23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бұл – құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген азаматтардың еңбегі мен ерлігін дәріптейтін ерекше мереке. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде де антына адал, қызметіне жауапты мамандар аз емес. Солардың қатарында әке жолын жалғап, ел қауіпсіздігі мен заңдылықтың сақталуына өз үлестерін қосып жүрген ағайынды Досановтар бар.
Аян мен Мақсат Досановтардың әкесі Нақберген Досанов 1985–1995 жылдары Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде абыройлы қызмет атқарған. Өкінішке қарай, ол 1995 жылы өмірден өтті. Дегенмен әкенің өнегелі жолы мен берген тәлімі ұлдарының өмірлік таңдауына үлкен ықпал етті. Бала кезінен нысанды киім киген тәртіп сақшыларын көріп өскен қос бауыр болашақта әкелері секілді елге қызмет етуді армандады.
Бүгінде олардың арманы орындалып, екеуі де Қылмыстық-атқару жүйесі саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Әділет аға лейтенанты Аян Нақбергенұлы Досанов №37 мекемесінде жеке құраммен жұмыс жөніндегі инспектор қызметін атқарады. Ол еңбек жолын 2018 жылы тергеу изоляторында бақылаушы болып бастаған.
Ал інісі әділет майоры Мақсат Нақбергенұлы Досанов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2009 жылы қалалық полиция бөлімінде бастады. 2013 жылы тергеу изоляторына бақылаушы болып қабылданып, кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында қызметтік сатылардан өтіп, бүгінде №60 мекемесінің режим бөлімінің бастығы лауазымын абыроймен атқарып келеді.
– Нысанды киім кию – үлкен жауапкершілік. Қызметтің оңайы жоқ. Бұл салада сабырлы, төзімді әрі білімді болу қажет. Менің міндеттерімнің бірі – жеке құрам қызметкерлерінің кәсіби және дене даярлығын жетілдіру. Қызметкерлер кез келген жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Сондықтан олардың үнемі физикалық дайындықта болуы үшін аптасына тұрақты түрде оқу-жаттығу сабақтарын өткіземін, – дейді Аян Досанов.
Қос ағайындының өмір жолы – әке аманатына адалдықтың, Отан алдындағы борышқа деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Олар әке салған сара жолды жалғап қана қоймай, адал еңбектерімен кейінгі буынға өнеге болып келеді.

Досановтар әулетінің тағы бір мақтанышы – олардың өнегелі отбасы. Аян Досанов жұбайымен бірге төрт ұл тәрбиелеп отырса, Мақсат Досанов үш ұл мен бір қыздың ардақты әкесі. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген ағайындылардың өмір жолы жас буынға үлгі болары сөзсіз.
Қазақстан полициясы күні қарсаңында қызметіне адал, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген ағайынды Досановтарға зор денсаулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне толағай табыс тілейміз.





