Бағасы байыпты, сапасы лайықты

201

0

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектепте оқитын балалары үшін бағасы аса қымбат емес, бірақ сапасы жақсы киім іздеп сабылатыны рас. Бұған дейін Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес елдердің өнімдерін пайдаланып жүрміз. Өйткені Түркия, Ресей елдерінің тауарларына қарағанда бағасы біршама төмен. Ал, биылғы оқу жылында өзіміздің отандық өнімді тұтынуға мүмкіндік туып отыр. Нақтырақ айтсақ, «Dalatex» тігін фабрикасы «Qobyz» деген атпен бірыңғай мектеп формасының үлгісін ұсынды.

Рас, бүгінде бір баланың мектеп формасының бағасы 15-20 мың теңге шамасында. Ал, бір отбасында 2-3, тіпті одан да көп оқушы болса, бұл қаражатты қарапайым отбасының жағдайы көтере бермейтіні түсінікті. Осы орайда  өңір кәсіпкерлері толғақты мәселенің түйінін шешуге тырысқан еді.

«Dalatex» тігін фабрикасының бастамасымен «Қызылорда облысының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының халықтық қауымдастығы» құрылып, оғ­ан 19 тігін цехы бар кәсіпкер мүше болды. Айта кетейік, бұған дейін кәсіпкерлердің  бас­тауыш сыныпқа арналған мектеп фор­масын тігу жобасы облыс әкімдігіне ұсынылып, жобаға білім басқармасы қолдау танытқан болатын. Қазіргі таңда жаңа киім үлгісі қала мектептеріне таныстырылып, 2019-2020 оқу жылында ­
1 клас­тарға енгізуге келісті.

«Қызылорда облысының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ха­лықтық қауым­дастығының» тө­р­а­ғасы Ділмұхамед Абизовтың ай­туынша, «Қызылорда облысы бо­йынша бастауыш сыныптарға арналған бірыңғай мектеп формасы үлгісін құру» пилоттық жобасының мақсаты оқушыларға бағасы ба­йыпты, сапасы лайықты бірыңғай киім ұсыну, сол сияқты, іске икемі бар, тұрақты жұмысы жоқ бірқатар тұрғындарды жұмыспен қамту.

Бұл жобаның басты ерекшелігі, жоғарыда аталған қауым­дастық тарапынан енгізілетін бірыңғай киім үлгісінің бағасы 10 мың теңге шамасында, яғни, нарық бағасынан төмен.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<