Қазалы: Береке бастауы– елдің ынтымағында

796

0

Әлқисса, тарихтан батыры мен ақыны, сөз артылмаған шешені, елді ұйытқан биі, халқын өрге сүйреген ақылшысы асқақ ел берекелі. Осы жақсы мен жайсаңнан қабырғалы жұрты бар,тарих тамырын тереңге тартқан, құт дарыған мекен Қазалыға телісек артық емес. Облыстың 85 жылдығы мерейтойы тұста аймақтың дамуы үшін еңбеккер ел ерекше атсалысты. Оны бүгінгі берекеден де байқауға болады. Әсіресе, елдің ынтымағы ерекше. Бұл жолы біз айрықша тапсырма алдық. Аудан шежіресінен шынайы мол мәлімет керек. Мәселенің маңызын жан-жақты тарқату мақсатында қасиетті Қазалыға жол тарттық.

Тағылымды тарих – кемел келешек

Алдымен аудан тарихына қысқаша көз жүгірткенді жөн санадық. Өңір 85 жылдық асуда тұрса, мұндағы елді мекендердің кешегісі ғасырға бойлап жатқанын ескерген абзал. Тұран ойпатынан орын тепкен іргелі аудан бірнеше аймақпен шекараласып жатыр. Шығысында Қармақшы ауданы, оңтүстігінде Өзбекстан мемлекеті, батысында Арал ауданы тұрса, солтүстігінде Жезқазған облысымен шектеседі.

Аудан 42 елді мекен, 1 қалалық, 1 кенттік және 19 ауылдық округке біріктірілген.Алғаш аудан орталығы болған Қазалы қаласының іргесі 1853 жылы қаланған. 1867 жылы №1 форт Қазалы қаласы атауына өзгертіліп, Ресей мен Орта Азия елдерінің қарым-қатынас орталығына айналды. 1872 жылы Қазалы қаласы уезд орталығы болды. Оның құрамына қазіргі Қармақшы, Арал аудандарының территориясы енген.

Жергілікті басқару өкіметі ретінде 1917 жылы жұмысшы-шаруа және солдаттар депутаттарының кеңесі құрылып, кейіннен ол большевиктік ұйым болып қалыптасты. 1928 жылы Қазалы ауданы құрылып, Қазалы қаласы 1958 жылға дейін аудан орталығы болды. Ал 1958 жылы аудан орталығы Жаңақазалы поселкесіне, яғни, қазіргі Әйтеке би кентіне көшірілді. 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде бұрынғы партиялық және кеңестік басқарудың орнына әкімшілік басқару жүйесі енгізілді.

Тарих дегеннен шығады, аудан орналасқан жер көненің көзіндей. Себебі Қазалы аумағында X-XI ғасырлардағы Оғыз қағандығының орталығы болған Жанкент қаласының орны әлі бар. Одан беріде бұл топырақта талай батыр мен би-шешен дүниеге келді. Жалаңтөс пен Әйтеке, Жанқожа мен Ақтан, Ашабай мен Сырлыбай, Жылқыайдар мен Жетес, Үмбет пен Ерімбеттен бастап, ұзақ тізім жалғастыра беруге болады.Кеңес одағы кезіндеҚазалы ауданынан 6 Кеңес одағының Батыры, 5 Социалистік Еңбек ері шықты.

Бүгінде тіршілігі түрленген аудан халқына барлық қолайлы жағдай жасалған. Адам үшін ең басты құндылық – денсаулық десек, сырқатына ем іздегендер өзге жерге сабылмай-ақ ем қабылдай алады. Тұрғындарға 34 емдеу мекемесі – ауданаралық және теміржол ауруханасы, «Жетес би», «Болат жолы» ауылдық емханалары, 15 дәрігерлік амбулатория, 8 медициналық бекет, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 жедел жәрдем стансасы, «Шипагер» дәрігерлік амбулаториясы қызмет көрсетеді.

Кәсібі кеңейгеннің кеніші бай

Аудан жұрты қай кезде де түрлі кәсіптен кем болған емес. Бірнеше ғасырдан бері мал шаруашылығымен айналысқан елді мекенде қазір кәсіп түрлері жандануда. Сонау 1970 жылы Сырдария өзені бойынан «Басықара» су торабы салынып, сол үшін егін мен мал шаруашылығы басым бағытқа айналды.

Ел дамуы жайында айтқанда экономиканы алғашқы орынға қоятынымыз белгілі. Ал оның көзі осы кәсіпте жатыр. Әсіресе, ауданда ауыл шаруашылығы саласының дамып жатқаны көз қуантады. Саладағы өнімнің жалпы көлемі 5,7 млрд теңгені құрап, жыл сайын көрсеткіші артып келеді. Бұның бәрі еңбек сүйген шаруалардың арқасында іске асуда. Мәселен, жыл басынан 3,3 мың тонна ет, 8,7 мың тонна сүт және 804 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Егіннің жайы да жақсы. Аудан бойынша биыл барлығы 17 377 гектар жерге дақыл егілген. Күріш 6450, бақша 1115, көкөніс 950, картоп 315, мал азығы 6876 гектар жерді алып жатыр.

Қазалы бойынан республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолы мен теміржол желісі өтеді, яғни, ауданның экспорттық қарқыны бар. Қазір мұнда өнеркәсіп саласында 19 кәсіпорын өнім өндірумен және қызмет көрсетумен айналысады. Қазалы күріші мен кәмпиті, балық, сапалы сүт өнімдері шетелдерге танымал. Ақталған күріш және күріш ұнтағы ТМД елдеріне, соның ішінде Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжанға және кәрі құрлықтағы Польшаға экспортталуда. Бұдан бөлек, балық өнімдері мен қамыс Ресей, Дания, Германия, Грузия, Қытай елдеріне жөнелтіледі. Ауданда 150-ге тарта кәсіпорын мен мекеме, 5 сауда базары, 2 мал базары, 9 ірі сауда орталығы, 15 сауда үйі мен 790-нан астам шағын сауда дүкені, 9 мейрамхана, 5 қонақ үй, 182 тұрмыстық қызмет көрсету  және қоғамдық тамақтану орындары бар. Осыған қарап-ақ, аудан тіршілігі жанданып жатқанын ұғасыз.

Енді Қазалыдағы ірі кәсіпорындарға ойыссақ. Алғашқысы – Ібайдулла Тілепұлы басқаратын «Фирма Тілеп». 1997 жылдың маусым айында құрылған жеке фирма қызмет көрсету, сауда-саттық, мал шаруашылығы бойынша аудан жұртына тынымсыз қызмет көрсетіп келеді.

Кәсіп жайын сөз еткенде «Қарашеңгел» ауылдық округіндегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ны айтпай кету мүмкін емес. Егін шаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысатын шаруашылық осы күні 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауылшаруашылық жер көлемі – 2585 гектар. Оның ішінде егістік 1597, жайылым 406, басқа алқаптар 582 гектарды құрайды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарынан 6450 гектар күріш, 50 гектар мақсары, 500 гектар жоңышқа күтіп-бапталуда.

Өнімнің сапалы және таза болуы үшін 2007 жылы Қазалы қаласында Кеңес үкіметі кезіндегі «Автобаза» орнын күрделі жөндеуден өткізіп, күріш ақтайтын «Мерей» шаруа қожалығы ашылды. Зауыттан шыққан ақ күрішті еліміздің түкпір-түкпіріне және ТМД елдеріне экспорттайды. Шаруашылық ісін дөңгелентіп отырған Мерей Есқожаев 2009 жылдан бастап «Қожабақы» ауылында орналасқан «Агро-Өркен» ЖШС-ның бас құрылтайшысы. Қазір 50 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Халықтың разылығын алып жүрген «РЗА» акционерлік қоғамы да қуатты. 2000 жылдан бері тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, әлеуетті техникалық және өндірістік материалдық базасы, жеке теміржол тұйықтары, инженерлік-техникалық қызметкерлері бар ірі кәсіпкерлік субъект. Бүгінде «РЗА» АҚ-да 1300-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Жоғары білімді 15 инженер, 21 экономист, 5 агроном, 5 сантехник, 2 бағдарламашы, орта арнаулы білімді 53 маман бар. Ауыл шаруашылығы саласында – 441 адам, өнеркәсіпте – 112, көлік қызметінде – 105, құрылыста 110 адам жұмыспен қамтылған. Акционерлік қоғам құрамына 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік («РЗА-Агро», «РЗА-Транс», «РЗА-Сүт», «РЗА-Асыл түлік», «РЗА-Нан», «РЗА-Мұнай-Газ-Құрылыс») пен өндірістік жабдықтау бөлімі кіреді. Аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жарғы негізінде қызметін жүзеге асыратын, жеке-дара өзіндік мекеме болып саналады.

Кезінде шаруашылығын тоқтатқан ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, агроөнеркәсіп секторын дамыту мақсатында Ғ.Мұратбаев, Ү.Түктібаев, «Майдакөл» және Бекарыстан би ауылдарының шаруашылығын жүргізетін «Рза-Агро» ЖШС-ын құрды. Күріш өндірудің кластерлік жүйесін енгізу бағытында Оңтүстік Кореяның «Korea Industrial CO LTD» компаниясынан сағатына 5,0 тонна күріш ақтайтын жаңа технологиялық линия алынып, 2006 жылы күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Шығарылған өнім 2-50 келі арасындағы «Сыр күріші» деген логотипі бар полиэтилен қаптарға салынып, саудаланады. Осылайша «РЗА» қазір өңір экономикасына миллиардтап инвестиция салып отырған ірі мекемеге айналды.

Егін шаруашылығында кластерлік жүйені жолға қойғандардың алдыңғы легінде тағы да осы «РЗА» АҚ тұр. Компанияның негізгі тұтынушылары – Ресей, Украина, Түркіменстан мен Тәжікстан. 2010 жылы «Рза-Асыл түлік» ЖШС еліміздің индустриалдық даму картасы аясында инвестициялық жоба бастап, экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін шығару үшін тауарлы-сүт фермасын және сүт өңдейтін зауыт салды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша «РЗА-Асыл түлік» ЖШС әр сиырдан 9 мың литрден астам сүт сауып, еліміздегі 200 сүт фермасының ішінде үшінші орынға тұрақтады. Қазір қиырдағы Қазалының сүт өнімдерінің мақсаты мәнді, сүт-айраны – «Дәмді». Бұл өнімді Қазақстанның әр түкпірінен кездестіре аласыз.

– «РЗА» мекемесі көлік жүргізушісі, экскаватор мен краншы, бульдозерші, сауыншы, агроном, гидротехник, құрылысшы, ветеринар, бақташы сияқты мамандық бойынша шетелде жастарды оқытып, қайта оралған соң өз қарамағына жұмысқа алуда. Мұндай жақсылықтың елеусіз қалмағаны абзал. Ауыл шаруашылығы саласына мән беріп, кадр даярлап, еңбек адамының әлеуметтік жағдайын дұрыстауымыз тиіс», – дейді «Құрмет», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Самұрат Жұманұлы.

Білім ошақтарының бағдары

Біреу білсе, біреу білмес, Қазалы – қазақ жеріндегі алғашқы мектеп ашылған санаулы тарихи мекеннің бірі болған. Осыдан-ақ ауданның әуелден білім саласына екпін беріп, ағартушылық ісін алғашқылардың қатарында қолға алғаны көрінеді. Әрине, біз қазақ даласындағы мектеп тарихын патша үкіметі кезеңінен бастап отырмыз. Әйтпесе, қазақ даласында ағартушылық істі ертеден ишандар мен ахундар, оқымысты ғұламалар өрістеткені мәлім. Олар ел өміріндегі ықпалды  әлеуметтік топ ретінде халықты ислам дінінің басты ұстанымы  – имандылыққа тәрбиелеген, мешіт салдырып, медреселер ашқан, шығыстың классикалық әдеби мұраларын насихаттаған.

Сыр елінен шыққан ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия, жалпы жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқан мәдениет орталықтарында оқыған. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өздерінің дербес мешіт-медресесін ашқан ағартушы-ұстаздар көптеп саналады.

Беріге оралып, тарихқа жүгінсек, 1850-1869 жылдары жұмыс істеген Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан ашылған қазақ мектеп-интернаты ерекше рөл атқарған.Оқушыларға білім берумен бірге писарьлар мен тілмаштар дайындауды мақсат тұтқан орында тағылым алғандар туралы тізімдеме Орынбор мемлекеттік мұрағатында сақталған. Ол жерден алты Алашқа аты мәшһүр қазақтың көрнекті ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Нұрым Мұңсызбаев және Шахмұрат Құлыбековпен бірге қостанайлық Момын Байдосов та тәлім алған.

Қазақстанның Орталық музей мұрағатында тіркелген материалда: «Қазалыда қазақ мектебін ашу қарекеті 1860 жылы басталғанмен, қаржы тапшылығы, құрылыс саймандарының жер түбіндегі орыс қалаларынан жеткізілуі, дайын мұғалім де жоқ, баяу жүзеге аса бастады. 1862 жылдың 3 қарашасында Орынбор генерал-губернаторы А.Катенин сенімді инженер Генрихке 25 оқушыға арналған қазақ мектебінің сызбасын дайындауды тапсырды. Үй – алты бөлме. Бір сынып, оқытушыларға арналған екі бөлме, асханасы да бар. Сызба Қазалыға губернатордың 2413 қатынасымен жетті. Оқу – төрт жылдық. Жылына 1703 рубль жұмсалуға тиіс. Тек сенімді қазақтардың балаларын ғана оқыту керектігі де қатаң тапсырылған» деп көрсетілген.

Генерал-губернатор Қазалы қаласының комендантына 1862 жылдың 20 қарашасында жолдаған сол қатынасында оған қарауындағы офицерлер, қала тұрғындарымен жиын өткізіп, осы мектептің салыну жайын талқылап, 1863 жылы ашылуын нықтаған. Осылайша 1862 жылы Қазалы жерінде ең алғашқы мектептің іргетасы қаланған. 1863 жылдың 24 мамырында Орынбор әкімшілігі 1 форттың қазақ мектебінің смотритель-мұғалімдігіне 100 рубль еңбекақымен Жолмұхаммед Байжановты бекіткен. Ол Қазалыдағы қазақ мектебін ашуға бір жерде сол жылдың 23 маусымында, екіншісінде 11 шілдеде келді деп көрсетілген. Мұғалім өзімен бірге араб, парсы, татар тілдерін оқытатын 12 кітап ала келген. Ақыры Қазалыдағы тұңғыш қазақ мектебі 1863 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған. 1864 жылдың 14 қаңтарында Жолмұхаммед Байжанов Сырдария жүйесінің бастығы Веревкинге өз арызы бойынша Орынборға жіберуін өтінеді. 1864 жылдың 12 қарашасында Қазалыға Орынбор қырғыз мектебінің түлегі болып Момын Байдосов келеді. Ол ұйымдастыру кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамастан, бұл мектепте 1877 жылдың 1 қыркүйегіне дейін үзбей 13 жыл ұстаздық қызмет атқарған.

Одан кейін де ауданда оқу, білім беру ісі үздіксіз жүрген. 1918 жылдың өзінде Перовск және Қазалы уездерінде халыққа білім беру бөлімдері құрылып, қызмет атқара бастады. Мәліметтерге сүйенсек, 1918 жылдың қазан айында Қазалы уездік халыққа білім беру бөлімі құрылған. Оның төрағасы А.Акирский болды. Қазалы уездік халыққа білім беру кеңесінің алғашқы мүшелері А.Анкирский, Г.Олышевская, Қ.Унгебаев, А.Ақшолақов болған. Ауданның білім беру саласын одан кейінгі жылдары Е.Құдасов, С.Толыбеков, С.Нұрманов, Р.Бөлебаев, Ш.Әлімбетов, Ә.Ұлманов басқарады.

Ал бұл іс одақтың өзге аймақтарында басқа сипатта болды. Қазан төңкерісінен екі жылдан кейін, 1919 жылдың 26 желтоқсанында В.Ленин қол қойған «Сауатсыздықты жою туралы» декрет шықты. 1920 жылы мамыр айында Қаз КСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АССР-ның біртұтас жүйедегі еңбек мектебінің уставын» қабылдады. Сырдың топырағында туып өскен білімдар педагог Е.Букиннің де ағартушылық қызметі қызылордалықтарға жақсы мәлім. Оның 1920 жылы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігі жарық көрді. Бұл Қазақстандағы алғашқы ғылыми сөздік еді.

Облыс көлемінде мектептер санының өсуі 1930 жылдардан кейін ерекше қарқынға ие болады. Жалпы, кей деректер Сыр бойына Қазақстан астанасы көшіп келмей тұрып-ақ бұл аймақтың еліміздің оқу ісінде маңызға ие болғанын көрсетеді. Мәселен, 1924 жылы мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің бүкілқазақстандық тұңғыш конференциясы Қызылорда қаласында өткізіледі. Сол сияқты балалар мекемелері ісіне қатысты бұл аймақта мол тәжірибе жинақталады. Жоғарыда аталған республикалық конференцияның да, одан кейін де көптеген шаралардың Сыр бойында өтуі біздің аймағымыздың 1920-1950 жылдары осы бір аса маңызды істе жетекші орында болғанын көрсетеді.

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, имандылық пен білімділікті насихаттаған, құнды шығармалар жазып, ғажайып туындыларды дүниеге келтірген ғұлама-ағартушылар мен қайраткерлердің ұлтымызды ұйыстырудағы рөлі орасан болғаны бүгінде тарихи шындыққа айналды.

Келешекті сөз еткенде ең әуелі осы білім саласы еске түсері анық. Қазалы қазір де «білім ошағының бағдары» деген атына лайық. Ауданда 34 жалпы білім беретін мектеп, 29 балабақша, 21 шағын орталық, 3 лицей, теміржол және ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын 3 колледж, 1 оқушылар үйі, 2 әуез мектебі бар. Өскелең ұрпақтың білім алуына барлық жағдай жасалған.

Өнегесі мол өнерлі ел

Қазалы жұрты мәдениет пен руханиятқа келгенде де қазынасы бітпес қамба секілді. Өнері шалқыған киелі жерден шыққан жезтаңдай әншілер – Халық қаһарманы, Қазақстанның халық артисі Роза Бағланова, Қазақстанға еңбегі сіңген артист Мәдина Ералиева, танымал сазгер, өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев пен Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев. Бұл аталғандардың бәрі – өңірдің ғана емес, бүтін елдің мақтанышы.

Аудан ертеден өнерге ерекше ден қойғаны аңғарылады. 1967 жылы Қазалы халық оркестрі құрылды. Оркестрдің құрылуына себепші марқұм Махамбет Әуезов болатын. Әуезовтен кейін оркестрге Әбен Жолтаев жетекшілік жасады. Оркестрдің талайғы рет алған жеңісіне ерекше үлес қосқандар домбырашы, скрипкашы Махамбет Әуезов, режиссер Жеңіс Өтемісов, оркестр жетекшісі Әбен Жолтаев, театр режиссері Жәдігер Тұрсынов, хор жетекшісі Жансұлу және Қараман Ізмахановтар, эстрада жетекшісі Жаппар Құлмырзаев,баянистер Анатолий Цой, үрмелі аспапшы Г.Прасс пен домбырашы Орақ Баубеков еді. 1993 жылы ұжым ұсынысына сәйкес оркестрге «Мырза» аты берілді.

Бұл тұста «Әуезовтер» отбасылық ансамблінің де орны бөлек. Ансамбльдің алғашқы құрамындағы М.Әуезовтің ұл-қыздары Зылиха, Рахила, Роман, Дәрмен, Рабиға, Құрман, Арман өздері жастайынан үйренген әртүрлі ұлттық аспаптарда ойнап, алғашқы концертін Қарақалпақстан АССР-нің Қызылорда облысындағы әдебиет пен өнер күндерінде көрсетті. Көрерменнің ықыласына бөленіп, Қарақалпақстан Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазалыда қанат жайған өнердің бірі – театр. Ж.Тұрсынов атындағы кәсіпқой ұлттық сахналық концерттік ұжымы көпке танымал. ХІХ ғасырдың 40-жылдары сол кездегі теміржол клубы жанынан ұйымдастырылған. Соғыстың ауыртпалығы мен аштықтың азабын тартқан халықтың көңілін көтеріп, елді жеңіске жігерлендіру – өнерпаздардың басты мақсаты болды. Үйірме мүшелерінің көбісі орыстар мен басқа ұлттың өкілдері болғандықтан, орысша тақырыптағы пьесалар таңдап алынған. Осылайша үлкен тәжірибе мектебінен өткен драма ұжымына 1962 жылы «халық театры» мәртебесі берілді. Бүгінге дейін еңбек етіп келе жатқан ұжым 2021 жылы Т.Ахтановтың «Ант» пьесасын сахналап, Батыс Қазақстан облысында өткізілген «Театр – өміршең өнер» атты республикалық-аймақтық халықтық театрлар байқауынан жүлделі II орын иеленді.

1981 жылы пайдалануға берілген Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі де өнерге үн қосып келеді. Жанынан драма үйірмесі ашылып, «Халықтық  ұжым» атағын жеңіп алу үшін көптеген қойылымдар дайындап, халық назарына ұсынды. 1989 жылы Арал қаласында өткен республикалық-аймақтық халық театрлар байқауына О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» атты драмалық дастанын көрсетті. Мәдениет министрлігінің шешімімен драма үйірмесі 1992 жылы «Халық театры» атағын жеңіп алды. «Халық театры» атағын жеңіп алуға көп еңбегін сіңірген сол кездегі мәдениет үйінің директоры, драма үйірмесінің жетекшісі Жәнділдә Баймұратов болатын.

Өткен күннің өнегесін дәріптеу – бүгін ғұмыр кешіп жатқан өнерлілердің парызы. Қазалы жұртшылығы ұлы жолдан жаңылмай, Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Шығыстың бұлбұлы» атты республикалық ақындар айтысын өткізді. Сөз додасына Павлодар, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе облысынан айтыскерлер келіп, жергілікті ақындармен бәйгеге түсті. Айтысты жырсүйер  қауымның ыстық ықыласына бөленген 3 дүркін «Алтын домбыра» аламанының жеңімпазы Мұхтар Ниязов жүргізіп, ақындарды көпшілікке таныстырды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені аралдық ақын  Ержеңіс Әбдиев жеңіп алды.

Өнерге жаны жақын Қазалы елі мәдениет пен руханиятты келешек ұрпаққа дәріптеуден қалысқан емес. Тәуелсіздік жылдарында ауданда Әйтеке би, софы Әзіз Мүсірәлі, Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа, Ақтан батырларға, Асандар көтерілісінің құрбандарына арнап тарихи кесенелер мен ескерткіштер орнатылды. Аталған тұлғалардың бәрі жерінің айбынын асқақтатып тұр.

Спорт серпіні

Аудан жөнінде айтарда спорт саласына да тоқталған абзал. Себебі аудан бұқаралық һәм кәсіби спорт жағынан алдыңғы қатарда. Қазір спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 30 мың адамнан асып, халықтың 38 пайызын құраған. Халықтың спортқа тым жақын екенін келесідей деректерден аңғарсақ болады: биыл қазалылықтар түрлі спорт бойынша Әлем чемпионатынан 1 күміс, Азия чемпионатынан 4 алтын, 6 күміс медаль жеңіп алса, Халықаралық турнирлерде 3 алтын, 6 күміс, 8 қола еншілеген. Ал республикалық, облыстық жарыстарда 18 алтын, 26 күміс, 31 қолаға қол жеткізіпті. Былтыр Қазалыда өткен «Алтын күз – 2022» облыстық спартакиадасында аудан командалық есепте бірінші орын иеленгені де есімізде.

Жалпы, ауданда 5 спорт кешені, 47 жасанды спорт алаңы бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2022 жылы Қ.Пірімов ауылында, 2023 жылы Ү.Түктібаев ауылында спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді. Былтыр демеушілер есебінен жалпы құны 79 млн теңгеге 2 ойын алаңы, 2 сквер, 1 аллея мен 1 жаттығу алаңының құрылысы жүргізілген.Аудандағы 2 спорт мектебі мен спорт клубында 3384 оқушы тұрақты түрде жаттығып жүр. Қазалыда бас-аяғы 200-ге тарта спорттық объекті болса, оның ішінде 3 стадион, 46 спорт зал, 129 спорт алаңқайы, балалар мен жасөспірімдердің 2 спорт мектебі бар. Аудан спортшылары талай дүбірлі додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатып келеді. Былғары қолғап шебері Марина Вольнова 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында қола медаль иеленгені ел жадында.Келешекте де төрткүл дүниені мойындатар ұландар шығарына сенім мол.

Мерейтой мезіретімен

Сонымен биыл қарқынды дамудың даңғылында келе жатқан Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толды. Соның аясында жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру, елді мекендерді тазалық пен көгалдандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы өтті. Аталған конкурста тәуелсіз комиссияның шешімімен «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша Қазалы ауданының Әйтеке би кенті үшінші орынға қол жеткізді. Бұл да – ауданның қол жеткізген белесінің бірі. Жеңімпаз ретінде соңғы үлгідегі жаңа техникалар, ассенизатор машинасы мен жол тазалайтын тракторды табыс етті. Аудан халқының бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі текке кеткен жоқ.

Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен Қазалы ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің орманшы инспекторларына жағдай жасалды. Орман қоры жерлерін күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында биыл облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 10 дана арнайы қызметтік мотоцикл, бортты КамАЗ бен вахталық КамАЗ көліктерінің кілті табысталды. Бұл өз кезегінде орманшыларға жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындау үшін берілген мол мүмкіндік қана емес, табиғатты қорғау ісіне ден қойылғанын айғақтайды.

Аудан үшін тағы бір қуанышты жаңалық – Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған майдангер Қабақ Смағұл ақсақалдың әулеті «Мерейлі отбасы» байқауында аудандық, одан соң облыстық кезеңде жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды. Мәуелі бәйтеректей жапырағы кеңге жайылған Смағұловтар әулеті Астана төрінде лауреат атанды.

Қазалы жұрты облыстың 85 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтілуде.Даталы мереке аясында ауданда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, тағылымы мен тәрбиелік маңызы зор, рухани-мәдени, спорттық бағыттағы түрлі жиындар, жарыстар өткізу жоспарланған.

Елеулі еңбек хақындағы түйін

Ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі әрдайым басты назарда тұр. Себебі халық санымен қоса жер кезегінде тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Тұрғын үй кезегінде тұрғындарды азайту мақсатында биыл Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауызсу, газ және электрмен жабдықтау үшін 310,483 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісін жүргізуге 109,4 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен бөлінген 32,1 млн теңгеге аудан орталығынан көлемі 600 гектар жер учаскесіне салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп, тиісті орталық атқарушы органдарға қаржыландыруға ұсынылып үлгерді. Биыл аудан орталығындағы 4 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен тағы 3 тұрғын үй жөнделмек. Сондай-ақ, 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын абаттандыру жұмыстары да биыл толық аяқталды. Аудан орталығы – Әйтеке би кентінің шет аймағындағы үйлерді электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстарына 319 млн теңге бөлінді. Ал осы жылға бөлінген қаржы 187 млн теңгені құрап отыр.

Бұл бастамалармен қатар ауданды газдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы Қазалы қаласы мен Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдары «көгілдір отынға» қосылып, бүгінде тұрғындар оның игілігін көруде. Нәтижесінде ауданда тұрғын үйлердің газға қосылуы 63,2 пайызға жетті. Қазіргі таңда Абай ауылын газдандыру жұмыстарын бастауға 41,153 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Сәтін салса, халық үшін жағымды жаңалықтың ауылы алыс емес.Сонымен қатар, ауданға қарасты тағы 5 ауылға магистральдық газ құбырын жеткізу үшін және Ақтан батыр ауылының орамішілік газ желілерін жүргізуге жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жоба-сметалық құжаттар әзірленген.

Облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында аудандарды назардан тыс қалдырмау – бір парызымыз. Бүгін Қазалы ауданының өткені мен бүгінін шолып, едәуір әңгіме еттік. Десек те, ауданның жеткен жетістігі бұл ғана емес, талай табысты тірлікті тарқатуға болады. Тарихы көненің көзіндей ауданның қазіргі даму қарқыны көңіл көншітеді. Өндірісі ілгері басып, шаруашылығы еңбек жемісінен шет қалмай, тұрмысы түзеліп, кейпіне өң кірген. Қастерлі мекеннің қасиетін бойына сіңірген жұрты барда, Қазалының келешегі кемел, өрісі кенен.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Қазалы-Қызылорда

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<