«Жыр – менің жалғыз тарланым, жанымды жырмен жалғадым»

1322

0

Қазақ халқында «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» деген тамаша бір сөз бар. Ен даланы еркін жайлаған халқымыз бес ғасыр бойы ат үстінен түспей, жаугершілік заманды бастан кешірді. Қос бүйірден аждаһадай ысқырынған қытай мен аюдай ақырған орыс қысқанда, лажсыздан соңғысының қолтығына кіріп, бодан болды. Қала берді кешегі кеңестік дәуірде қитұрқы қызыл идеологияның құрсауына түсіп, жетпіс жыл бойы ұлттық құндылықтарын, тілін, ділін, қасиетті дінін сақтап қалу жолында жанкештілікпен арпалысты. Жылжып жылдар өтті. Қайта оралудың ұлы кезеңі туды. Барымызды түгендеп, жоғымызды жоқтай бастадық. Нәтижесінде, тәуелсіз еліміздің аспанында ояну дәуірі атанған кезеңде өз халқына барын арнаған, сол жолда жан пида еткен асыл тұлғаларымыздың үлкен бір шоқ жұлдызы қайтадан жарқырай көрінді. Солардың бірі де бірегейі, қатал да қатыгез тағдырдың ноқтасына басы сыймай өткен, заманында қазақ даласына атағы кең жайылған атақты да қас батырлардың бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы.

Елінің азаттығы үшін арпалысып өткен Иманжүсіп бабамызды Арқа мен Сыр өңірінің телқоңыр перзенті десек, артық айтқандық емес. Иманжүсіп Құтпанұлы Қоқан хандығына қарсы азаттық күресте қазақтардың көсемі ретінде танылған Тұрғанбай датқаның немересі болғанымен, пешенесіне ерекше тағдыр бұйырып, Арқа топырағына кіндігімен байлануының өзі жатқан бір  тарих. Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай датқа жайлы әңгімеде айтылғанындай, 1821 жылғы қанды оқиғадан кейін Шашты қыпшақтың Құтым тармағынан тарайтын Сіргебай әулетіне бірі қалмай құрып кету қаупі төнгені белгілі. Осы қауіпті сезген Тұрғанбай датқаның әйелі Мәлике бір жасар ұлы Баймырза мен Тұрғанбайдың бес жасар інісі Басықараны алып қашып, Қаратаудың Өгізмүйіс деген жерін паналайды. Екі баламен алысқа ұзай алмасын сезген соң өз ұлы Баймырзаны тасалау жерге жасырып, қайнысы Басықараны ертіп Арқаға бет алады. Айдалада жасырылған, мойнында аманат белгісі бар шиттей жас баланы Қыр мен Сырдың арасына жиі қатынап жүрген керуеншілер ішіндегі Дайрабай есімді саудагер тауып алады.

Қапыда тауып алған бала еді, әулетімнің құты болсын деп атын Құтпан қояды. Кейін Ыбырай Жайықбайұлы Қараөткелдің (Ақмоланың) аға сұлтаны болып сайланған тұста Құтпан Есіл бойына қоныс аударып, Күйгенжар деген жерді мекендеп тұрып қалады. Сөз орайы келгенде айта кетуіміз керек, осы Күйгенжар маңында (Астана қаласынан 40-50 шақырымдай жерде) оның баласы Иманжүсіптің өз қолымен еккен емен ағашы әлі бар. Көлеңкесіне жиырма шақты адам алқақотан отырса сыйып кететін бәйтеректің саясында бертінге дейін ел ағалары мен ауыл ақсақалдары жиналып, талай маңызды мәселелерді шешіпті деседі. Баймырзаны асырап алған Дайрабай Кенесары ханға қосылып, қанды шайқастардың бірінде қаза табады.

Уақыт өте келе Тұрғанбайдың ағайындары өз кіндігінен тараған ұрпақтарын сұрастыра жүріп, Торғай маңындағы Дайрабайдың Ерәлі Шоқай деген құрдасынан мойнында аманат белгісі бар бала табылғанын естіп, Баймырзаны іздеп келіп тауып алады. (Кезінде кей аймақтарда ел басына қысылтаяң кезең туғанда белгілі бір әулеттің ұрпағын аман сақтап қалу үшін шыққан тегін білдіретін хат немесе ерекше таңбасы бар аманат белгісін жас сәбидің мойнына тағып немесе іліп кететін дәстүр болған деседі). Алайда, бұл кезде ержетіп, азаматтық жасқа келіп қалған Баймырза – Құтпан Есіл бойына тұрақтап, Арқада қалып қояды.

Жалпы Құтпан (Баймырза) Тұрғанбайұлы туралы мұрағаттарда сақталған тарихи деректер жоқтың қасы. Оның аты баласы Иманжүсіпке қатысты құжаттарда ғана кездеседі. Ел ішіндегі әңгімелерге қарағанда, ат жалын тартып мінген тұста өкіл әкесі Дайрабаймен бірге Кенесары ханның бірнеше жорықтарына қатысады. Осы жорықтарда ол мергендігімен, көзсіз батырлығымен атағы шығады. Талай ерлік істері, әсіресе, Жеке батыр, Ерқұлан есімді батырлармен бірге Ақмола бекінісінің қорған-қоршауынан атпен секіріп кіріп, солдаттармен ұрыс салуы ел ішінде аңызға айналады. Ел ішінде сақталған кейбір дерек көздерінде Ерқұлан Мөңке әулетінен тарайтын Жиенбайдың Опанынан тарайды деген пікір айтылады. Опанның Ерқұланы мен Кенесары замандас болғанымен, нақты сол кісі ме әлде басқа адам ба, ол жағы белгісіз, дәл анықталмады. Ал Жеке батырдың шын есімі аталмағандықтан, мүлде ұмытылған. Сөйтіп, сол кездегі жас пері, жойқын күштің иесі Кенесары ханның сүйікті жауынгеріне айналып, Құтпан батыр атанады. Осындай көзсіз ерліктерімен аты шыққан, есімі Арқа өңірінде аңызға айналған Құтпан Жетісуда, Лепсі уезінде (Қапалда) айдауда жүріп, 1914 жылы қайтыс болады. Сүйегі Қарасу маңындағы Сыйқымбай қажы қорымында жатыр деседі.

Елінің азаттығы үшін алысып өткен әулеттің аты аңызға айналған үшінші ұрпағы, Тұрғанбай батырдың немересі, Құтпаннан тараған үш ұлдың ең кенжесі – Иманжүсіп. Тарихи құжаттарда қазіргі Павлодар облысының Ақсу ауданындағы Алтыбай деген жерде дүниеге келгені көрсетілген. Иманжүсіптің ағалары Ақшабай мен Шонай төңірегіндегі елге белгілі, беделді де дәулетті кісілер болған. Содан да болар, Иманжүсіп бала жасынан ерке, шолжаң, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, телі-тентектеу болып өседі. Ат жалын тартып мінгеннен-ақ басынан сөз асырмайтын жас жігіттің атағы Сарыарқаға тез тарайды. Тәңірі жұрттан асқан қайрат берген алмастай өткір жігіт Арқаның кең даласына сыймай, Есіл, Нұра бойын жайлаған арғын, қыпшақтың сері серкесіне айналады. Батырлық, балуандығына қоса әншілік қабілеті бар сегіз қырлы, бір сырлы жігіт Ақтау мен Ортауды, Бұғылы мен Тағылыны еркін шарлап, жастық дәуренін армансыз өткізеді.

Бірақ ер көңілді жігіттің бейбіт өмірдегі бұл дәурені ұзаққа созылмайды.

 – …Мен елімде жүргенде жұрттан астым,

Менменсіген талайдың көңілін бастым,

Жаныма ерген жігітке олжа салып,

Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.

Менде дұшпан көп еді қамалаған,

Иттей болып, барлығы абалаған.

Кіргенде Қараөткелдің базарына,

Қызық көріп қазақ, орыс жағалаған.

Мен қалайша жалғанда тұрақтайын,

Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын?

Аузы түкті кәпірдің талайларын,

Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын, –

деп өз өлеңінде айтқандай, шенді-шекпенді шенеуніктерге, би-болыстарға шекесінен қарауы, ең алдымен, билік басындағы орыстарға ұнамайды. Иманжүсіп осы жайды жақсы білсе де, ел басқарған қазақтың би-болыстарын мазақ етіп, сөзін құлаққа ілмей: «Сендер біздің қол астымыздағы бодан халықсыңдар, не істесек те өзіміз білеміз» деген ойларын емеурінмен емес, ашық білдіріп, қазақтарға ойына келгенін жасап жүрген орыс шенеуніктеріне ашықтан-ашық қарсы шығады. Ресей империясының сол кездегі шешімдеріне, сот үкімдеріне құлақ аспай, бар даулы мәселені дала заңымен шешіп, оған көнбегендерді ақ білектің күшімен, дойыр қамшының ұшымен бағындыруға тырысады. Маған не қыласыңдар дегендей, қорланғандар мен қорсынғандарды қасына жинап, олардың күштілерде кеткен есесін берсе қолынан, бермесе жолынан деп талай мәрте қайтарып әпереді. Кеудесіне нан пісіп, қара қазақты менсінбеген кейбір әумесерлердің жағасын жыртып, жұрт көзінше сабаған кездері де болыпты.

… Атақты Қараөткел жәрмеңкесі қызу жүріп жатқан тұста қандықол казактар сыныққа сылтау іздеп, қазақ ауылдарын қан қақсатады. Тіпті, бірнеше рет кісі өлімі болса керек. Құтырынған әумесерлерге жергілікті билік ешқандай тыйым салмайды. Тіпті ояздың өзі арыз-шағыммен келген ауыл қазақтарының сөзін құлағына ілмей, елдің көзінше мазақ қылады. Мына оқиғаға Иманжүсіп қатты ашуланып, қаһарына мінеді. Жәбірленген қазақтардың кегін алмақшы болып атына ер салып жатқанында, әлдебіреулер: «Қараөткел базарына қазақ сал-серілерінің өнерін тамашалау үшін ояз келеді екен» деген хабарды жеткізеді. Мына хабар құлағына тиісімен салып-ұрып Иманжүсіп те келеді. Атақты Уәлидің Майрасының тамылжыта салған бұлбұл дауысына (басқа бір әнші болуы мүмкін, ел ішінде ояздың көзінше ән салған Майра деп айтылады) тәнті болған ояз биік сахнаға көтеріліп, Майраның қолын сүйіп, құрмет көрсетеді. Иманжүсіптің Ақмоланы былай қойып, Павлодар, Қарқаралы уездері аймағындағы қазақтар мен орыстарға танымал әрі беделді екенін қинала да қынжыла отырып баяндайды. Әйтсе де, әділет үшін алысқан жеке батырдың аты аңызға айналып, атақ-даңқы мен қысылған қиын шақтарда жүрегін жарып шыққан әндері қазақ даласын шарлап кетеді.

Иманжүсіптің осы дақпырты ата-бабасының елі Сыр бойына да жетеді. Тұрғанбай датқаның қалған әулеті мен сол аймақтағы қыпшақтың игі жақсылары бас қосып, Досбол шешеннің бел баласы Әуез арқылы айдаудағы Иманжүсіпке Мәнсүр Бекежанұлының жазған шығармасын «Иманжүсіпке хат» деп аталатын әйгілі жазбаша сәлем хаттарын жолдайды. Шиеліден шыққан ағайындар айдаудағы батырға хатты апарып бергенде қайтпас қайсар, нар жігіт еңіреп тұрып жылаған екен.

1915 жылы айдаудан босаған Иманжүсіп, екі жыл бұрын ағайын-жұртымен танысуға барғанда өзін хан тәрізді аспанға көтеріп қарсы алған Шиелідегі ағайындарының қасына көшіп кетеді.

Ғұмыр бойы қара қазақтың қамын жеген Иманжүсіптің қай аймақта жүрсе де, қоғамдық ортада болып жатқан оқиғалардан тысқары қалуы мүмкін емес еді. 1917 әйгілі жылан жылы Сыр елі жұтқа ұшырап, еккен егін күйіп кетеді. Осы тұста Иманжүсіп ауқатты байлардан қаржы жинап, қасына қосын ертіп, бидай әкелу үшін Арқаға бет алады. Иманжүсіптің атын естісе тізелері дірілдеп, өлердей қорқатын отырықшы қарашекпенділер қап-қап бидайларын Сырдан келген кірешілердің арбасына тиеп береді. Кірешілер жолында жортып жүретін қарақшы топтар керуенді тонауға Иманжүсіптен сескенеді.

Сыр бойында 13 жылдай бірсыдырғы тыныш өмір сүрген Иманжүсіп, егде тартқан шағында өз шаруасын күйттеп, дін жолын ұстанып, тыныштықты ойлайды. Алайда, 1927-1928 жылдары Иманжүсіптің басына үлкен қатер төнеді. Бұл қазақ даласына келген жаңа жұт – атышулы кәмпеске еді. Датқаның тұқымы, нағыз тап жауы, күдікті элемент ретінде ұсталады, оған «атақты ұры» деген жаман атағы қосылып, Иманжүсіп тағы да темір торға қамалады. Бұл жолы қамаудан «мал ұрлады» деген қылмысы дәлелденбей, әупірімдеп зорға құтылған, жасы ұлғайған батыр басына төнген қатерді сезіп, қайтадан атының басын Арқаға бұрады. 1928 жылы Қарқаралы округінің Шет ауданында қыстап шығады. 1929 жылы Жаңаарқа ауданына қоныс аударады. Жаңа үкімет түртпектеп тыныштық бермеген соң 1930 жылдың мамыр айына дейін Мойынқұм өңіріндегі бір ауылда тұрақтап қалуды ойлайды. Дәл осы тұста (1929-1931 жылдар) қызыл үкіметтің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген идеяға негізделген саясатының қысымына шыдай алмаған Мойынқұм мен Созақ маңының қазақтары көтеріліске шығады. Бірақ, 1930 жылдың аяғында көтеріліс басшылары мен оған қатысқан сарбаздар қамауға алынып жазаланады.

Осы тұста  Иманжүсіптің  бір баласы Мойынқұм көтерілісінің басшысы болған Орынбай деген кісінің қызына үйленеді. Ел ішін итше тіміскілеп, бәле іздеп жүрген ОГПУ басшылары мұны қалт жіберсін бе? Ұрымтал тұсты пайдаланып, үстінен қылмыстық іс қозғап, көтеріліс басшыларының сенімді серігі ретінде жауапқа тартылады. Сөйтіп, аты аңызға айналған дала нояны РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2-бабы бойынша айыпталып, 1931 жылдың 2 наурызында ату жазасына бұйырылады.

Бұл тұста елі мен жерінің еркіндігі үшін алысып өткен әулеттің өкілі Иманжүсіп 68 жаста екен. Хаттамада үштікке қатысқан жендеттердің аты-жөні көрсетілмеген. Үкімнің қай жерде, қай уақытта орындалғаны жайлы да нақты дерек жоқ. Кейбір дереккөздеріне қарағанда, үкім Тараз қаласында орындалып, атылған адамдар қала сыртындағы терең ұраға қалай болса солай көміліпті деседі.

Басты өкініш сол, елім деп еңіреп өткен есіл ерді туысқандары мен артында қалған ұрпақтары оны мұсылман дәстүрімен арулап көміп, жоқтау айтып, жылап-сықтап шығарып сала алмады. Бірақ оның есімі туған халқының жүрегінің төрінен орын алып, бостандықты, елінің тәуелсіздігін жұмыр жердің бетіндегі барлық құндылықтардан артық көріп, өзін қазақпын деп санайтын әрбір азаматтың санасында жатталып қалды.

Иә, ол – бостандыққа қол жеткен қазіргі тұста ескерткіші мен қола мүсіні қойылған Сыр бойы мен Арқа өңірінде лайықты азамат. Бар қазақтың баласы Түркістанды киелі санап, тәу етіп, қастерлеп, қадір тұтады. Міне, осы Түркістан мен халқының бостандығы және тәуелсіздігі жолында құрбан болған Тұрғанбай датқаның есімі қатар аталса мерейіміз өсіп, рухымыз асқақтай түспей ме? Халқымыздың бір әулетінің үш бірдей ұрпағы – атасы, баласы, немересі туған елінің еркіндігі жолында қатерге бас тігіп, өмірін құрбан етсе, оларды біз неге дәріптемейміз? Олардың өмір жолын бүгінгі және келер ұрпаққа неге үлгі етіп ұсынбаймыз?!

Нұрдәулет Нақыпов, 

Н.Бекежанов мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<