Уақыт адамға емес, адам уақытқа тәуелді

1713

0

Бүгін ұйқымыз қанық болды. Ала көлеңкеде асығатын дағдымызға баспай, аяқ-қолымызды қайшылап жаттығу жасап алдық. Оразамызды да, сыртқы есікті де жұлқынбай ашып, жұмысқа беттедік. Уақыттың бір сағатқа кейін шегерілгенінің әжептеуір әсері осылайша бірінші күні-ақ байқалды.
Бұрын неге бұлай емес еді?
ҚР Үкіметі 2005 жылы 15 наурыздағы қау­лысына сәй­кес, Қазақстанда жазғы, қыс­қы уақытқа көшіруді тоқ­татып, Ақтөбе облысымен бір сағаттық белдеу­де жатқан Қы­зылорда және Қостанай облыстарының уақыт өлшемін дағдылы уақытынан 1 сағат іл­гері жылжыту туралы шешім қабылданған еді.
Міне, осыдан бастап-ақ, 13 жыл бойы үш белдеулік уақыттың үстінде жатқан елі­міздің аумағы екі белдеулі уа­қытпен жүріп келді. Бұл Қызылорда облысы үшін жұмыс күнінде табиғи жа­рық­ты тиімді пайдалана алмауға тәуелді етті. Шынында адамның уақытқа бейімделу дағдысының бұзылуы оның көңіл-күйіне, денсаулығына айтарлықтай әсер етеді.
Осыған орай облыс әкімінің қолда­ныс­тағы уақыт есептеудің тәртібін өзгерту туралы ұсы­нысы Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қолдау тауып, бұл мәселеге байланыс­ты географиялық сағаттық белдеуді ретке келтіру іске асырылды.
Шын мәнінде уақыттық белдеу күннің шығуымен аяқ­та­лады. 11 түрлі уақыт белдеуі бар Ресей Мәскеу уақытымен жүріп жатқан жоқ. Қызылорда облысының аумағы шамамен 53-680 меридиан арасында орналасқандықтан 1 са­ғат айырмашылықтың болуы табиғи заңдылық. Осындай географиялық та­биғи уа­қытты бұрынғы қалпына келтіру қаржы жұмсауды қажет етпейді екен. Ендеше, мұндай қадамға баруға қандай жағдай қолбайлау болды? Осыған бай­ланысты Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан жасалған әлеу­меттік сауал­нама да, Денсаулық сақ­тау министрлігіне қарасты «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулардың ұлттық орталығы» мекемесінің ғылыми тұрғыдағы зерттеу жұмыстары да өз дәре­же­сінде жүргізілмей отырғанын Сенат депутаттары да, ғалымдар да айтудай-ақ айтып келді.  
Осы олқылықтың орнын аймақ бас­шысының табанды ісі толтырды дегеніміз орынды болмақ.
Уақыт белдеуінің өзгерісіне бай­ланысты өткізілген бас­па­сөз ­конфе­ренциясында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов «Бұл – географиялық, әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық дамуымызға оңтайлы шешім» – деп нақтылады.
Шын мәнінде уақыттың жазғы, қысқы мезгілде белдеулік бейімділікке қарай өзгеруі аймақ тұрғындарының өмір сүру дәстүріне өте қолайлы жағдай туғызады. Өйткені адам уақытқа тәуелді.
***
Осылайша он үш жыл бұрын Астана уақытына ауыстырылған Қызылорда «өз уақы­тына» қайтып келді.
Ал, 20 желтоқсан күнгі кеште, сағатты ауыстыруға жарты сағат қал­ғанда Қызылорда қаласының Орталық алаңында жергілікті өнер жұл­дыздарының қатысуымен концерт берілді.
Сағат түнгі 23-тен 58 минут өткенде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов сөз сөйлеп, уақыттың ауыстырылуы халық денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігіне оң әсерін тигізетінін айтты.
Бұл шараға қала тұрғындары, жастар, мемлекеттік қызмет­керлер қатысты.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<