Солтүстік Америкада өтіп жатқан FIFA 2026 Әлем чемпионаты қыза түсті. Топтық кезеңнің алғашқы матчтары жанкүйерлерге тартысқа толы кездесулер мен күтпеген нәтижелер сыйлауда.
G тобындағы алғашқы ойындарда жеңімпаз анықталған жоқ. Бельгия мен Египет құрамалары 1:1 есебімен тең түссе, Иран мен Жаңа Зеландия арасындағы кездесу 2:2 нәтижесімен аяқталды.
Ал Н тобында турнирдің алғашқы үлкен сенсациясы тіркелді. FIFA рейтингінің көшбасшысы Испания құрамасы Кабо-Верденің қорғанысын бұза алмай, 0:0 есебіне қанағат білдірді. Кездесудің басты қаһарманы африкалық ұжымның қақпашысы Возинья болды. Ол матч барысында жеті бірдей қауіпті соққыны қайтарып, өз қақпасын аман сақтап қалды. Ойыннан кейін қақпашының әлеуметтік желідегі парақшасына 10 миллионнан астам адам жазылып, ол бір күнде әлемге танымал тұлғаға айналды.
Сауд Арабиясы мен Уругвай арасындағы текетірес те жанкүйерлерді бейжай қалдырмады. Әлемнің алғашқы чемпиондарының бірі саналатын оңтүстікамерикалықтар допқа көбірек иелік еткеніне қарамастан, қарсыласын ұта алмады. Алдымен есепті араб футболшылары ашса, уругвайлықтар 80-минутта таразы басын теңестіріп үлгерді. Қорытынды нәтиже – 1:1.
І тобында Франция құрамасы Сенегалды 3:1 есебімен жеңіп, турнирді сенімді бастады. Кездесудің басты жұлдызы Килиан Мбаппе болды. Француз шабуылшысы екі мәрте мергендік танытып, ұлттық құрама тарихындағы үздік сұрмерген атанды.
Осы топтағы тағы бір ойында Норвегия Ирактан басым түсті. Эрлинг Холанд бастаған скандинавиялықтар қарсылас қақпасына төрт гол соғып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Оның екеуін Холанд өз еншісіне жазды.
J тобында қазіргі Әлем чемпионы Аргентина жорығын жарқын жеңіспен бастады. Алжир қақпасына жауапсыз үш доп соғылған матчта Лионель Месси хет-трик авторы атанды. Осылайша аргентиналық шабуылшы Әлем чемпионаттары тарихындағы ең егде жастағы хет-трик жасаған футболшы ретінде тіркелді. Сонымен қатар оның мундиальдардағы гол саны 16-ға жетіп, неміс аңызы Мирослав Клоземен теңесті. Бұл көрсеткішке жету үшін Месси алты Әлем чемпионатына қатысты.
Турнир дебютанты Иордания құрамасы алғашқы ойынында Австрияға 1:3 есебімен жол берді. Соған қарамастан, араб елінің футболшылары тарихи додадағы алғашқы қадамдарын жасады.
Алда K және L топтарының кездесулері өтеді. Одан кейін жанкүйерлерді тағы екі турлық қызықты бәсекелер күтіп тұр.
Қызықты деректерге көз жүгіртсек, FIFA 2026 Әлем чемпионатына бұған дейін Әлем чемпионы атанған 22 футболшы қатысып жатыр. Турнирде өнер көрсететін 892 ойыншы мундиаль алаңына алғаш рет шықса, 357 футболшы бұған дейін де Әлем чемпионаттарында тәжірибе жинаған. Transfermarkt мәліметінше, жарыстағы ең қымбат құрам Францияға тиесілі. Француз футболшыларының жалпы нарықтық құны 1,52 миллиард еуроға бағаланады. Ал ең арзан құрам Катар құрамасы саналады. Оның ойыншыларының жалпы құны 19,9 миллион еуроны құрайды.
Жас ерекшелігі бойынша ең жас команда – Кот-д’Ивуар. Африкалық құраманың орташа жасы 25,9 болса, ең тәжірибелі ұжымдар қатарында Панама мен Иран бар. Бұл командалар ойыншыларының орташа жасы 30,4-ке тең. Биылғы дүниежүзілік біріншілікте әлемнің 71 еліндегі 449 клубтың өкілдері бақ сынауда. Сондай-ақ Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао құрамалары өз тарихында алғаш рет Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысып, жаңа белесті бағындырды.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





