Мені іздеген ақын қызға

1017

0

Ақын Серік Сейітмаған­бет­ұлы­ның «Мені іздеген ақын қызға» де­ген ғажайып бір сырлы өлеңі бар. Айдынды Аралдың ай­бынды ақын­ын іздеген ақын қыз кім еді?

Өткен ғас­ырдың со­н­ау бір жыл­дарына ойша шарлап, бір барып қайттым. Ұмытпасам, 1988 жыл бол­уы керек,  әйтеуір сол шама. Тоқы­рау деп аталған жылдардың бас­талған кезі. Кешегі көз алдымыз­дағы көк теңіздің толқыны жа­ғалауды ақ көбікке толтырып жат­қан шағы көзден бірте-бірте бұл-бұл ұшып, адамзатты алаңдатқан «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ұран көтеріліп жатқан тұс. Арал теңізінің басындағы апатты жайт жақсылар мен жайсаңдарды да алаңдатып, іс басындағылар, қоғам қайраткерлері осында дүр­кін-дүр­кін ат басын бұрып жата­тын. Елдің де, ердің де көңілі алаңдаулы.

Ұш­ан-теңіз жағалауын­дағы жа­ғалай қонған балықшы ауылдар тайқазандай қайнап жа­татын кешегі базарлы да думанды тірлігінен айырылып, көшкен елдің жұртының ізі сортабан­да­нып, тұзды судың сорабы ғана қалған. Алайда ақеден, ақжүрек Арал адамдарының өмірге деген құлшынысы еш сетінемеген. Үмітті еді. Алматыдан, басқа да үлкен-үлкен қалалардан келген­дер сол теңізді толтырып кете­тіндей қуана қарсы алып, солар­дың бір-екі ауыз жылы сөздеріне балаша шаттанып жүретін…

Сол бір шақтарда қасиетті Арал топырағына ақын, қазақ хал­қының сүйікті қызы Фариза Оңғарсынованың табаны тиді. Өлеңдері сезім мен сертке толы поэзия падишасының өңірімізге келуі үлкен оқиға болмай қайтеді. Өйткені, оның өзі де аңыз, өлеңі де аңыз.

Фариза ақын ол кезде республикалық «Пионер» журналы­ның бас редакторы. Атағы алаш жұртында дүркіреп тұрған ақын жалғыз жүре ме?! Қосшылыққа жанына әдебиетте енді-енді көрі­ніп, таныла бастаған талантты жас жігіттер – Мейірхан Ақдәулетов пен Бекұзақ Омаровты алыпты. Әуелі Сырдың бас шаһары – Қызыл­ордаға табан тіреген меймандар топтар­ына белгілі журналист-жазушы Айжарық Сәдібекұлын қосып алған екен. Жұрттың кітапты жата-жас­танып оқитын, ақын-жазушыны пір тұтатын кезі ғой. Осы топ кел­генде анау-мынау қонаққа елп ет­пейтін қабағы қату аудандық пар­тия комитеті, «жалындап-жалаң­дап» жүретін комсомолдан бастап, қаламыздың барша қарапайым халқы бір дүрлігіп, бір желпініп қалған.

«Қала орталығындағы аудандық мәдениет үйінде (бұрынғы Арал портының «Маяк» клубы) поэзия кеші болады» дегенді хабарландыру­дан естіген жұртшылық тайлы-тұяғы қалмай жиналған. Қазақ өлеңінің аққуы, ақын Фариза Оңғарсынованы өз көздерімен көр­уге, рухты жырларын өз құлақтары­мен тыңдауға деген аралдықтар­дың ыстық ықыласы онсыз да ыстық клуб ішін тіпті қыздырып жіб­ерді.

Ду қол шапалақтардан залдың төбесі желп-желп еткендей болды. Әуелгі бірде ақын інілерін ертіп сахна төріне шыққан Фари­заның өзі не істерін білмей дағдарып қал­ған­дай бір сыңайлы сәт болды.

Кездесу кешінің басқару жағы аудандық комсомол ұйымында екен. Олай болатын реті де бар. Фариза ақын бүкіл халықтың сүй­іктісі болғанымен де, ол жетекшілік ететін «Пионер» журналы мектеп оқушыларына арналған басылым. Демек, тікелей Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің органы. Осы­ны ұстанған, жоғарыдан тап­сыр­ма алған кеш жүргізушісі сах­наны саңқылға толтырып, дабыл­датып, ұрандатып баса-көктеп алып бара жатыр еді,  кенет болмысы бөлек Фариза ақын дүр сілкінгендей болып, қаба­ғы шырт түйіліп, дауысын қатай­тын, жақтырмаған зілді үнмен:

– Ей, комсомолдар, тұра тұрың­дар… Мені мақтауды доғарыңдар! Маған поэзия кеші керек. Оқыр­мандармен сырласу кеші керек… Өлең оқитындар сахнаға шық­сын,– демесі бар ма.

– Өлең оқимыз… Өлең оқи­мыз…– деген дауыстар шықты зал­дан.

Кештің тізгінін өз қолына алып алған Фариза зал толы көрермен­дерге ыстық ықыласын төккендей болып қарап тұрып:

– Әрбір өлең жазатын, сұлу сөз­ге құштар адам құрметке лайық. Бүгін өлеңмен өрнектелген кеш бол­сын. Аралда да ақындар аз емес шығар… Осы Аралда Серік Сейіт­мағанбетов деген жақсы ақын бар еді… Ол қайда? – деп сұрау салды.

Алдыңғы қатарда отырғандар­дың біреуі жауап беріп жатты. Арал сахнасында өлең толқы­ны арнадан асқандай болды. Ақын апаның шақыруына арқасы қозған Толыбай Абылаев бас­қарған жер­гілікті жас ақындары­мыздың бір­нешеуі суырылып шы­ғып, биік сах­нада қадалып тұрып өлең-жыр­ла­р­ын оқыды. Фариза ақынның дүр­кін-дүркін мақтауын естіп, майдай жағып, мерейлері өсіп қалды.

Қадірлі қонақ Фариза Оңғар­сын­ова сол күні басқа шақыру­ларды тыйып тастап, қаланың Шанхай бөлігінде тұратын балалар жазушысы, ақын Сағындық Тұр­далиевтің қоңырқай үйінің төрін­де отырды. Кешқұрым қонақтар өздері түскен «Арал» мейманхана­сына оралғанда, біздің өлеңге шөл­деп жүрген Толыбай, Оңталаптарымыз ақын апамыздың бөлмесіне барып, оның жүрекжарды әңгіме­лерін армансыз тыңдап, бал таты­ған керемет шайын ішкен.

Ертеңіне аудандық партия коми­тетінің хатшысы Набат Махано­ва­ның бастауымен «АН-2» ұшағы қымбатты қонақтарды жағалау-жиегі қаусырылып тартыла баста­ған теңіз үстімен Бөген ауылына қар­ай алып ұшты… Фариза ақынның серіктеріне айналып үлгерген біздің жас шайырларымыз да бірге ұшып, жырғап бір қалған-тын…

Аралдың ақиық ақыны Серік аға сол күндері науқас­та­нып, үйінде жатқан болатын. Ал­айда аузы дуалы Фариза ақынның «Аралда Серік Сейітмағанбетов де­ген жақсы ақын бар еді… Ол қай­да?» деп әдейілеп сұрап, оны қалың көптің ішінен көңіл бөліп іздегені кеш араламай-ақ құлағына жеткен-ау. Жақсы сөз жата ма?!

Естіген соң жүрегі елжіреп, ақ қағазы мен қара қаламын алып, көңіліндегі бір құб­ылысты ақтарыпты. Ол өлеңнен хабарсыз едік. Серік ақынның өзі 1990 жылы дүниеден өтті. Қала­мынан туған өлең-жырлары көзі тірісінде кітап болып басыл­мады.

Төсегінің қасында тұратын «қара шабаданында» сүрленіп жат­ып қал­ыпты. Тек 1998 жылы, яғни ақын қайтыс болған соң сегіз жыл­дан кейін жарық көрген «Асқарым – арманым» атты кітабының 66-бетінен «Мені іздеген ақын қызға» деген өлеңін оқығанда бір селт еттік. Өлең өзін іздеген ақын қызға деген ризашылық сезімге мейміл­деп толып тұр. Албырт ақын көңілі сон­ымен бірге өзінің тел анасын­дай болған Арал теңізінің жоғалып бара жатқанына төл перзенті ретін­де кінәлі сезінуін аңғарамыз. Серік ақын сауыққан соң ізе-шала ізде­генін, алайда кездесе алмағанына өкініш білдіреді. Ақынның сол сәттегі алғаусыз сезімін өлеңді оқи отырып бөлісейік.

Жанарымды тербеп майда леп,

Мерейім қалды-ау өсіп тым.

«Сол ақын жігіт қайда?» деп

Іздегеніңді естідім.

Кәдуілгі шаншу тарқамай,

Бара алмай әттең қалған ем.

Атымды атап қалқам-ай,

Сұрапсың мені залдан кең.

Аралдың мұңын шертуге,

Жиналған екен бар ақын.

Су сепкен қайғы өртіме,

Қарлығаш сынды қарағым.

Шыным бұл, айып етпеңіз,

Ұяла қолым ұсынам.

Жоғалғанына көк теңіз

Кінәлі мендей қысылам.

Жататын шалқып, шуылдап,

Теңізге мейлі қашан бар.

Жанады бетім дуылдап,

Ал бүгін жамандасаңдар.

Көңілді торлап қаяу мұң,

Маңдайдан терім бұрқ етер.

Аралым – арым, аяулым,

Аралды қиып кім кетер?!

Толар-ау теңіз, тегінде,

Күдерді ешбір үзбегін.

Жадыратайын дедің бе,

Ақын қыз, неге іздедің?

Құстай ұшып-ақ жетіп ем,

Көре алмай қалдым өкінем.

Ағаң боп сүйіп бетіңнен,

Төбеме көтеретін ем!

Сезім айдыны шалқар ақын­ның риясыз жүрегінің соғысын тыңдағандай болдық.

Әр өлеңнің парасатты, қайта­ланбас ой мен пәруайлы сезімге бөленіп, оқырманға жетуінің өзіндік тағдыры бар. Өлең деген­нің жайшылықта жайдан жай туа салмайтыны рас. Жыр жинағы­нан осы өлеңді әр оқыған сайын санамызда арада өткен сан жыл­дардың ескі пердесі ысырылып, сол бір жасампаз жылдар қайта жақындап, мөлдір сағыныштың саумалды лебіне бөлейді.

Туған жерге туын тігіп, талай-талай тамаша өлең жырларын туындатқан ғажайып лирик ақын Серік Сейітмағанбетұлының поэ­зиясына бүгін тағы бір жаным су­сындап, ақын жүрегінің лүпілін көпке дейін басымнан өткеріп отыр­дым…

Ерғали АБДУЛЛА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Арал қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз