Алгебра сабағы

199

0

ХХІ ғасырдың жан-жақты білімді, дарынды ұрпақтарын тәрбиелеуде  білім саласының алдындағы міндет аса ауқымды. Талап жоғары, таңдау шексіз. Бұл орайда ұстаздар қауымының ерекше шығармашылық ізденіспен еңбек етуі қажет.

Осы талап тұрғысында облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Майра Мел­дебекова бір сәт өзінің ұстаздық міндетіне оралып, бүгінгі оқушылардың білім деңгейін саралап көрді.

Е.Әуелбеков атындағы дарынды балалар мектеп-интернатының 8-сыныбына “Алгебра” пәнінен сабақ беріп, онда “Статистика. Жиі­лік алқабы, жиілік гисто­граммасы” тақырыбы бо­йынша оқушылардың алған білімдерін байқап көрді. “PISA” халықаралық зерт­теуінің мазмұнына сай есеп­терді шығаруға жат­тық­тырып, жал­пы ста­тис­ти­каның қоғам­дағы, өмір­дегі маңызын  түсін­діріп берді. Нәтижесінде, оқу­шылар ха­лықаралық зерттеу қоры­тындысына сай Қа­зақстанның және Қы­зылорда облысының әр сала бойынша көрсеткіштерімен танысып, осы мазмұндағы есептерді шығарды.

Айта кетейік, алгебра са­бағы “Марафон” элек­трон­ды оқыту бағдар­ла­­масына негізделген және жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес дайындалған, информатика пәнімен кіріктіріліп өткізілді. Оқушылар жеке және топ­тық формада жұмыс жасап, тапсырмаларды компь­ютерде орындады. Ұлттық білім беру деректер қорындағы статистикалық мәліметтермен танысты. Сабақ соңында рефлексия жасалып, оқушылар бір-бірінің жұмысын бағалап, ой-пікірлерін ортаға салды. Осыдан кейін компьютер автоматты түрде әрбір оқушының білім деңгейін нақты көрсетіп берді.

Сабақ on-line режимінде жүргізіліп, барлық ауданның 8-сынып оқушылары қа­тысуға мүмкіндік алды. Дәлірек айтқанда, бұл сабаққа 500-ге жуық оқушы қатысты. Өз кезегінде олар да on-line режимінде кері байланыс арқылы сабақ барысында алған әсерлерін айтып, пікірлерін бөлісті.

Бір сөзбен айтқанда, Майра Тұрғанбайқызының қара­па­йым ұстаз ретіндегі имиджі  шәкірттерге шынайы ең­бектің ерекше үлгісін аңғарт­қандай болды.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<