Құс қанатындағы арман

800

0

Уақыт деген ұлы құдыреттің алдында адамзат баласы дәрменсіз. Жас  қартаяды, көк солады, жаңа ескіреді. Бірақ ескінің бәрін күресінге лақтырып тастай алмайсың. Жаңаның қарқынын арқан керіп тоқтата алмайсың.  Жоғарыда айтқандай, уақытқа ешкім үстемдік ете алмайды, яғни бәрі де өтпелі екенін адамдар ұмытпаса дейсің.

Бейсенбі күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрында сахналанған қырғыз жазушысы, драматург Сұлтан Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасы осындай ойларға жетеледі. Премьераға келген көрермен психологиялық драманың өн бойынан жастық пен қарттықтың, ескілік пен жаңашылдықтың арасындағы күресті көрді.

Жалпы психологиялық драмада кейіпкердің өмірбаяны бейнеленбейді, ғұмырнамасы жасалмайды. Негізінен психологиялық тартыстар үстінде көрінген мінез-құлқы арқылы өзегін жарып шыққан көкейкесті сыры айтылады. «Ақ ләйлекте» де бас кейіпкердің ішкі арпалысы, екінің бірін таңдау жолындағы өз-өзін жегідей жегені суреттелген.  Жап-жас қыз, мүгедек арбасына таңылған әже… Екеуі бір-біріне сондай жақын әрі сондай алыс адамдар.

Бас кейіпкер – мүгедек кейуана. кезіндегі профессор, баласы мен келіні жол апатынан қайтыс болған соң немересін бауырына басқан. Өсірген, жетілдірген. Өзі инсульттан кейін арбаға таңылған. Қыздың тойына қағаздан мың ақ ләйлек жасап сыйға тартпақшы. Сахнада жүздеген қағаз ләйлек ілулі. Кейуананың айтуынша тоғыз жүз тоқсан тоғызы қиылып дайын тұр.

Ләйлек  туралы аңыз көп. Бәрінде адамға көмектесіп жүретіні, адам тілі мен жан-дүниесін түсінетіні айтылады. Бұл құс бір-бірінен ажырамай, жұбы өлсе, екіншісі де өз еркімен өледі екен. Ләйлектің бүлдіршінді қанатының астына алып жеткізетін мейірімді құс екені де аңызға айналған. Көктемде  оны бірінші көрген адамның егіні бітік шығады, оған байлық-несібе келеді деген ырымға сенетіндер де бар. Кей халықтар ләйлекті «бақыт құсы» деп әспеттейді.

Спектакль мүгедек арбасындағы кейуана мен күтушісінің көрінісімен басталды. Жарымжан адамның жағдайын жасағаннан күтуші әйел әбден шаршаған болса керек, бәріне қолын бір-ақ сілтеп, кетті де қалды. Жас қыз Жанараның жоспары көп еді. Оның ең негізгісі – америкалық жігіт Энтонға тұрмысқа шығу. Бірақ әжесін кімге тастамақ? Қарттар үйіне хат жазып көріп еді, ол жаққа қабылдау талаптарына сай болмады.

Қыз ауру кейуананы алдаусыратқысы келеді. Кейін Америкаға алып кететінін, Голливуд жұлдыздарына жолықтыратынын айтып қояды. Қария кісінің не болса да ішінде. Өзегі өртеніп бара жатса да, күледі, аурудың кесірінен жөнді сөйлей алмаса да, ойын түсіндіреді. Байқаса, немересі ынтық болған жігіт Оштыкі де, Баткендікі де, тіпті Бішкектікі де  емес. Махаббаттан басы айналған қыз оның аппақ екенін айтып, шыр көбелек айналып жүр.

Иә, жат елдік жігіт қызды таңдау жасауға мәжбүрледі. Қайта-қайта телефон соғып, асықтырды. Осы жерде бір-бірімен мүлде қабыспайтын екі менталитеттің күресі көрініс тапқандай. Жап-жас қыздың кәрі әжесіне қарайлауы Энтонның ақылына сыймайтын шығар. Алайда Жанараның тәрбиесі мүлде басқа. Көктемде ақ ләйлектердің алғаш ұшып келгенін көрсеткен, олардың бақыт әкелетінін ұғындырған, осы күнге жеткізген әжесі ғой бұл…

Жігіт ақыры әуежайдан хабарласты. Күтпей кетіп барады. Екі-үш күн мұрсат сұраған еді ғой… Жалынып еді, көндіргендей болған… Жоқ, қателесіпті, кетіп барады. Екі оттың ортасында қалып арпалысқан Жанара сол сәтте ішіндегі бар уытын сыртқа шығарды.

Өзінің кейуанаға ешкім еместігін, әке-шешесінің мұны балалар үйінен асырап алғанын білетінін айтты. Жолымды, бағымды байладың деп мүгедек кісінің онсыз да ауру жанын жаралады. Қызды туған немересінен кем көрмей, бауырына басып, әлди әнімен осы күнге жеткізген әжесі кеудесінен итергенге, ауыр сөздерге қайдан шыдасын?  Мүгедек арбасында отырған күйі сұлқ түсті де, қимылсыз қалды. Мыңыншы ақ ләйлек қиылып дайын тұр еді, жасалмай қалды!

Жанараның шыбын жаны одан сайын шырылдады. Өзін қоярға жер таппай, жан күйзелісін қалай сыртқа шығарарын білмей аласұрды. Тағы да телефон шырылдады. Бұл жолы Энтон ұшақта отырып хабарласты. Бітті, бәрі бітті, ұшып кетті…

Сахнадағы үш актриса –  кейуана – Залипа Төлепова, күтуші – Зәуре Көздібаева, Жанара – Жауһар Еркінова өз кейіпкерлерінің ішкі толқынысын, мінез ерекшеліктерін барынша көрсетті. Көрерменді күлдірді, жылатты, ойландырды.    

Драма соңында әдеттегідей кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беруге асықпайсың. Біресе, жастықтың жалыны мен жалғандықтың өрті жанын өртеген бойжеткенді ақтап алғың келеді. Біресе, шындықты жасырса да, кейуананы жақтайсың. Мұндай жайттар қоғамда жиі кездесетіндіктен,  ойдан шығарылған ғой деп бей-жай қарауға тағы да болмайды.

Қазақ театр режиссурасының майталманы Хұсейн Әмір-Темір мен талантты актер Қанат Архабаев қойған драма жас қыздың терең күйзеліске түскен көрінісімен аяқталды. Спектакльді қоюшылар ой түюді, қандай қорытынды жасауды көрермен еркіне қалдырған сыңайлы.

«Ақ ләйлектен» ауыр ой құшағында тарқадық.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<