Мәдени құндылықтар арқылы халықтың сан ғасырдан келе жатқан тұрмыс-салтын, өнерін, қолөнерін тануға болады. Оның ішінде, жыршылық, күйшілік, айтыс өнері сияқты ұлтымыздың дәстүрлі қазынасын дәріптеудің маңызы зор. Өйткені қай заманда да классиканың бағасы биік. Осынау мәдени құндылықтар аражігі үзілмеген сабақтастық арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Биыл Сыр өнерпаздары ел аумағын айтпағанда, Еуропаның бірнеше еліне гастрольдік сапарға шығып, халықтың дәстүрлі өнерін жаһан жұртына насихаттады. Маңызы зор мәдени іс-шара талант иелерінің тынысын ашып, шығармашылығын шыңдай түскендей.
Әлемдік сахналарда қойылған концерттер жайлы Қызылорда облыстық филармониясының режиссері Азиза Іздіқұловамен әңгімелескен едік.
Сыр өнерінің көкжиегі кеңейді
Бұған дейін де басылым бетінде жазып жүргеніміздей, кейінгі жылдары өңір мәдениетінің көкжиегі кеңейе түсті. Облыс әкімінің қолдауымен бас-аяғы үш-төрт жылдың айналасында 20-дан астам мәдени нысан бой көтерді. Сәулеті бірі-бірінен өтетін «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», облыстық тарихи-өлкетану музейі, музыкалық колледж, аудандарда салынған «Руханият орталықтары» тұрғындар үшін толассыз қызмет көрсететін бірегей мәдениет ордасына айналды. Заманауи жаңа ғимараттарда орналасқан өнер ұжымдарының шығармашылық мүмкіндігі де арта түсті.
Бұдан бөлек, қырықтан астам сала маманына қызметтік пәтер берілсе, қалалық, аудандық Мәдениет үйлеріне музыкалық аспаптар табыс етілді. Сондай-ақ арнайы жоба аясында академиялық орындаушылар екі жыл қатарынан Италия мемлекетінде болып, опера майталмандарынан шеберлік дәріс алып, кәсіби қабілетін шыңдады. Нәтижесінде, олар өздері үйренген тәжірибені шәкірттеріне жеткізіп, өзара өнер сабақтастығы әрі қарай жалғасын табады.
Облыс басшылығы көрсеткен қолдаудың тағы бір көрінісі өнер ұжымдары үшін гастрольдік сапарлар аясы ұлғая түсті. Ең әуелі, еліміздің әр өңірінде Қызылорда облысының өнер күндері өте бастады. Алдымен Астана, Алматы қалаларында өтті. Айта кетейік, бұл қалаларда әлемдік деңгейдегі концерттер өтіп тұратындықтан, көрерменнің талғамы бөлек. Десек те екі қаланың халқы да Сыр өнеріне сүйсініп, ыстық ықыласымен қабыл алды. Сонымен қатар, Абай, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында өткен концерттер де көрерменнен жоғары баға алды.
Еуропа елдеріне сапар. Ел мерейі. Ерекше әсер
– Өнердің шығармашылық дамуының бір бағыты – гастрольдік сапарлар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мәдениет саласына деген қолдаудың аясында Эстония, Финляндия, Испания мемлекеттерінің Хельсинки, Таллин, Мадрид қалаларында концерт беріп келдік. Сонымен бірге, қаншама келіссөз жүргізілді, яғни мәдени-шығармашылық байланыстар одан әрі нығая түсетініне сенім мол.
Ол жақта да қандастарымыз көп екен. Концертке, көрмелерге, салт-дәстүрді танытатын көріністерге, киім үлгілеріне, қолөнер бұйымдарына қызығушылық өте жоғары болды. Айта кетуіміз керек, біз тек Сыр өңірі емес, Қазақстан мемлекеті атынан бардық. Елшілік өкілдері, сонда тұрып жатқан қазақтар, жалпы тұрғындар қатысты. Өнер өкілдері ел көріп, жер көріп, көрермен қошеметінен шабыт алып, шығармашылық тұрғыда шыңдалып қайтты, – дейді А.Іздіқұлова.
Өткен жылы Республика күні және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-не астана болғанына 100 жыл толуына орай Сыр өнерпаздары облыс әкімінің қолдауымен Швейцария мемлекетінің Женева және Берн қалаларында концерт берген болатын. Айта кетейік, осынау мәні терең мәдени сапар тек өнерпаздар ғана емес, жалпы Сыр өңірі халқының да рухын көтеріп, мерейін тасытқан еді. Әңгіме желісін осылай бұрдық.
– Жер жәннаты – Швейцария деп бекер айтпаса керек. Женева өзінің мөлдір көлімен, көне көшелерімен және тыныш, талғампаз болмысымен жанды баурап алды. Ал Берн қаласы орта ғасырлық келбетін жоғалтпаған, өмірі қайнаған нағыз бизнес орталығы екен. Осындай ғажайып шаһарлардан басталған гастрольдік сапарымыз жуырда ғана барып қайтқан Францияның бас қаласы Парижге және әлемдегі жалғыз Ұлы Герцогтік Люксембургке ұласты.
Ең бір ұмытылмас сәт Париждегі Қазақстан елшілігінде өтті. Онда Еуропа қазақтарының басын қосқан үлкен жиын ұйымдастырылды. Бұл басқосу ұлттық рухтың салтанат құрған сәті болды. Көрме ұйымдастырылып, қазақтың қолөнері паш етілді, келген қонақтарға ұлттық тағамдарымыз ұсынылды. Шетелде жүрген қандастарымыз Сыр термелерін ерекше сағыныпты. Сұраушылар өте көп болды. Жыршыларымыз Бисенбек Төлеубай мен Жәнібек Жақсан тоқтамастан жыр төгіп, дәстүрлі өнерді аңсаған бауырларымыздың құлақ құрышын қандырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе бастаған ансамбль қазақтың фольклорлық музыкасын асқақтатты. Сыр өңірінің талантты жастары қазақ әндерін нақышына келтіре шырқағанда, көрермендер қосыла кеткені өте әсерлі болды. Зал іші ыстық ықылас пен қуанышқа толды. Асқан жауапкершілік пен қазақ өнерінің қасиетті аманатын арқалаған әріптестерім бұл сыннан мүдірмей өтіп, өз міндетін жоғары деңгейде атқарды десем артық айтпаймын, – деп әсерін бөлісті Азиза Гажденбекқызы.
Иә, сол концерттерде Қорқыттың қобызынан бастап домбыра, шаңқобыз, дауылпаз сияқты ұлттық аспаптармен қазақтың күйлері, жыр-термелері орындалды. Кәсіби әнші, бишілер де керемет өнер көрсетті. Көрермен қалауына сай әлемге танымал эстрада жұлдызы Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы әндер орындалып, көпшілікті әдемі әсерге бөледі. Әсіресе, қазақтың салт-дәстүріне сай бесік жырын айту дәстүрін Еуропа тұрғындары ерекше қабылдады. Сондай-ақ қазақ бауырластар үшін қыз бен жігіт айтысы да қызықты болды.
Мәдениет – мәңгілік құндылық
Еуропа елдерінде өткен концерттерде ұлттық өнер, оның ішінде, Сыр өңірінің жыршылық-күйшілік шығармаларын, сүлейлер мұрасын насихаттауға мән берілді.
Режиссер Азиза Гажденбекқызының айтуынша, әр сапарда Сыр өнерінің белгілі өкілдері Шолпан Биімбетова, Руслан Ахметов, Ақмарал Ноғайбаева бастаған «Жыраулар үйінің» дәстүрлі орындаушыларымен қатар, айтыскер ақындар Мұхтар Ниязов, Бексұлтан Орынбасаров болып қайтты. Сондай-ақ Үміт Медеуова, Мақсат Мақұлбеков бастаған филармония солистері, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрі және Қорқыт сазы қобызшылар ансамблі артистерінен жасақталған фольклорлық ансамбльдер, «Томирис», «Ай-Ару» би ансамбльдерінің хореографтары болды.
Әр сапардың ерекшелігіне қарай әртүрлі тақырып қамтылды. Айталық, бірінші сапарда Наурыз нақыштары дәріптелсе, екіншіде Республика күнін кең ауқымда насихаттауға назар аударылды. Ал үшінші жолы қазақ бауырлардың басқосуы болғандықтан халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларына басымдық берілді. Дей тұрғанмен, барлық концерттің репертуары ұлттық өнерімізден алыстаған жоқ. Ақын арнауы, ән айтыс, күй тартыс, жыр-терме, қазақ билері, Қорқыттың күйлері, халық әндері барлық концертте орындалды.
Иә, Азиза Іздіқұловамен әңгімелесу кезінде өткен жылдарға да ой жіберіп, кеше мен бүгіннің айырмасын көңіл таразысына салып көрдік. Тәуелсіздік жылдары мәдениет саласы да өзге салалар секілді, тіпті одан да бетер қиындықтарды басынан өткерді. Аудан тарап кеткен, мәдениет ошақтары ғимаратсыз қалған, ғимарат болған күнде жылуы, жарығы, жабдықтары жоқ, жаппай штаттар қысқарған кездер болды. Өнерпаздар қолдан киім тігіп, көлік жалдап, гастрольге шығып, ақылы қызмет орындаған күндерін аға буын өкілдері әлі ұмыта қойған жоқ.
– Сол уақыттарда мәдениет құлдырап кетті дейміз, бірақ өнер адамдары құлдыраған жоқ. Тек материалдық құндылықтар ғана жетіспей жатты. Ал рухани құндылықтарды, яғни дәстүрлі әншілік, жыршылық, күйшілікті осынау өнер иелері өз бетінше насихаттай жүріп, жоғалтпай, бүгінге дейін сақтап келді. Олардың кейбірінің көзі кеткенмен, артында өлмес өнері қалды. Осындай сабақтастық арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтың уақыт өткен сайын қадірі артып, бағасы биіктей түсері хақ.
Осы тұрғыдан ойлап қарасақ, облыс басшылығының қолдауының нәтижесінде өңір мәдениетінің қазіргі деңгейі көз тоярлықтай, көңіл қуанарлықтай емес пе?! – дейді ол.
Түйін: Тарих беттерін парақтасақ, кешегі кеңес дәуірінің ықпалы басым болып тұрған кездің өзінде Темірбек Жүргенов, Өзбекәлі Жәнібековтей тұлғалардың қайраткерлігімен қазақ мәдениетін көтеруде қарқынды жұмыстар атқарылған екен. Арада қанша жылдар өтсе де, оның игілігін бүгінгі ұрпақ көріп келеді. Сол сияқты, Сыр өңірі мәдениеті саласында жүзеге асырылған жобалардың нәтижесі де ұзақ уақытқа ұласатын жемісті қадам екені сөзсіз. Сондай-ақ ұлт мәдениетіне еткен еңбектің мәңгілік екеніне де дәлел болмақ.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





