Телеарнаның тұңғыш төрағасы

2731

1

Тоқсаныншы жылдардың басындағы ел ахуалы күнде өзгеріп, саяси жағдай құбылып тұрған кез. Соған қарамастан 1991 жылдың сәуірінде облыстық телеарна ашылды. Ашылмауы да мүмкін еді. Бірақ аймақ телевидениесінің қалыптасуы үшін белгілі қаламгер Жақсылық Бекқожаев беделін де, уақытын да аямады.

Телеарна ашудағы

табандылық

«Жақсылық ағаның 90 жыл­дығына орай арнайы мақала жазбақшымыз. Қызметтес бол­­дыңыз, қаламгер туралы кеңінен айтып берсеңіз» деп журналист, жазушы Несібелі Рахметке хабарласқанымызда сөз басында-ақ «адамдарды қызметке қарап бағаламайтын, шыншыл басшы болды» де­ген еді. Расында, тұтас елге пай­даң тиіп, өңірге өзгеріс әке­лу үшін ниет, басқа­лар­дан бөлек болмыс керек. Қа­ламгердің телеарна ашудағы табандылығы туралы еңбек ардагері Қуа­нышқали Шапшаңов «Бұл істе шырылдап жүріп талай қиындықты бас­тан кешірген, бармаған жері, баспаған тауы, қақпаған есігі, сөйлеспеген адамы, кездеспеген билік бас­шылары қалмаған кім еді? Ол Жақсылық Бекқожаев аға­мыз еді!» деп жазса, белгілі тележурналист Айткүл Шал­ғынбаева үлкен жүректі адам деп қалам тербепті.

«Көпшілік үшін телеарна­ның ашылуы «ақ түйенің қарны жарылған» күн бол­ды. Бесіктегі баладан ең­кей­ген қартқа дейін экран­ға көз тікті. Бірақ оның ашы­луы қаншалықты қиын­шылықпен келгенін көрер­мен біле бермейді. 1989 жы­лы ашылады деген телеви­дениенің барлық әзірлік жұ­мыстары тоқтатылды. Өйт­кені, күн кө­сем жалауын ұс­­тағандардың марк­сизм-ле­ни­низм университеті ор­на­лас­қан саяси ағарту үйін теле­­видениеге қиюы оңай емес-тін. Қайта құру дүмпу­лері қы­зыл империяның орын­­тағын сол­­қылдатып, ек­пін­дерінің ба­сылып келе жат­қан уақыты болатын. Солай бола тұра ле­ниншілдер сол ғи­­маратқа «суға кеткеннің тал қар­маға­нындай» жабы­сып айрылмады. Ғимарат да­йын болмаған соң, бізге Бек­қожаевтың респуб­ликадағы бе­­делімен бірінші болып келіп тұрған су жаңа аппаратура, жаб­дықтар Шымкент, Жам­был облыстарына кете барды. Міне, осыдан кейін Жақсылық аға жергілікті жердегі ғима­рат үшін бар күш-жігерін ая­мады» деп жазыпты Айткүл Шалғынбаева.

Ғимарат, қажетті аппара­тура үшін келісімге келіп, бас­шылармен қайта-қайта кездесу, мұнан бөлек, шығармашылық ұжымды қалыптастыру сынды мың сан жұмыстан кейін ғана облыстық телеарна 1991 жылы алғаш рет хабар таратты.

Жақсылық аға қолға алған жұмысына жанкештілікпен кі­­рісетін тұлға болғанымен, қыз­меткерлерді бір сызықтың бо­йымен жүргізетін басшы бол­мапты. Қаламгердің болмы­сы туралы «Жақсылық аға қа­ра­пайым болып-ақ, та­мақ қы­рып, стол сабаламай-ақ,  ұзақ жылдар ұжым басқарды. Осыдан келе кейбір басшылардың «қол­астыңдағылардың ауық-ау­ық иманын үйіріп отырма­саң, кол­лективті бағындыра ал­май­сың» дегені бекер әңгіме деп ойлаймын. Өйткені Бек­қожаев жетекшілік еткен жыл­дары облыстық радио шы­­ғармашылық жағынан да, тех­никалық жағынан да ша­рық­тап өсті» дейді Несібелі Рахмет. Қарапайымдылықтың классикалық үлгісін көрсеткен басшы туралы «базбір бас­тық­тар сияқты шоқпардай галстук байлап, сірескен костюм ки­іп, бойынан биік креслода сыз­­данып, оқтаудай болып отыр­­­майтын. Тілшімен тілші, тех­никпен техник, шофермен шо­фер, қарауылмен қарауыл болып кете беретін. Ешкімді кат­егорияға бөлмейтін» деп сурет­тейді.

Ол кезде Жақсылық Асқар­ұлы облыстық теледидар жә­не радио хабарларын тарату ко­митетінің төрағасы қыз­­ме­­­тінде болатын. Елдің жа­йын айта да, жаза да біле­тін, керек кезінде іске өзі кі­рі­сетін Жақсылық аға 1953 жылы Қызылорда педаго­ги­калық институтын бітірген соң Сырдария ауданының мек­тептерінде ұстаздық ет­кен. Мұнан кейін облыстық «Ленин жолы», Қазақстан ком­партиясы облыстық комите­тінің «Үгітші блокноты» бро­шюрасы мен газетінде жұ­мыс істеген. 1960-1963 жыл­дар ара­лығында Қа­зақстан ком­партиясы облыстық комите­тінің насихат және үгіт бөлі­мінде нұсқаушы болды. Ал одан кейінгі ғұмыры тұтастай журналистикаға арналды.

Журналистің көзін көр­гендер тілшіліктен жоғарылап төраға болса да, қолынан қалам тастамағанын айтады. Соның арқасында ол дайындаған өнер мен еңбек адамдары жайлы «Қыз бен дала», «Сыр сұлуы» және «Жадыра» фильмдері кө­рермен көңілін жаулап ал­ды. Әсіресе, қайсар рух, үлкен қасіретті жеңе білген ұлы махаббат бейнеленген Со­циа­листік Еңбек Ері, даңғайыр диқан-механизатор Жадыра Таспамбетова туралы фильмді Кеңес Одағының барша халқы тамашалап, Астраханда өткен бүкілодақтық фестивальдің лау­­реаты атанған.

Қаламгерлердің

«көкесі»

Сыр елінде маңдайын күн қа­ғып, алажаздай бейнет ке­шетін еңбек адамдарының атын Жақсылық Бекқожаев дүйім жұртқа танытты. Қа­лам­гер еңбегі ерен, талантты өнер адамдарын көрсе, Бай­қоңырдағы телеарнаға түсіріп, жазбаны Қазақ телевизиясына жіберетін. Ол кезде эфирге шығу қазіргідей емес. Қазақ телевизиясынан басқа облыс­тық телеарна үш-ақ облыста. Сондықтан мұндай адамдарды Жақсылық аға жетелеп жүріп Алматыға өзі ертіп баратын.

Қызметкерлерге әкелік ме­­йіріммен қарайтын. Тіпті қара­мағындағы қаламгерлер­дің ата-анасы кім, қайда ту­ып-өскен, отбасылық жағ­дайы қандай екенін біліп жү­­руді парыз санайтын се­кілді еді. Жазуға талабы бар жас­ты көтер­мелейтін. Сон­дықтан болу керек өзінен ке­йінгілер «Шерханның шек­пені» деген сияқты, «біз Жақ­сылық ағаның шекпенінен шықтық» деп жүретін. «Көке» дейтіндері көп еді. Олар «Сыр журналистикасының кө­ке­сі» деп құрметтейтін. Жур­налис­терге осыншалықты мейірімді бола тұра, басшыларға кел­генде мінезі тік бола қалатыны да рас. «Егер жұмыстың, тап­сырманың елге пайдасы ти­мейтін болса, ешқашан бас­шылармен келіспейтін. Өз де­генінен қайтпайтын» дейді Айт­күл Шалғынбаева.

Бізге жеткен Жақсылық Бек­қожаевтың болмысы осындай. Келер жылы ашылғанына отыз жыл толатын облыстық телеарна оның өлшеусіз табан­дылығымен өмірге келді. Те­леарна ұжымы алғашқы төр­а­ғаны, ең бастысы «көке» деп құрмет тұтатын кейінгі буын қаламгерді ұмытқан емес…

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<