Тоқпановтан баға алған театр

390

0

Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылында (ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоз» деп аталады) еңселі мәдениет үйі 1981 жылы пайдалануға берілді. Мәдениет үйінің алғашқы директоры Жанділдә Баймұратов бұған дейін аудандық мәдениет үйінде аға әдіскер болып қызмет жасапты. Жәкең ауылға тез үйренісіп кетті.

Отбасымен көшіп келіп, көппәтерлі үйдің шағын бөлмесінде тұрды. Ол кезде бүгінгідей аудан орталығынан ауылға, ауылдан аудан орталығына қатынап жұмыс істеу деген мүлде жоқ. Сала басшылары қатаң іріктеліп, бейіміне қарай лауазымға тағайындалатын шақ. Қатынап жұмыс істейтіндерді көргенде «Ауылдың жұмысы, жалақысы жақсы, алайда, көшіп келуге, балаларын сол елді мекендегі мектепте оқытуға құзыреттілер неге құлықсыз?» деген сауал көкейіңде еріксіз қылаң беретінін несіне жасырамын…

Ал Жанділдә Баймұратов болса зейнеткерлікке шыққан соң да өзі талай жыл еңбек еткен ауылдан ірге көтерген жоқ. Қазір ауылдың сыйлы ақсақалы. Сонымен…

Баймұратов келген соң мәдениет үйінің жұмысы астына отыны мол жағылған қазандай бұрқ-сарқ қайнады. Тұрғындармен, әсіресе жастармен ортақ тіл табысты. Ауыл жастарын мәдениет үйіндегі драма үйірмесіне тартып ғана қоймай, олардың кәсіби сахнада жоғары жетістіктерге жетуіне ықпалын тигізді. Мәдениет үйі шын мәнінде көпшіліктің жиі бас қосатын рухани ордасына айналды. Төгілген тер текке кетпеді. Алғашқы жылдың өзінде аудандық көркемөнерпаздар байқауында жеңімпаз атанса, келесі жылы тағы да топ жарды. Драма үйірмесінің жетістіктері жалғаса берді. 1983 жылы аудандық мәдениет бөлімінің жыл қорытындысымен ауыспалы «Қызыл Туды» жеңіп алса, іс-тәжірибесі облысқа таратылды.

Бас-аяғы санаулы уақытта КСРО Мәдениет министрінің дипломымен марапатталды. Драма үйірмесі халық назарына көптеген қойылымдар ұсынып, көрермендердің ілтипатына бөленді. Арал қаласында өткен театрлар фестиваліне драма үйірмесі «Қарақұм трагедиясы» спектаклін дайындап апарды. Сол театр фестивалінде Асқар Тоқпанов қазылар алқасының төрағасы, би падишасы Шара Жиенқұлова, Халық артисі Бекен Римова және Мәдениет министрлігінен келген өкіл қазылық жасады. Жоғарыда есімдері аталған қазылар алқасы драма үйірмесінің мүшелері Нұрғабыл Әлжанов, Аманбике Бекбаулова, Салмахан Насыров сомдаған кейіпкерлердің бейнесін жоғары бағалап, «Халық театры» атағына ұсынды. Бұл – Жанділдә Баймұратовтың тікелей еңбегінің арқасы.

Арада 30 жылдан астам уақыт өтті. Содан бері Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Халық театры» өзінің атағын әлденеше мәрте қорғады. Айта кетерлігі, бұл – аудан көлеміндегі елді мекендер арасында осындай жоғары атағы бар бірден-бір ұжым. Мерекелеріңіз құтты болсын, сахна саңлақтары!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Жанқожа батыр ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<