Мектеп музейлері – рухани-адамгершілік тәрбие орталығы

2601

0

Музей – бұл адамзат қоғамының сан ғасырлық тарихы мен салт-дәстүрінен, өнері мен мәдениетінен, ғылымы мен білімінен ең қысқа уақыт ішінде хабардар ететін ақпараттық жылдамдыққа ие бірден-бір ғылыми-танымдық орын, әрі көп қырлы тарихи қалыптасқан мәдени-әлеуметтік институт.

Музейлердің қалыптасқаннан бергі қызмет ету бағыттарының бірі – білім беру болып есептеледі. Мұражай-музей сөзін (мусейон)  адамзаттық мәдени қолданысқа көне гректер енгізген. Олар үшін бұл орын «храм муз»даналар мен философтар жиналатын, терең ойға бататын, толғанатын орын болған. Музей гректің – museion – орын, музаға арналған орын, муза ғибадатханасы деген түсінік береді. Муза -1. Шабыт. Муза-2. Көркемөнер мен ғылымның қамқоршы құдайы. Ал римдіктер музе (музеум) сөзін философиялық талқылау, айтыстар орны ретінде пайдаланған. Флорентийліктер «музей» сөзін сирек кездесетін бағалы заттар жиынтығы деген мағынада ХV ғасырдан бастап қолдана бастайды.«Музей»  сөзі ХVIII ғасырдан бері қарай маңызды ерекшеліктері бар заттарды сақтайтын және көрсетуге арналған  ғимарат деген түсінікке ие болды. Музейдің танымдық-білімдік қызметінің тарихы антикалық дәуірден басталады. Одан кейінгі музейлердің танымдық-білімдік дамуы Қайта өрлеу дәуірінде жалғасып, алғашқы кунсткамералар мен сирек кездесетін дүниелер кабинеті музейлердің алғашқы үлгілері болды. Кабинеттердің ХVII ғасырда ролі артып музейдің педагогикалық орны алғашқы рет ерекшеленеді. Бұл бағыттың идеялық негізі француз және неміс ағартушылығы болды. Орта ғасырлардан бастап кейбір еуропалық ағартушы ғалымдар өз еңбектерінде музейлердің білімдік-тәрбиелік маңызы мәселесіне тоқтала бастады. Мысалы, 1591 жылы Дж.П. Ломаццо өзінің «Муза туралы» трактатында музейді көпшіліктің өнер туындыларымен танысатын жері ретінде сипаттама берді. 1658 жылы Я.А.Коменский өзінің «Orbis Sensilium Hictus» еңбегінде алғаш рет музей құндылықтарының көрнекі құрал ретіндегі педагогикалық аспектілерін ашып көрсетеді. 1880 жылдары батыс елдерінде музейлерде оқушыларды ғылыми-техникалық және көркемдікке оқыту мен тәрбиелеу бойынша бірлескен жұмысты қамтамасыз ету үшін мектеп мұғалімдерімен өзара қатынас қызметтері құрылды. Қоғамның барлық жігіне әсер ететіндей деңгейде музей  мен мектепті біртұтас жүйеге айналдырған Г. Коль болды. Яғни, ол музейдің білім беру жүйесіндегі рөлін айқын түсіне отырып, былай деген: «Егер музейлер мен галереялар алдарына білімдік мақсат қоймайынша, тиімсіз және адам жалықтыратын мекеме болып қала береді». Бұл тұрғыда алғашқы білім беру жүйесіндегі кәсіби музей  Англияда пайда болды. Англиядағы музейлер Америка Құрама штаттарында музей ісінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Бұған бірінен соң бірі Нью-Йорк, Бостон, Филадельфия, Чикагода ашылған музейлер дәлел бола алады. Бұл музейлердің барлығы дерлік білімдік мақсатта құрылып, тіпті кейбіреулерінде «музей мұғалімі» қызметі енгізілді. Осы уақыттан бастап музейлер оқу-тәрбие мекемелері ретінде қалыптаса бастады. ХIХ ғасырда музейлер коллекциялар түрі жағынан білім-танымдық қызметке негізделген кәсіптік бағытта қалыптаса бастады. ХIХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мәдениетті демократиялау процесіне байланысты, музей – «Таным сарайы» ретінде қабылдана бастады. 1920 жылы прагматикалық идеологияның үстемдік құруымен музейлер педагогикалық музейге айнала бастайды. Музей  педагогикасы ұғымы ХХ ғасырдың басында Германияда ғылыми айналымға енгізілді.   Осындай жағдайда білімдік музейлердің көптеп пайда болуы Европада кең көлемде жүрді де, халыққа білім беру ісінде қайта құрулар қоса жүргізіліп, ол Германия мен АҚШ-та күшті қарқынмен дамыды. ХХ ғасырға дейінгі музейдің эволюциялық таным-білімдік қызметі осындай жобада болды. Кеңес үкіметі жылдарында барлық музейлер идеологияландырылған бағытта социализм мен коммунизм идеяларын насихаттаумен болды. Бұл әсіресе 1950 жылдардан бастап сол кезеңдегі Кеңес өкіметінің мерейтойлық мерекелерін кең көлемде атап өту шаралары кезінде көптеп ұйымдастырыла бастады. Бұл кезеңде Кеңес өкіметі пен коммунистік партияның сара саясаты, олардың ізбасарлары комсомол мен пионер ұйымдарының табыстары мен жетістіктерін насихаттайтын құжаттар мен жәдігерлер мектеп музейлерінің  басты экспозициясы болды.

Қазіргі заман қоғамы музейлердің тәрбиелік және білім беру мүмкіндіктерін неғұрлым тиімді пайдалануға мүдделі. Музейлердің бұл бағыттағы тиімділігін пайдалануда пайда болған ғылыми пән – музей педагогикасы. Музей педагогикасы дегеніміз – педагогикалық көзқарас тұрғысынан қарастырғанда музейлік қатынастар формасын, музей заттарын көрсету және қабылдау, түсіну ерекшеліктерін зерттейтін бір-бірімен тығыз байланысты ғылыми пән. Қазіргі  уақытта тарихи бағыттағы музейлерге ерекше роль береді, себебі тарихи-мәдени ескерткіштерді визуальді түсіну – дүниеге көзқарасты және мұралардың құндылығын сезіну, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін, тарихи біліктілігін және рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Бір жағынан музей адамның мәдени ортада бейімделу құралы, қарқынды өзгерістегі әлемде психологиялық баспана, тарих пен мәдениеттің қайта оралмас құндылықтарын сақтау факторы ретінде танылады. Басқа жағынан музей тұлғаның адамгершілік және эстетикалық дамуына ықпал етуші мәдени ортамен молынан қарым-қатынас жасаудың рухани орны.

Музейлік-педагогикалық үрдістің құрылымында музейдің педагогикалық қызметінің үш негізгі қызметін бөліп көрсетуге болады: тәрбиелік, білім беру, дамытушы. Музей – білім мен таным ордасы ретінде жас буынның дүниетанымы мен жеке тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай өз үлесін қосады. Олардың негізгі мақсаты:

  • Жас ұрпақтың саналы, ұлтжанды, тәрбиелі болып қалыптасуын жан-жақты қамти отырып тәрбиелеу;
  • Сезімталдық қасиетін, ойлау, қиялдау, шығармашылық ынтасын, эстетикалық сезімін, талғамын дамыту;
  • Отаншылдық, рухани-адамгершілік құндылықтарды жас ұрпақ бойына дарыту;
  • Тарихи ұлттық санасын қалыптастыру, ғылыми көзқарасының дамуына мұражай мұрағаттарын және тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану;
  • Ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық дүниетанымды музей мәдениеті тұрғысында санасына сіңіру;

       Мектеп пен музейлер арасындағы қарым-қатынас  олардың өзара іс-шараларының ойдағыдай өтуіне, тәрбие мен білім беруге бағытталған музейлік-педагогикалық бағдарламаларды жүзеге асыруына, танымдық экскурсияларды бірлесіп атқаруынан қөрініс табады. Сонымен қатар, музей педагогикасы мектеп мұғалімінің  де тарихи-мәдени таным көқжиегін арттыратыны сөзсіз. Қазіргі таңда виртуалды музейлердің пайда болуы музей қызметкерлері мен оқытушы-педагогтардың алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Еліміздің кез-келген  аймағы,  өлкесі, қала, ауыл өзіне тән сұлу табиғатымен ерекше, сонымен бірге олардың әрқайсысы жергілікті халқының мақтаныш сезімін тудыратын сан қырлы,  мол тарихи-мәдени әлеуетке ие екендігі де белгілі. Ал өлке тарихы елдің белгілі бір территориялық және уақыт кеңістігімен айқындалады. Осыған байланысты әр өлкенің ерекшелігі ескеріле отырып өлкетанулық бағыттағы музейлер құрылады. Аймақтың өткені мен бүгінін сипаттайтын тарихи-өлкетану музейлері  оқушылардың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін одан әрі арттыратыны сөзсіз. Мектеп музейлерін сөз жоқ рухани-материалдық мәдениет пен білімнің ордаларының жарасымды үйлесім тапқан орнына жатқызуға болады. Ресейлік музейтанушы ғалымдар Ю.Б.Яхно және И.Н. Микулан мектеп мұражайлары алғашында тарих, география, биология, дүниетану және т.б. пәндерінің сабақ барысында қолданатын көрнекілік құралдарын атап айтқанда карталар, естеліктер, фотосуреттер, гербарийлер, минералдар және т.б. құжаттар сақтайтын кабинеттер негізінде жасақталған деген тұжырым келтіреді. Мектеп музейлері қысқа уақыт ішінде мектеп оқушыларын оқыту мен тәрбиелеуде тиімділігі артып педагогикалық практикада кеңінен қолданылуда. Мектеп музейлерін құрудағы ең басты мақсат оқушылардың туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыру, шығармашылық бейімділіктеріне қолдау көрсету, аға ұрпақ бойындағы адамгершілік құндылықтарына құрметпен қарау, елін, жерін сүюге бағытталған ұлтжандылық пен отаншылдық сезімдерін қалыптастыру, рухани-мәдени құндылықтарды бойына сіңіру. Музей  тек мектептің ерекше түрдегі оқу кабинеті ғана болып қоймай, ашық білім беру кеңістігіндегі басты тәрбие орталығына айналу қажет. Сонымен қатар ресейлік ғалымдар Т.А. Кудрина, Н.В. Шалахова, И.М. Косов, О.В. Лысиков, К.Г. Левыкин, Т.Ю. Юренев, Л.М. Шляхтин өздерінің ғылыми-зерттеу еңбектерінде музей мен білім мекемелері арасындағы байланыс, музей педагогикасы, музей қызметі, типологиясы, мектеп музейлерінің теориясы мәселелерін қарастырған.  Т.А. Кудринаның редакциялауымен жарық көрген «Музей және мектеп» атты еңбекте бірлескен авторлар жас ұрпаққа патриоттық,  эстетикалық, адамгершілік, азаматтық тәрбие берудегі әр түрлі бағыттағы музейлердің мүмкіндіктеріне тоқталған. Сондай-ақ кітапта мектеп пен музей арасындағы байланыс, мектеп музейлерін құрудың шарттары және олардың оқу-тәрбие үрдісіндегі ролі туралы қамтылған. Қазақстандық педагогикалық ғылымда музей педагогикасымен  елге белгілі бірнеше зерттеуші ғалымдар айналысты. Олардың ішінде ғалым-зерттеуші Ү.Д. Мұңалбаеваның «Мұражай педагогикасы тарихы, теориясы, тәжірибесі» атты оқу құралы еліміздегі бұл сала бойынша жазылған көлемді, көрнекті еңбек деуге болады. Бұл еңбектің негізгі мазмұны музейдің білім беру қызметінің қалыптасуы мен дамуының және музей педагогикасының ең маңызды аспектілері қарастырылады. Бұл еңбекте зерттеуші педагогикалық үрдіс негізіне сүйене отырып музей педагогикасының бірнеше қағидаларын айқындаған

  Мектеп музейінің негізгі мақсаты — жас буынның отбасы, ата-ана, мектеп, қоғам, отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, туған өлкенің табиғи байлықтарын сақтап құрметтеуге үйрету, еліміздің өткені мен бүгініне құрметпен қарау, адамгершілік-эстетикалық мәдениеті жоғары, ой-өрісі биік азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету. Музей жұмысы негізінде оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасы қалыптастырылады, адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиеленеді

      Музейде өткізген әрбір күн жас ұрпақ үщін мәнді де қызықты болып,олардың тарихи-мәдени таным деңгейін көтеріп, интеллектуалдық ақыл-ойын дамытып, парасатты ойлауға, рухани-адамгершілік құндылықтарды, қоршаған ортаны тағы да бір тани түсуге мүмкіндік беретіні айдан анық. Өйткені музей келушілердің өткенді құрметтеп, болашаққа үлкен сеніммен қарап ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір тарихи-мәдени, тәрбие орны.

      Қазіргі таңда еліміз бойынша 8 мыңға жуық мектеп жас ұрпақты білім нәрімен сусындатса, соның 1500-ден астамында мектеп музейлері ұйымдастырылған. Қызылорда облысының білім беру мекемелері жанынан 40-қа жуық астам мектеп музейлері жұмыс жасауда. Облыс орталығы мен аудандардағы мектептер, оқу орындары жанында құрылған бұл қоғамдық негіздегі музейлер — келешек жас ұрпаққа оқу-білім, адамгершілік, эстетикалық тәрбие беретін, сонымен қатар қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмысын, тағы да басқа ұлтымыздың мұраларынан айырылып қалмауға септігін тигізетін рухани-мәдени орынға айналып отыр.

  Дәулет  Омаров, 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті,

Гуманитарлық-педагогикалық институты директорының орынбасары, 

Философия докторы (PhD) 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<