Оңай олжа орға жығады

916

0

Қайрат отбасындағы төрт ұлдың үлкені еді. Мектеп пен жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, Алматыдағы шетелдік компанияның белді қызметкері болып жұмыс істейтін. Мінезінен мін таппайтын сырбаз жігіт бойындағы жаман әдеттен арыла алмай-ақ қойды. Ол – құмар ойынға деген тәуелділік еді.

Күн сайын жұмыс­тан соң «бүгін ұтармын» деген дәмемен тағы да бәс тігетін. Алайда оңай олжаға кенелуді көздеген оның ойы жүзеге аспады. Қарызға белшеден батып, ауылдағы ата-анасынан ақша сұрауды да ар көрмеді. Ақыр соңында қымбат көлігі мен баспанасынан айырылып, енді туған бауырынан үйінің құжаттарын беруін сұрады. Әрине, ағасы қарсы болды. Ашуға булыққан Қайрат өзіне қол жұмсап тынды. Бұл – осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған оқиға.

Міне, өмірде  білместікпен бір рет қана бас сұғып, кейін өздері келіп түскен «шырмауықтан» шыға алмай жүрген адамдар айналамызда көп. Ол – біріміздің танысымыз, баламыз, бауырымыз, қосағымыз. Ең қиыны, жасы да, жасамысы да бар.Тіпті, ақ жаулықты аналардың да құмар ойынның құрбанына айналғанын көргенде айтуға сөз таппайсың. Жуырда терминалға ақша салып, ойынның қызығына түскен әжей туралы әлеуметтік желі қолданушыларының жарыса жазғаны әлі есімізде.

Елімізде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған ойын түрлеріне тыйым салынбай ма деген көптің көңіліндегі күдік сейіле бастағандай. Несін жасырайық, букмекерлік кеңселердің Қазақстан ставкаларын қабылдау­ды тоқтатқаны туралы ақпаратты жақсылыққа жорыдық. Әлеуметтік желіде бірінен бірі сүйінші сұраған жұртшылықты көріп, қуандық. Бұған дейін талай отбасының ойрандалуына, жастарды бойкүйездікке, тепсе, темір үзетін жігіттердің жігерсіздік танытуына, қылмыстың көбеюіне себепші болған букмекерлік кеңсенің жабылуы, расында, «бәрекелді» дейтіндей жаңалық болды.

Қандай да бір құмар ойын харам саналады. Қазіргі қоғамның «дертіне» айналған казино, букмекерлік кеңселерде, лото-клубта бәс тігетін ойындар адамды бос үміт пен кездейсоқ жетістікке тәуелді етіп қояды. «Құмар» сөзі арабша «майсир» яғни, «жеңіл жолмен мал табу» деген мағына береді. Демек, оңай олжа қолдан оңай сусып кетеді. Олжасынан айы­рылған адамның жайы белгілі емес пе? Ашуға беріліп, отбасының берекесін кетірсе, енді бірі туған-туысын аяусыз өлтіруге дейін барады. Соның салдары қылмыстың көбеюі мен өз-өзіне қол жұмсайтындардың қатарын арттыруда. Бұл ойынға шырмалғандар өз әйелін, көлігін, баспанасын бәске тігуден де тайынбайды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда ойын бизнесі саласына 85 лицензия берілген. «Олимп» сауда маркасымен танымал букмекерлік кеңсеге жылына 350 мың адам бас сұғады екен. Олардан 200-250 млрд теңге түсетін көрінеді. Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 10 жылда мұндай орталықтар 32 процентке өскені белгілі болды.

Психолог мамандар мұның зардабы  нашақорлық пен араққұмарлыққа тәуелділіктен де ауыр екенін алға тартады. Себебі, ойыннан ұтылған адам депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Мұндай «дерттен» сауығу үшін үлкен ерік-жігер керек. Оған көп адамның күші, анығын айт­қанда, рухы жете бермейді. Өкінішке орай, өткен жылдың өзінде елімізде өз өмірімен «ерікті» түрде қоштасқандардың басым бөлігін осы құмар ойынның құрбандары құрағаны анықталды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<