Жасырын соғыстың жауынгері

703

0

Адамзат тарихына көз жүгіртсеңіз, жан түршігерлік соғыстардың санынан жаңыласыз. Бірақ олардың бірі де екінші дүниежүзілік соғыс әкелген зардаппен салыстыруға келмейді. Ол – адам шығыны бойынша әлем тарихындағы ең қатыгез соғыс. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде басталған зұлмат алты жыл ішінде 50 миллионнан аса адамның өмірін қиып, шамамен 1 млрд 700 млн адамға зияны тиген. Бір ғана Қазақстанның өзінде жақынын майданға аттандырмаған отбасы жоқ-ау.

Қазақстаннан халықтың 25 про­цен­ті жасақталып, жарты миллионнан астам азамат майдан даласында құр­бан болды. Жалпы алғанда, екінші дүниежүзілік соғыс қазаққа өте ауыр тиді. Зұлмат соғыстың тарихы, зардабы, жеңістен кейінгі Қазақстан жайлы кино мен деректі фильмдер, көркем әдебиет пен мемуарлық шығармалар, түрлі зерттеулер аз болған жоқ. Бірақ атауы Сталинның «Смерть шпионам» деген сөзінің қысқартылған нұсқасынан алынған, «СмерШ» қарсы барлау тобы туралы ақпарат жоқтың қасы. Әрине, қатаң құпия мен бақылау жағдайында Отан тыныштығын қорғаған бөлім туралы жазбалардың жарыққа шықпауы түсінікті. Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін ғана азаматтарымызға қа­тыс­ты біршама құжаттарға қол жетті.

Сталинград түбінде жеңіліс тап­қан Вермахт басшылығы 1943 жыл­дың ақпан айында қарсылас тылында диверсиялық әрекеттерді күшейту үшін Абвердің 35 барлау-дивер­сия­лық мектебін ашады. Оған Отанына сат­қындық жасауға дайын, Кеңес ар­миясының жеңісіне күмәнмен қарай­тындарды іріктеп алады. Жау жоспары кеңестердің бас барлау басқармасына жетіп, араға екі ай салып 1943 жылдың 19 сәуірінде «СмерШ» қарсы барлау басқармасы құрылады. Фашистік шпиондарды анықтап, майданның ал­ғы шебінде жүрген қауіпсіздік органы қызметкерлері арасында 400-ден астам қазақстандық та жүрді. Жаумен жасырын алысқан, Отан алдында адал қазақ жауынгерлерінің бірі – Қызылорда облысының тумасы, кіші лейтенант Айдарбек Ақбердіұлы Ходжаназаров.

Ол 1925 жылы 2 ақпанда Шиелі ауданы Тартоғай ауылында дүниеге келген. 18 жастағы жігіт 1942 жылы ақпан айында өз еркімен майданға сұранып, әскер қатарына қабылданады. 1943 жылдың қыркүйегінде БЛКЖО қата­рына қосылды.

Неміс басқыншыларымен болған шайқастарда 2 рет жарақат алды. 1943 жылдың маусымына дейін Гомель әс­кери-жаяу әскер училищесінде оқып, 20-шы гвардиялық әуе-десанттық бри­гадаға ауыстырылды. Бригада сапында Айдарбек Отан алдындағы борышын 1944 жылдың қаңтарына дейін атқарады. Шамалы уақыттан кейін қызметі Мәскеу түбіне ауыстырылып, 1 ақпанда Ленинград майданының гвардиялық дивизиясына жіберіледі.

Бұл кезеңде «СмерШ» қатарына қабылданатын жауынгерлер жан-жақ­ты дайындықтан, партиялық сүзгіден өтіп жатқан болатын. Олардың өмір­­баяны, шығу тегі мен туыстары қа­таң тексеруден өтеді. Майдан да­ла­­сында ерлігімен көзге түскен білекті де жүректі, мықты да қайсар жер­лесіміз 1944 жылдың қазан айында қауіпсіздік органының қызметіне ша­қыртылады. Қарсы барлау бас бас­қар­масының мектебінде арнайы оқы­тудан өтіп, «СмерШ» қарсы барлау бөлімінің жедел уәкілі ретінде жауапты қызметке тағайындалады. Екінші дүниежүзілік соғыс ресми 1945 жылы 9 мамырда аяқталғанымен «СмерШ» үшін «Абвер» тыңшыларын ұстап, олардың диверсиялық әрекеттеріне тосқауыл қою міндеті тоқтаған жоқ. Жерлесімізге Германия жерінде фа­шистік және власовшыл шпиондарды анықтап, оларды жою тапсырмасы беріледі. 1945 жылдың қарашасынан 1947 жылдың тамызына дейін ол Потс­дам қаласының коменданты болды. Осылайша жасырын жаумен күрестің қайнаған ортасына түсті.

Оның ерлігі жөніндегі деректер архивте сақталған, бірақ оларда аса ірі шайқастар туралы жазылмаған. Десек те, Айдарбек Ходжаназаровтың барлау қызметіндегі оперативтік қызметі жау­ды әшкерелеуде үлкен стратегиялық маңызды рөл атқарғаны дау тудырмайды. Ол ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі ҰОС орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Жеңіс үшін» және «1941-1945 жж. ҰОС Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Өкінішке қарай батыр өкпе дертіне шалдығып, Германияның Белитц қаласындағы госпитальда көз жұмады. Аға лейтенант Айдарбек Ходжаназаров Потсдам қаласындағы бауырластар зиратына әскери құрметпен жерленді.

Кейін 80-жылдардың аяғына таман немере інісі Марат Ходжаназа­ров (қазіргі таңда ҚР қауіпсіздік ор­ган­дарының полковнигі) Германия­да әскери қызметін өту кезінде Потс­дам қаласындағы бауырлас зираты­нан қабірін тауып алып, гүл шоқтарын қойды. Ал 2012 жылы Кеңес әскерле­рінің зиратына «Германияның тарихи ескерткіштері» мәртебесі берілді. Тәуелсіздік алып, шекара асуға мүм­кіндік туған заманда Мараттың үлкен қызы Айымжанның Германияға жолы түсіп, батыр атасының басына барып құран бағыштап қайтты.

Талапбай Мадияров,

Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша

ҰҚК ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<