Қос кітап жарыққа шықты

1700

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Сырдың сырлы ақыны, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Адырбек Сопыбековке арналған «Адырбек» атты кітаптың және Ауған соғысына қатысқан жаңақорғандықтар жайындағы «Борыш» кітабының тұсау-кесер рәсімі өтті. «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ойшыұлының құрастыруымен жарық көрген қос кітап оқырманға жол тартты.

Алдымен кітапханада ­А.Сопы­бековтің шығарма­шы­лығына арналған кітап көрмесі тамашаланды. Онда ақынның жарық көрген кітаптары, басылым бетінде жарияланған мақалалары мен суреттері қойылды. Кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас  шараның маңызына тоқталды.

«Адырбек» кітабы 1000 данамен жарық көрген, Б.Жақып, С.Матаев, аудан әкімі Р.Рүстемовтің алғысөздерінен бастау алған. Еңбек жеті бөлімнен тұрады. Онда ақынның өлеңдері, айтыстары, Жаңақорған өңірі жайлы ғылыми-зерттеу еңбектері, мақалалары топтас­тырылған. Ал төртінші бөлімінде ақын жайында естеліктер орын алған. Соңғы бөлімдерінде жеткен жетістіктері мен суреттері бейнеленген.

Жиында ақынның әріптес­тері, туған-туыстары, достары және зиялы қауым өкілдері оның өмірінен сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.  Жанкелді Ысқақ есімі ел есінде қалған ақынның еңбектері мен тың туындылары халық жадында сақталып, келер ұрпақ сусындап өскенін қалайтынын жеткізді.

Ал, «Борыш» кітабы Отан қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгерлердің ерлігін жастарға үлгі ету, сол арқылы отансүйгіштік рух пен патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында жарыққа шықты. Кітап­қа 1979-1989 жылдар аралығындағы Ауған соғысына қатысқан интернацио­налист-жауынгерлердің өмір­баяны мен фотосуреттері топ­тас­тырылған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<