Ең жас сайлаушы дауыс берді

646

0

Бүгін республика аумағында кезектен тыс Президент сайлауы өткізілуде. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де өз жұмысын бастап, қазіргі уақытта сайлаушыларды ерекше қабылдауда.

Ерекше деуіміздің себебі, сайлаушылардың арасында кәмелеттік жасқа толып, алғашқы рет дауыс берген тұрғындар да бар. Нұржан Маханбетияр – Қазалы гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті. Осы жылы 18 жасқа толып, сайлау құқығына ие болған жас сайлаушы бұл мүмкіндікті қалт жібермей, өзінің азаматтық борышын абыроймен орындады.

Студенттің айтуынша, алғаш рет сайлауға қатысу өте қызықты әрі үлкен жауапкершілікке ие сәт. Өйткені, еліміздегі тарихи күні оның да дауысы ескерілетін болады.

Сонымен қатар, аталған білім ордасында дауыс берген жас сайлаушыға естелік сыйлық табыс етілді.

Дауыс берушілер арасында отбасымен, балаларымен келіп жатқан тұрғындар жетерлік. Солардың қатарында облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында «Өнерлі отбасы» номинациясын жеңіп алған Сүлейменовтер отбасы да бар. Өнерлі отбасы балаларымен бірге Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдегі сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.

– Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Себебі біз балаларымыздың болашағы жарқын болғанын қалаймыз. Сондықтан да мен отбасыммен бірге өзіміз таңдаған кандидатураға дауыс бердік, – деді Нұрлыбек Сүлейменов.

Жалпы Қазалы ауданында сайлауға дауыс беру қарқынды өтуде. Дауыс беруге келген халықтың қарасы қалың.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<