«Әр мәселенің артында адам тағдыры тұр»

5

0

Кейінгі жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып, қоғам өмірінде жаңа өзгерістер болды. Мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайту, өңірлердің дамуын жеделдету және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда облыстық мәслихат депутаты Алмас Рахметовпен өңірдің дамуы, қоғамдағы өзгерістер және халықтың бүгінгі сұранысы жөнінде әңгімелескен едік.

– Алмас Алтынбайұлы, депутат болудың өзіндік жауапкершілігі бар. Сайлаушылардың сенімінен шығуда қандай бастамаларды қолға алдыңыз?

– Депутаттық мандат – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Халықтың сеніміне ие болу оңай емес, ал сол сенімді ақтау  күнделікті еңбекті талап етеді. Осы бағытта сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауды басты назарда ұстап келемін. Әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жол мәселесін шешу, ауызсу, жастарды қолдау және ха­лықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсету бағытындағы бастамаларға басым­дық береміз. Әрбір көтерілген мәселе бақы­лауға алынып, оның шешімін табуға күш саламыз.

– Сіздер көбіне елдің ішін аралап, тұр­ғындардың өтініштерін тыңдай­сыз­дар. Олар көбіне қандай мәселемен жүгінеді?

– Тұрғындар негізінен әлеуметтік мәселелермен, тұрғын үй, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және коммуналдық қызметтерге қатысты өтініштермен келеді. Әр өтініштің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек.

– Осы уақытқа дейінгі ең маңызды жетістігіңіз деп нені айтар едіңіз?

– Жетістік дегенді жеке өзімнің емес, халықпен бірге атқарылған жұмыстың нәти­жесі деп есептеймін. Кейінгі жылдары бір­неше әлеуметтік нысанның құрылысына қол­дау көрсетіліп, ауылдарда­ғы инфра­­құры­лым мәселесінің шешілуі­не ықпал еттік. Дегенмен мен үшін ең үл­кен жетістік – тұрғындардың мәселесі шешіліп, олардың өмір сапасының жақсаруы. Ха­лықтың ал­ғысы мен сенімі – кез келген марапаттан жоғары.

– Мәслихат жұмысының ашықтығын арттыру үшін қандай қадамдар жасалуда?

– Қазіргі қоғам ашықтық пен есептілікті талап етеді. Сондықтан мәслихат жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету – маңызды ба­ғыттардың бірі. Сессиялардың онлайн көр­сетілімі ұйымдастырылып, қабылданған ше­шімдер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жарияланып ке­леді. Сонымен қатар депутаттардың халық ал­дындағы есеп беру кездесулері тұрақты өт­кізіледі. Бұл тұрғындар мен билік ара­сын­дағы байланысты нығайтты. Қазір мәсе­лені шешуді жоғарыдан төменге қарай емес, төмен­нен жоғарыға қарай бағыттауымыз керек.

–        Өзіңіз ауыл шаруашылығы мәсе­лелерін әрдайым көтеріп жүрсіз. Әсіресе, күріш шаруашылығы, су ресурстары және оны үнемдеу мәселесін назардан тыс қалдырмайсыз…

– Облыс басшылығы су тапшылығына байланысты тиісті іс-шараларды қолға алды. Суды үнемді пайдалану, егіншілерге қажетті насостар, тұқым, минералдық тыңайтқыштар, жанармай, мұның бәрі – диқанның қамы. Жергілікті тұрғындардың бау-бақшасын егуіне қолайлы жағдай жасалуда. Әйтсе де алдағы уақытта судың жағдайы қалай болады? Әзірге нақты шешім айту қиын. Бұл – табиғат құбылысынан туындап отырған күрделі мәселе. Келешекте бұдан да күрделене түсуі мүмкін. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан қолдағы су көзін тиімді пайдалануымыз тиіс.

–        Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»