Тау мүсінді тұлға

560

0

Халқына қорған, ұлтына ұран болған тумысы бөлек тұлғалардың мекені – Арал аймағының ел тарихында мәңгілікке мұра болып қалған ерекше орны бар. Артына өлмейтұғын ісі мен өшпейтұғын ізін қалдырған Төлеген Медетбаев – ұрпаққа ұлағат қалдырған тау тұлға. Шежіреші Әлібаев Нұрмағанбеттің естелігінде: «Төлегеннің әкесі Медетбай жалшылықта жүрсе де арқасы бар, көзіқарақты адам болған. Абыз ақсақал той-томалақтарда «менің Төлегенім күні ертең азамат болғанда баршаңызға пана болады» дейді екен.

Төкең 1890 жылы Қазалы уезі №7 ауыл Райым болысында қарапайым шаруа отбасында өмір есігін ашады. Анасынан ерте айырылған ол әкесімен бірге жалшылықта жүріп, күйбең тіршілікпен күн кешеді. Ертеңгі күніне күдікпен емес, үмітпен қараған алғыр бала Қазалы қаласындағы орыс-түзем училищесіне оқуға үсіп, екі жыл дәріс алады. Алғырлығы мен зеректігі арқасында орыс тілін жетік меңгеріп, өзгелерден оқ бойы озады. Білімді жігітке қызмет берілмегендіктен, күнкөріс үшін Каландоров деген бай-көпестің барып кел, шауып келіне жегіледі. Сол жылдары, яғни 1915 жылы әкесі де мәңгілік сапарға кете барады.

Еті  тірі, оқу-тоқуы бар алғыр азамат Қазан революциясының жеңісінен кейін жалшылықтан құтылады. Сол кездегі Қазалы уезіне қарасты Арал теңізі поселкесіндегі милиция органын 1919-1921 жылдары басқарады.

Жоғарыдағылардың нұсқауымен 1921 жылдың қыркүйек айында Арал Совдепінің тұңғыш төрағалығына сайланады. Аласапыран ағыстың буырқанған ортасында бел буып, білек түріп жүруге тура келді.

Халықтың тоғын шайқап, барын ойрандаған азамат соғысынан кейінгі жылдар күнкөріс қамын ойлаған ел-халықтың еңсесін езгілеп жатқан кезең болатын. Азамат соғысының ауыртпалығына жалғасқан асыра сілтеудің лаңы елді 1921-1922 жылғы ашаршылыққа киліктірді.

Төлеген жиырмасыншы жылғы ашаршылықта жұпыны тұрмысымен панасыз қалған қаңғыбастардың талайын өз қамқорлығына алды. Ескі көздердің айтуынша, Құдай қосқан қосағы Балкенже үш бөлмелі үйінің ең кең бөлмесін панасыз жетімдерге босатып берген көрінеді. Әттең, осы бір тасмаңдайлардың дені ашаршылықтан аман қалғандарымен, Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Ал аман-есен оралғандары елге есімі танымал азаматтар атанған.

Бір ғана дерек, Төлеген мен Балкенженің қолында тәрбие алған Тойбазар Елемесов есімді азамат майданнан есен-аман оралып, облыстық «Ленин жолы» газетінің бас редакторы болған. Саналы ғұмырын ұлтының көгеріп-көктеуіне арнаған осындай тұлғалардың жаратылысы бөлек қой.

Иә, ел-халық еңсесін тіктей алмай, запыран құсып жүргенде Арал балықшыларының атына пролетариат көсемі Лениннен жеделхат жетеді. Хат мазмұнын қысқаша қайырайық:

«…Сіздердің Арал теңізінде балық аулау жайы жаман емес және сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір-шалдарға, күйзелген 8 млн еңбеккерлерге, ең ақыры бәрінен де бұрын қырылып кетуі әбден мүмкін 7 000 000 балаға беріңіздер! Арал балықшылары мен жұмысшылары, жомарт көмектеріңізді аямаңыздар!»

Халық комиссарлары

Советінің председателі

В.Ульянов (Ленин)

7 қазан 1921 жыл.

Сол жылдары Еділ жұрты жаппай ісініп-кеуіп, ашаршылыққа ұшыраған. Енді соларды қалайда құтқарып қалуға көмек қолы созылуы керек екен. Жай ғана жеделхат болып келгенімен, бұл – Совдеп төрағасы үшін қатаң да қатерлі тапсырма. Қайткенде де орындау қажет. Алда-жалда  орындалмай қалса, тұқымыңның тұздай құрығаны. Көсем айтты болды, Еділ бойына көрден қазсаң да вагон-вагон балық жіберілуі керек. Ал жібере алмаған жағдайда түрменің  түнегінде шіритінін бұл анық сезеді.

Ол кезде Арал балықшыларының жағдайы да жетісіп тұрмаған. Балықшылардың тілімен айтқанда, қыстың басы – күз айы, ауа райының кейде мүйіз, кейде киіз болып, құбылып тұрған кезі еді. Көлде мұз ілінісіп, дарияда сең жүріп, сәл-пәл жел тұрса, теңіздің ақ бас толқындары жағаны ұрғылап жататын-ды.

Иә, айсбергтей ірі-ірі сеңдері соқтығысып, күркіреген ұшан теңіздің мұз құрсанған қиырында дамылсыз бозқырау жұтқан балықшылар іске кірісіп те кетеді. Күн демей, түн демей сірескен сеңгір мұзды темір сүйменмен ойып, мұздай суға қолыңды малып көр, сақылдаған сары аязда қыруар балықты шыдамың жетсе шатасқан тордан алып көр… Осындай қияметте Совдеп төрағасы неше күн, неше түн ұйқыдан безді, күлкіден айырылды бір Аллаға ғана аян. Жұдырықтай жұмылып жанкештілік жасаған балықшылар қауымы ауланған балықтан азды-кем асымдыққа алып қалып, қалғандарын түйе керуенімен «Қамыстыбас» станциясына тасып жатады. Абырой болғанда Төлеген Медетбаев бастамасына Алла жар болып, Еділ бойына іріктелген, сұрыпталған 14 вагон балық жөнелтіледі. Әр вагондағы балық 60 тоннадан болған.

Сонымен 1921 жылдың 25 желтоқсанында Мәскеуге, Кремльге төмендегідей жеделхат жолданады.

«Қымбатты Владимир Ильич Ленин!

Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты»

Арал Совдепінің председателі:

Т.Медетбаев.

В.И.Ленин аралдық балықшылар тартуына аса ризалығын білдіріп, сый-сыяпат ретінде токарь-резарь (кесетін) станогын жіберген. Бұл станок бүгінде қалалық музейде сақтаулы. Ал Арал қаласының орталық алаңындағы аралдық балықшылар қауымына Халық комиссарлар Советінің председателі В.Ульянов (Ленин)  және оған жауап жолдаған Арал Совдепінің председателі Т.Медетбаевтың жеделхат жазбаларымен танысушылар толассыз. Ескерткіш тақталармен танысушы еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтарды ғана емес, шет елдік серуеншілерді де көптеп кездестіресіз.

Ұмытпасам, 2017 жыл болуы керек. Сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тікелей бастамасымен Медетбаев Төлегеннің кеуде мүсіні де (бюсті) қала орталығынан бой көтерді.

– Осы тарихи ескерткіштер, – дейді бізбен әңгімесінде қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Әнес Әуезов, – бүгінгі және келер ұрпаққа ұлағат болар керемет жәдігерлер. Десе де, көпшілік көкейінде жүрген бір-жар ұсыныс-пікірімді айтқым бар. В.Ульянов пен Т.Медетбаевтың бір-біріне жолдаған жеделхат жазбалары, сондай-ақ Ленин сыйға тартқан токарь-резарь станогі, Т.Медетбаевтың бюсті бір жерге емес, әр жерге қойылған. Бір-біріне сабақтас осы тарихи ескерткіштерді бір жерге топтастырып, аллея ашса, құба-құп болар еді. Айтқандай, Еділ бойына 14 вагон балық жіберген бөгендік 85 балықшының аты-жөні бар екен. Олардың да есімдерін тақтаға түсіріп, осы жерден орын берсек, кәнекей.

Иә, ерлікке тән осы бір еңбектің мәңгілікке мұра болып қалары анық. Десе де, сол қақаған қытымыр қыста ол денсаулығына залал келтіріп алған. Еңбек десе, ішер асын жерге қоятын ол аудан экономикасының дамуы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Саралап айтар болсақ, «Шаруа» бірлестігінің, қалалық кеңестің төрағасы қызметтерін қал-палсыз атқарды. 1928 жылы әкімшілік-территориялық бірлік ретінде Қазалы уезі таратылып, аудан Қызылорда облысына қаратылады да Арал Ақтөбе облысына беріледі. Төкең Арал ауданының құрылуына атсалысып, 1931 жылдың сәуір айына дейін осы аудандық атқару комитеті төрағасы болды. Қосшы одақтары мен колхоздар шаңырақ көтеріп, аудан аумағында оқу орындары мен мәдени ошақтар жарыса бой көтере бастайды.

Тарихи жазбаларға көз жіберсек, Т.Медетбаев 1932 жылдан 1947 жылдың мамыр айына дейін, яғни тұтастай он бес жыл бойы аудандық ет дайындау және тамақ өнеркәсібі комбинатын басқарады. Осы жылы оны аудан басшылығы «Қарақұм» қойнауынан колхоз құруға жібереді. Содан Төкең төрт түлік мал өсіретін «Сазды» деген колхоз құрған. Осы колхозды 1949 жылға дейін басқарып, сол жылы демі таусылды.

Ол өзінің халық ісіне деген таза ықылас-пейілі әрі еңбекке деген құлшынысы арқасында көпшілік күткен деңгейден табылды. Сол бір зобалаң жылдардағы тоталитарлық жүйеге де қасқая қарсы тұрып, суық лебінен де аман-есен өтті. Мұндай күш-қайрат екі адамның бірінің басынан табыла бермейтін қасиет болса керек.

Абзал азаматтың Арал ауданының өсіп, өркен жаюына, ел-халықтың жарқын болашағы үшін сіңірген өлшеусіз еңбегі қандай құрметке де лайық болатын. Атам қазақ: «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» дегендей, ол алды кең, тағылымы мол қарапайым қалпынан айнымай өмірден өткен. Отан алдындағы ерен еңбегі кезінде өз бағасын алған да болар. Дегенмен, бір өкініштісі, ескі көздердің айтуынша, 1949 жылы Т.Медетбаев «Социалистік Еңбек Ері» атағына ұсынылған көрінеді. Әлдебір себептермен жоғары жақтан қолдау таппай қалыпты. Ел-жұртына жақсылық жасаудан жалықпаған, кісілік келбетін барынша биік ұстаған жайсаң жанның еңбегіне баға беру кеш те болса, уақыт еншісінде деген ойдамыз.

Шүкір, Төлеген атамыз өз қанына тартқан ұлағатты ұл-қыз өсірді. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ұлы Әуелбек Медетбаев әке жолымен жүріп, ауатком төрағасы қызметін абыройлы атқарды. Құдай қосқан қосағы Мырзалықызы Оралмен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде олар да аталары мен әкелерінің жолдарымен жаза баспай жүріп, сан салада еңбек етуде. Төкеңнің ұрпақтары жайлы жазба уақыт еншісінде.

Сөз соңында текті тұлға туралы көптің көкейінде жүрген бірлі-жарым ұсынысты айтқым бар. Кезінде белгілі қаламгер Айжарық Сәдібекұлы ағамыз «Сыр бойы» газетінде Арал Совдепінің тұңғыш төрағасы Т.Медетбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ала жіптен аттамаған қайраткер» деген көлемді мақаласын жариялаған болатын. Осы мақалада: «Олар мен бұлар бұл күнде қазіргі мемлекетіміздің іргетасын негіздеп беріп кеткен Медетбаевтарды естеріне алмайды. Ұмытты. Ұрпаққа да ұмыттырды. Төлеген Медетбаевтың 100 жылдығы да, 120 жылдығы да ескерусіз қалды» деп ашына айтқан болатын. Сондай-ақ, «Сыр бойы» газетінде Шәкірат аға Дәрмағамбетовтың «Төраға Медетбаев» деген очеркі жарияланған. Онда Шәкең Т.Медетбаевтың еліне сіңірген еңбегін ескеріп, 125 жылдығын лайықты атап өтуді арнайы айтқан. «Оның атындағы көшені асфальттап, абаттандырып, аудан орталығындағы бір білім ордасына есімін беріп, алдына кеуде мүсінін орнатып, ұлықтаған орынды болар еді» деген ұсынысын айтады.

Өкінішке қарай, жоғарыда айтқандай, Т.Медетбаевтың кеуде мүсіні қаланың елеусіздеу жеріне қойылып, көше атауы берілсе де қалғандары ескерусіз қалумен келеді. Айтқандай, Арал балықшыларының ашаршылыққа ұшыраған Еділ бойы тұрғындарына 14 вагон балық жібергеніне 100 жыл (1921 жылдың 25 желтоқсаны) толуы да тойланған жоқ.

Иә, атам қазақта: «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген қанатты сөз бар. Айтса айтқандай, тумысы бөлек тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Медетбаевтың тұлғасы жыл өткен сайын, яғни алыстаған сайын аласармай, қайта биіктей бермек.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<