Еліміздің өсіп-өркендеуі жолына саналы ғұмырын жұмсаған ардагерлер қауымы қандай марапатқа да лайықты. Осынау абзал жандар бейнеттерінің зейнетін де көруде. Тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалыдағы «Шағала» демалыс орталығында ардагерлердің демалысын тұрақты ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Бұл жолы аудан әкімдігінің қолдауымен кент, қала, ауылдық округтерден келген 40 ардагер жасыл желекке малынған орталықта тынығып жатыр. Аумағы атшаптырым «Шағаладағы» жапырағын самал тербеген 40 мыңға тарта тал, жеміс ағаштары, хош иісті алуан гүлдер «Таза ауа жұтқаның – талай ғұмыр ұтқаның» деген ғибратты еске түсіреді.
Демалыс орталығында тынығушыларға бар жағдай жасалған. Дәмді ыстық тағам уақытымен беріліп, спорт түрлерінен жарыс өткізіледі. Аудан өнерпаздары концерттік бағдарламалар ұсынып, ардагерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.
– Ардагерлердің жатар орындары қолайлы. Медицина қызметімен қамтылған. Аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық, өзге де басшылар арнайы келіп, ардагерлердің жағдайын біліп тұрады. Олардың алаңсыз демалуы үшін қызмет жасауға әзірміз, – дейді орталық директоры Болат Жолтаев.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<