Қайырлы істің қазығы алтын

1539

0

Қайырымдылық жасау үшін асқан дәулет қажет емес. Жү­ректе мейірім мен адал ниетің болса жеткілікті. Мұқтаж жандарға қол ұшын беру – үлкен сауап, жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін өте жақсы іс. Өңірде қолынан келгенше жақсылық жасап, көңілге медет сыйлап жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – Бибісара Мусина.

Бибісара Болатқызы қала орталығындағы “Бай-Сара” ка­фесінің иесі. Кәсібін дөңгелентіп отырған жан ке­йінгі екі жылдың көлемінде зейнет  жасына шыққандардың көңілін көтеріп, оларға қуаныш сыйлауды әдетке айналдырған. Осы мақсатта ол – аптаның екі күнін үлкен кісілерге арнап, кафе ғимаратында мерекелік кеш өткізеді. Онда келген жандар ән салып, би-билеп, бір-бірімен таныс­тық орнатады. Қазір олар өз ортасын қалыптас­тырып, туысқандай болып кеткен.

– Байқасаңыз, үлкен кісілер баратын орын аз. Зейнетке шыққаннан кейін немере қарайды, ағайын-туыстың қуанышын бөлісіп жүреді. Бірақ көңіл көтеретін орындарға бара бермейді. Менің кафем түске дейін бос тұрады.  Содан үлкендерді жинап кеш ұйымдастырсам деген ой келді. Басында желіге жарнама бердім, 15 адамдай жиналды. Кейін олардың қатары күн санап көбейді. Екі жылда қарттарымыздың саны 90-ға жетті. Өзге қаладан келушілер де бар, – дейді ол.

Қариялардың қатары көбейгендіктен Бибісара Болатқызы “Клуб для души”  ұйы­мын құрып, ішінара түрлі шараларды атап өтеді. Атау­лы күндерден бөлек, әрбір қарттың туған күні де ескерусіз қалмайды.

– Біз айтулы мерекені ғана тойламаймыз. Өзіміз әр күнді мереке етіп өткізуге тырысамыз. Үлкендер де соған үйренген, өздері ойларын ортаға салып, мерекелік шара үшін киім тіктіріп те келеді. Оларға арнайы қаржы қаралмаған. Кейінгі уақытта өздері ақша шығарып, туған күндерін атап өтуде. Тіпті, қолдарында бар дүниені әкеліп бөлісіп жатады. Ұйым мүшелері пандемияға байланысты шараларды қатаң сақтап жиналмады. Қазірдің өзінде карантиндік талаптарды сақтай отырып, бөлініп келуде. Ендігі жерде – кәсіби мамандардан би үйренсе деген ойымыз бар. Бұл – қарттардың өз ұсынысы. Осыған көмектесетін жандар болса, қуанып қалар едік, – дейді Б.Болатқызы.

Осындай қайырлы іспен айналысып, жақсы амал жасау­дың үлгісін көрсетіп жүрген жандарға қарап көңілің бір марқайып қалады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<