«Әрбір кейіпкердің жан дүниесін түсінуге тырысамын»

784

2

Қызылордада 2016 жылы қала әкімінің қолдауымен А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі жанынан «Жастар театры» құрылды. Театрдың негізін қалаушысы және көркемдік жетекшісі – Оңталап Нұрмаханов. Содан бері репертуары бірнеше қойылыммен толығып, талантты жастар өнер сахнасында шыңдалып келеді. Өнер ұжымы аз уақыт ішінде облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға, фестивальдарға қатысып, биіктен көрінді. Театр ашылған кезде білікті жастарды іздеді. Алғашқылардың бірі болып, Ілияс Өтетілеу де қабылданған еді.  Бүгінде жас актер ұжымның белді мүшесі.

Ол мектепте оқып жүріп Н.Бекежанов атындағы театрға жиі бас сұғатын. Сахналық қойылымдарды тамашалағанды ұнататын. Бірде қойылым аяқталғаннан кейін режиссер Оңталап Нұрмахановпен кездесіп, батасын алды. Жоғары сыныпқа аяқ басқанда жаңадан ашылған жастар театрына қабылданды. Өзі секілді шығармашылыққа қызығушылығы басым жастар­мен бір­лесіп жұмыс істеді.

– Театрға ең алғаш келгенімдегі әсерім ерекше. Қуанып тұрғаныммен, іштей қорқыныш болды. Сахна деген киелі ұғым екенін сонда түсіндім. Біз түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, шыңдалдық. Елімізге белгілі өнер саңлақтары дәріс беріп,  жас актерларды сахнаның қыр-сырын меңгеруге  үйретті, – дейді ол.

Ілиястың алғашқы ролі Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббатындағы» – Қайыржан. Кейіпкерді сәтті сомдап шықты. Мұнан кейін де түрлі қойылымда басты кейіпкерді бейнеледі. Мәселен, Айжан Атымтаеваның «Қыз-қасқыр», Байділдә Айдарбековтің «Неге?», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қызылорданың қыздары» пьесаларында бел­гілі рольдерді сомдады. Былтыр қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» спектаклін қойып, онда жас Абайдың ролін ойнады. Осы қойылым  Ресейде өткен Халықаралық театр фестивалінде І дәрежелі дипломға ие болды. Мұнан кейін әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл Фарабидің болмысын айшықтайтын Жолтай Жұматтың «Отырардың жасыны» атты тарихи драмасында да басты рольдің бірі бұйырып, кейіпкердің қырын аша білді.

Талапты жас Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін журналистика мамандығы бойынша бітірді. Бірақ өнерден, сахнадан қол үзбейтінін айтады. Болашаққа құрған жоспары көп. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<