Байқоңыр қаласының қазіргі жай-күйі қандай

610

0

Фото: Николай Енин/Wizarden

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада есептік кездесуінде Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласында қандай абаттандыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Байқоңыр қаласында жерлестеріміз көп. Оларға барлық жағдай жасалып жатыр. Бұрын жабық қала болғандықтан кіріп-шығу қиындау еді. Қазір оның бәрі реттелді, ешқандай шектеу жоқ. Қазіргі таңда жерлестерімізге арнап жаңадан мектеп пен балабақшалар салынуда. Бұрынғы балабақшаларды да күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. «Жайлы мектеп» жобасы аясында бір мектеп Байқоңыр қаласында салынады. Балалардың білім алуы, балабақша мәселесі толық шешілген», – деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Байқоңыр қаласының кәріз жүйесін жаңартуға алдағы екі жылға 12 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыс келесі жылы басталады.

«Қазір Байқоңыр – су жүйесі жаңарған, газ толық кіргізілген қала, енді кәріз жүйелері жаңартса, инфрақұрылымға байланысты мәселе болмайды. Одан бөлек, өткен айларда Байқоңыр қаласында төрт тарихи тұлғаларымызға көше атауларын бердік. Олар – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Қорқыт ата. Сондықтан Байқоңыр қаласының әкімшілігімен байланысымыз өте жақсы, мәселе туындаса дер кезінде шешіп жатырмыз. Өткен жылы сондағы қызметкерлерге көпқабатты тұрғын үйлер салуды бастадық. Кезекте тұрған жерлестеріміз бар. Бұл жұмыстар да келесі жылы жалғасады», – деп толықтырды Н.Нәлібаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<