Алматыға келген шетелдік туристердің саны пандемияға дейінгі кезеңнен асып түсті

471

0

Фото: Алматы әкімдігі

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Алматыға келген туристердің жалпы саны 2 038 417 адамды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12,6%-ға және пандемия алдындағы 2019 жылғы деңгейден 52,7%-ға артық, деп хабарлады Қазақпарат.

«Шетелдік туристер санының 2022 жылмен салыстырғанда өсімі 29,5%-ды (540 744 адам) құрады. Бұл Алматының Қазақстанның басқа қалалары арасында көшбасшы екенін айқындап отыр. 2019 жылмен салыстырғанда қаладағы шетелдік туристер саны 24,1%-ға өскен. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 10,4%-ға өсіп, 80 983 адамды немесе Алматы қаласының жалпы жұмыс істейтін халқының 7,7%-ын құрады. Туризм саласына тартылған инвестиция өсімі 47,7%-ға немесе 106,4 млрд теңгеге жетті, бұл негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемінің 6%-ы. Өткен жылы Алматы қаласының туризм секторындағы салық түсімдері 64%-ға өсіп, 71,7 млрд теңгені құраса, жергілікті бюджеттің жалпы салықтық түсімдеріндегі үлесі 5%-ға жетті», – делінеді хабарламада.

Алматы қалалық туризм басқармасының мәліметінше, көрсеткіштердің өсуі Алматының туристік бағыт ретінде тартымдылығының артқанын көрсетеді. Өз кезегінде туристік қызметтер мен инфрақұрылымға сұраныстың артуы туризм саласына инвесторлар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құру мен сапалы қызмет көрсету үшін жақсы көрсеткіш саналады.

«2023 жылы туризмді дамытуға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте жұмсалған 1 теңге салық түрінде бюджетке 34,14 теңге көлемінде қайтарылды, бұл туризм саласының қала экономикасына қосқан оң үлесі мен тиімділігін көрсетеді. Соңғы 5 жылда Алматыда 1 345 нөмірі бар 12 қонақүй ашылды, оның ішінде желілік қонақүйлер де бар (Hilton, Accor және InterContinental). 2027 жылы бөлмелер санын 1,5 есе ұлғайтып, 17 мың бөлмеге жеткізу жоспарлануда. Биылғы жылдың маусым айында Алматы халықаралық әуежайында екі есе көп келушілерді (14 млн адамға дейін) қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа жолаушылар терминалын іске қосу күтілуде», – деп хабарлады қалалық туризм басқармасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<