ҚАЗАҚСТАННАН ҰРЛАНҒАН МИЛЛИОНДАР ШВЕЙЦАРИЯДАН ШЫҚТЫ

311

0

 Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қылмыстық жолмен алынған және елден тысқары жерге заңсыз шығарылған мүлікті қайтару бойынша жұмыс нәтижесінде Швейцариядағы «RothschildBankZurich» банкінен 1,3 миллионнан астам АҚШ доллары көлеміндегі «тыйым салынған» ақшалай қаражатты анықтады, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бұл қаржы 2012 жылдан бастап халықаралық іздеуде жүрген М. Абдралиевке тиесілі болған. М. Абдралиев «Қорғас ісі» бойынша қылмыстық қауымдастықтың мүшелері Т. Жақаевқа, И. Әбдірахмановқа және Б. Құрманалиевке шет елде ақшалай қаражатты заңдастыруға көмектесті деген күдікке ілінген.

Осыған байланысты, сотқа банктегі ақшалай қаражатты тәркілеу туралы өтінішхат  жолданды.

Биылғы жылдың 29 наурызында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты прокурордың өтінішхатын қанағаттандырды.

Одан басқа, аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «ТАТ Кредит» ЖШС кеңсесін тінту кезінде М. Абдралиевке тиесілі 762 мың АҚШ доллары және 915 мың теңге алынды.

Нәтижесінде прокуратура органдарының бастамасы бойынша 2,1 млн.астам АҚШ доллары мемлекеттің пайдасына тәркіленді.

Атап өту қажет, қылмыстық-процестік заңнамаға өзгерістердің енгізілуіне байланысты биылдан бастап үкім шыққанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлік тәркілеуге жатады.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<