Сыр өңірінің сырбаз азаматы

3276

0

Елін сүйген, елі үшін, елінің болашағы үшін аянбай қызмет етіп, халқының ықыласына бөленіп, өңірдің білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Мүсілімов ағамыздың есімін мақтанышпен айту – бізге парыз. Бұл – елге мерей, азаматқа мәртебе, өскелең ұрпаққа өнеге.

Ағамыз еңбек жолын Қар­мақшы ауданындағы №105 қазақ орта мектебінде физика-математика пәндерінен сабақ беретін қарапайым мұғалім болып бастайды. Осылай ұс­таздық қызметке қадам бас­таған кезден басқарушылық қызметке бейімін танытып, бас­шылық назарына түседі. Өзінің қабілет-қарымы, жауап­кершілігі, ұйым­дастырушылық шеберлігімен көзге түскен   Әли Мүсілімұлы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, одан соң мектеп директоры лауазымына тағайындалады. Өзін-өзі жетілдіруге, өзін-өзі дамытуға бейім жан бір орында тұрып қалмайтыны шындық. Ондай жандар үнемі ізденіс үстінде жүреді, өзін табуға ұмтылады. Міне, осындай талпыныстар Әлекеңді еңбек жолындағы өзгерістерге жетелейді. Осылайша ол Қызылорда медицина училищесінің оқытушысы, бөлім меңгерушісі қызмет­те­рінде болып, өсіп-өрлеу жолына бет алады. Соның нәтижесінде Қызылорда қа­лалық және облыстық партия комитеттерінде жа­уапты қызметтерді абыройлы ат­қарады.

Оның іскерлік, табандылық қабілетін, білімі мен білік­тілігін тани білген облыс бас­шылығы 1983 жылы облыс­тық халыққа білім беру бөлімінің бастығы лауазы­мына тағайындайды. Осы тұғырда жиырма жылға жуық, яғни  2001 жылдың мамыр айы­на дейін басшылық қызмет атқарып, жемісті еңбегімен аты шығып, елдің ықыласына бөленді.

Осы жылдар аралығында Әли Мүсілімұлының басшы­лығымен об­лыс­тың орта білім беру саласында көптеген ау­қымды, маңызды істер атқа­рылды. Оның басшылығы кезінде орта білім беру саласы кабинеттік жүйеге көшірілді. Пәндер бойынша өз алдына математика, химия, биология, физика кабинеттері жасақталды. Бұл әр пәннен терең де жүйелі білім беруге мүмкіндік туғызды. Осындай атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде мектептегі оқу үдерісін ұйымдастыру жұ­мыс­тары оңтайлы жүйеге келіп, оқушылардың білім деңгейі көтерілді. Мектеп бітіру­ші­лердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп отырды. Жыл сайын мектеп оқушыларына арналып өткізілетін республикалық олим­пиадалар мен ғылыми жо­балар байқауында жүлделі орын алып, дип­ломдармен мара­патталған оқушылар саны көбейді.

Облыстың бас ұстазы өзінің іскерлігімен әріптес­теріне үлгі болып, уақытпен санаспай, шалғай ауылдардағы мектептердің жай-күйімен та­нысып, әрбір туындаған мәсе­лелерді жүйелі түрде шешіп отырды. Әли Мүсілімұлы об­лыстың білім саласын бас­қарған кезеңде мектептерге көптеген жаңалықтар енгізілді. Әрбір мектепке көңіл бөлініп, басталған іс жүйелі түрде жалғасын тауып, нәтижелі түрде жүзеге асырылатын болды. Облыс мектептерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға зор үлес қосты.

Әли Мүсілімов тәуел­сіздік алған күннен бас­тап Елбасының сыңдарлы сая­сатының қоғамда, білім саласында жүзеге асуына ерекше еңбек сіңірді. Ол еліміздің білім саласындағы реформаларға өзіндік қолтаңбасын қал­дырды. Облыстық білім бас­қар­масының жаңа нарық­тық жағдайда мектеп оқу­­шыларын еңбекке даярлау­ды ұйымдастыру жайлы тәжі­рибесі Білім және ғылым минис­трлігі арқылы бүкіл республикаға таратылды.

Мемлекеттің тыныс-тір­шілігін, оның дамуын терең зерттеп, өзінің білім беру, бала тәрбиелеу, ұстаздарды қалып­тастыру туралы ойларын жинақтап, ғылыми мақа­лалар мен еңбектер жазды. Елбасының білім сала­сын ақпараттандыру бағдар­ламасын жүзеге асыру мақ­сатында облыс көлемінде мектеп жасындағы балалардың оқуға толық қамтылуы үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Ол облыс мектептерін ком­пьютерлендіру және ақпарат­тандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мектептерді сол кезде алғаш шыққан компьютерлермен және оларды жаңа бағдарламалармен жабдықтауға баса назар аударды. Әли Мүсілімов жас дарындарды дайындауды басты назарда ұстады. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының өңір тарихында алғаш рет шетелде білім алуына қол жеткізді.

Әли Мүсілімов орта мектеп пен жоғары мектептің арасындағы үздіксіз сабақ­тастыққа негізделген шығар­машылық байланысты дамы­туға жұмыс жүргізді. Өйткені ұстаздың кәсіби қалыптасуы жоғары оқу орнында терең білім алуына негізделген.

Ол Қорқыт ата  атындағы  Қызыл­орда мемлекеттік уни­верситетінде оқы­ту­шылық қыз­метті қоса атқарып, өзінің орта білім саласындағы көп жылдар бойы жинаған тәжі­рибесін студенттерге үйретіп, болашақ ұстаз­дарға сапалы білім беруге үлес қосты. Болашақта мамандардың пе­дагогикалық ой-пікір­лерінің қа­лып­тасуына ғылыми-теория­лық әдіс­те­мелерді пайдаланып, кәсіби ше­берліктерін дамыту бағыттарын анық­тау­ды қалыптастырды.

Әли Мүсілімұлы ағамыз­дың сал­мақты да сырбаз мінезі, ақыл-ой парасаты, өз кәсібіне деген ұстанымы Сыр өңіріндегі көптеген білім саласында қызмет атқарған азаматтарға үлгі-өнеге болды. Әли аға басқарған 18 жылда облыстық білім беру жүйесінде білім беру ұйымдарының сыннан өткен, іскер де белсенді басшылары қалыптасты. Со­лардың көпшілігі осы күнге дейін қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

Парасатты ұстаз басшылық қызметін білім берумен, ғылыммен ұтымды да оңтайлы ұштастыра білді. Ол өзін білікті ғалым ретінде де танытты. 1999 жылы «Мектеп оқушыларын нарықтық экономика жағда­йында кә­сіптік бағдарлау» деген тақы­рыпта кандидаттық, ал 2003 жылдың желтоқсан айында «Оқушыларды еңбекке даярлаудың ғылыми-педа­гогикалық негіздері» тақы­рыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

Ғалым-ұстаз докторлық диссертациясында жаңа эко­номикалық жағдайларға жас­­тарды бейімдеу, нарық­тық қатынастардың субъек­тісін дайындау бүгінгі күнгі негізгі әлеуметтік қажет­тілік­тердің бірі екенін атап көрсетті. Әлеуметтік-эконо­микалық тұрақты даму және оның бәсекелестік сипатын қалып­тастыру үшін кәсіп­кер­ліктің ма­ңызды рөл атқаратынын дәлел­деді. Ғылыми зерт­теуінде еркін нарықтық эконо­микаға өту барысында жас­тарды өмірге және еңбекке да­йындайтын мақсатты әлеуметтік-педагогикалық іс-әрекеттің қажеттігі жөнінде тұжырымдама ұсынды. Оның зерттеулерінің нәтижесінде 8 монография, 100-ден ас­там ғылыми мақала жарық көрді. Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі – академигі болып сайланды. Парасатты педагог ұдайы ізденіс үстінде болды. Мәскеу, Алматы қалаларындағы бі­лім жетілдіруге арналған се­­минарларға бірнеше рет қа­тыс­ты. Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қыз­мет академиясында білік­тілігін арттырды.

Жаңашылдығына тағы бір мысал келтірейік. Ол республикада бірінші болып облыстық мұғалімдер газеті – «Сыр мектебін» ашты. «Қазақстан мектебі» журналының ақыл­дастар алқасының мүшесі болды. Сонымен бірге, қоғам­дық  жұмыстарға да белсене араласты. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Бірнеше мәрте облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Республикалық мұғалімдер съезінің делегаты ретінде алқалы жиындарда мазмұнды баяндамалар жасады. 1995 жылы Анкарада өткен білім саласы қызметкерлерінің халықаралық  съезіне қатысты.

Бедел бірден әрі оп-оңай келе қоймайтыны белгілі. Үлкен саланы бұрынғы деңгейінен төмендетпей, оны алға бастырудың жолын іздеді, тапты. Заман талабы, өмір заңы солай. Салада бірсыпыра басшы кадр­лар жаңартылды. Осы істе науқан­шылыққа бармай, дау-дамайсыз, сабыр­­лылықпен межелі істерді жүзеге асырды.

Алты жастағы балаларды алғаш оқуға тарту, мек­тептердің мате­риал­дық-тех­никалық базасын нығайту об­лыс басшылығының қолдау-көме­гімен ше­шіліп, жүзеге асырылды.

Облыстық білім басқар­масының салиқалы басшысы барлық министрлермен, облыс, аудан басшыларымен тіл табысып жұмыс істей білді. Ол министрлік пен облыс әкімшілігіне орынбасарлық қызметтерге бірнеше рет ша­қырылып, оған «дәлелді себеп­терді» алға тартып, бар­мағанын да білеміз.

«Әли ағаның ұжым басшысы ретінде тәрбиеші, қам­қоршы, іш жыл­уын сыртқа бай­қатпайтынын, қаталдығы ағалыққа, кеңдігі кісі­лікке саятынын пендешілікпен сәл кейін аңғардық, кештеу білдік. Қазір үнемі еске аламын. Ол кісі кейбір ағаттықтарымызды бай­қаса да байқамағандай болып, кейін жайшылықта, сөз арасында сол «қылығыңызды» зілсіз ес­кер­тіп қоятын. Өзің туралы «сы­быр­лақтардан» ес­тіген «сыбыс­тарға» пәлен­дей мән бермеуі, ешқашан әрбір мәселені шешуде асығыстықпен шешім-қоры­тынды жасамауы, көптің көзінше ұжым мүшесін сөгіп, намысқа тимеуі, дауыс көтермеуі, тағы басқа басшыға лайық іс-әрекеттерінің ар жағында тектілік, асыл қа­сиеттер жатыр екен ғой» деп, қарамағында көп жылдар қызметтес болған әріптес інісі Кендебай Сейітұлының тебірене еске алғанына куә болған едім.

Ғұмырын білім-ғылымға арнаған, еңбекті жаны сүйген ұлағатты ұстаз Әли ағамыз орта арнаулы оқу орындарының оқыту жүйесіне ең­бекпен тәрбиелеу методикасын ен­гізген алғашқы ғалымдардың бірі екенін айтып, Сыр елінің білім сала­сындағы әріптестері мен шәкірт­тері күні бүгінге дейін зор құрметпен еске алып, үнемі үлгі тұтады.

Бүкіл саналы ғұмырының қырық жылдай уақытын халыққа білім беру саласына арнаған ұстаз, ғалым Әли Мүсілімов жақсы қасиет­терімен жұртшылықтың жадында қалды.

Әли аға өзінің отбасында сүйікті жар, ардақты әке атанды. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Елге есімі танымал, халқына қалтқысыз қызмет еткен жандар туралы сөз қозғағанда, олардың жарлары туралы айту парыз. Әли ағамыз қандай биікті бағындырып, қандай шыңға шықса да, оның қасында жансерігі жүрді. Асыл ағаның рухын аялап өткен Күлбарам Сәдуақасқызы – белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің профессоры еді. Оның шәкірттері де көптеген ғылыми сайыстарда биік жетістіктерге қол жеткізді. Әли Мүсілімов пен Күлбарам Сәдуақасқызы қырық жылдай тату-тәтті ғұмыр кешті.

Бүкіл болмысы, ерен еңбегі, ұлағатты өмірлік ұста­нымы қазір біз қолға алып жатқан «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының талаптарына то­лық үйлесетін Әли ағамыз осындай ардақты азамат еді.

Бүкіл саналы ғұмырының қырық жылдай уақытын білім беру саласына арнаған Әли Мүсілімұлы 2004 жылдың 15 мамырында 63 жасында дүниеден озды.

Сыр өңірінің ұстаздар қауымының жадында Әли Мүсілімұлының ар­дақты да азаматтық бейнесі, артында қалдырған өшпес ізі мен ісі болашақта да өркениеттің баянды бағытына қарай жол тарта беретін болады. Ғалым-ұстаздың педагогикалық ой-пікірлері, ұлағатты өмірлік ұс­танымы, тәрбиелік тағы­лымы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Сондықтан да бітім-бол­мысы ерекше азамат Әли Мүсілім­ұлының рухы мәңгілік болып қалатынына сенеміз.

Қылышбай БИСЕНОВ,

техника ғылымдарының

докторы, профессор,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз