитская девизиясының құрамында болғаны, асқан ерлік жасағаны айтылған. Мұндай хаттар бұрын да Мұсаның туған-туысқандарының атына жіберілген. Бірақ мекен-жайы дұрыс болмай, қайтып өздеріне келе берген. 1967 жылдан бастап Мұса Рыскелдиев жайлы жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Кеңес Одағы кезінде Мәскеудегі ГДР елшілігі, Брянск қаласындағы «Подвиг» клубының қызылізшілері КСРО Қорғаныс министрлігіне дейін хат жазып, нақты деректер жинаған.

Осының негізінде Жаңақорған аудандық атқару комитетіне Мұса Рыскелдиевтің атына көше беруді сұрағанда, ондағылар «Бұл кісіні нақты анықтайтын құжат жоқ» деп бекітпей тастаған, деп жазады дербес зейнеткер Сүлеймен Мырзаев өзінің 8 мамыр 2004 жылғы «Белгісіз батыр» деген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында. Іздеушілер КСРО Қорғаныс минис­трлігінің орталық мұрағатына сұрау хат жолдаған. Кешікпей басқарма бастығы, генерал-лейтенант Куприя­новтан жауап хат келген. Ол хатта Мұса 4-Бежитская девизиясының 220 атқыштар полкінің бөлімше командирі болғандығын, 1945 жылдың 10 наурызында ерлікпен қаза тапқандығын, Армия командашысының №0176 бұйрығымен «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталғанын хабарлаған. Ол Германияның Франкфуртқа жақын жердегі бауырластар зиратында жерленгенін жазған. Бұл деректер сол кездегі Мұсаның қарындастары Күлпан мен Гүлдарға хабардар етілген. Өкініштісі, сол қарындастарының фамилиялары күйеу­лерінің атында болғандықтан оларға Мұса Рыскелдиевтің «Қызыл жұлдыз» ордені тапсырылмаған.

Міне, содан бері 75 жыл өтті. Соғыстың аяқталуына санаулы күндер қалғанда ерлікпен жаны қиылған Мұсаға тағдыр жарық дүниеде миллиондаған кеңес жауынгерлері сияқты фашизмнің ордасына жеңіс туын тігуге жазбапты.

Оның ерлігіне қаруластары тәнті болып, туған жеріне, ағайын-туыстарына, аудан басшылығындағы азаматтарға Мұсаның есімін ұлықтауға өтініш хаттар жазғанымен, шешімін таппай келген.

Жауға берілмей, соңғы гранатаны жарып өзін де, ондаған фрицті жойған Мұса батырға бүгінгі ұрпақ қандай құрмет жасаса да, артық болмайды. Соғыста саналы түрде жанын қиып жасаған ерлігіне берілген «Қызыл жұлдыз» орденін елге қайтарып, музейге табыстау және аудан орталығынан көше атын беру, өзі оқыған мектептің атын Мұсаның есімімен атау Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында атқарылса дейміз.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<