Сапер сыры

491

0

«Сапер бір рет қателеседі» деген қағида соғыс солдаттарынан қалған сөз, әрі өмірдің шындығынан алынған. 

…Маңдайынан сорғалаған ащы тері көзіне құйылған  Бекеттің бар зейіні мина орнын анықтайтын арнайы қондырғыға ауған. Егер жазатайым дыбысын аңғармай қалсаң, бітті, көмуге сүйегіңді де таба алмай қалады. Мұндай жағдай саперлардың арасында жиі орын алып тұрады. Оның үстіне фашистер мина жасыруға келгенде түрлі айла-тәсілдерді қолдануға әуес. Өткен жолы оққа ұшқан совет солдатының денесінің астына жасырылған мина жарылып, көрші полктен қаншама боздақтың ажал құшқаны бар. 

Жер бауырлай жыл­жыған Бекет Сарқұлов желкілдей өскен қалың шалғынға тірелгенде сақтығын күшейте түсті. Ішкі түйсігімен жақын жерден ажал иісін сезгендей мазасыз күй кешкен. Түйсігі алдамапты. Шөбі сәл сарғайған бұта арасына танкке қарсы қолданылатын ми­­на көміліпті. Сәл қиыс басқанда… сау-там­­тығы қалмайды екен. Бекет етпеттеп жат­қан қалпы,  минаны залалсыздандыруға кірісті. Басыңды көтерсең болды, аңдып жатқан жау мергені маңдайыңа ажал оғын сарт еткізері айдан анық. Жай­шылықта да ауыр мінезді Бекет өмір-өлім белдескен сын кезеңде тіпті қорғасындай ауыр тартқан. Әп-сәтте ондаған минаны тауып, әскерлерге жол ашқан қазалылық сапер солдат арттағы негізгі күшке «жүруге болады» деген шартты белгіні беріп үлгерді. Жаралы аңша ыңырана алға ұмтылған үсті десантшыларға толы бастаушы танкінің ізімен өзге құрыш қапталған техникалар да лап қойды. Тасыған селдей қаптаған кеңес әскері алынбас қамалдай көрінген жау бекінісінің тас-талқанын шығарды.

Біздегі сарғайған құжаттағы наг­радтау қағазындағы «асқан батыр­лығы үшін қатардағы солдат Бекет Сарқұлов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды» деген №369 ОККД командирі, гвардия полковнигі Голубев қол қойған №25034588. 16.08.1944 жылғы жазуды оқығанда жанарым тұманданды. Көз алдыма қанды ауыз мылтығын ұмсынып, қалайда жайратуды көздеген жау мергені, туралап келген ажалды елемей, жолды минадан тазартқан  батыр сапер, бауыр еті перзентінің елге аман-есен оралуын Жаратқаннан күндіз-түні тілеп, жалбарынған қарт ата-ана,  қазақтың шалқар даласының қиырындағы Май­дакөл ауылы, бәрі қаз-қалпында қылаң берді.

Бұл біздің кейіпкеріміздің ал­ғашқы да, соңғы да ерлігі емес еді. Бұған дейін  сапер Бекет Сарқұлов дәл осындай батырлық іс-әрекетіне орай «Ерлігі үшін» медалімен мара­патталған еді. Қашанда байсалды мінезді, қақ-соққа әуестігі жоқ Бекетті қаруластары қашанда мақтаныш тұ­татын. Оған ажалдың өзіне тура қараудан тайсалмай­тын жүректілігін қосыңыз. Ерлік жолы жалғаса берді. Арада жыл өтті. Кірпік қаққанша қан­шама адамды жалмап жат­қан  соғыс мез­гілі­мен есептесек, бұл өте ұзақ мерзім.  Жыл­жыған уақытпен бірге Бекеттің де ерлік жо­лы толыса берді. Екін­ші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденін кеу­­десіне жарқырата тақ­­ты.

Бір сәт Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор С.Саянов қол қойған анықтамаға назар аударай­ықшы. Онда «Ұлы Отан соғысына қатысушы Бекет Сарқұлов 1915 жылы дүниеге келген. Қазалы әскери комиссариатынан әскерге алынып, 1945 жылы мамырда елге жеңіспен оралған. №2 Белорусь майданы, 50-ші армиясы, қызыл тулы Карачев атқыштар дивизиясының №369 арнайы саперлар батальоны сапында шайқасқан. Аудандық қорғаныс бөлімінде есепте тұратын Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер арасында екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальмен марапатталған бірден-бір соғыс ардагері» – деп жазылуы кейіпкеріміздің абырой­ын асқақтата түсері даусыз. Бекет Сарқұлов қанға сіңген дағдымен мұны қалыпты жағдай деп қабыл­дады. Ел басына күн туғанда қолға қару алу перзенттік парызым деп санады.  Осы мақсатпен жауына жолбарысша шапты, арыстандай арпалысты. Алайда, өзінің қан майданда басқа қаруластарына үлгі болғаны жайлы жұмған аузын ашпады. Бейбіт күнде де Бекет Сарқұлов алғы шептен табылды. Қашанда өзіне артылған ел сенімін абыроймен атқара білді. Сол тектілік үрдісін өмірден өткенше бұзбады.

Қазіргі таңда Бекетовтер ел-халыққа танымал, өсіп-өнген әулет саналады. Осынау ұлағатты ұядан ұшқан отбасы мүшелерінің арасында түрлі мамандық иелері бар. Олар әулет беделіне нұқсан келтірмеуді, ата есіміне лайықты болуды басты мақсаттары санайды.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<