Топырағына тартқан тұлға

2646

0

«Маржаны Сырдың – Шиелі» атанған бұл аймақтан 41 еңбек ерінің шығуы – кешегі тарих, бүгінгі аңыз.

Етігімен су кешіп жүріп күріш дақылын егудің ең қиын, қилы кезеңдерін бастан өткерген Ыбырай Жақаев соғыстан кейінгі жылдары еңбек даласындағы ерлік үлгісін танытты. 1946 жылы оған сол кезде сталиндік деп аталатын КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сонда жарықтық Ыбырай атамыз сыйлықтың ақшасымен өз колхозына 5 трактор сатып алыпты. Ал, келер жылы диқан күріштің ґр гектарынан 172 центнерден өнім келтіріп, дүниежүзілік рекорд орнатады. Сол жетістік ґлем бойынша ґлі жаңартылмапты.

Жасынан әкесінің қасында жүріп, шалдардың шапағатты тәрбиесін алған Жылқайдар жас күнінен-ақ Ыбырай ерлік­терін санаға түйіп өсті.

Әкесі Машрап ақсақал соғыс ардагері, ауыл берекесін сақтауға ақыл-парасатымен бас болған үлкендердің бірі еді. Баласын да қаршадайынан еңбекке баулыды. Бұл әулетте сол тәрбиенің тіні үзілген емес, бүгінде Жылқайдардың өз балалары да елге пайдасын тигізіп, шуағын түсіріп жүрген азаматтарға айналды. Еңбекке келгенде қарым талды, белім ауырды дегенді айтқан бірі жоқ.

Жылқайдар Машрапұлы туған ауылы Алғабаста орта мектепті бітіріп, Алматы қа­ласындағы Қазақ ауыл шар­уашылығы институтынан жо­ғары білім алды. 

1978-2000 жылдар ара­лы­ғында «Ленин» колхозында экономист, есепші, бас есепші болып еңбек етті. 2001 жылдан зейнетке шыққанға дейін «КазАтомПром» саласының «Сауда және көлік компаниясы» серіктестігінде экономист болып қызмет атқарды.

Жылқайдарды осы күні бір әулеттің ғана емес, күллі ауылдың алтын діңгегіне айналған азамат десек, біз оның бағасына дөп түсеміз. Елдің қамын жеп, көптің қажетіне жарап жүрген азаматтар көп те емес. Оларды ел-жұрты әрдайым үлгі-өнеге қылып, мақтан тұтады.

Жәкең балаларына кәсіп етіп, оның нәсібін көруден бөлек, тапқанын көпшіліктің игілігіне  жаратуды да үй­рет­­кен азамат. Оны біз бала­ла­рының атқарып жатқан жұ­мыстарынан жақсы білеміз.

Төрт ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеген отбасының үлкені Мұхит мұнай кенішінде жұмыс жасайды. Бейбіт медицина маманы, казіргі таңда «Бейбарыс» шаруа қожалығының төрағасы болып, мал шаруашылығымен айналысып жүр.

Талғат – «Семізбай» ЖШС-ның «Иіркөл» кенішінде ПТО инженері, Аида – жеке кәсіпкер, отбасының кенжесі Ерболат «БЕТА-К» ЖШС директоры болып қызмет атқарады.

Жылқайдар 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік бағдарламасы аясында өз ауылынан спорт кешенін салып, пайдалануға берді. Спорт мектебінде қазіргі таңда 280 бала спортпен шұ­ғыл­данады. Бұрын ауыл ба­ла­лары басқа ауылдағы қа­тар­ластарынан қалғысы кел­мей, алысқа қарағыштап тұ­ратын. Қазір олардың оған уақыты жоқ, қазақша кү­рестен, бокстан, таэк­вондодан, тоғыз­құмалақтан рес­пуб­ликалық чем­­пио­наттар­ға, турнирлерге қатысады. Қан­­шасы жеңімпаз атанып, күллі ауылдасты қуантты. Жылқайдар сол балалардың бал-бұл жан­ған жүзін көргенде талай іске тәуекел етіп, қиналған кездерінен мият тауып, бір тыныстап алады.

Жылқайдар Машрапұлы ауыл тұрғындарының өті­ні­шімен жер көлемінде 80 отбасының үлесі бар «Заңғар» шаруа қожалығын қолға алып, егін егумен айналыса бас­тағанда қанша қиындық андағайлап алдынан шықты. Алғашында шаруашылық меншігінде техника болмады, жұмысты кетпен сілтеп, күрек көсеп, қол күшімен бастады.

Көш жүре түзелді, қажетті техникалар шаруашылықтың шамасына қарай әр жылы бір-екіден алынды. Қазіргі таңда «Наурыз-Дем» агро несие серіктестігінен алынған 68 млн теңгенің техникасымен жарақтанып отыр.

Еңбек етемін деген адамға қол ұшын созатындар табылады. «Сен маған қарай бір қадам бассаң, мен саған қарай екі қадам басамын» деген Жаратушының сөзі еске түседі, осындайда. «Заңғар» айналым қоры үшін «Абай-Дәулет» серіктестігімен күзгі өнім есебінен келісім шарт жасасып, жұмыс атқарды. Өз әріптестерін ерекше бағалайтын «Абай-Дәулет»    бұларды тыңайтқыштармен, дизель отынымен қамтамасыз етті. Бұл көмек «Заңғар» жұмысының тоқтамай, толық жүруіне жол ашты. 

Шаруашылықтағы осыдан отыз жылдай бұрын арналанып, одан кейін тазаланбаған 638 гектар жердің каналдары қайта қазылып тегістелді. Есептен шығып қалған жерлер инженерлік жүйеге кел­тіріліп, дәнді дақыл егуге дайындалды. Әкесі баяғыда Шиелі каналын он төрт мың адам кетпендеп қазғанбыз деуші еді. Солардың көрген қиындығының қасында біздікі тойда шаршағандай ғой деп өзін қамшылап, ауыл сенімін арқалады. Бұдан бөлек 200 гектар жабайы жайылымдық жерді тегістеп, су жолдарын аршып, қашыртқысын түсірді. Мақсат – егіншілік мәдинетін күшейтіп, егіс айналымына толық көшу болатын.

Былтырғы жылы 250 гектар күріш егіп, әр гектардан 62 центнерден өнім жинады. 76 гектар жоңышқаның әр гектарынан 6 тоннадан шөп шапты. 32 гектар көкөніс-бақша дақылдары әр гектардан 90 центнер өнім берді.

Ауыл орталығынан күріш ақтайтын диірмен мен сыйым­ды­лығы 1500 тонна астық қоймасы соғылды.

Жылдың қорытындысы бойынша қожалықта еңбек ететін 22 кісінің озаттарына 1 автокөлік және қалған жұмысшыларға 3-5 тонна күріш салысы сыйақыға берілген, сондай-ақ, 1 озат механизаторға 7 бөлмелі тұрғын үй құрылысын салуды бастап кетті. Жыл са­йын қожалық есебінен 124 үлескерге ақ күріш пен мал азығын дайындап беруді дәстүрге айналдырды.

Міне, осынша жұмысты атқару айтуға ғана жеңіл. Соның бәріне Жылқайдардың өзі басшылық жасайды.

Биылғы жылы күріш көлемін 300 гектарға жеткізді, оған қоса 55 гектар жаздық бидайға жоңышқа қосып және 30 гектар жерге көкөніс-бақша дақылдарын егіп отыр.

Коронавируске байланыс­ты төтенше жағдай кезінде қиындық салмағы иыққа батың­қырағаны рас. Мемлекет бұл жағдайды жеңілдетудің жолдарын дер шағында қарастырды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комис­сияның қорытынды отыры­сын­дағы сөзінде: «Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – мемлекет қауіпсіздігінің басты міндеті. Мұны қалыптасқан ахуал анық аңғартты. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау көрсете береміз» деген болатын. Осыған орай, биылғы егіс мау­сымында тыңайтқыштарға 50, жанар-жағармайға 15 про­цент­тік жеңілдік көрсетілді. Бұл жәрдем егінші үшін екі қолтығынан демегендей күш берді.

Ұжымда қазіргі таңда 3 «К-700», 3 МТЗ доңғалақты тракторы, 3 жатка, 3 астық бас­тыратын комбайн мен түрлі ауылшаруашылық техника­лары бар. Еңбек ырғағын то­ластатпай ауыл ырысын тасытқандар сол техникаларын тынымсыз жұмыс істетіп тұр. Биылдың өзінде бұтасы жел өтпейтіндей тұтасып кеткен 38 гектар жер аршылып, егістік есебіне қосылды. 

Шаруа қожалығындағы үлес­кер отбасылары биыл қара ­­­шаңырақтан еншісін алып бөлек шыққан жастарды қосқанда үй саны 122-ге жетті. Шаруашылық бұл жас отбасыларға мал азығы мен 50 келі ақ күріш береді. Көмек тегін. Ұжым есебінде табысы төмен отбасылары да бар, оларға қосымша көмек көрсетіледі. Олардың бала­ла­рының үйлену тойының бір жағын көтеріседі. Ұжым мүшелері  еңбекақылары өз уақытында беріледі.

Былтырғы егін жинау науқанында күріш басында жүргендер ай сайын 140-280 мың теңге аралығында ақша тапты, оған қоса 3-5 тоннадан күріш салысы берілді. Егіс науқанынан соң да жұрт аз жалақы алғанмен, жұмыссыз қалмайды. Оның үстіне шаруашылық өткен жылғымен салыстырғанда жалақыны 10 процентке көтерді.

Біз сөз басында Жылқай­дар­дың әкеден көрген тәрбиесі мен еңбексүйгіштігін балаларына сіңіріп келе жатқанын бір ауыз айтып өттік.

Ендеше, Ерболат Жыл­қай­дарұлы басқаратын «БЕТА-К» серіктестігінің игі істерінен де хабардар қылайық. Ол былтырдан бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бо­йынан 100 орындық асхана, 20 орындық қонақүй, техникалық жөндеу стансасын және жолаушыларға көрсетілетін түрлі қызмет үшін құрылыс жұмыстарын жүргізіп отыр. Бұл нысандар 2021 жылдың аяғында іске  қосылады.

Ал, алдағы кезеңде шаруа­шылық көлемі мал ісімен кеңи түспек, сонда барлық адамдар жыл бойы жұмыстан қол үзбейтін болады. Бұл жұмысты «Бейбарыс» шаруа қожалығын басқаратын Бейбіт Жылқайдарұлы жасамақ.

Жұрттың аузын аққа, малын көкке салып отырған Жыл­қайдар Машрапұлының осындай азаматтық тұлғасы мен балаларын ел мүддесіне баулыған адамдық ізгілігіне ауыл­дастары бек разы.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<