НЫСАНБАЙ ЖЫРАУДЫ ҰМЫТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?

5665

0

«Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп ақындарымыз жырлағандай, халқымыз соңғы екі ғасыр бойы тәуелсіздікке толғатып, ұлт қамын ойлаған сөз зергерлері осы киелі тақырып төңірегінде толғанумен болды. Соның айғағы  –  сонау Сырым заманынан бері, хан, сұлтан, қарадан шыққан талай батыр қол бастап, қара орман қалың жұртын теңселтіп, сан рет ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. Өткен ХІХ ғасырдың бедеріндегі Исатай, Махамбет, Көтібар, Жоламан, Есет, Ерназар, Бекет, Жанқожа, Сұраншы, Саурық, Байсейіт, Ағыбай, Бұқарбай, Ақтан, Иман, Басықара, Жанайдар, Жеке батыр, Төлебай, Жәуке, Шәкір сынды ондаған қазақ батырлары сыртқы жауларға – орыс, қоқан басқыншыларына қарсы халық қозғалыстарына қатысып, дарынды қолбасы, сайыпқыран сардар ретінде аттары аңызға айналды. Ал сол сұрапыл шайқастарда мыңдаған қазақ сарбаздары ерлік көрсетіп, майдан даласында қыршынынан қиылды. Жүздеген боздақтар Отан қорғау жолында шаһид болып, сүйектері көмусіз қалғаны бір Аллаға аян. Иә, қазақ халқы азаттық күресінің ауыр соқпақтарын басынан кешіріп, бүгінгі жарқын күндерге абыроймен ат басын тіресе, бұл ұзақ сапарда сол бір рухты ерлеріміздің ерен ерлігі, ересен үлесі барлығын ұмытуға хақымыз жоқ.

Қазақтың ескідегі тарихын кеңінен толғайтын батырлар жырын былай қойғанда, бергі Абылай, Қасым, Кенесары, Жәңгір хандар тұсындағы қазақ өмірін, ұлтымыздың басына үйірілген дүрбелең дәуірді бейнелеген небір нақышты, шытырман да шұрайлы шығармалар баршылық. Олардың бір шоғыры тарихи эпос, аңыз, әңгіме түрінде келсе, енді бір қатары тарихи жыр, толғау ретінде сақталып бүгінге жеткенін білеміз. Сол сияқты туындылардың көпшілігін дарынды ақын, жыраулардың шығарғанына еш күмән жоқ. Өкінішке қарай, олардың бәрі өзінің авторлығын сақтай алмады, зұлмат кезең оқиғаларының әсері, уақыт табы оларды тарих көлеңкесінде қалдырды. Басқа да түрлі себептермен есімдері ел есінен өшкен сөз зергерлері қаншама?! Дегенмен, көптеген белгілі ақындарымыз бен жырауларымыздың шығармалары елден – елге, ауыздан – ауызға тарап, әлдеқашан халық игілігіне, жұрт жәдігерлеріне айналып үлгер­гені шындық.

Бүгінгі әдебиет тарихында ав­то­ры сақталған тарихи жыр, тол­ғау­лар қатарында Махамбет, Қашаған, Мұрат, Ығылман, Досқожа, Күдері, Нұрпейіс, Жамбыл, Нұрхан, Көкбай, Нұртуған, Мұсабай, Нұрмағамбет, т.с.с. санаулы саңлақтардың соңында сақтал­ған таңдаулы туындыларды ғана тізімдей аламыз. Осылардың арасында еңсесі ерекше биік шалынатын, әдебиет тарихында ақырғы жүзжылдық бедерінде айрықша сөз болып, көптің аузындағы әңгімеге, оқығандардың ғылымына өзек болғаны – «Кенесары-Наурызбай» тарихи жыры. Авторы – атақты Нысанбай жырау, Сыр өңірінде туып-өскен сирек талант иесі.

Расында да, Нысанбай – қандай құрметке де лайықты сөз зергері. Даңқты жырау жөнінде академик-жазушы М.Әуезов: «Қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының ортасында болған ақын дастанды шындыққа ғана құрып, кестелі тілмен суреттей жазған. «Кенесары-Наурызбай» жорығы туралы кейінгі талай ақын түрлі өлең шығарса да, дәл Нысанбай жеткен өріске жеткен емес. Нысанбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы, жанды шындық бар. Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде сол жорықтың қуанышы мен қайғысын кеше ғана көз алдынан өткізген, көзі көргеннің жаңалығы бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң, арманы бар», – деп жазғаны есімізде. Нысанбай жыры – ерлік шежіресі. Мұнда қазақтың сол тұстағы ең атақты Ағыбай, Бұқарбай, Бұғыбай, Байзақ, Саурық, Жеке батыр, Жәуке, Шәкір, Ержан секілді көптеген жаужүрек батырларының тарихи-поэтикалық портреттері сом­далған.

Кенесары көтерілісі 1837-1847 жылдардың арасында қазақ даласының біраз бөлігін шарпы­ған айтулы жорық болғаны мә­лім. Елінің азаттығын, жері­нің бүтіндігін көксеп, орыс отаршыл­дығымен ақырғы айқасқа бел буған қазақ ханының алғашқы ұрыстары Ақмола, Көкшетау, Торғай, Ұлы­тау төңірегінде өтсе, кейінгі соғыс қимылдары Созақ маңында қоқан­дықтарға қарсы өт­кендігі тарихтан белгілі. Ол тұстағы Кене ханның жорығын бейнелейтін тарихи жырларда  Жанқожа, Жанайдар, Иман, Басығара, Тоғанас, Байсейіт, т.б. қазақ батырларының ерен ерлік­тері баяндалады. Ал ең соңғы сұрапыл соғыс Жетісу жерінде – Балқаш, Шу, Самсы, Қызылағаш, Қамал, Сеңгір, Кекілік секілді өзен, көл, тау бөктерлерінде Алатау қырғыздарымен арада өтеді. Хан Кененің орысқа, қоқан мен қырғызға жасаған жорықтары жа­йында ел арасына жайылған аңыз әңгіме де, қысқа оқиғалы толғау, поэ­ма және желілі тарихи жыр да көп. Сондай әңгіме, жырларды оқып қарағанда, Кенесарының кейбір қиян-кескі жорықтарына Нысанбайдан басқа Күдері, Досқожа, Доғалақ, Сейдақ қожа, Төремұрат жыраулардың куә болғандығын, кейбіреулерінің сол соғыстарға тікелей қатысқандығын аңғаруға болады. Әсіресе, соң­ғы үшеуінің ханның Қоқан бекі­ністеріне жа­саған шабуылдары кезінде қазақ қолының арасында болып, батыр­ларға дем беретіндей рухты жыр, толғаулар шығарғаны ел аузында сақталған. Мысалы, атақты Жанқожа батырдың жанында жүрген Төремұрат жыраудың Созақ қамалын алар алдында Кіші жүз сарбаздарына арнаған ұран-жыры тыңдаушының тұла бойын шымырлатар ерекше зор қуатқа ие екендігін еріксіз мойындайсыз.

Ал Нысанбай жыраудың жөні тіпті басқа. Кейбір деректерге қа­рағанда, Нысанбай Көкшетау ма­ңында дүние есігін ашып, жас­тайынан Хан ордасына жақын өс­кені айтылады. Бір толғауында жы­раудың:

«Менің атым – Нысанбай,

 Ат жібердім тұсамай,

Өзім жырау болыппын,

Ата-анама ұсамай.

Он бес жасқа келгенсін

Төрені іздеп келгенмін –

Кенесары, Наурызбай.

Бірге өсіп ем ордада,

Ахмет, Тайшық қасында-ай», – дейтіні де бар. Нысанбай шы­ғар­машылығын алғаш зерт­теу­ші­лердің бірі – профессор Е.Ыс­майы­лов жырауды 1824 жылы туған деп болжайды. Өз пікірін зерт­теуші қисынды деректермен бе­кіткендей болады: «Жыраудың туған жылын шамалағанда, 1824 жылға келіп қалады. Өйткені, ол Кенесарыға келіп қосылғанда 15 жаста едім дейді. Ал Кенесарының атағы шығып, дәуірлеген кезі 1838-1839 жылдар. Наурызбайдың ерлік атағы 17 жасында шығады. Бұл да 1839 жылдар және Тайшық төремен бір жатты дегеніне қара­ғанда, Нысанбайдың жас мөлшері тағы да көрініп қалады. Өйткені, Тайшық ол жылдары 12-13 жас­тағы бала болуға тиісті. Сон­дықтан, Нысанбайды 1824 жылы туған деудің қисыны келіп тұр. Нысанбай Тайшық төреден үш жас үлкен, Наурызбайдан үш жас кіші болып шығады».  Кейінгі кез­дері Нысанбайдың Қызылорда об­­лысының Жалағаш ауданы тө­ңі­регінде туып-өскендігі де жазылып жүр. Бәлкім, жыраудың отбасы керейт Марал ишан көтерілісі тұсында Сыр бойынан Арқаға қо­ныс аударған болар. Ол жағы беймәлім.

«Кенесары-Наурызбай» жыры мен Нысанбайдың тағдыры егіз. Кешегі Кеңес үкіметінің тұсында, ХХ ғасырдың 40 жылдарына шейін аталған шығарма да, оның авторы да қазақ әдебиеті мен тарихында оқтын-оқтын сөз етіліп, зерттеушілер тарапынан қилыша бағаланып келді. Әрине, мұның бәрі – саясаттан, Кеңестік жүйенің қазақ тарихына деген тұрпайы көзқарасынан туындап жатты. Кенесары мен Наурызбайды, олардың тағдырын, ерлікке толы соңғы күндерін жырмен суреттеген Нысанбайды бірлі-жарым Алаш зия­лылары мақтағанмен, көпшілігі, жаңа қоғамның белсенді өкілдері, әсіресе, солшыл большевиктер жағ­ы тек даттаумен болды.

Ал, өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері қарай бұл тақырып мүлде жабылып, оқу бағдарламаларынан алынып тасталғаны белгілі. Енді Нысанбай жырау шығармашылығы жөнінде білгісі келетін оқырман тек шаң басқан мұрағат, кітапхана қорларынан ғана іздейтін болды. Сөйтіп, қазақтың соңғы ханы Кенесары мен жыраулық поэзияның ақырғы өкілі жарты ғасырдай мезгіл туған халқынан көз жазып, архив-абақтысында тұншығып жатты. Бұл тақырып жайында жазу, зерттеу жұмыстары Қазақстан тәуелсіздік алған 90-шы жылдары ғана мүмкін болған еді. Ұзақ  үзілістен соң, «Кенесары-Наурызбай» жырының бір нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ға­лымдары әзірлеген «Тарихи жырлар» сериясының 3-томына енді. Әйткенмен, осынау ғажайып жыр­дың әдепкі иесі – Нысанбай жырау Жаманқұлұлы шы­ғар­ма­шылығы туралы түбегейлі зерттеу жұмыстары әлі күнге жарияланбауы – бұл тақырыптың өзектілігін ғана емес, оның шешімін таппаған мәселелері жетерлік екенін аң­ғартады.

Бір айта кетерлігі, Нысанбай жырау хақындағы қай мақала болса да, авторлардың Алаш әде­биет­­танушыларының 20-30 жылдары жазылған осы тақырып­тағы еңбектеріне сүйенгендігін бай­қаймыз. Бұл орайда Х.Дос­мұха­медұлы, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ.Бекхожин, С.Мұқанов, Қ.Жұма­лиев, Е.Бекмахановтардың «Кенесары – Наурызбай» көтерілісі туралы ойлы еңбектерін бөле-жара атаймыз. Осы қатарда Р.Бердібаев, С.Қирабаев, Х.Сүйіншәлиев се­кілді есімдері көпке танылған әде­биеттанушылардың аталмыш жырау туындысы мен оның қа­һарман қайраткерлері жөніндегі мақалалары елеулі маңызы бар. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында Нысанбайдың өмірі мен оның «Кенесары-Наурызбай» тарихи жырын арнайы зерттеген ізденімпаз ғалым Ф.Бейсембаевтың еңбектері де назар аударарлық.

Кенесары қозғалысы – тәу­елсіздік үшін күрестің шырқау биігі екенін ескерер болсақ, зерт­теушілеріміз Нысанбай жырау шығармасы төңірегінде сан қайтара қалам тербейтіні сөзсіз. Нысанбай – қазақ әдебиеті тарихынан ойып орын алатын, қазақ арасында мойындалған, аса қадірлі, тегеурінді талант иесі. Оның «Кенесары-Наурызбайдан» өзге де бірталай туындысы сақталғаны жайында деректер бар. Осы бағытта біраз ғылыми ізденістер, әдеби іссапарлар жасау қажеттігі де сұранып тұрған жұмыс. Нысанбай жыраудың шы­ғармалар жинағын, «Кенесары-Наурызбай» поэмасының ғылыми басылымын және арнаулы зерттеу монографияларын жазып, жарыққа шығару – бүгінгі ұрпақтың мәр­тебелі борышы.  Елбасының 2018 жылдың 21 қарашасында «Еге­мен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында былай делінеді: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.

Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құр­ме­тіне ашық аспан астында ескерт­кіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.

Екіншіден, мақ­сат­ты мемлекет­тік тапсырыс ұй­ымдастыру арқылы қазіргі әде­­биет­тегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өне­рін­дегі ұлы ойшылдар, ақын­дар және ел билеген тұлғалар бей­несінің маңызды галереясын жасау­ды қолға алу қажет».

Біздіңше, жыраулық поэзияның аса дарынды өкілі, азаттық кү­ресінің дауылпазы һәм қаһар­ман­дарының бірі Нысанбай Жа­­манқұлұлы – жоғарыда атап көр­­се­тілген «Тұлғалар галереясына» енгізуге әбден лайықты тұлға. Осы орайда, жампоз жыраудың есімін облыста, одан әрі республика көлемінде ұлықтай түсу, түрлі әдеби-мәдени жиындар өткізу ға­лымдардың ғана емес, билік тізгінін ұстаған азаматтардың да қаперінде жүргені абзал дер едік.

Серікбай ҚОСАН, түркітанушы,

 филология ғылымдарының кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<