
«ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен Баубек Жеткергенұлы Оралмағамбетов Аэроғарыш комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Е. Шаймағамбетов берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды», – делінген сайттағы хабарламада.
Баубек Оралмағамбетов 1983 жылы Ақтөбе облысында туған. Мәскеу авиация институтын бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығында инженер-конструктор болып бастаған. 2010-2012 жылдары «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ өкілдігінде бас маман, бөлім басшысы болды, 2012-2014 жылдары – ҚР Ұлттық ғарыш агенттінің Ғарыш қызметін дамыту департаментінің директорының орынбасары; директоры қызметін атқарды.
2014-2015 жылдары – ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің Жобаларды сүйемелдеу басқармасының басшысы, 2015-2016 жылдары – «Ғалам» ЖШС бас директоры, 2016-2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарған. 2017 жылғы мамырдан бастап ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.