Тыл ардагері Тілегенов Бүркітбай

937

0

Жеңістің 75 жылдығына орай Қазалы ауданы, Майлыбас ауылдық округінің әкімі Алмат Әбілхан «Ақсуат» ауылының қадірлі қариясы, тыл ардагері Бүркітбай Тлегеновке «Жеңіске 75 жыл» мерекелік медалін тапсырды. Балалық шағы соғыс жылдарына сәйкес келіп, бұғанасы қатпаса да тылдың ауыр жұмысын ересектермен бірдей басынан өткерген ауыл ақсақалы өзіне көрсеткен құрметке риза болып, алғысын жеткізді.

       Көне көз қариялардың айтынша, Бүркітбайдың әкесі Ыбырай Тлегенов 1906 жылы дүниеге келген. Өзінің етінің тірлігі арқасында ауқатты өмір сүріп, бәйгіге ат қосып, бие сауғызып «би болмасаң да, би түсетіндей үй бол» дегендей, үйінен қонағы арылмаған абзал жан болыпты. Ыбырай соғыс жылдарында Қазалы аудандық шикізат дайындау конторының агенті болған. Осындай ауқатты отбасында, Сарыкөл ауылдық Кеңесіне қарасты Абай ауылында 1937 жылы дүниеге келген Бүркітбай соғыс жылдарында ересектермен бірге қырмандағы қарбалас қызу еңбекке араласыпы.

Ол кезде бидайды өгізбен бастыртатын. Қазіргі техника дамыған заманда бидай бастырудың бұл технологиясы ұмытылып кетті. Ортада «оба» деп аталатын, жерге терең қылып көмілген үлкен бөренеге 12 өгіз қамытпен қатарласып байланғасын сағат тілі айналғандай өгіздерді Бүркітбай сияқты жас балалар қамшымен айдап отырады. Ересектер орған бидайды өгіздердің тұяғының астына күрекпен атып тастап тұрады. Бидай сабағынан ажыратылғасын, өгіздерді тоқтатып қойып күрекпен жинап алып, қайтадан сабақты бидайды өгіздердің алдына тастап қайталап отырады. Осылайша қырмандағы бидай бастыру қас қарайғанша тоқтамайтын. Масақ теру, бидай бастыру сияқты ауыр еңбек Бүркітбайды ерте есейтті.

Мектеп бітіргесін ол Қазалы қаласындағы автокөлік жүргізушілерін дайындайтын бір жылдық мектепте оқып, жүргізуші мамандығын алды. 1957-1960 жылдары  әскери борышын Белорусь еліндегі Дзержинский ауданында өтеді, ол кезде әскери міндетті өтеу мерзімі үш жыл болатын. Әскерден келген соң әкесі Ыбырайдың ағасы Ысмайлдың баласы жылқышы Елужанның қасында көмекші, «Ақсуат» ауылында жүргізуші болды. 1965-1966 жылдары сол кездегі поселкелік емханада жедел жәрдем көлігін тізгіндеген-ді. Бір күн, бір түн жұмыс істегесін, үш күн демалысы бар жұмыс екен, еңбекпен есейген Бүркітбай бұл жұмысты қолайлы көрмеді де, Қазалы аудандық ауылшаруашылығы жұмысшылары кооперациясының бастығы Айниет Әсербаевқа барды. Өзің таныстырғанда: «заготконторда агент болған Ыбырайдың баласы екенсің ғой» деген А.Әсербаев автодүкен меңгерушісі қылып қызметке алды. Ол кеңестік заманда мекемелердің барлығы мемлекет меншігінде болғандықтан жұмыс істеймін деген жасқа жұмыс табылу қиындық туғызбайтын. Қазіргі жастарға түсінікті болу үшін жазып отырмын, сол кеңшілік заманды қазір мектептің тарих оқулығында «тоқырау жылдары» деп жазылуы дұрыс емес деп есептеймін, бұл сол заманды көргендер тұрғанда ақылға қонымсыз тұжырым.

 Сонымен сауда қызметінің басшысы А.Әсербаевтың сенімін ақтап, халықа мінсіз сауда қызметін көрсетіп 11 жыл бойы автодүкен меңгерушісі болды. 1977 жылы «Ақсуат» ауылындағы аурухананың шаруашылық меңгеруші қызметіне ауысты, есеп-қисапқа толы бұл қызметті де адал атқарып абырой биігінен көріне білді. 1992 жылы зейнеткерлікке жасы келіп тұрғасын, сол кездегі ауыл ауруханасының бас дәрігері Оңдаш Жұмашев: «Бөке, зейнеткерлікке де шығып жұмысынды атқара беріңіз» дегеніне қарамай, еңбек демалысына шықты.

  Бгінде Бөкең (Бүркітбай аға) үлкен шаңырақтың иесі. Ол 1961 жылы өз ауылындағы Әлиқызы Бибіфатимамен шаңырақ көтерді. Жары Бибіфатима Тлегенова 26 жыл бойы тігінші болса, соның 20 жылында «Ақсуат» ауылындағы тігін цехының меңгерушісі болды. Сол кездегі жоспарлы экономика заманыңдағы 9-10-11-ші бесжылдықтарда жоспарды асыра орындағаны үшін «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Социалистік жарыс озаты» төсбелгісімен марапатталып, ауылдағы тігін цехы ауыспалы вымпелге талай рет ие болды.        

Б.Тлегенованың фотосуреті облыстық тұрмыс қажетін өтеу комбинатындағы «Құрмет тақтасында» ілулі тұрды. Қазалы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының әр жылдардағы директорлары Қ.Асқаров, Б.Пұсырманов, Б.Нағыманов Ж.Ерқожаев Бибіфатиманы түрлі деңгейдегі марапаттарға ұсынып, жыл сайын шипажайларға жолдама беріп тұрды, еңбек адамын ол кезде осылай құрметтейтін еді. 1998 жылы зейнеткерлікке шыққан Бибіфатима 2008 жылы дүниеден өтті.

Қос еңбек ардагерінің ұлы Нұраддин мен келіні Шамшагүлдің мамандықтары – фельдшер, мінсіз қызметтерінің арқасында халықтың ықыласына бөленген жандар.

Бүркітбай  немерелері Саяддин, Сыражаддин және Нәжімәддин үйленемін дегенде, қазақтың салт дәстүріне сай құда түсіп, дүркіретіп той жасап құда-құдағайларының және бүкіл ағайындарының  батасын алған абзал жан. Қазір осы үш немерелерінен көрген оншақты шөберелерінің ортасындағы жүрген бақытты жан, әсіресе қолындағы Саяддин мен Нәбирадан көрген үлкен шөбересі Мединаның тәрбиесі мойнында десе де болады, тақпақ пен өлең жаттатқызады. Нәтижесі де жаман емес, мектеп табалдырығын аттағалы отырған Медина тақпақ пен ән айтудан және балалар бақшасындағы  «Көктем аруы – 2019» сайысында бас жүлдеге ие болса, Абайдың 175 жылдығына орай өткен республикалық рухани-патриоттық әндер байқауында жүлделі 3орынға ие болды.

 Бүркітбай зейнеткерлікке шықса да, ауыл мен аудан өміріндегі іс-шаралардан тысқары қалып көрген емес. 2014 жылы Жанқожа батырдың 240 жылдығын өткізуге байланысты қорға 100 мың теңге аударып, ауданда алғашқылардың бірі болып бастаманы қолдады. Жанқожа батырдың мерей тойын өткізіп болған соң, аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында өткен қорытынды кеңесте, сол кездегі аудандық мәслихаттың хатшысы Талайлы Бөрқұлақов Б.Тлегеновқа батырдың мерейтойына арнап шығарған ескеткіш медалмен марапаттады. Бөкең Т.Бөрқұлақовтың іскер ұйымдастырушылығын әлі күнге дейін айтып отырады.

2019 жылы  кезінде «Қазалы» совхозының  директоры болған,  Социалистік Еңбек Ері Дүйсенбай Мақановтың 110 жылдығына орай «Ақсуат» ауылында ас бергенде ат бәйгісінің бас жүлдесіне үлкен кілем жабылған түйе атады.

 Қазіргі уақытта тыл ардагері Бүркітбай Тлегенов ауыл ақсақалы, өзінің жүрген жерінде ағайын мен халықты ауызбіршілікке шақырып, елдің әл-қуаты бірлікте екенің айтып жүрген ауданның айтулы азаматтарының бірі.

                                                                                             Бақытжан ТҮМЕНБАЙ

Қазалы ауданы

                                                                                              «Ақсуат» ауылы. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<