Сыр анасы – Сәлима

2200

2

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай елең-селең.

А. Құнанбаев

  Қазағымыздың түрлі салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары, ырымдары мен  рәсiмдерi ертеден бері өлең-жырмен өрнектеліп келгені бәрімізге мәлім.  Халқымыздың әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап, оның жетілігі, қырқы берілгенше, одан қалды жылы өтіп, асы берілгенше  айтылатын осындай салт өлеңдерінің бір түрі – жоқтау.

  Белгілі ғалым, ағартушы А. Байтұрсынұлы: «Жоқтау өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбінесе белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның әйелі, иә қызы, иә келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына  түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз – жоқтау» дейді.  Оның халық тұрмысында алатын маңызды орнын егер әріден алсақ, сонау ХІ ғасырда Махмұт Қашқари «Түркі сөздерінің жинағынан», одан бері қазақ ауыз әдебиетіндегі “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын” секілді қаhармандық эпостарда, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек” сияқты ғашықтық жырлардан байқауға болады.

  Академик Ә.Марғұлан: «Жоқтау – әдебиеттің ең ескі түрі. Оның шығуы үй ішінде, қауым ортасында болған игі адамдардың дүниеден көшкеніне өкініп, оларды еске түсіру ретінде айтылған жыр. Орхон жазуларының түбегейлі аялғысы», — дейді. Ғалымның ойынша, Орхон-Енисей тас жазбаларын  жоқтаудың көне үлгілері  ретінде қарастыруға болады. 19 ғасырда белгілі этнограф Ш.Уәлиханов ауыз әдебиеті жанрларын зерттеу барысында жоқтау үрдісіне арнайы тоқталып, бұл жанрдың халық арасында кең тараған үлгілерін алғаш рет қағазға түсірген еді.

Жоғарыда тұрмыс-салт жырлары ішінде орны айрықша байқалатын жоқтау дәстүрі туралы, бұл рәсім жайында жасаған ғалым-ағартушылардың анықтамаларына, ой-пікірлеріне қысқаша тоқталдық. Төменде біз Сыр өңірінің ғана емес, иісі қазақтың ардақты Сәлимасы, Ғасырдың Батыр Анасы атағының иегері, аяулы анамыз Сәлима Жұмабекова  бақилық болған бір жыл ішінде жазылған жоқтау, еске алу, басу айту, жұбату мазмұнында жазылған жыр үлгілеріне тоқталсақ дейміз.

 Атамызқазақтың өнегелі салттарының бірі – қазаға ұшыраған адамның қайғылы хабарын оның жақын туыстарына хабарлау – естірту болған. Өткен жылдың 27 наурызында анамыз кенеттен бақилық болғанда осы қаралы хабарды алдымен бала-шағасына естіртудің орнына, әлдекім алдымен фейсбук парақшаларына салып, барлығымыз осы суық хабарды әлеуметтік желіден білген жай бар.   

  Төмендегі жоқтау жолдары анамыздың артында қалған ұрпақтарының сол кезде төбеден жай түскендей қаралы хабардан есеңгірегенде жазылды. Ортаншы қызы Ләйлә Дәулеттің ескі жоқтау мақамымен жазған мына жолдарына былай дейді:   

Арғымақ келер еңістен,

Төрт аяғы күмістен;

Айналайын, жан анам,

Орның болсын пейіштен!

Арғымақ келер ағылып,

Жібектен арқан тағынып.

Айналайын анашым,

Күнім бір өтті сағынып.

Мінгенде атым қара кер,

Жалынан аққан қара тер.

Аллам-ау, анамды мәпелеп,

Жәннатыңнан орын бер!

Мінгендей атым кер ме екен?!

Маңдайдан аққан тер ме екен?!

Ащы даусым шыққанда

Ләйламның  даусы дер ме екен?!

   Анамыз ақтық демі қалғанша аузынан Алланы тастамаған еді. Бұл туралы тағы былай деп жырлайды:

Қалайша жоқтамайын жан анамды,

Жан еді-ау, ақ  жүректі, ар-иманды!

Алла бір, пайғамбар хақ, Құран шын! – деп,

Аузынан тастамаған кәлиманы!

  Анамыз қасымызда жүргенде күлкіміз жарқын еді, көңіліміз шат еді, төрт құбыламыз түгел еді.  Басымыздағы бағымыздың кені, қасиетті батагөйімізден осылай қапияда айырылып қаламыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті:

Өзіңсіз өткен бір айды,

Тозаққа мен баладым;

Көзі оң болып Құдайдың –

Жәннатта болшы, анашым!  

Оралар ма еді сол бір шақ,

Сағым болып жоғалған

«Ақ ботам!» деген даусыңды,

Естір ме едім, жан анам! – деп жоқтаған еді осы жолдардың авторы.

Төле би атамыз:

 «Арғымақ баптап не керек – жабы қуып жеткен соң,

Ағайын-туған не керек – аңдысып күні өткен соң,

Бес күн дәурен өтеді – ажал қуып жеткен соң, – деп жазмыштан озмыш жоқ екендігін дәл тауып айтыпты. Бұл фәнидің қысқалығына налып, Желмаясына  мініп ажалдан қашқан Қорқыт атамыз да ажалға төтеп бере алмапты. Десе де, басымыздағы жұмақ бағымыз, ақылдың кені, аяулы анашымызға деген сағыныш, қимастық сезімге былайша ерік беріппіз:   

Жан анашым, батагөйім, тірегім!

Сағыныштан қарс айрылды-ау, жүрегім!

Сұрағанмен, жылағанмен, шарқ ұрып,

Келмейсің-ау, оралмайсың, білемін.. 

Жыл бойына созылатын жоқтаудың негізгі міндеті – ол халқымыз марқұмды дәріптеп, еске түсірумен қатар тірі шағында еткен еңбегі мен жасаған жақсылығын кейінгіге үлгі ету, бақилық боп кете барған адамның қоғамдағы алған орнын дәріптеу, халқына сіңірген еңбегін болашақ  ұрпаққа  өнеге етіп айту. Анамыздан қапияда айырылып қалғанда Бақшагүл жеңгеміздің былай жоқтаған еді:

Он бала баптап өсірген,

Қателігін кешірген.

Он кітап жазып қалдырдың,

Кетпейсің елдің есінен.

Өзгеден ерек дара еді,

Ақылы асқан дана еді.

Аңқылдаған жүрегі,

Көңілі пәк жан еді. 

Әкенің отын  өшірмей,

Алғыс алдың жұртыңнан!

Анамыз Сәлима тек біздің ғана емес, Сыр елінің анасы. Ақын Гүлнәз Қазыбайқызы мына өлең жолдарында анамыздың абыройлы, даңқты өмірін сипаттай келіп, сонымен бірге, артынан қалған ұрпақтарға былай деп басу айтқан:   

Өтті өмірден Аңыз тұлға, Әз Ана!

Жаны жайсаң, ісі қайсар-жаз Ана!

Бәріміздің де арқа сүйеп жүретін

Демеу етіп, қылып жүрген ізгі Ана!

Кете бардың алды – артыңа қарамай,

Жеңге де болсаң болдыңыз маған анадай.

Жаңагүлімнің сыңарасын!- деп қол алып,

Көргенде мені құшақтап еді баладай.

Қимастық сезім өртеді сенген жүректі,

Құлатып қайта тұрғызбай қойды тіректі,

Амал бар ма, қарсы келетін бұл Хаққа –

Сындырып сабын, әкетті темір күректі!

Теңедім сізді алыпқа күшті мықтыға,

Мықтыны бірақ жаратқан жарға шықты ма?

Түсінбей қалдық, таң атты, тез күн батып,

Дүниенің мынау жалған екенін ұқтыра!

Жалған емей не дейін маған қараңыз,

Бәріміз бүгін бала өсірген анамыз;

Бірақ та дүние мәңгі деп іштей ұғына,

Үйреніп қалған жалғанға сеніп санамыз.

Жасаған ием жар болсын бұл тірлікте,

Халқымды аман өмірімізді-бірлікте.

«Еткізе көр»- деп, сұраймын әрбір дұғада

Аллаға деген пәк жүрегімді кірлетпе!

Сабыр сақтағын,  өшкен жоқ мына дүние!

Артында қалған сендерсің оған тек пе,

Құдайы беріп, құранын оқып жұмада

Еске алып ана, бейнесін жүрші, қып кие!

Әдетте, «өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ»,   «арты қайырлы болсын, қалғанына өмір берсін», «Аллаһ сабыр берсін», «өмірден өткен жан иманды болсын», «топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын», «амал дәптері оң жағынан ашылсын», «Алла алдынан жарылқасын» деген сөздермен жұбату айтады. Көңіл айту немесе жұбату өлең жолдары арқылы да жасалады. Қалай десе де бұл ғұрыптық салттың басты көздейтін мақсаты – терең ойлы, ұтқыр сөздермен қасіреттен қан жұтып, белі қайысқан қаралы жандардың қайғысын сейілту, жігерін қайрау, оларды сабырға шақыру.   

Төменде анамыздың перзенттеріне көңіл айта келген жолдас-жоралардың және басқа да ағайындардың  жоқтау сарынымен жазылған басу айту жолдары берілді:

Бауырларым, көтеріңдеп басыңды!

Тыйып бір сәт, көзден аққан жасыңды.

Алла ісіне – қарсы тұрар шама жоқ

Құран оқып, бағыштап іш асыңды.

Кім өтпеді, жалған мына өмірден,

Көргенім жоқ, топырақты семірген,

Тіршілігін қылып жатыр қарашы,

Тірі жәндік шығып қысқы інінен.

Қара нарым қайыспаған дауылдан,

Шаңды жұтып, малыншыған жауыннан.

Қарсы тұрып еңбек етіп, күн-түні

Депутат боп шығып еді ауылдан.

Қайсар еді, қайратты еді, әлді еді,

Әйел еді, Ана еді, сәнді еді!

Балаларын жәутеңдетпей ешкімге

Асыраған, адам қылған жан еді!

Қызық көрдің, немерелер сүйіп ең,

Суыққа тоңып, ыстығына күйіп ең.

Құшағыңа қысып мәз боп еміреніп,

Қуанышыңды жүрегіңе түйіп ең!

Кетті күндер, ай соңынан жыл өтті,

Шөбере де бұл өмірге кеп жетті.

Әрқайсының атын қойып, тұсауын,

Кесіп тағы бата бердің –

 олар да бүгін ер жетті.

Қам жемедік, жүз жасайды Анам деп,

Өйткені ол жанымдағы панам деп!

Суық хабар жеткен кезде желіден,  

Ойламадым, естен танып қалам деп

Көз алдымнан өтіп жатты зуылдап,

Әнге қостым жоқтау айтып ыңылдап,

Дүние мынау астан кестен дүрлігіп,

Жатқанында құлақ кетті шыңылдап!  (Г.Қазыбайқызы).

Сансызбай  Шерғазиев ағамыз басу айту жырында Ғасырдың Батыр Анасы атанған анамыздың даңқты ғұмырын һәм халқына сіңірген еңбегін көпшілікке паш етеді, көз жасына тұншығып, ботадай боздап қалған ұрпақтарға ел ағасы ретінде басу айтады:   

Бауырлар,  жаңа күннің мəні бөлек,

Анасыз атқан таңның сəні бөлек!

Сəлима Ана бəрімізге Ана еді,

Тумысында тұлға еді жаны ерек

Жасады Алла берген жасқа дейін,

Бар жаннан алда тұрды, қалмай кейін;

Еңбегі ескерілді,  халық алдында,

Ұмытылмас білген жанға көпке дейін.

Жарылқасын Алла енді ана өмірде,

Келген соң басу айтам мен көңілге.

Алдынан пейіш нұры шалқып тұрсын,

Біз жүрейік еске алып нық сенімде!

Ата-ана мың жасаған ұрпағымен,

Көз жасты тоқтатайық ұстаныммен.

Дұға оқып отырайық əр жұмада,

Қимастық көкірек дерті қысқанымен.

Қош бол ана,  ғазиз ана мəңгілік,

Еңбегіңді айтамыз біз əн қылып.

Тумақ бар,  тоқтау да бар өмірде,

Ол –  фəниде өзгермейтін заңдылық.

 Қанағатова Фарида апайымыз былай деп басу айтады:

Қайнар бұлақ бастауы – арғы тектен,

Жұлдыздың ең жарығы ағып кеткен,

Ниеті неткен түзу Анаңыздың,

Мәңгілік көктемімен қалып кеткен…

Талайына жесірлік  түскенімен,

Күдерін сонда үзбеген күздерінен,

Ақыл-ой, парасатын бағалаймын,

Еңбектен бақыт тапқан, ізденумен!

Ұл-қыздарын өсіріп, баққан адам,

Ардақты ана,

Халқына жаққан адам,

Енбек Ері атағын биік ұстап,

Екі рет Ленин орден таққан адам!

Жаңагүл!

Ақылшы да, сырлас әпкем,

Анаңыздың қазасы бізге де  «Әттең!»…

Бекемдік танытыңыз осы кезде,

Бұл пәниден ұлы да, кіші де өткен! 

 «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп Абай атамыз жырлағандай шыр етіп дүние есігін ашқанда да, бұл пәнимен мәңгілік қоштасқанда да, яғни, қуанышта да, қайғы бұлты төнгенде де өлең – адамның серігі. Халық даналығы «Өлiм сынға барады” деп бекер айтпаған. Ең ауыр сынның  бiрi – марқұм болған адамның ошағы сөніп қалуы болса, тағы бір ауыр сын – ол фәнилік болған адамның жоқталмай қалуы екен. Өйткені көбіне адамдар  дүниеден өткен тұлғаның қандай кісі болғанын, оның халқына сіңірген еңбегін, ел алдындағы қадір-қасиетін, артына қалдырған мұрасын, ұлағатты істері жайлы ақпараттан жоқтауды ести немесе оқи отырып хабардар болады. Осы тұрғыда айтпағымыз, жоғарыда берілген жоқтау, басу айту, көңіл айту сарынында жазылған өлең жолдарын аяқ астынан ажал құшағында кете барған анамызға деген сағыныш, қимастық сезім, жүрек түбінде тұншыққан нала деп қана қабылдамай, сонымен бірге мағыналы, өнегелі, мәнді әрі сәнді өмірімен тарихта мәңгілік қалған қазақтың Сәлимасы туралы шежіре жолдары деп те қабылдаған жөн болар.

Фатимабибі ДӘУЛЕТ,

ф. ғ.д, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<