Халық театрларының деңгейі қандай?

759

0

«Театр – көрерменнің тіпті түсінде көрмеген не армандамаған ойларының орындалатын орны». Бұл – белгілі неміс мәдениеті мен өнерінің қайраткері, театр және кино режиссері Петер Цадектің театр саласының қоғам өміріндегі алатын орны, ерекшелігі жайында айтқан тұжырымы. Әлбетте, қазіргі таңда айтар ойы айшықты талай сахналық қойылымға куә болып келеміз. Бұған дәлел – күні кеше облысымыздың мәдени өміріндегі елеулі жаңалыққа айналған халық театрларының облыстық байқауы.

Жалағаш аудандық әкімдігінің қолдауымен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Жалағаш аудандық мәдениет үйінде Мәдениет қайраткері, режиссер Тынымбай Мәдиев атындағы «Өшпес тұлға жолымен…» атты халық театрларының облыстық байқауы өтті. Байқауда клуб кәсіпорындары мен аудандық мәдениет үйлерінен 13 халық театры өнер көрсетіп, бақ сынады. Ендеше, қарапайым халықтан құрылған  халық театрларының қойылымдары жайлы ой-пікірді бөліссек.

Арал аудандық мәдениет үйінің жанындағы халық театры ұсынған Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романының желісі бойынша сахналанған қойылым байқау шымылдығын ашты. Жас режиссер Д.Жұмабекова мен суретші Д.Жоламанованың шығармашылық жұмыстары үйлесім тауып, толыққанды қойылым сахнаға келген. Д.Жоламанованың ұтқыр шешімі басты бейне Айшаның, жалпы қазақ әйелдерінің тағдырын айшықтап, режиссердің негізгі идеясын алға жетеледі.

Ал қарымды қаламгер Н.Дәутайұлының «Құдірет пен қасірет» романының желісімен сахналанған драмалық хикаятты режиссер М.Тілеулиев қойды. Арал ауданы, Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театрының қойылымында суретші Б.Шмановтың еңбегін ерекше атауға болады. Қойылым оқиғасының кезеңі, кейіпкерлердің сахналық костюмдері, актерлардың сөз саптауы, дауыс ырғағы, дикциясы жағынан ұтымды сахналық бейнелер көзге ілінді. Спектакль суретшісі, әрі басты рольдің тізгінін ұстаған Бақытбек Шмановтың ізденісі, актерлік қарым-қабілетін айтпасқа болмас. Ол өз кейіпкерінің мінезін жете түсініп, сахналық іс-әрекеттері арқылы толыққанды образ шығара алды. С.Жаңабаевтың инсценировкасымен қойылған «Құдірет пен қасірет» спектаклі композициялық тұтастығымен, мизансценалардың дәлдігімен, актерлік ансамбльдің үйлесімдігімен тартымды болды.

Қазалы қалалық мәдениет үйі жанындағы халық театры ұсынған Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасы көрерменнің жүрегіне жол тапты. Режиссер А.Асанова сахналық әрекеттерді ұтымды ойластырған. Алғашқы кездесуден басталған таныстық махаббатқа ұласады. Алай-дүлей сезім иірімдерін, адалдық, достық секілді асыл қасиеттерімен Ілияс, Байтемір бейнелеріндегі сахнагерлер  шынайы сомдады.

Отбасылық құндылықтардың құнсызданып бара жатқанын Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры сахналаған М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасы айшықтап берді. Режиссер М.Маханбетұлы әрбір кейіпкермен түбегейлі жұмыс атқарып, декорация, жарық, музыка тұтастығын спектакльдің басты идеясын ашуға ұтымды пайдаланған.

Ал үнемі ізденіс үстінде жүретін Сырдария аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры жас режиссер Ә.Ерғали сахналаған С.Раевтың «О, қыздар!» драмасын ұсынған болатын. Қойылымда бір жатақханада тұрып жатқан қыздардың сан түрлі тағдыры суреттелді. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген тәлімді тұжырым айтқан бабаларымыз болашақ ананың жүріс-тұрысына, әдебі мен қылығына, тәрбиесіне көңіл бөлген. Дегенмен, қазіргі уақытта қыз баланың «түздегі» қылығы алаңдатады. Қойылымдағы көтерілген басты мәселе де – осы. Режиссер драматург идеясын дөп басып, жастардың, оның ішінде қыздардың қоғам өмірінде өз орнын таба алмай, түзу жолдан адасқандарын үлкен мәселе ретінде көтерген.

Жеңгетай атанған Күлімкөз төрт бойжеткенді жігіттермен таныстырып, тез арада тұрмысқа беріп құтылуды көздейді. Тіпті үй иесі Толым апай Күлімкөз таныстырған Қотан ақсақалға тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүруді армандайды. Бұл – Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері Б.Шаймағанбетов қойған Е.Төлеубайдың «Жеңгетай» комедиясы. Режиссер мен суретші жұмысы көркемдік тұтастық тапқан. Б.Шаймағанбетов шығарманы бүгінгі көзбен зерделеп, екі жастың қарым-қатынасы, өзара түсінісуі секілді мәселелерді қозғаған.

Фестивальдік форматқа сұранып тұрған М.Қолғанаттың «Түнек» пьесасын ұсынған Жаңақорған аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры жоғары деңгейдегі қойылымды көрсетті. Жалпы актерлік құрам, оқиға діңгегіне сай декорация, кейіпкерлердің образын аша түскен сахналық костюм, жарық, музыка барлығы үйлесім тапқан қойылымда кәсіби мамандар үндестік тапқаны байқалады. Сондай-ақ, байқауға өз өнерін паш етіп, халық ықыласына бөленген Жаңақорған ауданы Бірлік ауылдық клубы жанындағы халық театры Ж.Жұматтың «Әлшекей» тарихи драмасын (режиссері Н.Қыпшақбаева, суретшісі Қ.Жүнісов), Сырдария ауданы Айдарлы ауылдық клуб үйі жанындағы халық театры М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек»  трагедиясын  (режиссері Л.Бекарыстанова, суретшісі Б.Әлтаев), Арал ауданы Қызылжар ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театры Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» драмасын (режиссері Н.Скендірова, суретшісі А.Ерғалиев), Қазалы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Ж.Тұрсынов атындағы халық театры Т.Ахтановтың «Ант» тарихи драмасын (режиссері И.Рсалиева, суретшісі Ә.Өтелбаев), Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театры С.Жүнісовтің «Сабалақ-Абылай» тарихи драмасын (режиссері Б.Макеев, суретшісі Қ.Қалымбетов), Қармақшы ауданы Ақай ауылдық клуб үйі жанындағы халық театры А.Айтуаровтың «Туған күніңізбен, анашым!» драмасын (режиссері Ж.Азирбаева) ұсынды.

Екі күнге созылған байқау қорытындысының нәтижесі бойынша бас жүлдені «Түнек» спектаклі (Жаңақорған ауданы), І орынды «Тендерге түскен келіншек» драмасы (Қармақшы ауданы), ІІ орынды «О, қыздар!» (Сырдария аудандық мәдениет үйі) иеленсе, жүлделі ІІІ орын «Жеңгетай» комедиясы (Жалағаш аудандық мәдениет үйі), «Қызыл орамалды шынарым» (Қазалы қалалық мәдениет үйі) қойылымдарына бұйырды. Ал Тынымбай Мәдиев атындағы арнайы жүлдемен «Құдірет пен қасірет» (Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің халық театры) қойылымы марапатталды.

Сонымен қатар, арнайы номинациялар да табысталды. «Ең үздік әйел ролі» номинациясымен Индира Рсалиева («Ант» спектакліндегі Бопай ролі үшін), «Ең үздік ер ролі» номинациясымен Айтуған Сембаев («Естайдың Қорланы» спектакліндегі жас Естай ролі үшін), «Ең үздік сценография» номинациясымен Дана Жоламанова («Ай мен Айша» спектаклінің декорациясы үшін) марапатталды.

Байқау барысында халық театрларының репертуар таңдауы, қойылымдарға жастарды, тұрғындарды тартуы, олармен кәсіби дәрежеде жұмыс жасауы қуантты. Бүгінде аудан орталығында аталып өтетін мерекелік іс-шаралар да осы ұжымның мойнында. Көбі кәсіби мамандар емес, дегенмен өз өңірінің сахнагері, өнер шебері атанып, барынша қызмет атқаруда.

Ізінен ерген талантты жастарды баулып, қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек еткен Тынымбай Сауранбайұлының есімі ұлықталды. Жомарт жүректі жан Тынымбай Мәдиев жүріп өткен өнер жолында ағамыздың рухын өшірмейтін өнерпаздардың  барына қуандым.

Ұ.ҚЫЛЫШБАЕВА,

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театртанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<